Тағылым ала білуіміз керек

Елімізде 31 мамыр – саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні екені белгілі. Кешегі кеңестік тоталитарлық кезеңде қаншама ұлт қайраткерлері, Алаш арыстары орынсыз жабылған жаланың салдарынан құрбан болды, нақақтан нақақ атылып, жазаланды. Осылайша біз қаншама зиялы қауымнан айырылдық.

Олардың әрқайсысы жүрегінде намыс оты бар, білімді, ақыл-парасаты мол, заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары еді ғой. Ұлт үшін, елі мен халқы үшін атқарған сан-салалы шаруалары бүгінгі қазақ ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің өркендеуінің негізін қалады. Сонымен қатар қызыл империяның құрбаны болғаны Алаш арыстары халқының азаттығын, елінің Тәуелсіздігін армандады. Сол бір аяулы арманға бүгінде қолымыз жетті.
31 мамыр күні туралы ой қозғағанда, 1920-21, 1932-33 жылдардағы ашаршылық оқиға­лаларын ерекше айтуымыз керек. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық біздің халқымыздың демографиялық өсім көрсет­кі­шіне кері әсерін тигізді. Егер бұл оқиға орын алмаған болса, қазақ халқының саны, ға­лымдардың айтуынша, бүгінгі таңда 50-60 миллионға жеткен болар еді.
Жалпы біз осынау үлкен оқиғалардан қандай тағылым алуымыз керек? Мәселе осында. Бүгінгі жастар, оқушылар бұл туралы қаншалықты біледі? Осы бағытта белгілі ­насихат жұмыстары жасалуы керек-ақ. Қазір жастарға тарих пәнін оқытып қана қоймай, ұлт ардақтыларының өмірбаяны, атқарған игі істерін жан-жақты танытуымыз керек. Сондай-ақ олар туралы тарихи-деректі кинотуындыларды көптеп түсіру қажет деп ойлаймын. Театрларда, өнер ордаларында сахналық қойылымдар көрсетудің маңыздылығы жоғары. Архивтер арқылы тарих беттерінің ақтаңдақтарын түгендеуге көңіл бөлінсе деймін. Бір сөзбен айтқанда, боздақтарға лайықты құрмет көрсетілуі тиіс.

Ақнұр АЛДАНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Қанат

    Біздің балаларымызға халқымыздың басынан өткен осындай қасіретті тарихты атуымыз, түсіндіруіміз парыз.

  2. Алия

    Балалар осы күнге қандай қиын жолдармен жеткенімізді білуі тиіс. Осы күнімізді, тыныш өмірімізді бағалайық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.