Қоғамдық көліктегі қоғам

КІРПІК
жайында бір түп ой

Қоғамдық көлікте қашанғы көзіңді жұмып тұра аласың. Анда-санда жанарыңды ашқанда көретінің – жасанды кірпік. Отыз-қырық жыл бұрын дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған «мама» дейтін қуыршақтың кірпігіндей.
Көз адам денесінің маңызды мүшесі десек, оның сақшысы – кірпік. Адамды жаратқанда оған берілген міндет – көзді күзету.
Өзі бастапқыда, бала кезде біз үшін сұлулық емес, батырлық белгісі болып саналатын. Бурабайдың бір шыңы ­туралы өлеңінде Қадыр Мырза Әлидің:
«Батырлар «Оқжетпес» деп атамаса, Ақындар «Сөзжетпес» деп атар едік» дейтіні бар. Сол сияқты ғой. Неге батырлық белгісі? Өйткені «кірпік қақпады» тұрақты тіркесті көп естідік, оқыдық. Кірпік қақпау – қайсарлық, батырлық белгісі. Мектепте, мектепке дейін де балалар арасында «кірпік қақпау» деген ойын болатын. Кім ұзақ уақыт кірпігін қақпай тұрып алса, сол жеңімпаз болады. Бұл да батылдыққа баулитын қадам болса керек.
Сосын «кірпік ілмеді» деген тұрақты тіркес бар. Ұйықтамай шыққанды айтады. Бала кезімізде қой қорыған шопан, күзетте жүрген жылқышы, шеп сақтаған шекарашы туралы көп оқысақ керек. Сайып келгенде кірпік ілмей шығу да – ерліктің белгісі ретінде санада сақталыпты.
Тағы не еске түседі өзі? Ауылда бетін әлдебір жалын шарпып, күйіп қалған баланың кірпіктері аппақ болып қайта шыққан. Оған елдің қойған аты – «Бұзаукірпік». Иә, біз білетін төлдің ішінде бұзаудың кірпіктері ұзын еді. Ботаның көзі жақсы, бірақ кірпік мәселесінде бұзаудан озғаны жоқ.
Бала кездегі кірпік туралы бар түсінік осымен тынған.
Беріде қан ойнай, күш керней, жүрек тулай бастаған шақта бұл кір­пігіңіз батырлық символынан сұлулық белгісіне қалай ауысып кеткенін аңғармаппыз. Сол жүрек тулап жүрген кезде бір аяулы жанға жолыққанбыз.
Екеуара жалғыз ойынымыз болды. «Алақан қытықтау». Біз қазіргідей сүйелденіп, мүйізденіп кете қоймаған алақанымызбен ақырын көзін басатынбыз. Сонда аяулы жан кірпігін қағып-қағып жіберетін. Тұла бойымызбен жеңіл діріл жүгіріп, қытығымыз келетін. Біз ала­қанымызды екі көзіне кезек тосудан, ол кірпігін қағып, қытықтаудан жа­лық­пайтынбыз. Кірпігі… ұзын еді. Балғын еді.
Сол тұста одан басқалар жаппай кірпік бояйтын. Айтулы Шона Смаханұлы бұл көріністі де сатира найзасына ілген. Былай:
«Шіркін-ай, Қарындастың кірпігі-ай. Бояғаны соншалық әрбір талы шырпыдай». Шіркін-ай, екі-ақ жолға бар уытты сыйғызған Шонадай сықақ­шы қайда? Біз, міне, боялған кірпіктің өзіне зар болған заманның сатирасын кім екі жолға сыйғызар еді? Қазір балғын кірпік тұрмақ, боялған кірпіктің өзімен жылап көріскендейсің. Айналаң түгел жасанды кірпік. Онымен тек жасанды алақанды қытықтауға болар. Сонда жасанды жүрек арқылы жасанды қан тулап ала жөнелетін шығар.

ӘПЕНДІ ЕМЕС, ӘУЛИЕ
бір көлік жүргізуші жайындағы
ойымызды он жылдан кейін өзгерттік

Астана. Қабанбай көшесі. Бабамыз­дың нақ Астанаға қандай қатысы барын білмедік, әйтеуір Есіл өзеніндегі көпірден әуежайға дейінгі даңғыл осылай аталады. Бұл жағынан бабамыздың жолы болғыш сияқты. Өйткені даңғыл оңтүстік бетте айналмаға тіреледі. Бір бүйірден Тұран көшесі қосылады. Айналманың келесі бұрылысы Қосшы деген ауылға қарай шығады. Үшінші бұрылыс әуежайға қарай. Қисынға салғанда осы үшінші бұрылыс Тұранның жалғасы да, Қосшыға кетер жағы Қабанбай даңғылының жалғасы. Сызғыш қойып өлшесеңіз осылай. Бірақ қисын былай қалып, әуежайға қарай үшінші рет солға бұрылған жол Қабанбай болып жалғаса береді. Иә, әлгі бір көшенің үшінші бөлігі өз атына тигендіктен сойыл астында қалған Қайым Мұхамедхановқа қарағанда Қабанбайдың құлағы тыныш.
Хош, қай қиырға түсіп кеткенбіз? Ертерек жөнімізді табайық.
Осы Қабанбай көшесі әуежайға жақындағанда «Авиатор» атты саяжай тұсынан өтеді. Аты саяжай болғанмен, қысы-жазы кісі үзілмейтін кәдімгі ауыл. Кілең қазақтар тұрады. Қонаққа келгені бар, жұмысқа шыққан-қайтқаны бар ертелі-кеш үлкен-кішісі автобусқа мініп жатады. Таңертең, түс және кешкі мезгілде арқасына қоржынын артқан оқушы балалар бұдан арғы «Пригородный» атты ауылдағы мектепке қатынайды. Екеуі де Астананың аумағында. «Пригородный» өсіп жатыр. Жақында ол жерден бізге әріптес компания «Хабар» шағын отбасылық бес қабатты үй салды. Ал «Авиатор» саяжайында тұратындардың көңілі күпті болар. Қайта үй ретінде салынған, тұрмысқа қолайлы етілген саяжайлардың кез келген күні тал­қаны шығуы мүмкін. Тура қазіргі Астана аспанындағыдай бастарына бұлт үйіріліп тұр. Біздің тілегіміз – «аман қалса екен!» Қазақстанның бар қиырынан, тіпті оған іргелес бұрын атамекен болып кейін түрлі замандарда шекара­ның арғы жағында қалған жерден келген кілең қандастарымыз тұрады. Қиратып тастаса обал. Тәп-тауір салынған үйлерге емес, ішіндегі адамдарына.
Бұл да басқа кеп еді. Көкейге кеп­теліп тұр екен, лықсып кетті. Хош.
Сонымен, Қабанбай көшесінің осы тұсында «Авиатор» саяжайы» аталатын аялдама бар. Бұрын «жаяу жолаушы өтеді» деген жол белгісі мен қара асфальт үстіндегі ақ жолақ бояуы ғана болды. Енді жаяу жүргіншілер үшін бағдаршам қойыпты. Өткенде осы жерде қайғылы оқиға болды. Автобус жүргізушісі өзінің оқушы қызын тура жолақ жанына түсіреді. Қыз жолақпен жолдың келер бетіне өте бергенде оны автобустың тасасынан байқамай қалған жүк автокөлігі таптап кеткен. Бұл оқиға туралы айтылды, тіпті әкімнің өзі мұндай жағдай қайталанбасын деп тапсырма берді. Сол тапсырма бойын­ша бағдаршам қойып жатыр екен, жөн. Біздің бойымызда бір жаман қасиет бар – әуесқойлық. «Жақсыны – көрмек­ке» деп тұрамыз. Әлгі бағдар­шам­ның төмен жағында жеке сары қобдиша қойылған екен. Оны қолымен басқанда сенсор белгі береді. Сонда автокөліктер үшін қызыл шам, жолды кесіп өтер жүргіншілер үшін жасыл шам жанады. Әзірге бұл бағдаршам іске қосылмаған. Сонда да сенсорлы жәшікке алақанымызды баспақ болдық. Байқасақ, мынауымыз жаңа емес, сатал-сатал. Сары сыры көше бастаған. Беті түрлі желімнен қарайып қалған. «Оу, орнатып жатқандары осы, сонда мынау неге ескі, тозған сенсор» дедік іштей.
Осы сәт ойымызға он жыл бұрынғы бір әңгіме сарт ете түссін. Онда Алматыдамыз. Күнделікті қызмет көлігімен Құрманғазы мен Қонаев көшелерінің қиылысынан әрлі-берлі өтеміз. Қиылыс «Т» әрпі тәрізді. Бағдаршамы жоқ. Құрманғазы көшесіне «басымдық» берілген. Қонаев көшесімен келгенде анау «аға» көшенің көлігі өтіп болғанша сарсылып тұрғаның. Күндердің күнінде осы қиылысқа бағдаршам қойылсын. «Апыр-ай, қалай ақылдары жеткен» дедік сол кездегі қала басшылары ­туралы. Көлік жүргізушіміз әпенді жігіт еді. «Қайнар аға, өткенде біз тұратын жақтағы Рысқұлов пен Бөкейханов көшелерінің қиылысына «развязка» салғанда бағдаршамды алып тастаған. Соны әкеліп орнатқан ғой» деп отыр. Автокөлік ішінде күлкіден өлгенбіз. Кейін осы әңгімені талайларға айтып бердік. Шофердің әпенділігі ретінде.
Енді ойлап қарасақ, сол шоферіміз он жылдан кейін Астанада әулиенің өзі болып шықты. Мына сенсор жәшіктерді басқа бір босаған жерден алып келіп, осында қойған. «Авиатор» колхоз ғой, колхозға осы да жарайды» деген де. Әрі қала бюджетін үнемдеген шығар. Ескіні лақтыра бермей, бір кәдеге жаратайық деген жанашырлық болуы да мүмкін.
Тоқтаңыз, бұл заманда мемлекет, қала бюджетіне жанашыр жан қайда? Әлдекімдер мынау ескі сенсор жәшігін «есептен шығарып», сосын мұнда орната салып, «жаңа бағдаршам қойылды» деп қағазын толтырып, қаржысына мұртын майлап отырған шығар? Кім білсін? Ақыл таразысына салып бай­қасақ, соңғы қисын өзгелерден гөрі өміршең көрінді. Онда біздің баяғы шоферіміз әпенді емес, әулиенің өзі!

ТЫРНАҚ
әңгіме бол бір қап

Автобуста, жалпы автокөлікте телефон шұқи қоймаймыз. Біріншіден, гаджеттегі ақпарат ешқайда қашпайды, ал жолға, айналаңдағы адамдарға қарап, бақылаған әлдеқайда әсер беріп, түрлі ойларға жетелейді. Екіншіден, жол жүргенде смартфонға үңілсек басымыз айналып, жүрегіміз лоқсиды. Ол құрғыр безілдей бастаса, кім іздеп жатқанын қарап, ақырын баса қоямыз. Жапонияда солай істейді. Әлбетте, біз қоғамдық көлікте смартфонды ермек етпегенмен, басқалар өздерінің үйреншікті тірлігін істей берер. Жексенбіде автобуста қасымызда тұрған бір қыз да солай телефон шұқылады. Біздің көзіміз телефонға емес, тырнаққа түсті. Қап-қара болып боялыпты.
Е-е, тырнақтың да небір түрін көріп жүрміз ғой. Баяғыда «тырнағы сояудай екен» деген жамандаудың түріне жататын. Бала кезде естіген ертегілердегі ең қорқынышты кейіпкердің бірі – жезтырнақ.
Жалпы тырнақ атавизм емес. Атавизм – кезінде керегі болып, қазір артық қалған нәрсе. Адам бойында олар бірнешеу. Айталық суық суға түскенде немесе жалаңаш дене салқындағанда бұжырлар пайда бола қалады. Қазақ оны «құсеттенді» дейді. Бағзыдан аңның терісін жамылған кезде адамның бойын түк басқан. Суықта түк тікірейіп, қорғаныш қасиеті артқан. Мынау соның жұрнағы.
Сосын суға көп салғанда алақа­ныңыз бен табаныңыз бүрленіп, кедір-бұдыр пайда болары анық. Оны көбінесе «су сорып қалды» дейтінбіз. Бағзы заманда адам еңбектеп жартас пен батпақ арасында жүргенде алақан мен табан осындай бұжырланып кетіп, судағы малта тастарға таймайтын. Яғни өте пайдалы құбылыстың бірі болған. Аяқ киім мен қолғап шыққалы ол да қа­жетсіз. Тек қазақтың «табанының бүрі бар» деген бейнелі сөзінде сақтал­ған.
Үшінші атавизмді білесіз бе? Алақаныңызды өзіңізге қарата сәл бүгіп бас бармақты шылдыр шүмек пен кішкене бөбекке жақындатыңыз. Енді алақан мен білектің арасына қараңыз. Бұрын байқалмайтын ұзын жіңішке сіңір көрінді ме? Кезінде бұл сіңір бүріп ұстауға қызмет еткен. Тас пен темір­ден пышақ жасап алған соң адамға еш­теңені қатты бүріп ұстаудың қажеті бол­мады. Сөйтіп, бұл сіңір қызметсіз қалды.
Ал тырнақтың әлі ағзадағы қызметі жетеді. Бармақтың басында өте нәзік жүйке талшықтары бар. Ол ыстық пен суықты сезуге, қатты мен жұмсақты анықтауға керек. Тіпті ғашық кезіңізде лып етіп қызып, жүректегі сезімнің белгісін де жеткізеді. Тырнақ осы нәзік талшықтарды қорғайды. Өзіне қатты зат тигенде жаныңызды көзге көрсете ауыратыны содан.
Сосын біреудің бетін тырнай қой­ма­сыңыз да анда-санда тырнақты құрал ре­тінде пайдаланасыз. Жуынбай жүр­генде демейік, ойлана қалғанда ба­сыңыз­ды қасысаңыз да кәдеге жарайды.
Тоқсаныншы жылдар басында ­Англияда тырнағы шашынан ұзын адамды көргенбіз. Лондон көшесінен. Тегі индус болуы тиіс. Тырнақ ұзарған сайын мүйізденіп кетеді екен. Тым ­ұс­қын­сыз. Жалпы туғаннан өсіре берсе ер адамның тырнағы төрт метрге дейін жетеді. Әйелдікі одан және жарты ­метр­ге артық.
Туғаннан өсіру де дәл мөлшер емес. Ана құрсағындағы, яғни шаранадағы болашақ сәбиге тырнақ үш айлығында пайда болмақ. Оны жарық дүниеде өскенімен бірге нәресте қырқынан шыққан күні алып тастайды. Қарын­ша­шына қоса. Өте гигиеналық және эстетикалық дұрыс шешім. Бабаларымыз білген.
Бабаларымыз сол сияқты «шашы өскеннің ауылы кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір» деген. Өйткені адам өз шашын ала алмайды, ауылдағы біреу алып беруі керек. Ал әркімнің өз тырнағын қырқып тұруға әлі келеді. Бұл тек ер адамға арналған мақал. Әйелдерге қатысы жоқ.
Тіпті беріде әйелдер үшін тырнақ сәндікке де керек болды. Сояудай ұзыны соғұрлым әдеміліктің белгісіне айналды. Біздің бала кезімізден бері дүниенің төңкеріліп түскені даусыз. Қазекем өзі айтқан, «елу жылда – ел жаңа». Иә, тырнағы ұзын өскен ел пайда болды көз алдымызда. Өскен ғана емес, боялған.
Қытайға барған сапарларымыздың бірінде ләңгі ойыны мен бояу тарихы туралы деректер жинастырғанбыз. Шеньян мен Сиань қалаларында қарт профессорлармен сұхбаттастық. Соның бірі ләңгінің үш мың жыл бұрын осы өңірде пайда болғанын айтты. Тағы бірі «қытай әйелдері императордың көңіліне жағу үшін тырнағын әдейі бояған» деді. Мысырда да тырнақ бояу көне перғауындар заманынан әдетке енген. Мұнда еркектер де тырнақ бояған. Неғұрлым қара түсті болса, шені соғұрлым үлкен көрінеді.
Еріккен отырықшы елдерге қарағанда көшпелі халық бояу, опа-далапқа онша үйір болмаған. Тек сол отырықшы өмір толық үстемдік еткен ХХ ғасырда, оның да екінші жартысында қазақ әйелі бояна бастаса керек.
Қазақ әйелдерінің жаппай бояну дәуірі тура тырнақты әрлеуде төңкерісті жаңалық тұсына дәл келіпті. Суға езілмейтін әрі жалтырап тұратын, оның үстіне ұзақ сақталатын тырнақ бояуын 1933 жылы Чарльз Ревсон деген жасап, сатуға шығарған. Ол өзі әйелдер үшін әйгілі Revlon компаниясын құрған. Алты жылдан кейін тырнақ пен еріннің бірдей болуына қажет лак пен далап жасаған. Әлбетте бірінші болып қызыл түсті лак шыққан. Өзі он тырнағын түнге қарай он түрге бояп жатады екен. Сәндік емес, сапасын тексеру үшін. Түрлі сынақ үшін. Ол кезде он тырнақ пен екі еріннің бірдей боялуы сән талабы еді. Енді ғана әйелдер әр тырнағын әртүрлі бояй бастады. Ревсоннан жетпіс жылдан соң.
Ревсон сияқты біз де лакты талай қолдандық. Жоқ, тырнақ бояған жоқпыз. Кенже ұл үшін жинаған асықтарды бояп беретінбіз. Қалада тас­тан қырнап қына қайнатып отыратын емес. Басында ұлдың шешесінен қалған лактарды жақтық. Сосын алдымыз біз сатып алып асыққа жаққан лакты ұлдың шешесі қолданатын болған. Тренд.
Беріде жапсырма тырнақ шықты. Оны алғаш тіс дәрігер ойлап тапты десек нанбассыздар. Ақиқаты солай. Фрэд Слек деген кісі. Бірде жұмыс кезінде тырнағын жарақаттайды. Емделушілерге тырнағының жарасын білдірмеу үшін жылтырақ қағаз жапсырады. Оны жапсыруға тістің пломбасын қолданады. Әлем әйелдері үшін тағы бір жаңалық осылай пайда болыпты.
Адам ағзасында бес саусақтың тырнақтарының да байланысты жері бар. Бас бармақты қазақ тегін солай атамаған, оның тырнағы ­мимен қатысты. Сұқ саусақтағысы өкпе мен қолқаға байланысты. Ортан терек іш құрылысыңызда не бол­ғанын байқатады. Шылдыр шүмек­тегі тырнаққа қарап бүйректің жағ­дайын біле аласыз. Жүрек пен қан тамыр­ларының барысы шынашақтың тырнағынан аңғарылады.
Шынында, сонау 1992 жылы АҚШ-та іссапармен жүргенде аяқ астынан жүрегіміз ауырсын. Қазіргі медициналық сақтандыру онда жоқ. Бір топ тілші Назарбаевтың БҰҰ-ға сапарын жазу мен көрсетуге барғанбыз. Жүрек ауырып тұрса қайдағы жазу жазған? Сонда жағдайымызды байқаған фотограф Иосиф Львович Будневич «ең соңғы саусағыңның басын уқалай бер, жүрегің жазылады» деген. Басқасын қойып, тек екі алақандағы кішкене бөбектерді кезек уқалап жүріп, жүректің ауырғанын ұмытып кетіппіз. Бұл адамдар бірдеңе біледі.
Сонымен, автобуста қасымызда тұрған қыз қап-қара тырнақтармен косметика әлеміндегі түрлі жаңалықтарды қарау үшін смартфон шұқылап тұр. Оның іздегенінің бәрі біздің миымызда бар екенін қайдан білсін?..

Қайнар ОЛЖАЙ
АСТАНА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.