Шабыт немесе әйгілі «1961 жылдың» авторы Оразбек Сәрсенбай жайлы баянсөз

Жақау Дәуренбеков,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Әлбетте, қаламына сенген қаламгердің жолын ашқан жұлдызды шығармасы болады. Жұлдызды ететіні – сол бір кезде өзі де сезіне бермейтін шабытпен суарылған батылдығы, сөзі мен ойының асаулығы екен.
Мұны, әрине, кейін біледі. (Сонысына бәлкім іштей сүйсінетін де болар) Әдебиет әдебін бұзған тағдыршешті тарпаңдығы жазушылық жанкешті жолының бір үздік жырына айналғанын көреді.
Жырдың да сыры болады ғой. Сөзге келгенде ашыла да шашыла бермейтін, өз ұстанымынан айнымайтын, нақты жазып, бапты сөйлейтін қаламгер Оразбек Сәрсенбай шығармашылығындағы ондай сырдың үзігін сыпайылап қана айтатын. «Жаспыз ғой, – дейтін жымия еске алып, арынымыз арқырап тұрған кез. Ақкөкірекпіз, құрық тимеген асаумыз. Кіл «Сен тұр мен атайынның» кері «Сен тұр мен жазайынбыз». Өзім деген өрсезім басым. Мықтымыз бәріміз. Әбіш, Жұмекен, Қадыр, Сәбит, Сейфолла, Дүкенбай, Сабырхан… Жарысып жазамыз. Жастық эгоизм ғой, ойымыз – бірімізден біріміз оза шабу. Талқылауларда төрден болмаса да төбеден көріну».
Асқақ ойлап асып алып түсуді армандаған, поэзия пырағына ер салып, еруілдеп жүрген күндердің бірінде Орекең шабытпен еркін ойлы ерек (өзінше әрине) поэма жазып тастайды. Аты – уақыт сынығы, заты – өз шындығы «1961 жыл!». Сиясы кеппеген күйі алып-ұшып «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне апарып береді. Олар жылы қабылдаған сыңайлы. «Көрейік» деп арқадан қаққаны қандай. Сөйтсе олар оқып, ойланып-толғанып барып жоғарыға жібереді.

Жырының беталысын қара! ­Поэма ЦК комсомолда талқыланады. Бұл жайында Орекең күнделігінде былай деп жазады: «Алғашқыда жұрттың көбі қабылдамай қыңырлық көрсетті. Ескі канондарға үйренген ақыл мен көз соқыр емес пе? Сол баяғы жылтырақ эстеттік нәрселерді көксейміз. Бірақ, әйтеуір, менің жақтастарым біраз нәрсені ұғындырғандай болды. Камал Смайылұлы творчестволық процестерді жақсы аңғаратын жігіт екен. Талқылау өте қызу өтті. Менің бұл шығармамды мақтап сөйлегендер ішінде Ә.Кекілбаев пен А.Исаев болды».
Төрт сағатқа созылған қан сорпа айтыстан кейін поэма поэзия деп танылып, «Лениншіл жасқа» ұсынылатын болады. (29 қараша 1962 жыл) Бұдан ары әбеди ортада қым-қиғаш айтыс басталады.
Бұл жай айтыс емес еді, қазақ әде­биетінің қалыпты жазуын жаңғыр­тамыз, өркен-ойын өзгертеміз, көкжие­гін кеңейтеміз, көркемсөзін көтереміз деп келген жас буынның тосын мінезі еді.
Талқылаудағы пікірлер тайталасы жал­ғыз «1961 жыл» поэмасы ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясына жаңашылдық рух­тың оянғанын аңғартқанын біреу біліп, біреу білмеді. Жастықтың буыр­қанған бұлқынысы бұрынғыша «Сәкен­ше, Қасымша, Сәбитше, Әбділ­да­ша жазу керек. Он бір буынды өлеңді өзгертуге, ұйқассыз өлең жазуға болмай­ды!» дегенге дес бермеді. Бұлар ойды жаңаша көркемдеуге, құлпыртуға, сөз сап­тауға құштар екенін дәлелдеп бақ­ты, оқырман өлеңнің жаңғыруға, жаңа­руға бет алғанын көрді, поэзияның жаңа парақтары ашылғанына куәгер болды.
Поэмаға тереңнен қарап, байып­пен түйін жасағандар да табылды. Оларға дем бере сөйлеген Ілияс Омаровтың айтқаны жас жыршылдарды тіпті рухтандырып жіберген-ді. Бұл кісі: «Арттарыңа қарамаңдар. Барлық кедергіні бұзып-жарып, жаңа сатыға көтеріліңдер. Біздің ұрпақтың қатесі көп. Олар, оның үстіне, көп нәрсені тындыра алмады. Жержүзілік мәдениетпен сусындаған сендер үлкен тірлік етпегенде, не қалды? Әдебиет, ең алдымен, ойлы, сосын барып сұлу болсын. Ақылды, арлы поэзия жасаңдар! Оза шабыңдар!» деді (1962 жыл 27 желтоқсан).
Бұл баға ма – баға! Қайрау ма – қайрау! Түптүйіні – «Енді қамшыны басыңдар!» дегендік емес пе?!
Бұл өзі түн ұйқыны төртке бөлген толғақты түндер, бұлғақты күндер еді. Жас ақын үшін жыр жауған – нұр шашқан шақ еді.
Айтары айтысқа толы поэманың алғы cөзі мен соңғы сөзінің түйінін жасау оңай ма?
Ойын сарсаңға да салады, сабырға да жүгінеді, әйтеуір талқылаудан өткен поэманың тағдыры бір үміт, бір күдік боп күні-түні ойынан шықпайды. «Лениншіл жастың» редакциясына күнара соғып кету дағдыға айналады. Күдігі – түнде ұйықтатпайды, үміті – күндіз солай қарай жетелей жөне­леді. Поэмасының беттерін парақ­тап, көкейінен құйылған жыр шумақ­тарын іштей қайталап, жатқа айтып келе жатады. Қызығы өз шума­ғын өзі тың­даудан жалықпайды. Шымырлаған шумақ­тардың шоқтай әсері қандай десейші, тіл ұшына үйірілуін қарасайшы:
«Көкжамбас боп
жата бермей тұр, ақын!
Менің атым – Уақыт…
Күтпе менен рақым.
Арқасын аяз қарыған,
Дүниені бар, жылыт! –
Сығып алып жүрегіңнің қуатын…» деп жаныққан жаншырылы намыстың наркескендей жарқылдаған арлы сөзімен алғалайды;
«Ұшып өтсе зымыран,
Көгершіндер гу-гу етіп үркеді…
Тұман басып жер жүзін,
Нажағайлар жарқылдатса кездігін,
Қорыққаннан –
Экранды әрі итеріп едім мен,
Көрдім сонда сыңарындай егіздің,
Жан серігін таба алмай
Адасып жүр Жер біздің!..» деп ақиқатқа іңкәр жүрегінің дүрсілі жаһанға естілердей жаңғырық салады;
Толқыннан толқын боп тасқындай түскен жыр нөсері көкжайлау көңілін кернеп:
«Космоста жерден гөрі тынышырақ.
Мерт болған метеордың
Жүрмейді ешкім мұнда құнын сұрап,
Космоста таңғажайып құпия бар.
Сонда да менің туған планетам,
Көрінеді төменде жылыұшырап.
Па, шіркін, апрельдің таңы қандай!
Көңілге көктем келіп дарығандай.
Табиғат торсықтай боп тойып алған,
Дала тұр сезімдіктен жарылардай» деп туған жерге деген тебіренісі, таңғы шықтай мөлтілдеп, шабыт самалы боп шалқиды, әсіресе Мұхтар аға жайлы тарауына келгенде күйініштің күйігі көмейінен төгіледі-ай кеп:
Мұхтар аға!
Өзің сүйген сардаланың бейнесін
Көзіңді ашып енді қайтып көрмессің.
Мұхтар аға!
Өзің сүйген қазағыңның бейнесін
Көзіңді ашып енді қайтып көрмессің.
Асықпашы,
Жарық дүние тербетсін,
Ақтық рет жаңбыр
көктен селдетсін.
Гүлдер оның аяғына жығылып,
Ақтық рет бетін оның жел де өпсін.
Төксін оған аспанда Күн, Ай нұрын…
Уа, әлеумет, бүгін кімнен айрылдың?
Қайда сенің Сарыарқадай байлығың?
Қайда сенің саңқылдаған шешенің?
Қайда сенің топ бастаған көсемің?
Тағдыр, сенің шатасты ма есебің?
Қайран қылды халқымызды осы өлім.
Жалғанның бір шалғайында әуез қып,
Жүруші еді.
Алып жанын Ажал деген жау езіп,
Тайып түсті басқышынан өмірдің
Мұхтар аға Әуезов.
Ей, сұлулық! Солғын тартып ажарың,
Мұнша неге сазардың?
Мыңның ісін істейтін бір дананың
Өзіне емес, –
Сүйегіне ие боп,
Көмекейі толды ма екен Ажалдың?
Мұң басады даланы,
ымырт жапты қаланы,
Алдымдағы экран күңгірт
тартып барады…
Мұхтар жазған кітаптардың әр беті
Әлденеге күрсіне дем алады, – деп егілсе, сауалы көп өмірдің жауабын іздеп жанығатыны тағы бар:
Естіп тұрмын бәрін де:
Уақыттың аяғының дүрсілін.
Естіп тұрмын
Адамзаттың лүп-лүп соққан
Жүрегінің күрсінін.
Сырын ұғып болғаным жоқ
Кеше менен бүгінгінің, бұл – шыным.
Қайта-қайта жасырады:
Күн – сәулесін, түн – сырын.
Әрқилы ойлар мазалайды жанымды…
Түсінбедім тұйық дүние тылсымын, – деп күрсіне қайырады ақын жүрегі. Осылайша жырын жүз толғап редакцияға жетеді.Бәрі ойдағыдай секілденеді, бәрі бүгін шешілетіндей боп көрінеді. Ентігіп жетеді, елеңдеп сөз тосады. Жақсы лебіз – жақсы жаңалық күтеді.
Иә, сол бір күндер ай…
«Неуверенные, но добрые глаза молодого заместителя главного редактора «Лениншіл жас» Т.Жанұзақова смотрели на меня: Мен «1961 жыл» жайлы білуге соққан едім…» деп еске алады сол бір күндерді.
Білімді де көркем жап-жас жігіт – бас редактордың орынбасары оның поэмасын асықпай қайта-қайта оқиды. Әрине, газетке баратын дүниенің қысқартылмай кететін дүниесі кемде кем. Орынбасардың қаламы поэманың кей тұстарына сауал тастап отырады. Ара тұра, леп белгісі де бар… Әйтеуір, ойы бекем, өзіне сенімді.
«Дастанымның 300 жолы қысқар­тылды. Ең бір буынды, жанашыр ке­зеңдері кетті. Енді қаншамасына пы­шақ тиетінін бір Құдайдың өзі білсін! Бұл менің баспа бетінде көлемді шығармамен тұңғыш көрінейін деп отырғаным ғой…» деп іштей шыр-пыр болады. «Үміттенемін, Тельман ағаның өзі уәде берді емес пе?» деп тағы да өзіне-өзі басу айтады.
Ақыры… күткен күн де туды. «1961 жыл» поэмасы газеттің 1962 жыл­дың 9 желтоқсан күнгі санында жарқ етіп шыға келсін. (Анау-мынау емес төр­тінші бетті тұтас алып жатыр!) Әде­­биет әлемін елең еткізу емес, дүр сілкіндірсін.
Осылайша, «Лениншіл жас» Оре­кең­ді поэзия орбитасынан бір-ақ шы­ға­рады. Бір-ақ күнде атақты боп шыға ке­леді. Осылайша «Лениншіл жас» – поэ­маның старт алған Байқоңыры болды.
Иә, Байқоңыры! Бұл сөз тапқыр­лығы да емес, тіпті әсіре теңеу де емес, тағдырлы поэманың шындығы еді.

2.

Поэма бірін-бірі жоққа шығарған пікір-таласты туындатып, әсіре қызыл әңгімені қыздырып, айтыстың аламан дүбіріне айналады. Десе де, жас ақынның жазғандарына енді даңғыл жол ашылады. Бұрқыратып цикл жырлар туындап, газет-журнал беттерінде жиі жарық көріп жатады. Өзін енді әдеби қауым поэмасына қарай «Алпыс бірдің» авторы атандырады.
Осылай жиырма үш жастағы студент Оразбек Сәрсенбай атағы бар танымал ақынға айналады. Әрбір жұма күні Жазушылар одағында жаңа өлеңдер оқылады. Жаңа жазылған өлеңін сонда барып оқып жүреді. Бір жолғысы «Маяковский – Қазақстан Жазушылар Одағында» өлеңі үлкендерге жақпай қалады. Бір ерекшелігі ол туралы сөйлегенде бұрынғыдай емес, олардың дауысы недәуір жұмсарып қалғанын байқайды. Бірақ…
Иә, бірақ бұра тарту, бағасын төмендете айту бәсеңсімейді. Айтатындары: «Жастар бұлдыр жазады», «Түсіну қиын», «Халық қабылдамайды», «Формализм…» «Бұлыңғырлық басым…»
Мұның кредосы «Озып кеткен өңге жұртқа теңелу керек емес пе? Жаңғыру керек қой!» дегеннен бір танбайды.
Оқтын-оқтын баспасөзде сыни мақалалар жиі-жиі жарияланып, бас көтертпей барады. Сондай сәттерде басын түрлі ойлар қамайды, көңілін де қажай бастайды. «Не істерге білмей жүрмін… – деп қаламына түртіп қояды, – жұтар ауам азайып, кеңістік тарыла түскендей. Ойлауға талпынған адамда қиын азаптар мол екен. Төлегеннің өлеңін оқығаннан кейін тіпті ойланып қалдым. Иә, Төлегеннің өлеңі… ­Поэзияны былай қойып біржола прозаға көшсем бе екен деген қиял келеді. Ой мен қиялдың жауабын қалай тапсам екен?…» Бұл Оразбектің күнделігіндегі 1963 жылдың 16 нау­рыз күнгі көңіл күйі. Тегі, бұл ішкі жанкүйзелісінің мұңы болар.
Мұңның мұнары уақыт өте келе сейілер. Бірақ ұмытылмайды екен. Осы бір күй жайында беріректе, арада талай жылдарды артқа тастап, ағалық жасқа келген өмірінің шуақты күндерінің бірінде білудің реті келгені бар. Ол тұста өзегінен елдік пен ерлік ескен, атауының өзі айшықты да әйгілі боп кеткен «1961 жыл» поэмасының авторы – Орекең «Қайнар» баспасының директоры болатын. Әңгімеміз жарасып, баспагерлік жолда рухани жақындығымыздың да беки түскен кезі.
Енді бірде «Лениншіл жастағы» күн­­дерін еске түсіріп, әңгіме ауанын солай бұрдым. Орекең өткен күндерге ой жі­беріп, өзінің құс ұйқылы қызықты күн­дері есіне түскендей болып терезеден Алатаудың қарлы басына ұзағырап қарап:
– О кезде де Алатаудың басы осындай аппақ болып жататын, – деп алды да: – Біле жүр «Лениншіл жасқа» екі адамды тарттым, – деді баптана ­жымиып, бірі – Бегділда, екіншісі – Төлеген Айбергенов. Бегділда жазғанда тастай ғып жазады. Шерағаң онша құлық таныта қоймаса да «Тапсырма беріп көрейік» дедім. Оны Бегділда қатырып тұрып жазып әкелді. Сөзге келмейді, не тапсырсаң да, қандай тақырыпты айтсаң да Бегділда солай. Бір сөзіне тиісе алмайсың. Білімді, дарынды, қаламы қиып түседі. Төлеген де дарынды, оның өлеңдерін оқығаннан кейін өз басым өлең жазуды қойдым. (Міне, өлеңді қойып кету мәні, қайда жатыр!) Мынау сұмдық! Табиғи талант. Біздікі оның қасында әншейін. Шерағаңа: «Төлегенді алайық» деп өтіндім. Шерағаң: «Тапсырма беріп көрсеңдерші» деді. Сол кезде Украинаның Қазақстандағы күндері өткелі жатқан. «Сол жайында жазып әкел» дедім. Келесі күні-ақ Төлеген алып келді. Қарасақ өлең. Өлең болғанда қандай! Ақ бұлақ жыр. Бәрімізге оқып берді. Шерағаңа көрсеттік. «Жақсы екен» деп газеттің бірінші бетіне бастық. Әрине, газетке мақала керек. Төлегеннің ондайға құлқы жоқ. Шерағаң: «Ақын көп, бізге мақала жазатын адам керек қой» деді. Ал Бегділда газетте көп істеген жоқ. Қаламында, жазуында мін жоқ. Қазір ол нағыз дарын иесі екенін көрсетті. «Ұлы селін» оқып көріп едім, келісті көркем екен. Әсіресе орыстардың Ақ­мешітті алуы керемет көркем жазы­лыпты. Әрине, сыны өткір, оның кейде артықтау кететін жерлері бар, онысы өз позициясы болар…» деп алпы­сын­шы жылдардың бір парағын оқып отыр­ғандай ғып әңгімелегені есте қалыпты.
Өмір ойламаған алыстар мен ағыс­тардан тұрады екен. Орекеңнің дүбір­летіп келген поэзиядан дүнәуи прозаға ат басын бұруы сол кезде таңданыс тудырса, уақыт жасалған бетбұрыстың баяндылығына куә болды.

3.

Поэзиядан прозаға осылай келген Орекең қай кезде де шабытына сенген секілді. Қаламды әдеттегідей батыл сілтейді, тірліктің тереңдігіне бойлайды, қиялын көркем сөзбен кестелейді. Адам туралы жазу – басты кредосы болады. Оның айғағы – көркемдігі биік, өмірдің өзекті тіндерін арқау еткен әңгімелері, повестері мен романдары қалың оқырманға жақсы таныс. Атап айтқанда: «Даңқ», «Жалғыз күрке», «Сағым», «Таңбалы тас», «Бақыт құсы», «Замандас», «Уәде», «Тамыр», «Гүлжаһан», «Жақсының көзі» повестері мен «Шамшырақ», «Шеңбер» романдары өзінің жоғары бағасын алған туындылар. Ал «Шеңбер» романына Мемлекеттік сыйлық берілді.
Оның елең еткізген елеулі еңбегі – «Өмірнама» роман-күнделігі болды. Кітаптың аты айтып тұрғандай бұл қаламгердің өз басының өмірсерік жазбасы екен. Анау-мынау емес, сонау 1946 жылдан басталатын, ес біліп елмен бірге етек-жеңі жиыла түскен тұстың ащы дәмі таңдайына тати бастаған балалық атты бозтөбеден бастау тартқан өмір жолы рет-ретімен қағаз бетіне түсіпті. Өткен-кеткен шағын еске ала баяндайтын бәзбір ғұмырнамалардай емес, бұл кітап күнбе-күнгі жазбаларының қаз-қалпында берілуімен ерекшеленеді екен. Сол бір алыста қалған күндердің иісі, суының сылдыры, бұлағының бұлдыры, тіршілігінің тынысы, адам­да­рының әлемі, ащы терінің иісі, күнбе-күн жазылған қарапайым сөйлем­дерінен бұрқырап тұр. Күнделік анау-мынау емес талай ұрпақтың тағдырына куә арғы-бергі тарихтан тарқатылар тағылымы бар алпыс жылдай уақыттың үзеңгісіне аяқ тартады. Қаз-қалпында түсіріліп отырған жазбаның өн бойы­нан шәкірттік қаламның соқпағы жылдармен бірге есейіп, бірте-бірте уақытпен жасасып, өмір ағымымен бір көште керуен жолға шығады.
Мұндағы айтылатын отбасы тірлігі, бала қиялдар, мектепішілік, шәкірттік өмір, өз көзқарасына әсер еткен өмір сабақтары, балалар, мұғалімдер, аға­йындар, таныстар, колхозшылар, ересектер өмірі, студенттік шақ, мұға­лімдік кезең, алғашқы ақындық, қаламгерлік қадамдар – бәрі-бәрі күн­делікте қаламгердің көзқарасы қалыптаспаған, кейінірек қалыптасқан, әртүрлі сезімдер құшағында жүрген қарапайым қалпында берілуі арқылы – сол дәуірдің, уақыттың полотносы, тынысы, рухы мен арманы бар бояуы­мен көз алдымызға келеді. Күнделік иесі оның бәрін сылап-сипауға, сендіруге, иландыруға тырыспайды, тек көргенін, білгенін, бастан кешкенін жайып салуға, жеткізуге тырысады. Оның бәрін әсіре қызыл әуенмен емес, қарапайым күнделікке тән қалыппен баян етеді. Күнделіктің ең толымды да қызықты тұсы оның ҚазГУ-ге оқуға түсу тұсынан басталады. Өйткені – бұл күнделік иесінің – әдебиет атты ортаға, Алматының әдеби ортасына имене есік ашқан кезі. Нақ осы кез кейін қазақ әдебиетіне жаңа толқын боп қосылған қуатты да дарынды қаламгер отрядының келуінің басы еді. Ол жылдары – университеттің қабырғасына енді келіп дәріске ден қойған оның тұстастары, студенттер кейін қабырғалы қаламгерлер болғаны белгілі. Міне, сол студенттік шақтың албырт та адуын, алғыр да аңғырт, жаңашыл да жалынды буырқанысы бойларын билеген күнделік иесінің өз тұстастары, әдеби қауым, әдеби кештер мен кездесулерден, диспуттардан бастап қызу таластарға дейінгі не бір қызықты күндердің сырын да, ­жырын да қарапайым өз көзқарасымен, ақ пен қараға бөле жармай байыппен бәз қалпында көрсетеді. Кейде қылаң беріп қалатын пендешіліктен ойын аулақ ұстап, өзін өзгелерден оздырмай, өзгелерді өші кеткендей өңмеңдетпей, ойды өзімшіл мақсатқа өрелеп матамай, барынша бәз қалпында беруі, ауытқымай әңгімелеуі баурап әкетеді. Қаламгердің ұтқан тұсы да, ұтырын ­тауып кеткен ұстанымы да осы. Күнделікте біздің көптеген қаламгерлеріміз, ақындарымыз, ғалымдарымыз, ­Жазушылар одағының хатшылары, белгілі ақсақал қаламгерлеріміз, ұстаз­дарымыз, баспагерлеріміз, өнер қай­раткерлерінің жастық шақтағы алғашқы шығармашылық, қаламгерлік, қызметтегі тірліктері, әрекеттері, айт­қан уәждері, кездесулер мен айтыс-тартыстардағы позициялары, сөзде­рінің нақпа-нақ келтірілуі – әдеби қауым­ның кейбір көпшілік білмейтін біраз қырынан хабардар етеді. Осы арқылы күнделік иесінің өзі­нің қаламгерлік өсу жолының қалай бол­ғаны көрініп жатса – бұл да күн­де­ліктің бір ерекше болмысы деуіміз керек.
Әрине, өз басыңнан өткерген мен көргеніңді айта отырып елуінші жыл­дардың аяғынан бүгінгі екі мыңын­шы жылға дейінгі қазақ әдебиетінің тынысын, тірлігін, әдеби болмысын қыруар деректермен, оқиғалармен барынша қабыстыра білу, қал-қадірінше ешкімнің жағасынан алмай, ешкімді сөге жамандамай мәдениетті түрде жеткізе білу оңай шаруа емес. Мол дерекпен өрілген, өңін айналдыруға көнбейтін оқиғалармен толыққан, болған жайдың бұйдасынан ұстаған қаламгер бала кезден бастаған жазба­ларының күндер өте келе қомақты қазынаға – роман күнделікке айналғанын сезбей де қалғандай. Бұрын роман-диалог, роман-монолог, жай күнделік жазбалар барын білсек, қаламгердің «Өмірнама» кітабы – қазақтың деректі прозасына жаңа ­туынды – роман күн­делік келіп қосылғанын аян еткенін атап айту артық болмас деп ойлаймыз. Оқып шығып ақадал алғы сөзін айтқан Герольд Белгердің: «…құнды, әсерлі, қызықты, мазмұнды, ғибратты» деген ризашылығына біз: «Сырлы да сыпайы, мәнді де мәдениетті» дегенді қоса қуаттай түйеміз.
Бір айта кетерлігі: Орекең сөзіне ісі сай орнықты жан болатын. Өзінің ұстанымына берік, сыни көзқарасына сенімді, талабы тұрақты, талғамы биік еді. Пікірін екшеп айтып, позициясынан айнымайтын. Қандай мәселені де асығып-аптықпай ойланып барып шешуді оң көретін. Дегдарлығы мен даралығы үндесіп, үйлесіп тұратын. Шулы ортадан саяқ ой бағып, сабырмен сөз қайырған жан еді.

4.

Қаламгер кітабына ұқсайды деген де бар ғой… Сөредегі сықиған том­дардың арасынан Орекеңнің бір кітабын қолыма алдым. Ертеде шық­қан қолтаңбасы бар. Жетіген мал бор­да­қылау кешенінде жазып беріпті (14.04.82 ж.).
Ой шіркін өткен күндерге оралып ойға қамай­ды. Куәгер бұл кітап «Жақсының көзі» аталады.
Кітабы «Жақсының көзі» болса, Орекең «Жақсының өзі емес пе?» деген ой тіл ұшына үйіріле кетеді.
Қонымды ойға көңіл де иланады.

5.

Иә, Орекең «Шабыт шындықтан туады ғой» деп отырар еді. Өз пайымы өз философиясы.
Шабыт… «Шабытты жүрек сезеді, көз көреді» деуді де ұмытпайды.
Иә, Орекең шабытты өмір шын­ды­ғынан тапты, көрді, сенді. Сол қа­сиетіне адалдығынан айнымады.
Осы қайыри қасиет Өмір шындығы мен Адам шындығын арқау еткен Орекеңді қаламгерліктің биігіне кө­терді, құрметке бөледі.
Лайық қой.
Лайым, уақыт жадында да сол биі­гі­нен көріне береріне де сеніміміз кәміл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.