Өлкенің өз шежіресі бар

Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Астана – Еуразия жүрегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада туған өлке тарихын зерттеудегі әдіснамалық ұстанымдар және өлкетанудың даму ерекшеліктері, тарихнама және деректанудағы өзекті бағыттар, ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі өлке тарихын зерттеудегі түрлі аспектілер, Астананың тарихын зерттеудегі заманауи бағыттар және т.б. өзекті мәселелер талқыланып, ой-пікір, ұсыныстар ортаға салынды.

Жиын барысында Алматы қалалық Бос­тандық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Біржанов мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтың қазақ жерін сақтап қалудағы ерен еңбегіне назар аударса, Ыстанбұлдағы Минан Синар атындағы Өнер университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Абдуақап Қара «Түркі дүниесінің ынтымақтастығы мен бейбітшілік дипломатиясының маңызды орталығы» тақырыбына тоқталды. Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкерлері Қ.Алдажұманов пен Қ.Әбдіров, ҚР Президентінің архиві директорының орынбасары Қ.Әлімғазинов, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихи материалдарды зерттеу орталығының директоры М.Әбусейітова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Ж.Таңатарова, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры М.Қойгелдиев, Алматы музейінің қызметкері Г.Билялова және т.б. сөз сөйлеп, баяндама жасады. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында «Туған жер» және тұлғалар келбеті: Хисмет Табылдиевтің «Атырау қаласының тарихы» атты зерттеу еңбегінің таныстырылымы өтті. Тарих ғылымының докторлары Ә.Құдайбергенов, М.Қойгелдиев, Ғ.Халидуллин, Ж.Таңатарова, Олимпиада жүлдегері, жеңіл атлетикадан КСРО чемпионы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Ә.Тұяқов монографиялық зерттеудің керме жібін қиды.
Атырау қаласының революцияға дейінгі және кеңестік кезеңнің 1917-1937 жылдар аралығындағы саяси-әкімшілік, экономикалық-әлеуметтік және мәдени-ағарту салаларындағы кешенді тарихы Ресей, Өзбекстан және Қазақстан мұрағаттары деректері мен мемлекеттік мекемелер және әкімшіліктердің құнды құжаттары негізінде танымдық талдау жасалған еңбек жайында ғалым М.Қойгелдиев: «Арада біраз уақыт өтіп, ғылымда жаңа методологиялық ұстанымдар өріс алғанымен Х.Табылдиев қаламынан туған зерттеу жұмысының фактілік және тұжырымдық тұрғыдан әлі де өзектілігін жоғалта қоймаған тұстары бар екендігін мойындауға тура келеді» десе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымның докторы З.Қабылдинов өлке тарихын зерделеуде ұзақ жылдар бойы жұмыс жасаған, осы жылдың қаңтарында өмірден өткен белгілі ғалым, көрнекті тарихшы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы Қоғамдық-ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Хисмет Бозанұлы Табылдиев еңбегінің ерен екендігі дау туғызбайтын ақиқат екенін атап өтті.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Ж.Таңатарова бүгінгі таңда Атырау қаласының тарихына қатысты жүйелі түрде жан-жақты талданып жазылған мұндай еңбектің жоқтығын тілге тиек етіп, бұл өзінің ғылыми құндылығын жоғалтпайтын зерттеу жұмыс екенін айтты.
Қоғам қайраткері Ә.Тұяқов өз сөзінде Ж.Тәшенов, Р.Қошқарбаев туралы естелік­терімен бөлісті. Х.Табылдиевтің кітабының құнды­лығын айрықша атады. Қазақ үшін еңбек еткен азаматтарды бүгінгі жастар білу қажет­тілігін, мұндай іс-шаралардың ұрпақ үшін жиі ұйымдастырылғаны маңызды екенін жеткізді.
Конференция жұмысының соңында 160-шы дивизияның атына Астана қаласында көше беру, Алматы қаласындағы Тимирязев көшесін Ж.Тәшенов есімімен атау және басқа да мәселелер ортаға салынды.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.