Шолпан ана

Ел арасында кеңінен тараған «Қаракемпір» әні 1941-1945 жылдардағы соғыс кезіндегі оқиғаларды, майданға кеткен баласын зарыға күткен ана сағынышын әсерлі жеткізеді. Әннің сөзі Жақсылық Сәтібаевтікі болса, әуені әнші-композитор Алтынбек Қоразбаевтың туындысы екені көпшілікке белгілі.

Жақында республикалық телеарналарда аталған композитордың мерейлі мерекесіне орай ұйымдастырылған шығармашылық кешінде орындалған «Қара кемпір» әнін тыңдай отырып, өзім өскен ауылдағы «байкемпір» аталған ана оқиғасы ойыма оралды.
Осы өлеңдегі:
…Қара шаш аппақ бүгін қырау
болды-ау,
Дүние шектігі жоқ сұрау болды-ау,
Әр күнін тойға арнаған малын бағып,
Әр түнім ағыл-тегіл жылау болды-ау.
Зар мен мұң аралас өлеңінен сол тұстағы балаларын сарыла күткен аналар бейнесі анық көрініс тапқан.
Біз өскен жер Қызылорда облысы­ның Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылы. Мұнда соғысқа дейін 5-6 бригада болса, кейін оның саны екі бригадаға дейін азайды. Бұл да соғысқа кеткен ер-азаматтардың есебінен кеміген.
Жаңаталап ауылының төңірегінде жайлау болды. Осы жайлауда бізбен қатар үй тіккен Шолпан есімді жалғысбасты ана тұрды. Шаруашы­лығында ірі қара малы мен қой-ешкілері көп болатын. Сондықтан да ауылдастары оны «Байкемпір» деп атап кетті.
Шолпан ана таң қылаң беріп атысымен киіз үйінен шығып, күн қызарып ұясына батқанша көзін көлегейлеп ауылдың арқа жақ бетіне қараумен күн кешті. Анда-санда күбірлеп сөйлеп те қоятын. Оны танитындар «…қайтсін байғұс, азамат болған үш ұлын соғысқа жіберіп, соның жолына қарауы» ғой деп жөніне кете беретін. «Байшолпан» ананың осынау күндердегі бейнесі көз алдыма келіп, ананың балаға деген сағынышының қаншалықты болатынын көргендіктен, жоғарыда тілге тиек еткен «Қара кемпір» әніндегі сөздер дәл осы Шолпан анаға арнап жазылғандай, біздің ауылдағы ана бейнесін, оның болмысын суреттеп тұрғандай әсер береді.
Кейде ананың қой-ешкісін айдап келіп, киіз үйінің алдындағы жыңғыл қораға кіргізіп берген кездеріміз де болатын. «Келіңдер, балаларым, үйден қатық ішіп кетіңдер» дейтін. Үйіне кірсең жерде төселген кілем, кебеже, бірнеше сандық үстіне жиналған көрпе-көрпешелермен қатар ою-өрнекті текеметтер самсап тұратын. Ананың тіршілігіне жиені Өтеген-Метай Бертілеуов, келіні Үрім Бекетқызы, оның балалары Бодал мен Бекназарлар қолқабыс жасап тұратын.
«Байкемпір», «Байшолпан» атанған абыз ана Қаратамыртегі Шолпан Бегіқызы (Бегім деп те аталады. – Т.Д) болатын. Ал оның күйеуі Мақатай Есжанов еді. Шолпан ана үй тіршілігімен айналысса, М.Есжанов болыстықта және колхоз құрылысына атсалысқан. Кейбір деректерде оның екі сыныптық мектепте оқығаны айтылады. Мақатай баба ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында өмірден өтіп, атақты Оразахун қорымына жерленсе, оның ағасы, халық ауыз әдебиетінің белгілі жинаушысы Пірмағамбет Тойтанов «Тоқсанбай ахун» мешітіндегі қорымға, ал Шолпан ана 1961 жылы өмірден өтіп, «Көңтөбедегі» бейітте жерленіпті. Бұл деректерді Мақатайдың інісінің баласы жасы 80-ге келген Бекназар Ысқақұлы айтқан-ды.
«Байкемпір» өмірден өтіп, оның сан­дықтарын ашқанда ішінен ­«Керенский» деп аталып кеткен көкқағаздар соғыс жылдарында шығарылған 5000 сомдық заемдар шығыпты деседі. Демек, Мақатай мен Шолпан бай дәулетті болған. Кезінде алғашқы уақытша өкіметпен советтендіру, колхоздастыру ісіне араласқаны байқалады.
Мақатай мен Шолпан ата-ананың тәрбиесін алған баларының қай-қайсысыда өз қатарларынан озық, алда болды деседі. Мақатайдан үш ұл, бір қыз өмірге келіпті.
Мақатайдың үлкені – Смағұл 1902 жылы Перовский уезіне қарайтын Қаракөл-Қуаңдария болысының №3 ауылында туған. Бастауыш білім алған. Кезінде «Жаңаталап» колхозында колхозшы болған. 1942 жылы Қармақшы әскери комиссариатынан майданға алынған. 1943 жылы Житомир қаласында қаза тапқан.
Ортаншы ұлы Смайыл – 1912 жылы Қаракөл-Қуаңдария болысында өмірге келген. Ол Жалағаш кентіндегі орталау мектепті бітіргеннен кейін Мәскеудегі Бауман атындағы жоғарғы техникалық училищесіне түсіп оны бітіргеннен кейін Шымкенттегі химия-технология институтында ұстаздық қызметке орна­ласады. Кейіннен директордың орын­басары болады. 1940 жылы кіші командир даярлайтын курсты бітіріп, 1941 жылдың 24 маусымында Қармақшыдан майданға кетеді. (Сол тұста Жалағаш пен Қармақшы аудандарында бір-ақ әскери комиссариат Қармақшыда болатын. Т.Д)
Ол атақты И.В.Панфилов басқарған дивизияда кіші командир болып қызмет атқарады. С.Мақатаев 1943 жылдың тамыз айында Харьков жерінде майдан даласында қаза тапқан. Мақатайұлы Іскендір – 1917 жылы сол жоғарыда атал­­ған болыстықта туған. Шымкенттегі мұ­ға­лімдер институтында оқып жүрген­де, майданға алынып, 1944 жылы хабарсыз кетеді.
Сол ұлын сарғая күткен Шолпан ананың ұлы Смайыл Ағытай бидің немересі Нұрқия Өмірзаққызымен 1939 жылы бас қосып, Мария есімді қыз өмірге келген. Ағытаева Нұрхия 2007 жылы 87 жасында Қызылорда қаласында өмірден өтті. 2006 жылы Нұрқия апамызға Бағдат екеуміз барып, амандасқан едік. Нұрқия апа кейіннен елімізге белгілі Кірекесов Мұхамедиярмен отау құрып, тағы да ұрпақ сүйді.
«Байкемпір» атанған Шолпан Бегі­ қызының ақындар жырлап, ән­шілер әнге қосқан өмір жолы талайды жылатқан, қатыгез соғыстың зардабы демекпін. 1941-1945 жылғы соғыстың аяқталғанына да жетпіс жылдан ассада Шолпан кейуананың бейнесі көз алдыма орала береді. Еліміздің түкпір-түкпірінде мұндай оқиғалар аз болмаса керек. Оларға өлең мен әнін арнаған азаматтарға мың алғыс.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.