Тіл тазалығын сақтайық

Тіл тазалығына мән беру, сөз мәдениетін сақтау, бәрімізге қатысты болса да, телеарна бағдарламаларын жүргізушілер бұл мәселеге екі есе, үш есе жауапкершілікпен қарауы керек деп ойлаймын. Өйткені олар миллиондаған аудиторияның алдында сөйлейді. 

Экран елмен жүздестіретін елші іспетті. Сондықтан ондағы айтылар ой, қозғалар пікірлерді жеткізу барысында кемшіліктер болмауы тиіс. Олай болмаған жағдайда ұрпақ тәрбиесіне де, туған тілімізге де нұқсан келері анық.
Мәселен, кейбір спорт коммента­тор­ларының репортаж барысында: «…Түрік боксшысы өзінің аяғында әдемі жүретіндігін байқатып…», «…Американдық қызыл шлемдегі бокс­шы…», «…Залдағы көрерменнің көп­тігінен алма түсер орын жоқ…» деп сөйлеуі қандай қисынға келеді?
Тағы бір айта кететін жай, сөзден-сөз тудыратын «дық-дік, тық-тік, лық-лік» жұрнақтары төңірегінде. Көптеген қазақ баспасөзі және электронды ақпарат құралдары «америкалық» деген сөзді «американдық» деп жазып келеді. Тегі орыстар «американец» дегенге бола ма? Онда бұл сөздің түбірі «Америка» емес, «Американ», болғаны ма? Егер түбір сөздің соңғы дыбысы дауысты болса, — лық, -лік жұрнақтары (сөзден сөз тудыратын) жалғанбаушы ма еді? Сол сияқты, «Мексикандық», «Палестиндік» деген сөздердің де «Мексикалық», «Палестиналық» болып дұрыс жазылып-айтылғанын қалар едік.
Бірінші сөйлемнің орысшадан аударылған нұсқа екендігі белгілі және өте сәтсіз тәржімаланған. Екінші сөйлем туралы: қай қазақ, қай ата-бабамыз о заманда бұ заман «дулығадағы батыр», болмаса «тымақтағы малшы» дер еді.Үшінші сөйлем де орысша құрылған. Әйтпесе, қазақ атам «ине шаншар жер жоқ», демеуші ме еді!? Жалпы мұндай фразеологизмдерді алмастыру, я аудару еш опа әпермейтіні бесенеден белгілі.
Кемшілік дегеннен шығады. Сингармонизм деген ұғым мүлде сыртта қалуға айналды.Әйтпесе, теле­экран арқылы жаңалық жеткізуші тілшінің «…Ақ үй басшыларымен мәмілеге келіп, бірқатар құжарттарға қол қойылды» немесе «… Алматы қаласындағы кәсіпорындар» деген сөйлемдер мен сөз тіркестерін дұрыс жеткізе алмауын немен түсіндіруге болады? Шындығында, бұл орфоэпиялық заңдылық бойынша айтылуы «…Ағүй башшыларымен мәмлігегеліп бірғатар құжаттарға қолғойылды» немесе «…Алматы ғаласындағы кәсіборындар» болып дұрыс оқылуы тиіс. Осылай болып келе ме? Әрине, жоқ. «Ақ алма» «Көк алма» қалай жазылса, солай оқылып, нәтижесінде сақау ұрпақ қалыптасып үлгерді. Осының салдарынан бір кездері өзді-өз түсінісе беретін түркі тілдестер ішіндегі оғыз, қыпшақ, қарлұқ топтары бір-бірімен аудармашы арқылы тілдесетін болды. Тілдің ассимилияцияға ұшырауы басталды.
Аударма жөнінен әңгіме қозғағаннан кейін мына бір детальдарды ашып айтқым келеді. Кей кезде қыза-қыза сөйлеп кеткен ағайын: «домбырада ойнайды», әйтпесе, «қара пальтодағы жігіт» деген сықылды сөз тіркестерін қолданып қалады. Қазақ ешуақытта «домбырада ойнайды» деген емес. Бұл орысшадан тікелей аударылған сөз тіркестері. «На домбре играет», иәболмаса «Парень в черном пальто» деген сөздердің сөзбе-сөз тәржімелері. Мұндай қасаң аудармалардан әркез аулақ болайық, ағайын.

Берікхан Тайжігіт,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.