Оқу мен тәрбие – егіз ұғым

Міне, биылғы оқу жылы да аяқталды. Балаларымыз әр сынып сайын өз білімдерін толықтырып, шыңдап келе жатқаны қуантады. Осы орайда ата-ана ретінде бүгінгі білім мен оқыту жүйесіндегі оң өзгерістерді айта кетуді жөн санадық.

Қазіргі таңда елімізде енгізілген жаңарған білім беру бағдарламасы аясында үш тілді қатар оқыту мәселесі жолға қойылғандығын ата-аналар мен ұстаздар оңынан қабылдады деп айтуға болады. Жалпы айта кетерлік мәселе, мұғалімдердің сабақтағы әдістемесін өзгерту, оқулықтарды қайта шығару оңай дүние емес. Әрбір істе, әсіресе бастапқы кезеңде қиыншылықтардың болуы заңдылық. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша енгізіліп жатқан оқу-құрал әдістемелері ұстаздардың өздеріне де, оқушыларға да өте қолайлы екен. Оқу бағдар-ламасы мұғалім шығармашылығына еркіндік беретінін атап өту керек. Мұнда ұстаз да, оқушы да басты рөл атқарып, ұстаз оқушыны өз бетінше ізденіп, көбірек мәлімет жинауға ынталандыратыны қуантты. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауда да үлкен ерекшелік бар. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, бағдарламаны толық меңгере алмайтын оқушылармен қосымша жұмыс істеу де жаңа бағдарламада қарастырылған екен.
Біз баламыздың оқу жылында «Өзін-өзі тану» пәніне қатысып көрдік. Бұл пән өрелі жолда ұрпақ өнегесі, адамдық болмысы жайлы ой толғап, рухани адамгершілік пен білім беруді басты идея етіп ұстанады екен. Сабақтың өн бойында оқушыны өз қадірін өзі білуге, өзін сыйлауға, өзін-өзі жетілдіруге, шешім қабылдай алуына және өз сөзі мен әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіне білуге тәрбиелейтін тұстары бар екенін ­байқадық.
Сабақтың тақырыбына сай ұстаз­дың оқу мақсатын нақты қоя білуі, әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын ортасы бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытуға ықпал етеді.
Мұғалімнің жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша қолданған әдіс-тәсілдері оқушылардың көңілінен шығып, қызығушылықтарын туғызды.
Сабақ барысында баланың білім деңгейін бағалап әрі жетілдіруіне мүмкіндік беретін қалыптастырушы мен жиынтық бағалау түрлері қолданылды. Сабақтың соңында тиімді таңдап алынған кері байланыс пен рефлексия баланың әрмен қарай жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Баламыздың басқа пәндер бо­йынша өткізілген сабақта­ры­на да қатысқанда, байқаға­ны­мыз оқушының сабақта өз ойын ер­кін айта алуы, өз бетінше шешім қабылдай алуы, өз қатесін түзей отырып, қиын мен күрделі жерлерден ешкімнің көмегінсіз өзінің шыға алуы ұнады. Бұл баланы үлкен жауапкершілікке тәрбиелейді деп есептейміз.
Сөз соңында айтарым, бүгінде елімізде білім беру саласын дамытуға, оны әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізуге барлық қадамдар жасалуда. Бұл мәселелер Елбасының Жолдауларында, мемлекеттік бағдарламаларда қамтылып келеді. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігі – білімнің сапасымен де өлшенетіні мәлім. Дүниежүзі елдерінің жетістік кілті де – білім жүйесін жоғары дәрежеге көтере білгендігінде. Халқымыз «Білім – қазына» деп тегін айтпаған ғой. Сол асыл қазынаны бағалап, оны уақыт талабына сай жетілдіріп отыру кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз.

Саят Тасболатов

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Оқырман

    Қанша мақтағанмен, жаңа бағдарламаның игерілуі, ұғынықтылығы оңай емес. Бұған дейін оқыған әліппеміз, ана тіліміз басқа еді. Салыстыруға келмейді. Меніңше, жаңа бағдарламада кемшіліктер бар.

  2. Азат

    Барлық ата-аналар мақала авторымен келісе қоймас…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.