Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор: Тарихпен тіл қатысу – тарихшыларға сын

Тарихпен қауышу – өткенімізбен қауышу, келешегімізге деген бағдарымызды айқындау. Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық кодымызды, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға мол серпін берді. Отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін тілге тиек ету мақсатымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек ҚАБЫЛДИНОВПЕН институт басшылығына келгеніне бір жыл толуы қарсаңында әңгімелесуді жөн көрдік. 

– Зиябек Ермұханұлы, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын сапалы жүзеге асыруда отандық тарихшылар мен этнологтардың рөлі аз емес екені белгілі. Өйткені «Туған жер», «Сакральды география» бағыттары бойынша ұлттық кодты, салт-дәстүрді жаңғырту біздің өткенімізді жан-жақты зерттеуді қажет ететіні мәлім. Өзіңіз жақсы білесіз, КСРО кезінде «Қазақ КСР тарихы» деп аталатын бес томдық жинақ болды ғой. Осы еңбекте біздің тарихымыз дұрыс көрсетілмеді. Cіздің ойыңызша, Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қазақ тарихы қалай түгенделе бастады?
– Кешегі Кеңес уақытында, жасыратыны жоқ, Қазақстанның жоғары оқу орындарында, мектептерінде Кеңес Одағының ғана тарихы басымдау оқытылғаны рас. Оқулықтарда Қазақстанның өз тарихына қатысты мәлімет аз берілді, көп болса бір бет немесе бір абзац қана ақпарат көлемінде материал болатын. Пәннің аты «История ССР» деп аталатын.
Омбы мемлекеттік университе­тінің тарих факультетінде білім алып жүргенде таңғалатынмын, Қазақстан деген республика бар, бірақ тарихы онша көп айтылмайды. Шынтуайтына келгенде, Кеңес Одағының тарихы деп оқытылған тарих негізінен Ресей елінің тарихы болды ғой. Оқу­лықтардың мазмұны да осы бағытта құрылды.
1970-жылдары «История Казахской ССР с древнейших времен до современности» деп аталатын бес томдықтың екінші басылымы шықты. Бұл жинақта қазақ тарихы аздап жазылғанымен «мына мәселені айтуға болады, мына мәселені айтуға болмайды» деген белгілі бір шегі болды. Сол себепті еліміздегі тарихи оқиғалар шынайы талданған жоқ. Шындық пен ақиқаттан алыс жатты. Мысалы, Кенесары хан халыққа зұлымдық жасаған адам болып көрсетілуі керек немесе Абылай ханның билік жүргізген жерлері болған жоқ, Әбілқайыр хан Ресей империясының құрамында болуды қалап, Патшаның қол астына өз еркімен кіріп, қазақ мемлекеттіктен бас тартты дегендей жазылып жатты.
Өкінішке қарай, сол кезеңдерде қазақ тарихы толыққанды әрі шынайы түрде оқытылмады. Өткен ғасырларда қазақ тарихының зерттелуі де кең өріс ала алмады.

Кешегі XVIII-XX ғасыр аралығына зер салсақ, біздің тарихымызды көбінесе орыстың ғалымдары, әскери губернаторлар, уезд басшылары, белгілі бір тапсырмамен келген ғалымдар тобы зерттеді. Олардың көздегені – қазақ жерін өзімізге қалай бағындырамыз, бұл аймақта қалай­ша билік жүргіземіз деген мақсат болды.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Әлихан Бөкейхановтар жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс пайда болды. Осы күрестің басы-қасында жүрген ұлт зиялылары: «Неге біз өзге елдің құрамында қалып қойдық, біздің өз тарихымыз, өз жолымыз бар еді ғой, соның бәрінен неге айырылып қалдық?» деп ойлана бастады. Бірақ Патша Өкіметінің кезеңінде қазақтан шыққан кәсіби тарихшылар болған жоқ. Қазақ тарихын зерттеу, тарихты жазу міндетін Алаш қайраткерлері атқарды. Әлихан Бөкейханов мамандығы инженер болса да, тарихи тақырыптарға қалам тартты. Қошке Кемеңгерұлы да сөйтті. Ол кісінің, тіпті жоғары білімі де жоқ еді. Медицина маманы Санжар ­Асфендияров, жол инженері Мұхамеджан Тынышпаев, мемлекет қайраткері, көрнекті ақын Сәкен Сейфуллин тарихтан алыс кете алмады. Осы бағытта біраз еңбектер жазылды.
Бір сөзбен айтқанда, қазақ зиялылары тарихты қолдарынан келгенше жазды, бірақ кәсіби тарихшы болмағандықтан олардың бір жағынан ұтып, екінші жағынан жеңіліп тұрған жері де сол болды. КСРО кезінде тарихтан тұңғыш ғылым докторымыз Ермахан Бекмахановты алатын болсақ, ол «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деп аталатын іргелі еңбегінде Кенесары ханды халықтың көзқарасымен жазамын деп 25 жылға сотталды. Анна Панкратова бастаған бір топ мәскеулік тарихшылардың араласуымен абақтыдан босап шықты. Бек Сүлейменов және тағы да басқа тарихшы азаматтар да қуғындалды. Көрдіңіз бе, қазақ тарихшыларына саяси-идеологиялық тұрғыдан осындай қысымдар жасалды. Өйткені тарихи ақиқат айтылмау керек болды. Дегенмен, 1960-70 жылдары біздің тарих ғылымымызда серпіліс пайда болды. Қазақ тарихына, этнографиясына, мәдениетіне қатысты көптеген дүниелерге мән беріле бастады. Бұл мәселелерді академик Әлкей Марғұлан, Халел Арғынбаевтар жақсы зерттеді. Бірақ олар да қазақтың мемлекеттілігіне, оның тарихи мәселелеріне байланысты өз ойларын ашық айта алмады.
Осындай көптеген себептердің салдарынан еліміздің тарихы жан-жақты әрі толыққанды зерттелмеді. Ал бұрынғы берілген ғылыми бағалар мен материалдар ішінде еуроцентристік көзқарас басым болды. Кеңес Одағы тұсында партия мен комсомол, коммунизм жолы арқылы индустрияландыру, колхоз-совхоздарды құру және тағы осы бағыттағы басқа тақырыптарға ден қойылды. Аға буын тарихшы-ғалымдар ғылыми ізденістері ретінде осы бағыттарды таңдауға мәжбүр болды. Оларды бұл үшін кінәлаудың қажеті жоқ, өйткені елдегі жүйе мен тәртіп сондай еді. Бүгіндегі белгілі тарихшыларымыз қазіргі зерттеп жүрген тақырыптарын ол кезде тереңдеп зерттей алмады.
Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ұлттық тарихымызды жаңаша зерттеп-зерделеуге бетбұрыстар жасалғаны­мен мұнда да біраз қиыншылықтар туындады. Егемендігіміздің бастапқы жылдарында біз өз тарихымызға жете көңіл бөлуіміз керек еді, бірақ сонша­лықты жоғары дәрежеде көңіл бөле алмадық. Оның әртүрлі себептері болды. Бұған бір себеп болған, мемлекеттің экономи­калық қиыншылықтарды бастан кешуі, жұмыссыздық, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы, жалақылар­дың уақтылы төленбеуі, тағы да басқа объективті-субъективті себептер тарих ғылымының жаңаша қалыптасуына теріс әсерін тигізді. Жас тарихшылардың бұл салаға келуі сиреді. Көбі бизнесті, табысы мол жерлерді жағалады.
Десек те, кейінгі жылдары тарихқа байланысты бірқатар іс-шаралар жасалды. 1995 жылы елімізде «Тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы» қабылданды. 1998 жыл тарих жылы деп жарияланды. 2004 жылдан бастап бірегей «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. 2011 жылы Елбасының бастамасымен тарих ғылымы мен білімін дамытуға мол үлес қосатын Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі құрылды. Сонымен қатар «Халық тарих толқынында» салалық бағдарламасы жүзе асты. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген мәселелерге мән берілуде.
Негізгі мәселе – отандық тарихымызды бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан әрі жаңа форматта жазу тарих мәселелерін­дегі ғасырлар бойы жасалып келген әді­лет­сіздіктен арылу, қоғамдық және тарихи сананы қалпына келтіру.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханов­тың: «Тарихынан айырылған ел, тарихын жоғалтқан халыққа жойылып кетуі қаупі төнеді» деуі тегін емес. ­Мысалы, ХХ ға­сырда ағылшын жазушысы Джордж Оруэлл: «Кім өткенін басқарса, сол бо­лашақты да басқарады» деп жазды. Сондықтан да Елбасы ұлтымызды рухани жаңғырту бағдарламасын ұсына отырып, барлығымызды тілімізді, дінімізді, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді танып-білуге шақырып отыр. Сөзсіз, біздің заманауи рухани жаңғыруымыздың негізінде ұлттық тарих жатыр.
– Нарықтық қатынастардың келуі, күрделі реформалық кезеңдерде тарих, әдебиет, мәдениет сияқты рухани салалар, олардың өзекті мәселелерін қарастыру кейінге шегерілгендей күй кешті. Ол кезең «Балапан басына, тұрымтай тұсына» деген заман еді ғой. Сондай кездің бүгінге дейінгі жеткен салдарын тарих ғылымы да басынан кешкені белгілі. Менің байқауымша, бұл қазіргі таңдағы тарих ғылымының кадрларын даярлауда да өз әсерін тигізіп отырған сияқты. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда тарих ғылымындағы негізігі мәселенің бірі ол – кадр тапшылығы екенін айтуымыз керек. Мысалы, менімен қатар, елудің аржақ-бер жағындағы тарихшылар жоқтың қасы. Үлкен буын тарихшылар аздап зерттеп жүргенімен, олардың жас-шамаларына байланысты бұрынғыдай мүмкіндіктері жоқ екені рас. Оны мойындауымыз керек. Ғылымның қазіргі жүйесіне сәйкес «PhD» ғылыми дәрежесін қорғап келіп жатқан тарихшылар бар, бірақ олардың саны аз, сапасы да соншалықты жоғары емес.
Бұл орайда ежелгі тарихтан бүгінге дейінгі кезеңдерді зерттейтін мамандар тапшылығы сезіледі. Мысалы, ежелгі тарихтан, ортағасырлық тарихтан жас буын жоқ деп айтуға болады. Ол аздай Патша Үкіметінің кезеңін зерттеп жүрген мамандар да аз. Осыдан біраз уақыт бұрын «Хабар» телеарнасы «Сана» деген бағдарламаның кезекті бір санын Абылай ханға арнады. Бағдарламаны түсірушілер Абылай хан туралы айтып беретін ­маман бар ма деп хабарласты. Сонда «Мен ­Абылай ханның ғұмыр-тарихын білемін, XVIII ғасырды жақсы білемін» деген маман табылмағандықтан өзімнің баруыма тура келді. Міне, осындай мәселелер бар…
Бір қуантарлығы, қазіргі таңда кеңестік-партиялық көзқарастардан ада жас тарихшылар легі пайда болды. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жүргендер бар. Жалпы бізге, ең алдымен, әртүрлі ғылыми мектептердің әдіснамасы мен тәжірибесін қолдану қажет, шетелдік архивтерден балама дереккөздермен жұмыс істеп, әлемнің әртүрлі тілдеріндегі ғылыми әдебиеттерді, пәнаралық байланыстарды кеңінен қолдануымыз керек.
– Сіз шын мәнінде өте өзекті мәсе­лені қозғап отырсыз. Бұл біздің тарих ғы­лымының ғасырлар тұрғысынан зерттелудегі кемшін тұстарды айқындап беріп отырғандай әсер қалдырады. Бәлкім, бұдан былай тарихшы мамандарды белгілі бір ғасырларға бейімдеп даярлау керек шығар. Өйткені шын мәнінде көпшілігі ХХ ғасырдың ғана айналасын қарастырумен шектеліп жүргендей. Ал тарих мұндай олқылықты кешірмейді ғой. Барлығы кезең-кезеңімен әрі жүйелі зерттелмейтін болса, ұлтымыздың тарихтағы өз үлесі де толыққанды болмай қала ма деген қауіп те жоқ емес қой.
– Сосын жағдайдың бұлайша қа­лыптасуына әсер еткен мынадай да мәселе бар. 1990-2000 жылдарда диссер­тация қорғайтын азаматтардың көбі Қазақстанға қатысты тақырыпты алды. ХХ ғасырға қатысты дүниелерді зерттеді. Өйткені бұл кезеңге байланысты деректер қазақстандық мұрағаттарда бар. Олардың ішінде біршама зерттелгендері де бар. Ал басқа тақырып алу үшін, оны шетелдік мұрағаттарға барып зерттеу үшін қомақты қаражаттың керек екені белгілі. Бұл – бір. Екіншіден, қазір Алаш тақырыбын зерттеу сәнге айналып кетті. Көп болмасын демеймін, бірақ Алаш тақырыбына, ашаршылық, репрессия жылдарына көңіл бөлген тарихшылардың 60-70 пайызы осы бағыттарға кетіп қалды. Ал сонда бұрынғы тарихты не істейміз? Ортағасырлық кезең­нің мамандары қайда? Патша Үкіметі кезеңінің мамандарын неге даярламаймыз деген мәселе туындайды.
2010 жылы ғылым кадрларын дайын­дау­дың дәстүрлі жүйесі, яғни кандидаттық, докторлық диссертацияларды қорғату кеңестері тоқтатылды. Еліміз білім беру жүйесі Болон жүйесіне көшіп, магистрларды, PhD докторларды даярлауға ден қойылды. Өкінішке қарай, Еуропалық білім жүйесіне еліктейміз деп кадр даярлау мәселелерін кәдімгідей әлсіретіп алдық. Шындығын айтқанда, қазіргі PhD докторлар баяғы кандидаттардың дәреже­сіне маңайлай алмайды. Осылардың ішінде қай бағыт дұрыс, қайсысы бұрыс екенін салыстыру үшін бұрынғы жүйені сақтап қалуымыз керек еді. Мысалы, Ресей, Ук­раи­на, Өзбекстан, Қырғызстан елдері сөйт­ті, дәстүрлі жолынан айырылған жоқ. Одан ғылымдары көркеймесе, төмендеген емес.
Жарайды, PhD жүйесіне көштік делік, бірақ соның өзінде бұған бөлініп жатқан орындар мардымсыз. Тарих бойынша 2005 жылы PhD докторларын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да және Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде ғана даярланды. Бүгінгі күнде де беріліп жатқан орындар шамалы-ақ. 2017 жылы Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторантура бөліміне 3 орын, магистратураға 12 орын берілді. Бірақ қажетті мамандарды даярлауға мұның өзі аздық етеді. Кем дегенде 20-30 орын берілу керек деп ойлаймын. Сонда Қазақстанның түкпір-түкпірінен талантты жастарды тауып, ғылыммен түбегейлі шұғылданатын мамандарды және институтқа болашақ кадр­лар резервін дайындауға болар еді.
– Қазір елімізде ұрпақтар алмасуы, кадрлық жаңару үдерістері жүріп жатқаны белгілі. Бұл орайда тарих ғылымының толғаулы мәселелеріне әлі де көп мән беру керек сияқты сезіледі. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында тарих мәселелері жақсы айтылды ғой. Енді, бәлкім, бұл салаларда серпіліс пайда болар. Осы ретте ғылыми институттардың рөлі туралы айтып берсеңіз. Ғылыми институттар бізде көп емес қой. Олардың жұмысын қалай ұйымдастырған дұрыс деп санайсыз?
– Жалпы елімізде тарих бағытындағы ғылыми-зерттеу институттарды көбейту керек. Қазіргі таңда, өзіңіз білесіз, біздің институттан бөлек Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Мемлекет тарихы институты ғана бар. Осы ретте мына бір мәселеге тоқтала кетуді жөн көріп отырмын.
Республикада тарихи тұрғыдан да, археологиялық тұрғыдан біршама жақсы зерттелген өңір ол Оңтүстік Қазақстан облысы екен. Ал Орталық Қазақстан, Солтүстік, Шығыс, Батыс аймақтары аса көп зерттелмеген. Сондықтан осы аталған институттардың бөлімшелерін әр облыс­тан ашуымыз керек.
Мұндай бөлімшелер не үшін қажет? Кешегі ашаршылық, саяси қуғын-сүргін уақыттарда, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан қазақтардың саны күрт төмендеп, демографиялық ахуал нашарлап кеткені белгілі. Сол себепті бұл өңірлер дұрыс зерттелмей қалды. Шынын айтқанда, қазақтың тарихы басқа емес алдымен қазақтың өзіне керек. Тіпті әр өңірден кем дегенде он шақты ғылыми-зерттеу институтын ашсақ ұтылмаймыз. Мысалы, Қарағанды облысынан Әлихан Бөкейхан атындағы, Павлодардан Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы атындағы ғылыми-зерттеу институттары қажет.
Идеологиялық жұмысты жүргізетін мамандар бұл ең бірінші тарихшылар ғой. Солтүстік аймақтарда сондай идео­логиялық жұмыстарды қолға ал­ғанымыз дұрыс. Бізде, өкінішке қарай, осы мәселе қалыс қалып келеді. Сондықтан да көрші елдерден жасалатын ақпараттық шабуылдарға да уақытылы тойтарыс берілмей қалып жатады. Осының бәріне өңірлердегі ғылыми-институттардың жоқ­тығы себеп болып отыр. Институттар тек орталықтарда ғана шоғырланған.
2011 жылдан бастап гуманитарлық бағыттағы институттар нарықпен бетпе-бет қалды. Өйткені олардың мәртебесі мемлекеттік қазыналық кәсіпорынға теңестірілді. Бұл дегеніміз институтты басқарып отырған аппарат қызметкерлері ғана жыл бойы қаржыландырады да, ал ғылыми қызметкерлер ғылыми жобалар байқауына қатысып, одан жеңіп алса ғана қаражат таба алады. Ғылыми жоба ұта алмаса, қаражаттан қағылады. Қазыналық кәсіпорын деген жақсы шығар, бірақ біз нарықта жұмыс жасауға дайын емеспіз. Идеологиялық бағыттардағы жұмыстарды атқаратын институттарға міндетті түрде мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық керек.
Мен былтыр осы институттың бас­шы­лығына келгенімде осындай жағдайға тап болдым. 59 ғылыми қызметкерге жыл бойына созылатын 1 ғылыми жоба ғана болды. 7 бөлімнің 6-ның қызметкерлері айлық-жалақысыз қалған. Содан ғылыми жобалар байқауына қатысып, Ғылым комитетінен 6 жоба және 3 мақсатты бағдарлама ұтып алдық. Соның арқасында қаржыландыру 19 еседей өсті.
Жалпы айтайын дегенім, мемлекеттің идеологиясын жасайтын, сананы қалып­тастыратын институттар жұмысына бұлайша бейжай қарауға болмайды. Оларды «өз күніңді өзің көр» деп нарыққа жібере салу дұрыс емес деп ойлаймын. Мысалы, ғалымдар жазған кітаптарын да өткізе алмайды. Өйткені архивтердің жазба деректерінің негізінде дайындалған ғылыми еңбектерді жалпы халық алмайды.
Біз, тарихшылар, ежелгі кезеңнің мамандары, ортағасырдың мамандары, жаңа дәуір, Кеңес дәуірінің мамандары болып бөлінеміз ғой. Осы тұрғыдан келгенде біз қаржыландыру мәселесін шешкен сияқтымыз, бірақ ежелгі және орта ғасырды зерттейтін мамандар жұмыссыз қалатын болды. Себебі оларға арналған жоба ұтып алмадық. Екі-үш бөлім тағы жұмыссыз қалатын болған соң, ондағы ғылыми қызметкерлерді басқа тақырыптардағы жобаларға тарттық. Ал негізі бұл дұрыс емес. Өйткені адамның өзінің зерттеп жүрген тақырыбы бойынша біліктілігі азаяды. Бірақ мамандарды өз орындарында сақтап қалу үшін, жалақысыз қалдырмау үшін сондай қадамға баруға мәжбүр болдық.
Жалпы, айтайын дегенім, біз сияқты институттарды ғылыми жобаларға тәуелді етіп қоюға болмайды. Мен бұл туралы Білім және ғылым министрлігіне, Ғылым комитетіне хат та жаздым. Институт қызметкерлері тұрақты түрде 100 пайыз жалақы алып тұруы керек. Сонда ғана жағдай дұрысталады. Өйткені біз нарыққа бейімделмеген идеологиялық бағыттағы ғылыми мекемеміз. Жобаларға қосымша қатысуға болады.
Қызметкерлерге жоғары жалақы белгілеп, сондай-ақ гуманитарлық бағыт­тағы академиялық институттарды қолдай отырып, біз шет тілдерін меңгерген кәсіби тарихшылар, этнологтардың жаңа буынын қалыптастыруымыз керек.
Тарихи институттарға докторларды даярлау және қорғату құқықтарын беруіміз керек. Бакалаврларды, магистранттар мен докторанттарды кітаптармен қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеп, тарихи институттардың бюджетіне шетелдік іс-сапарларға, архивтер мен кітапханаларға баруға бөлінетін қаражат бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті Астанадағы мәжіліс-кеңестерге баруға қаражат табу қиындық тудырады.
– Иә, шын мәнінде, тарих институты стратегиялық институттың бірі ғой. Өйткені институт ғалымдары жазған еңбектер арқылы бүгінгі буын, келешек жастар өздерінің тарихын жан-жақты танып біледі. Соңғы жылдары тарихты оқытуда біршама өзгерістердің жасалып жатқаны белгілі. Тарих оқулықтарына қатысты да толғандыратын мәселелер аз емес…
– Мен 13 жылдай Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде жұмыс жасадым. Оның алдында С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университетінде де қызмет атқардым. Сонда байқағаным, Еуропамен және әлемнің озық жоғары оқу орындарымен салыстырғанда біздің тарих пәнінен сабақ беретін оқытушылар­дың оқу жүктемелері көп, 600-700 са­ғатқа дейін барады. Ал сол Еуропаның өзінде оқытушылардың жүктемелері 100-сағаттың маңайында ғана. Салыс­тырып көріңіз, біздің оқытушылар­дың ғылыми-шығармашылық жұмыспен айналысуға уақыты қалмайды. Таңер­теңнен кешке дейін сабақта жүреді. Белгілі бір тақырып бойынша зерттеу жүргізе алмайды, архивтерге бара алмайды. Мұны мен осы салада жұмыс істеп көрген маман ретінде, көзім жеткен соң айтып отырмын. Әріптестерім ренжи қоймас деп ойлаймын, мұндай жағдайда сапа туралы сөз қозғаудың өзі артық. Мысалы, он шақты пәнді бір жылда оқытасыз делік. 600 сағаттық көлемде сабақ өткізеді. Бүкіл уақытыңыз сол пәнге дайындалумен өтеді. Шынайы ғылыммен айналысуға уақыттары қала бермейді. Сондықтан тарих ғылымын жоғары оқу орындарында дамыту қиын. Әрине, мықты мамандар бар, бірақ жалақы аз болғандықтан олар да сағат санын көбейтіп жұмыс жасағанды құп көреді. Жаз айларының 50-60 күнінде олар отбасымен демалысқа шыға ма, әлде мұрағаттарда жүре ме. Оқытушыларға жүктемені азайтпаса ғылыммен айналысу мүмкін емес.
Жоғары оқу орындарында тарихшы емес мамандықтарға «Современная история Казахстана» деген пән енгізілді. Ол оқулықта тарих ХХ ғасырдың басынан бүгінге дейін оқытылады. Бұл, шынын айтуымыз керек, толық тарих емес. Әртүрлі мысалдар келтіреді. Жапонияда осылай, Америкада былай дегендей. Бізге мұндай оқыту мазмұны келіңкіремейді. Ол үшін біз ғасырлар бойы әлемнің дамыған елдерінің жолынан өтуіміз керек. Ал біз сияқты тәуелсіздігін алғанына 27 жылдан енді ғана асқан елге ежелгі тарихтан басталған тарих пәні керек. Мектептерде «Қазақстан тарихы» 6,7,8 сыныптарда оқытылады. Бір жағынан дұрыс. Бірақ бұл жастағы оқушы үшін мұндай мәліметтер ертерек. Өйткені баланың ақыл-ойы, санасы тарих процестерді түсінетіндей болуы керек. Жоғары оқу орнына түскен кезде ежелгіден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстанның тарихын оқытқанымыз дұрыс. Сонда ғана еліміздің патриоттарын тәрбиелейміз. Әйтпесе, жастардың ойында Қазақстанның тарихы, біздің мемлекеттілігіміз тек ХХ ғасырдан басталады екен ой орнығады.
Біздің кем дегенде үш мың жылдық мемлекеттігіміз бар. Неге біз Еуропадағы, Азиядағы мың жылдық тарихы бар елдерге еліктеуіміз керек? Осы мәселені қалпына келтіріп, тарихымызды тұтас, толыққанды оқытуға ерекше назар ­аударуымыз керек. Қадым замандардан, көне ғасырлардан бастау алатын тарихымызды жүйелі оқытпасақ, жастардың санасында ұлттық-патриоттық сезімді қалыптастыра алмаймаймыз. Елді сүю, Отанды құрметтеу өз тарихыңды білуден басталады. Болашақ журналистерге, химиктер мен биологтарға, инженерлерге және тағы басқа мамандық иелеріне оқытылатын тарихымыз тек ХХ ғасырдан бастап оқытылатыны өкінішті.
Мектептің тарих сабағына қатысты өзекті мәселелер де аз емес. Мысалы, 5-9 сынып аралығында тарихты ежелгіден бүгінге дейін оқытады да, 10-11 сынып аралығында оқып кеткен дүниені тағы да қайталайды. Мұндайда балалардың тарихқа деген қызығушылығы болмайды. Менің ойымша, қайталап оқыта берудің қажеті жоқ. Мысалы, тарихты 5-ші емес, 6 немесе 7 сыныптап бастап оқушы 11 сыныпқа келгенде қазіргі кезеңмен аяқтау керек. Елбасы айтқандай, оқу мазмұнын қиындатпай, жеңілдетудің жолын қарастыру керек.
«Жаңартылған білім беру» деген бар. Ол бойынша, сабақта ешқандай ақпарат берілмей, оқушыларға керек мәліметті интернеттен, кітапханалардан алыңдар деп тапсырма айтылады. Халқымыздың 45 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Кейбір жерлерге интернет бүгінге дейін жеткізілген жоқ. Кейбіреуінде дұрыс кітапхана жоқ. Сонда олар білімді қайдан алады? Типтік оқу бағдарламаларын дайындауда да бірқатар кемшін тұстар бар. Тарихтың кейбір кезеңдері қамтылмай қалып жатады. Сонымен қатар Еуропаның үлгісі бойынша, балама оқулықтар жазылатын болды. Екі автор екі бөлек оқулық жазады. ҰБТ-ға дайындалғанда оқушылар қай оқулықтағыны негізге аларын білмей шатасады. Негізі сапалы жазылған бір ғана оқулық болу керек. Тағы да бір ойланатын мәселе бар. Биылдан бастап Кеңес уақытының кезеңімен Тәуелсіздік жылдарға «Қазақстан тарихы» оқулығын екі жылға созды, яғни сағат екі есе көбейді деген сөз. Ол да шикілеу шешім сияқты. Біз 100 жылды 2 жыл оқытып, ал мемлекеттік дәстүрі бар 2500 жылға созылған кезеңге 3 ақ жыл уақыт береміз…
– Қазақ тарихына қатысты құнды деректер сырт елдердегі архивтерде аз емес екені белгілі. Төл тарихымызды жан-жақты түгендеп жатқан тұста шетелдегі әрбір мұрағаттық деректердің маңызы ерекше екені сөзсіз. Осы жөнінде ойыңыз қандай? Мысалы, еліміздің өзінде қаншама қолжазбалар жинақталмай отыр. Бұл мәселені шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Әлемде өз тарихына қатысты деректерді жинаудың үлгісін армяндар көрсетті. Дүниежүзінде армян тарихына, мәдениетіне байланысты 30 мыңдай құнды құжаттар бар екен. Олардың ішінде мұрағаттық құжаттар, кітаптар, өзге де материалдар. Армяндар Үкіметінің қолдауының арқасында сол құжаттардың 18-20 мыңын жинап алды. Қазір барлығы «Матенадаран» тарихи және қолжазба деректерін сақтау мекемесінде жинақталып тұр. Тарихшылар, әдебиетшілер, тілшілер, мәдениеттанушылар армян тарихын және мәдениетін зерттеу керек болса, сол жерде отырып жұмыс жасайды. «Матенадаран» мұрағаттық, мұражайлық, ғылыми-зерттеу орталығы бірнеше функцияны атқарады. Менің ойымша, бізге де армяндар сияқты Қазақ Матенадаранын ашу керек. Мысалы, еліміздегі ғылыми институттардың қорларында біраз тарихи құжаттар, тарихи материалдар бар. Солардың бәрін бір жерге жинақтап, сақтасақ зерттеушілер де өзіне керек мәліметтерді бір орталықтан табар еді.
Кереметтей етіп ғимарат тұрғызсақ, оның ішінен тарихи кезеңдер бойын­ша бөлімдер ашсақ, ғанибет болар еді. Өзіміздің тарихи құжаттарға, қол­жаз­баларға мән бермей келеміз. Ал олардың ішінде қаншама құнды деректер бар. Ол бүгінгі күн үшін ғана емес, болашақ үшін де қажет дүние. Мысалы, қай институтта қандай тарих құжаттардың немесе қолжазбалардың бар екенін де білмейміз. Арменияға барып келгеннен кейін мен бұл мәселені көтердім. Бірақ, өкінішке қарай, дұрыс нәтиже болмай тұр. Тек Астанада бір кішкене ғана орталық ашылды.
Жуырда Өскемен университетінде болдым. Сол университетте Патша Үкіметінің кезінде шыққан тарихқа байланысты кітаптар бар екен. Мұндай кітаптар Алматы мен Астанада да жоқ. Міне, осындай құнды нәрселердің барлығын бір орталыққа неге жинамасқа? Оған мүм­кін­дік бар ғой. Бізде мұрағаттар мен жоғары оқу орындары арасында байланыс жоқ.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» туралы жақсы айтты. Әркім өзінің туған жерінің тарихын жазу керек деген мәселені қойды. Әрбір адам өзінің туған ауылын жазса, сол арқылы ауданның тарихы жазылады, ауданның тарихы жазылса, облыстың тарихы жазылады. Сонда біз бүкіл елдің тарихын өз ауылымыздың тарихын жазу арқылы жүйелей аламыз. Негізгі идея осындай ғой.
2014 жылы Ерік деген інім екеуміз Омбы жақтағы туған ауылымыз туралы «Байғанин ауылы: кеше және бүгін» деген кітап жаздық. Бір томдық керемет дүние шықты. Елімізде тарихтары жазылмай жатқан мыңдаған ауылдар бар ғой. 100 жыл бұрын Омбы жақта 800 қазақ ауылы болған, қазір 42 ғана қалды. Сондай ауылдардың барлығы түгенделіп жазылса, қомақты тарихқа айналар еді. Менің ойымша, әрбір қазақ азаматы өз ауылының, ол жерде тіпті бір үй қалса да, тарихын кітап етіп жазып шығаруы керек. Оның ішінде қазақтың жалпы тарихын, мәдениетін байытатын мәлі­мет­тер міндетті түрде шығады. Ауылдағы ақсақалдардың, данагөй, шежіреші қарттардың өзі көптеген деректерді айтып бере алады.
Соның бәрі жинақтала келе, қазақтың тарихының 100 томдығы болып шығар еді. Өкінішке қарай, біз өзімізді 5 томмен ғана шектеп отырмыз. Кеңес Одағы кезіндегідей 5 томмен қалып қойдық. Кезінде 20 томдық тарихи еңбек жазыл­мақшы болды, бірақ аяқсыз қалды. Бұл бір ғана себебі.
Тағы бір айтатын мәселе, өзіміздің төл тарихымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударып, дүниежүзіне насихаттау мәселесіне көңіл бөлуіміз қажет. Сонда біздің бабаларымыз қандай тарих жасады, қандай ерлік жасады, мәдениеті қандай болды, әлем елдері осылардың бәрінен хабардар болар еді. Тарихты күрделі тілмен емес, жеңіл тілмен жазуы­мыз керек. Қазіргі таңда біз институтымызда қазақтың қысқаша тарихын жазуды қолға алдық. Соны 6 тілге аударуды мақсат етіп отырмыз. Шоқан Уәлихановтың зерттеу мақалаларын, этнографиялық жазбаларынан құралған бір томдық еңбек дайындадық. Енді соны ағылшын тіліне аударатын боламыз.
Ұлттық мүддеге байланысты жұмыс­тар ешуақытта тоқтамауы керек. Ұлттық мүдде болған жерде ұлттық патриотизм, өзге де құндылықтар болады. Қазақстанның патриотизмін қалыптастыратын – ­тарих пен тарихшылар. «Мәдени мұраны» жалғастыра беру керек еді. Өкінішке қарай, уақытша акция болды да, тоқтап қалды. Мұндай мемлекетік маңызы бар бағдарламалар әрдайым жалғасып отыруы керек. Өйткені тарихымыздың бүгінге дейін 99 пайызы зерттелген жоқ. Оны біз қашан зерттейміз? Оған әлі он ­немесе бес ғасыр керек пе, оны нақты айту қиын. Бәлкім, қазақ тарихын жазуға мың жыл керек шығар. Тарихын толыққанды зерттеу дәрежесіне кейбір халықтар он ғасырлап жетеді. Мектептегі, жоғары оқу орындарындағы оқулықтар дұрысталмаса, ғылыми-зерттеу институттарының материалдық жағдайына көңіл бөлінбесе, жоғары оқу орындарының ғалымдары оқу жүктемесінің көптігінен ғылыммен шұғылдана алмаса, тарихи сананың қалыптасуы да қиынға соғады.
– Соңғы жылдары қазақ тарихына қатысты кинотуындылар көптеп түсіріле бастады. Тарихты кино арқылы насихаттауды көптеген елдер ұтымды пайдаланып отырғаны мәлім. Отандық тарихи кинофильмдерге көңіліңіз тола ма?
– Тарихи кинофильмдерге бір жағынан көңілім толады, екінші жағынан толмайды. Тәуелсіздігіміз болмай тұрғанда, тарихи фильмдеріміз аз болды. Аз болғанның өзінде мықты тұлғаларымыз дұрыс көрсетілмеді. Ал Тәуелсіздік жылдары «Жаужүрек мың бала» секілді мықты т­уындылар түсіріліп жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай фильмдерге кәсіби тарихшыларды кеңесші ретінде шақыра бермейді. Ал фильмдерді көргенде бізге олқылықтары байқалып тұрады. Ал нағыз мамандарды шақырса, керемет дүниелер түсіруге болушы еді.
Шақырмайтын себебі, бюджеттері көп емес. Нағыз кәсіби мамандардың көмегіне жүгінбейді. Ұлттық, тарихи кинотуындыларды түсіргенде мұндай ұстанымдардан мейілінше арылған жөн. Сонда ел, халық, ұлттық мүдде ұтады. Фильмдерді көріп отырып актерлердің сөйлеген сөздері, тарихи даталар кейде сәйкес келмей жататынын байқайсың. Мысалы, «Қазақ хандығын» мықты режиссерлер түсірген, бірақ олар тарихшы емес. Жуырда «Әмірені» түсірді. «Әміре» арқылы қазақтың даласын, географиясын, қазақтың мәдениетін, мемлекеттілігін көрсетуге болушы еді.
– Тарихшы Лев Гумилевтің пассионар­лық теориясы тұрғысынан алатын болсақ, біздің ұлтымыз қазір қай деңгейде деп ойлайсыз?
– Біз қазір пассионарлықтың ең жоғарғы сатысына жақындап келе жатырмыз деп айтуымызға болады. Мұндай кезде тарихқа қызығушылық күшейеді. Екіншіден, құрылтай, дөңгелек үстел, конференциялар көбейеді. Үшіншіден, халықты соңына ертетін тұлғалар көбейеді. Гумилев теориясы бойынша, ұлт 1200 жылдай өмір сүрсе, біз 500-600 жылға жақындап келе жатырмыз. Қазақтың ішкі әлеуеті жоғары. Өте дарынды, намысқой халық. Ең бірінші қазақтың экономикасын жөндеу керек. Қазақ тиын-тебен табамын деп шапқыламауы керек. Орта тап пайда болса, қазақтан мықты халық болмайды. Шетте жүрген ағайындарды ас­симиляцияға ұшыратпай, атамекенге жинап, барлық мәселелер шешілсе, тарихи сананы дұрыс қалыптастырсақ, әлемдегі ең мықты халық – қазақ болады. Мен оған кәміл сенемін. Пассионарлық қуат бізде бар. Сол ашылмай тұр. Алдағы 100 жыл бола ма, 150 жыл бола ма, ол қазақтың ғасыры болады. Бірақ оған дейін біз ұлттық ерекшеліктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Ұлтсыз­данып кетпеуіміз керек. Өзіміздің жолымызбен жүруіміз керек.
– Әлемде жаһандану үдерісі жүріп жатқаны белгілі. Жаһандану кезінде жекелеген ұлттарға өз тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау оңайға түспейтіні анық. Тарихшы ретінде айтыңызшы, ұлттық ерекшелігімізді сақтау үшін қандай амалдарды қолданған дұрыс деп есептейсіз?
– Біз жаһандану үдерісінен құтыла алмаймыз. Бірақ одан қорғанудың көптеген жолдары бар. Ұлттық құнды­лық­тарымызды насихаттасақ, тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтасақ, жапондар сияқты өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді құрметтей білсек, ұлттық болмысымызды жоғалтпасақ, көп жетістіктерге жетеріміз анық. Біздің ұлт ретінде өз ерекшелігіміз бар. Егер содан айырылсақ, Еуропа халықтарынан қандай айырмашылығымыз болады? Джавахарал Неру: «Егер де әр халық өзінің ерекшелігін әлемге таныта алмаса, ол бекер өмір сүрген екен» дейді. Ұлттық ерекшелігіміз болмаса, біз әлемге қызық емеспіз. Батыс елдерінің өмірі заң мен дінге негізделген. Оларда өзіндік ерекшелік жоқ.
Сонымен қатар біз ұлтымыздың құндылықтарын насихаттауда халықпен етене жұмыс істейтін асабалар мен молда, имамдардың қызметін пайдалануымыз керек. Осы екі топ қоғамда үлкен рөл атқарады. Мысалы, имамдар өз уағыздарында тек қана шариғатты айта бермей, ұлттық құндылықтарымызды айтып, салт-дәстүрлерімізді насихаттаса, қандай ғанибет болар еді. Ал асабалар тойларда, мерекелік жиындарда: «Біз қазақ халқы осындай болғанбыз, ата-бабаларымыз осындай болған» деп тарихи дүниелерді, жақсы-жақсы тарихи әңгі­мелерді айта жүрсе, бұл да халыққа ерекше әсер етер еді. Өкінішке орай, біз осы екі топпен жұмыс жасай алмай келеміз.
Тарихи сананы қалыптастыру – оңай шаруа емес. Керемет, бай тарихымыз бар. Соны алдымен өзіміз танып алуымыз керек. Ол үшін, әрине, бұл бағытта кешенді іс-шаралар көптеп атқарылғаны абзал.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Дәуіржан Төлебаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.