Әлем назарын аударған алқалы жиын

Елордада әлемдік экономикалық мәселелерге назар аударған ХІ Астана экономикалық форумы өтті. Биылғы форум «Жаһандық сын-тегеуріндер саммиті» деген тақырыпты арқау етті. Халықаралық алқалы жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Сонымен қатар экономика саласының білікті мамандары, кәсіпкерлер, сарапшылар өз пікірлерін ортаға салып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге мән берді. 

Пленарлық отырыста мәртебелі меймандар әрі спикерлердің санатында болған Халықаралық Олимпиада комитетінің Этика жөніндегі комиссия­сының төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйы­мының сегізінші бас хатшысы Пан Ги Мун, Apple компаниясының негізін қалауға қатысқан тұлғалардың бірі, әйгілі меценат Стив Возняк, физик, футурист және ғылымды дәріптеуші Митио Каку, Golman Sachs бұрынғы төрағасы, британдық қаржыгер, экономист, философ Джим О`Нил, Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, «Яндекс» компаниялар тобының негізін қалаушысы әрі басшысы Аркадий Волож және басқалар пленарлық отырыста сөз сөйлеп, форум тақырыбына қатысты ойларын ортаға салды.
Мемлекет басшысы пленарлық ­отырыста сөйлеген сөзінде Астана экономикалық ­форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
– Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Осы орайда осында келген қонақтарымызға, жалпы біздің азаматтарға зор алғыс білдіремін. 11-ші рет форум әлемдік экономиканың инвестиция­лары мен инновацияларының ең маңызды мәселелерін талқылау алаңына айналып отыр. Былтырғы форумнан бері біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болдық. Жаңа қайшылықтар, текетірестер пайда болуда, мемлекеттер арасында өзара келісімге келу қиындап барады. Әсіресе үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұстанымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең, – деген Елбасы осы тектес қиындықтарға қатысты мәселелерді әділ және объективті түрде талқылау мүмкіндігі адамзат үшін өте маңызды екенін атап көрсетті.
Президент биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастыратынын жеткізді. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүгінде адамдардың ұзақ өмір сүруі, халық санының қарқынды көбеюі әлемдік экономиканың маңызды факторына айналып отыр.
Ғаламшар тұрғындары саны жылдам өсіп келеді. Соңғы онжылдықтағы ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері адам өмірінің орташа ұзақтығын айтарлықтай ұлғайта түсті. Соңғы 70 жылда ол 23 жылға, яғни 48-ден 71 жасқа дейін өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш тек тәуелсіздік жылдарының ішінде ғана 65 жастан 72,5 жасқа жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы өз сөзінде қарқынды демографиялық өзгерістерге байланысты туындаған мәселелер тиісінше күрделі шешімдердің қабылдануын талап ететінін жеткізді.
Global Challenges Summit 2018 форумында Елбасы жаһандық еңбек нарығының өзгеруі әлемдік өзгерістерге ықпал еткен бес негізгі үрдістің бірі деп атады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің көп болуы маңызды екеніне де тоқталды.
– Таяу болашақта әдеттегі еңбек күшінің 80 пайызын роботтандырылған жүйелер алмас­тыратын болады. Қазіргі таңда кәсіпорындар үшін жұмыс күшінің арзандығы емес, білікті қызметкерлердің болуы маңыздырақ. Дамушы елдердегі өндіріс орындары да дамыған елдерге кері қайтарылып жатыр. Мұның барлығы ұлттық экономикалар мен әлеуметтік жүйелер үшін үлкен сынақ. Бұл мәселенің басты шешімі – білім беру жүйесін реформалау. Білім беру ісінде креативті ойлау, қажетті ақпаратты таба білу, оны ұтымды пайдалану машықтарын үйретуге көшу керек. Техникалық прогрестің жылдамдығы қазіргі адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізуде. Біз бұл сынаққа дайындалдық және әлі де дайындық үстіндеміз, – деді Елбасы.
Бұдан өзге де маңызды мәселелерге тоқталған Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына ерекше тоқталғанын айта кетуіміз керек.
Елбасының пікірінше, аталған бағдар­ламаны жүзеге асыру Қазақстанда цифрлы инфрақұрылымның дамуына жол ашатын болады.
– Біз де осы жаңа жағдайға бейімделіп келеміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру арқылы елімізде цифрлы инфрақұрылымның және ІТ-экожүйесінің дамуы қамтамасыз етіліп, тұрғындардың 85 пайызының цифрлы сауаттылығы артады. Біз жаңа технологияларды қолдана отырып, 5 жыл ішінде өңдеу секторындағы еңбек өнімділігін 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті. Мегаполистер дәурені орнайды. ХХІ ғасыр ортасында дүниежүзінде мегаполистердің дәуірі туып, олардың арасында бәсекелестік болады. Осындай ой айтқан Н.Назарбаев агломерацияны дамыту стратегиясы жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
Global Challenges Summit 2018 конгресінің пленарлық отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы сөз қозғап, мәртебелі меймандарды осы қаржы орталығының ресми ашылу салтанатына қатысуға шақырды.
Пленарлық отырыста БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, Халықаралық Олимпиада комитеті Этика жөніндегі комиссиясының төрағасы Пан Ги Мун Астана экономикалық форумының жаһандық проблемаларды шешу жолдарын іздестіруге өте тиімді алаң екенін айтты. Сонымен қатар ол дүниежүзілік экологиялық проблемаларды шешу ісімен әлем елдері бірлесіп айналысуы керектігіне тоқталды.
Әйгілі физик, футуролог Митио Каку болса болашақта медицина саласын революция күтіп тұрғанын жеткізді.
Форум аясында ұйымдастырылған аса маңызды шаралардың бірі – Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының таныстырылымы өтті. Оған БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, жаһандық «Жасыл өсім» институтының төрағасы Пан Ги Мун, Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, БҰҰДБ-ның Қазақ­стандағы тұрақты өкілі ­Норимаса ­Шимомура, Францияның индустрия, энергетика және цифрландыру жөніндегі министрі Эрик Бессон секілді танымал әлемдік саясаткерлер, Қазақстан тарапынан еліміздің Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы Ә.Назарбаева және «Жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаев қатысты.

Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.