Қайраткер

Нағыз ғалым, оқымысты дегенде біздің есімізге Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Әуезов сынды қазақтың бетке ұстар біртуарлары келетіні рас. Ал сол ғұлама Сәтбаев 1946 жылы Қазақ Ғылым академиясын құрғаннан кейін оның көшпелі сессиясын 1948 жылы Қарағандыда өткізіп, Алаш арысы Ә.Бөкейхановтан кейін қазақ елінің астанасын алғаш рет республикамыздың орталығына көшіру туралы ұсыныс жасаған ғой. Сондай саңлақ топтан сарқыншақтар бар ма дейміз қазір. Өйткені қазір академияны жай қоғамдық ұйым дәрежесіне түсіріп, оқымыстылардың беделін төмендетіп жібердік. Сонда да ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Әліде қажыр қайратын аямай, ғылым үшін ащы терін төгіп жүрген аға буын өкілдері аз емес. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Рахымжан Елешев дер едік.

…Өткен ғасырдың 1955 жылы. Бала ­Рахымжан Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Саралжын ауылындағы орта мектепті үздік бітіріп, алтын медальді иелене Алматыға оқу іздеп келген кез. Алдымен құжатта­рын Ауыл шаруашылығы институтына тап­сырады. Сөйтсе тапсыру мерзімі өтіп кеткен екен. Салы суға кеткен бала теміржол вокзалына беттейді. Жол­шыбай саябақтың маңындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жанынан өтеді. Мына құдіретті қарасаңызшы, «Волга» мә­шинесінен сымбатты келген жігіт ағасы шығып, ұнжырғасы түсіп кеткен бала Рахымжанды байқап қалып жөн сұ­расады. Бала шынын айтады: «Осылай да осылай, тау-кен институтына құжат тапсырып едім, олар мерзімі өтіп кеткеннен кейін қабылдамады». Жаңағы жігіт ағасы:
– Егер біздің институтқа қабыл­да­сақ, оқисың ба? – дейді.
Сөйтсе ол институттың ректоры, аты аңыз­ға айналған батыр әрі ғалым Мәлік Ғаб­дуллин екен. Бала да ұялшақ емес, өжеттеу ғой:
– Әлбетте, оқимын аға! – депті.
Мәлік аға көмекшісін шақырып алып, баланың құжаттарын қабыл­датады. Сөйтіп, алтын медальмен бітірген ­Рахым­жан қазақтың тұңғыш педагогикалық институтындағы биология және химия факультетінің студенті атанады, оған жатақханадан орын беріледі. Мәлік ағаның байқампаздығы мен мейірбандығын қарасаңызшы, сондай адамгершіліктің арқасында көзінде ұшқыны, бойында таланты бар жас бала қанаттанып кетеді. Кейін институт комсомол комитетінің хатшысы болады, Лениндік стипендиат атанады, 1959 жылы Мәскеу шаһарында Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне қатысады. 1960 жылы ол осы оқу орнын үздік бітіреді. Осында өзінің бо­ла­шақ жары Тұрғанай тәтемен бірге оқиды, соңғы курста үйленеді, үйлену тойына Мәлік аға қатысып, ақ батасын береді…
Енді, міне, самайын ақ қырау шалған, бі­рақ ажары әрі таймаған, келбетті келген Рахымжан аға өткен өміріне көз жүгіртіп отыр:
– Сөйтіп, біз Тұрғанай екеуміз бірге жолдама алып, Ауыл шаруашылығы институтына ассистент болып ор­наластық. Содан тапжылмай сол оқу орнына аттай 58 жылымды арнап­пын. Басқа жерлерге шақырды, ешқайсысына бармадым, осында табан тіредім, осы оқу орнында аға оқытушы, доцент, профессор міндеттерін атқардым, ғылыми еңбектерім агрохимия мен топырақтануға арналды.
Бір институтта 60 жылдай қызмет істеу екінің бірінің қолынан келе бермес. Бұл жерде Рахымжан ағаның пат­риот­тығы, өз ісіне, ғылымына деген адалдығы айқын. Ол сол оқу орнында түрлі әкімшілік қызметтерді атқарды: факультет деканының орынбасары, деканы, институттың ғылым жөніндегі проректоры, бірінші проректоры, «Топырақтану-агрохимия» ғылыми-оқу-өндірістік кешенінің жетекшісі. Бүгіндері Рахаң «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының профессоры.
Р.Елешевтің еңбек жолының ой­дағыдай қалыптасып, жас жігіттің ғы­лымның төріне, білімнің өріне шығуына қазақтың қаранардай ар­дақты академиктері Х.Арыстанбеков, М.Ғабдуллин, С.Толыбеков, Д.Мәденовтер қолтықтап, демеп, көп кө­мектерін көрсетті. Ғылымның соқ­пақтарын да сол кезеңде оған кеңестік ғалымдар С.Вольвкович, А.Соколов, Н.Дмитриченко, Т.Кулаковская, Ф.Янишевский, Б.Ягодин, В.Минеевтар өз ақыл-кеңестерін, жәрдемдерін аяған жоқ. Рахаң сол әріптестеріне дән риза. Шәкіртсіз ұстаз тұл. Академик Елешев өзінің ғылыми ұясынан талай ғалымдарды: 48 ғылым кандидатын, 28 ғылым докторын баптап, тәрбиелеп шығарды. Атап айтқанда: академиктер А.Иванов (Ресей аға академигі), ғылыми-зерттеу институттарының дирек­торлары А.Сапаров, Т.Айтбаев, И.Үмбет­баев, университеттердің ректорлары А.Күрішбаев (бұрынғы Ауыл шаруа­шылығы министрі), С.Елубаев, ҚР ҰҒА кор­рес­пондент-мүшесі Б.Насиев және т.б.
Елешев 12 монографияның авторы, 350-ден астам ғылыми мақаласы әртүрлі журналдарда басылды. Сонымен бірге 20-ға жуық оқулықтар мен оқу құралдарын шығарды. Олар еліміздің барлық агро­техникалық университеттерінде пайдаланылып, солар бойынша шәкірт студенттер даярланады. Бұларды тізбелей өте шығайық: «Агрохимия», «Тыңайтқыш қолдану жүйесі», «Агрохимия практикумы», «Өсімдіктердің химиялық құрамы және минералдық қоректенуі» және т.с.с.
Академик шын мәнісінде қазіргі агрохимия саласының көшбасшысы және осы мамандық бойынша қазақ­стандық мектеп құрды. Сіңірген еңбегі ескеріліп 1993 жылы Бүкіл одақ­тық ауыл шаруашылығы ғылым­дары академиясының (ВАСХНИЛ) толық мүшесі болып сайланды. Бұл үлкен дәреже еді. Ал 2004 жылы Қа­зақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, халықаралық Жоғары мектеп ака­демиясының академигі атанды. Сонымен бірге бірнеше қазақстандық, ресейлік университеттердің профессоры. Рахаң топырақтану және агрохимия майталмандары Докучаев және Синягин атындағы төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының алтын медальдарымен марапатталды. Ағамыз қазіргі таңда халықаралық «Агроэколог» ғылыми қауымдастығының вице-президенті және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының төралқа мүшесі. Бұл да зор абырой.
Рахымжан Елешев қажырлы ең­бектері және қоғамдық қызметі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен мара­патталды. Батыс Қазақстан облысы­ның құрметті азаматы атанды. Аса көрнекті ғылым өкілі, қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Рахаңның жастарға берер тәлім-тәрбиесі орасан. Алпыс жыл бойғы үздіксіз бір жерде жұмыс істеп, асқаралы белес­терден асып, ғылым олимпіне шыққан ардақты ағамыз қазірде өз бабында, ғылы­ми және педагогикалық қызметін сол өзінің агро университетінде жал­ғастырып келеді.
Ғалым-ұстаздың адамгершілік, азамат­тық істері бір төбе. Ол достық, жол­дас­тыққа адал, өйткені ақылман аға­ларынан тәлім алды, тәрбие көрді. Көркем адам – мінезі мен тәрбиесі ұштасқан жан. Оның Жамбыл Ошақбайұлындай ардақты азамат, ғалым мен достығы бір хикаятқа толарлық. Екеуі бастапқы да осы институтта бірге істеген екен. Содан жұп жазбай аңызға тұрарлық қатар дос болған. Ал ақындар Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырзалиев, өнер майталманы Ескендір Хасанғалиевпен тонның ішкі бауындай болып кеткен сыйластығы мен сырластығы және бір төбе. Рахаң әдебиетті бір адамдай сүйсініп оқиды, әсіресе Қадыр Мырзалиевтің өлеңдерін жатқа соғады, өзі де ақын жанды, өлең жазады. Сайып қыран ғалымның отбасы да үлгілі. Жан жары Тұрғанай тәтеміз де профессор, ұлы Мұрат та халықаралық ақпараттандыру акаде­миясының академигі, профессор болды. Сөйтіп, докторлар жанұясы болған еді. Рахымжан аға мен Тұрғанай тәтенің айдында жүзген қос аққудай қалықтап жүргеніне былайғы жұрт, шәкірт студенттері қызығада тамсана қарайтын, үлгі алатын. Әттең, Тұрекеңде, ініміз Мұрат та бақилық болды. Бірақ Рахаң тағдырдың қаталдығына мойынсұнбады, кілт сынбады, қайта дүрсілкініп, туыс-достары, педагогикалық ұжымы арасында өзін бекем ұстап келеді.
Рахымжан аға,
Ақын-жан аға, абзалым,
Сайыпқырандай самғап
ұшқан сардарым.
Қаншама істерді еңсердің мына өмірде,
Нұрыңнан сенің жарқырап
кетті жан-жағың.

Күлкің ғой ғажап,
сән берген сенің күлкің ғой,
Күлкіңмен бірге жалғасып
жатар күн-түн той.
Арғымақтарға ілесіп жүрдің қалыспай,
Әрдайым сені сүйетін туған ұлтың ғой.

Ғылымда ардакүрең атанған
Рахаңдар,
(Осы бір сөзде қазақы шындық,
мақам бар).
Білім мен ілім шыңына шыққан ағама
Таңырқап және тамсана
қарар жарандар…

Бақытжан Тобаяқов,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.