«Өз тілін білмеген ел – ел болмайды»

Балаға тәрбие мен білімді ең алдымен өз тілінде беруіміз керек деген мәселе қанша жерден айтылса да, бұған құлақ асып жатқандар шамалы сияқты.
Өйткені соңғы жылдары балаларын орыстілді сыныпқа беретін ата-аналар қатары көбеймесе, азайып отырған жоқ.
Ендеше, мұндай үрдістің орын алуына не себеп? Шынымен де, қазір «орысша және ағылшынша білген бала далада қалмайды» деген қате түсінік пайда болғандай. Сонда, мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін өзіміз қолданбасақ, ол басқаға керек пе? Алаштың ардақты ұлы Халел Досмұхамедов «өз тілін білмеген ел – ел болмайды» деп айтып кетті емес пе?

Рас, ағылшын тілі қажет. Өйткені ол – дүниежүзінің білім-ғылымына, халықаралық ақпарат кеңістігіне жол ашады. Міне, баласының болашағына алаңдаған ата-ананың жеке бас мәселесін ұлттық мүддеден жоғары қойып жүргені де сондықтан шығар, бәлкім.
Ал тарихқа шегінер болсақ, кеңес ­заманында көршілес елдер халқымыздың болмыс-бітімін, әдебиеті мен мәдениетін терең зерттеген болатын. Ондағы мақсат – болашақ отбасының ұйтқысы болып табылатын қыз баланы орыс тілінде тәрбиелеу арқылы қазақ тілін біртіндеп ұмыттыру еді. Міне, сол саясаттың сарқыншағы әлі де сезілетін сияқты. Бұрын қазақ тілінде балабақшалар болмады, сондықтан қазақ тілінің жағдайы мүшкілдеу болды. Бірақ тәуелсіз ел ретінде қалайша ана тілімізден аттап кете аламыз? Мәселе сонда.
Бүгінде орыс сыныбында оқы­ғандар қазақ тілі мен ағыл­шын­ тілін игере алмай жатса, ал қазақ сыныбындағылар үш тілді де еркін меңгеріп жатқаны байқалады. Сондай-ақ елге белгілі азаматтардың көбісі кезінде қазақ тілінде білім алғандар екен. 2016-2017 оқу жылынан бастап бірінші сынып оқушылары үш тілде білім алуға көшті. Информатика, химия, биология, физика пәндері – ағылшынша, қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы – қазақша және орыс тілі мен әдебиеті, дүниежүзі тарихы – орыс тілінде оқытылатын болды. Сөйтіп, орта білім беретін мектептерде ортақ жүйе қалыптасты. Бұл – үш тұғырлы тіл саясатын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары.
Иә, көптілділік ешқашан артық етпейді, бірақ «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Ғайни Ғабдуллина бұл орайда өз пікірін былай деп жеткізді:
– Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-экономикалық қалып­тасуын өзгерте алсақ та, ықылым ­заманнан бері келе жатқан оқушының сабақ жүктемесі өзгертуге келмейді. Қазір оқушылардың сөмкесін көтеріп қараңыз, шамадан тыс ауыр. Осындай салмақ оның миына да түседі. Олай болса, оқулықтардың бұрынғы формасын қалпына келтіру керек. Осы орайда, ағылшын тілін бесінші сыныптан бастап үйреткен дұрыс деп санаймын. Бесінші сыныпқа дейін бала өз айналасын ана тілінде қабылдап үлгереді.
Бақандай жетпіс жыл бойына орыс тілі үстемдік құрды. Одан тез уақытта ажырап кете алмаймыз. Бәріне уақыт сыншы, мұны да түсінген жөн. Қазақ әліпбиі өз тарихында төртінші рет өзгерейін деп тұр. Өзгерістердің бәрі де өмірден туындайды, оған қашан да дайын болу қажет, – дейді ардагер ұстаз.
Өзге елдер тәжірибесін зерттеп көрсек, Испания мен Израиль мемлекеттерінде мектептегі барлық пән 7 сыныпқа дейін тек испан мен еврей тілінде ғана жүреді екен. Содан кейін ағылшын тілінде оқытылады. Осылайша, ондағы мамандар қоршаған ортаны өз тілінде танып білген соң ғана бала өзге тілдерді үйрене алады деген пікірге келген.
Сайып келгенде, баламыз орысша білмей қалады деп алаңдайтын ата-аналардың пікірі қисынға келмейді. Себебі қазір телевизия, ғаламтор кеңістігі орыс тілінде сайрап тұр. Ал біздің міндетіміз – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.