Рухани байлық көзі

Ел егемендігін алған күннен бастап ұлттық идеологияның жетекшісіне айналған, өткен мен бүгіннің, тарих пен келешектің арасын байланыстырып тұрған қасиетті орын – музей. Музей ісі қазір әлемдік деңгейде қарқынды дамып, ғылым, білім, мәдениетке сүбелі үлес қосып жүрген салалардың бірі.

Музейдің басты міндеттерінің бірі – Қазақстанның рухани және мәдени мұрасын насихаттау, елордамыз Астананы мәдени және халықаралық деңгейдегі гуманитарлық орталық ретінде және Қазақстанды тұтастай көне тарихы мен бай мәдениеті бар қарқынды дамып келе жатқан заманауи мемлекет ретінде таныту. Жаһандану жағдайында өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы, тарихи мұраны сақтау, патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу ісіндегі мәдени-білім беру және ғылыми-ағарту орталықтары ретіндегі музейлердің рөлі ерекше.
Бүгінде музейлер мен галереялар тек қана мәдени құндылықтарды сақтап қана қоймай және оларды ­насихаттайды, мәдени-ағартушылық, тәрбиелік қызметті жүзеге асырады.
Қазіргі кезде елімізде музей – ғылымның, білімінің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми-танымдық бағытта қызмет атқаратын өз алдына дербес мекеме.
Музей заттық және рухани құнды­лық­тарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ол ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етеді. Қазақ халқының болмыс-бітімін, асыл мұраларын, ұмыт болған тарихын қазіргі ұрпақтың жадында жаңғыртатын, санасына сіңіретін, сонымен қатар ел тарихын барша әлемге паш ететін, шет елден келген қонақтарды өзінің әсемдігі мен жүйелілігі арқылы таңғалдыратын механизмнің бірі – музей.
Қазіргі кезеңде музейлер алдында болашақ үшін мәдени мұраны сақтау және тарихи мәнді құндылықтарды көрсету, насихаттау мәселелері тұр. Мәдени құнды көне заттарды дәріптеу, жалпыадамзаттық мәнін ашу арқылы музейге келушілердің адамгершілік, рухани өсуіне әсер ету, ағарту мақсаттарын әрбір музей өз саласына сай музейлік орта жағдайында іске асыруда. Мысалы, Қазақстан музейлері көптеген мерекелерге, мерейтойларға орай ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тақырыптық көрмелер, семинар, дөңгелек үстелдер мен экскурсиялар ұйымдастырады. Олар Тәуелсіздік күні, Отан қорғаушы күні, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рә­міздері күні, Білім күні, Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні, Тұңғыш Президент күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Халықаралық музей күні және т.б. Ұйымдастырылған шаралар барысында музейде көрсетілген мәліметтер мен заттар – тарих куәсі, оқу-тәрбие орталығы екендігін дәлелдейді. Қазіргі заманғы кез келген түрдегі және бағыттағы музейлердің басым аудиториясы болып, ЖОО, колледж студенттері, оқушылар, мектеп жасына дейінгілерді қосқандағы барлық жастағы балалар болып табылады. Мұражай қорында жинақталған мұралармен танысу, тәрбие, білім беру үрдісінде оқушыларға нағыз ұлттық білім негіздерін беруге мүмкіндік ­тудырады деп санаймыз. Ол мүмкіндікті, біз, мектеп, колледж, ЖОО мен мұражайлар арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижесінде ­пайдалана аламыз.
Мәселен, ұйымдастырылған жылжымалы көрмелер, музей қорындағы суреттер, фотоальбомдар, буклеттер, бейнефильмдер, слайдтар, белгілі бір тақырыпқа қатысты бар жәдігерлер жұртшылықты мұражай мұралары арқылы ізденушілікке, зерттеушілікке баулиды. Нәтижесінде тарихи мұ­ралар арқылы адамдардың музейге деген көзқарастары өзгеріп, қызы­­ғушылықтары артып, тарихи орын­дарға саяхат жасап, музей экспозицияларын өз көзімен көруге ынталары арта түседі деп сеніммен айта аламыз.
Музей ісінің жан-жақты дамуы үшін бір ғана музей қызметкерлері ғана емес, баршамыз музейдің қажеттілігін сезініп рухани байлық көзі ретінде мақтанышпен дәріптеп жүрсек нұр үстіне нұр болары анық. Бүгінгі таңда музей ісінің ғылыми бағытта дамуы, оған тарихи маңызы бар жәдігерлерді көру үшін ғана емес, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ел-жер, өлке тарихының көне көздері арқылы сараптама жасай аламын деп келетін ұстаздар, студенттер, оқушылар, зерттеушілер мен ғалымдар көптеп саналады. Өткеніңді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес. Олай болса, музей ісінің жан-жақты дамуы мен өз өлкеміздегі тарихи және мә­дени құндылықтарымызды ­кө­з­дің қарашығындай сақтап, ­ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізу музей қыз­меткерлерінің басты мақсаты.

Алмагүл ҚАЖЫМҰРАТ,
«Бейбітшілік және келісім музейінің» қызметкері

Астана

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.