Қасиетті Қазалы

Қазалы қаласы – Қызылорда облысындағы шағын қала. Ол Сырдария өзенінің оң жағалауында орын тепкен.
Қаланың негізі 1853 жылы қаланған. Ол кездегі жағдай көкірегі ояу жандарға жақсы белгілі. Қазақ даласы, бір жағынан, хиуалықтардың озбырлығынан, екіншіден, Ресейдің отаршылдық саясатынан зардап шекті. Қазалы топырағы да осындай қиын кезеңді бастан кешіп жатты. Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский император ІІ Александрдың келісімімен Қазалыда форт құрылысын бастады. Қазалы алғашқыда №1 Сырдария форты аталды. Ал 1867 жылы бұл жерге қала мәртебесі берілді. Сөйтіп, Қазалы қаласы өмірге келді. Сонда қазір қаланың «жасы» – 143-те. Бір жарым ғасырға жуық деген сөз.

ХІХ ғасырдың аяғында қаланың алты мыңға жуық тұрғыны болған. Олардың ішінде қазақтардан басқа орыс­тар, казактар, татарлар, хиуалықтар, ортаазиялық еврейлер, жер аударылған оралдықтар кездесетін.
1872 жылы қала Қазалы уезінің әкімшілік орталығы болды. Оған бүгінгі Арал және Қармақшы аудандарының аумақтары қараған. Сол уақытта уезде 90 мыңға жуық адам мекен еткен. Мынаны да ескерте кетейік. Қазалының оңтүстік-батысында, қаладан 17 шақырым жерде атақты Жанкент қаласының орны бар. Тарихшылардың айтуы бойынша, Жанкент V-XV ғасырларда оғыз еліне астана болған.
1865 жылдың қаңтарында Қазалы уезінде тұңғыш оқу орны – төрт жылдық орыс-қырғыз (қазақ) мектебі ашылды. Мектептің тұңғыш ұстазы әрі ұйымдастырушысы 1864 жылғы 1 қарашада Орынбор генерал-губернаторынан «Қазақ мектебінің мұғалімі және басқарушысы» деген бұйрық алған Момын Байдосов еді. Қазалы қаласындағы қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебі М.Байдосов ашқан мектеп негізінде қалыптасты деуге толық негіз бар.
Осы қалада кезінде зоотех­ни­калық-малдәрігерлік техни­кум да болды. Ол 1930 жылы Қазақ АКСР Жер ісі комис­сариатының қау­лысы­мен ашыл­ған. Алғашқы уақытта зоо­тех­никтер-малдәрігерлерін даярла­ған. 1959 жылы Қызылорда ауыл ша­руашылығы техникумы Қазалы қаласына орналастырылды. Содан оқу орны Қазалы ауыл шаруашылы­ғы техникумы аталды. Сөйтіп, бұ­рын­ғы мамандықтарға қоса техник-механиктер, агрономдар дайындай бастады. Аталған техникум Қазалыда 1971 жылға дейін жұмыс істеді. Сол жылы ел үкіметінің шешіміне сәйкес техникум Қызылорда қаласына жақын ауданға көшірілді. Қазалы­дағы техникумды бітіргендер арасынан елге танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, шаруашылық басшылары шықты.
Қалада уақытында Қызылорда медициналық училищесінің филиалы да жұмыс атқарды. Ол 1964 жылы ардақты азамат, аудандық ауруханаға ұзақ жыл басшылық жасаған, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Файзрахман Жұмағұловтың ұйытқы болуымен ашылды. Дегенмен филиал ұзақ қызмет ете алмады. Алты жыл ғана өмір сүрді. Бірақ осы уақытта өз істеріне адал талай білікті медицина қызметкерлері дайындалып шықты.
Қазалы даңқты жерлестерімен мақтана алады. Солардың бірі – Ғани Мұратбаев. Оның өмірі қысқа болды. Бар болғаны 23 жыл ғана өмір кешті. Ол Түркістан Республикасы Жастар ұйымы орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Ташкентте «Жас Алаш» газетін ұйымдастырып, басылымның тұңғыш редакторы болды.
Қазалының тағы бір түлегі – атақты әнші, КСРО халық әртісі, Қазақ­стан Республикасының «Халық Қа­һар­ма­ны» Роза Бағланова. Ол 1922 жылы Қа­за­лы қаласында дүниеге келді.
Мынандай да қызық дерек бар. Азамат соғысына қатысушы, Орынбор казактарының атаманы, генерал-лейтенант Александр Ильич Дутовтың 1879 жылдың тамызында Қазалы жерінде кіндік қаны тамыпты.
Кешегі уақыттары қалада балық және кірпіш зауыттары жұмыс істеген. Кірпіш зауытында кәмпит шығаратын цех та болып еді. Ол өнімді тұрғындар «ащы кәмпит» дейтін. Дәмі қышқыл­тым болғандықтан солай атаса керек. Сол кәмпит оралған қағаздың сыртында «Қазалы кірпіш зауыты» деп жазылатын. Бұл өзі жұрттың күлкісін де шақыратын еді. «Кірпіш зауыты қалай кәмпит шығарады» дейді ғой баяғы. Кәмпит цехы кірпіш зауытына қарайтынын былайғы ел біле бермейтін.
Қазалы қаласы 1958 жылға дейін 1928 жылы ұйымдастырылған Қазалы ауданының орталығы болды. Қазір аудан орталығы Әйтеке би кенті аталады.
Қазалы қаласы бүгінгі күні де әрінен тайған жоқ. Жеті мыңнан астам тұрғыны бар.
Қалада мәдени, тарихи орындар жетерлік. Солардың ішінде ауызға алдымен алынатыны – Ғани Мұратбаев мұражайы. Мұражай жәдігерлерге өте бай. Осы маңда Ғани ескерткіші бой көтерген. ХІХ ғасырда бұл қалада татар саудагері Ғанибай деген тұрған. Ғанибай салдырған мешіт, Ғанибайдың керуен сарайы аталатын ғимараттар – сәулет өнерінің ғажайып үлгілері. Қалада Орта Азия бойынша ең байырғы саналатын метеостанция 1881 жылдан жұмыс істеп келеді.
Қазалы туралы көп айтуға болады. Ол – ұзақ әңгіме. Әзірге:
Қанға жақын көрінетін қазағы,
Бұл қазақтың жетер тартқан
азабы.
Көп болса екен қуанышты күндерің,
Айналайын, қасиетті Қазалы! – деп сөзімізді тәмамдай тұралық.

Нұрперзент Домбай

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.