Астана – рух ордасы

Осыдан сегіз жыл бұрын, 2010 жылы 1-2 қыркүйекте елордада Еуропа  Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының (ОБСЕ) саммиті өтті. Қазақстан төрағалық еткен халық­ара­лық ұйымның осы жиынына әлемнің 38 елінен мемлекет бас­шылары, жоғары лауазымды тұл­ғалар қатысты. Екі күн бойы  Тәуел­сіздік сарайында жиынға келген  мәртебелі қонақтармен бірге шетелдік және республикалық БАҚ өкілдері де хабар таратып жатты. Сондай сәттердің бірінде Чехиядан келген  бір журналист қыз­бен тілдесіп қалған едім.  Астананы аралап көру үшін қалаға шыққан беті екен.

Осы ғимараттардың бәрі он екі жыл ішінде салынғаны рас па? – деп сұрады ол.
– Рас. Бұрын мына жер де ештеңе жоқ, қу дала болатын.
Шетелдік қыз автобус әйнегінен айналаға таңырқай қарап отырды.
– Қалай, қала ұнады ма?
– О..о.. он шақты жыл ішінде мынадай қала… Ғажап.! Бәрі жаңа, көшелері қан­дай?!
Көз алдымда осы көрініс қалып қойыпты. Шетелдік қонақтың алдында кәдімгідей мар­қайып қалғаным есімде.

Сол журналист қыз енді келсе, сегіз жыл ішінде Астананың қаншалықты өзгеріп кет­кенін көріп одан сайын таңыр­қар ма еді, кім білсін. Қазақтың бас қаласы жыл өткен са­йын, тіпті ай сайын құлпырып, келбетіне келбет қосып, әлемдік өркениетті қалалар қа­та­рында қанатын кеңге жайып келеді.
Негізі жаңаның аты жаңа ғой. Оның үстіне сәулет өнерінің небір үлгісі, ғимараттардың бір-біріне ұқсамайтын соны дизайны, көгілдір әйнекпен өрілген заманауи биік үйлер, көшелерді бойлап қаздай тізілген жасыл желек ағаштар мен кілемдей көмкерілген гүлзарлар көңіл көкжиегін шайдай ашып, тынысыңды кеңейте түседі. Астаналықтарды ғана емес, сырттан келген қонақтарды да магниттей тартып тұратын сиқыр дүние бұл.
Байтақ далаға қонақтай қалған жауһар қаланың әр көшесі өзінше сыр шертеді. Өзінше иірім, өрнегі бар.
Міне, мынау халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев атындағы көше. Сәні келіскен орталық көшелердің бірі. «Қазақстан теміржолының» бас кеңсесі, «ҚазМедиа» орталығы, Сыртқы істер министрлігі ғимараттары, «Бәйтерек», «Жансая» тұрғын үй кешені сияқты басқа да көз тартарлық ғажап нысандар орналасқан. Осылардың ішінде теміржолдың бас кеңсесі аспанмен тілдесіп, ерекше көз тартады. Оның қалаға сәулет беріп тұрған ажар-көркі бөлекше.
Осыған байланысты бір оқиға еске түседі. Құрылысшылар ғимараттың іргетасын орнықтырып жасау үшін күндіз-түні қарбалас қимылдап, тереңдетіп шұңқыр қазып жатқан. Бір күні сондағы жігіттердің бірі редакцияға телефон шалды. Осылай да, осылай, таңғаларлық сүйек тауып алдық деп. Өзгелермен бірге біз де шапқылап жеттік. Сөйтсек, пәленбай метрлік терең шұңқырдың түбінен зілдің (мамонт) тісі табылыпты. Ұзындығы бір метрден астам. Құрылысшылар экскаватордың шөмішімен ептеп алып, тиісті орындарға хабар берген екен. Ғажап қой. Ерте дүниеде бұл жерлерде динозаврлар мен зілдердің тіршілік еткені айтпаса да түсінікті.
Астана қызу салынып жатқан кездегі осы бір жағдай үнемі ойымда жүреді. Міне, елорда географиясының тарихы қайда жатыр!
Бүгінде еліміздің бас қаласында мыңға жуық көше, он алты даңғыл бар екен. Реті-ретімен, жарыса көсіліп жатқан сан түрлі көше атаулары бірден жаныңа жылылық ұялатады? Неге? Себебі қыздың жиған жүгіндей әдемілігімен қоса оның басым көп бөлігіне, 95-96 пайызына өзімізге жақсы таныс ұлтымыздың қанын да, жа­нын да тулатқан қазақы атаулар берілген.
– Елордамыз алғаш Ақмолаға ауысқанда қазақша аталған көше жоқтың қасы еді. ­Елбасы Н.Назарбаев: «Еліміздің бас қаласында көшелердің қазақша аталмауы қалай болады?» деп мәселе қойғанннан кейін 2006 жылдары онамастикалық коммиссияның шешімімен 30-дан астам көшенің атауын бірден қазақшаладық, – деп еске алады мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы.
Одан кейін де ономастикалық комиссия осы бағытта қыруар жұмыстар жүргізді. Мақсатты, нысаналы шаралар қолға алынып, ескі және жаңа көшелерге түгел ұлтымыздың сын-сипатын, дәстүр-салтын, болмыс-бітімін айқындайтын атау­лар берілді. Түйіндеп айтар болсақ, бүкіл қазақ даласындағы жер-су, елді мекендер атаулары, еліміздің тарихы мен географиясына, мәдениеті мен өнеріне қатысты нысаналы дүниелер елорда көшелеріне көшіріліп әкелінгендей. Бұл тәуелсіз Қазақстанның астанасын айшықтап тұрған көрініс.
Мәселен, әуежайдан қала орта­лығына – Ақордаға, Министрліктер үйіне немесе басқа да әкімшілік нысандарына тура бағытпен бет алсаңыз, Салтанат қақпасы (Арка) ескерткіші орналасқан негізгі үлкен көше – «Мәңгілік ел» аталады. ЭКСПО ауданы тұсынан оны қиып өтетін тағы бір үлкен көше – «Ұлы дала». Екі атаудың тұспа тұс келуінің мәні қандай, мағынасы қандай? Тарихқа өшпес атын жазып, ғаламдық бәсекеде өзгелерден кем түспей даму жолына шыққан байтақ еліміздің мұрат-мүддесін паш етіп тұрғандай. Дәл осы жерде Салтанат қақпасының да «Мәңгілік ел» деп аталып, еліміздің жеңістерін паш ететін ерекше қастерлі нышанға айналғанын мақтанышпен айтуымыз керек. Биіктігі 20 метр, ені 13 метр құрайтын «Мәңгілік ел» Салтанат қақпасы 2011 жылы 16 желтоқсанда ашылды.
Сол кезде Елбасы Н.Назарбаев: «Біз үшін болашағымызды бағдар етіп, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – мәңгілік ел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналған. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше қазақ елінің ұлттық идеясы –Мәңгілік ел» деген болатын.
Елорда көшелерінің ұлттық санамызды жаңғыртып, қазақы «шекпен» кигендей өз тілімізде аталуы тура осы идеядан бастау алып жатқаны айқын.
Астананың бас алаңында аспанмен тілдесіп «Қазақ елі» монументі тұр. Көк жүзіне, биікке ұмтылған қазақтың арман-мұратының белгісін­дей шарықтаған қыран бейнесі алыстан менмұн­далайды. Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық мұражай, Әзірет сұлтан мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы бәрі осы жерде. Дәл осы жерді көктей өтіп Тәуелсіздік көшесі жатыр. Оның бойында ­Америка Құрама Штаттарының елшілігі тұр. Қытай елшілігі ғимараты салынып жатыр. Елдігіміздің жарқын көрінісі бұл. Әлем картасынан ойып тұрып орын алған, іргелі елге айналған Қазақстанның мақсатты, өркениетті жолының көрінісіндей.
Жалпы Астана көшелерінің осындай мағыналы сипатқа ие болуында елорда әкімдігінің, мәслихатының, Тілдерді дамыту басқармасының, ономастикалық комиссияның, ұлт жанашырлары мен зиялы қауым өкілдерінің бірлесе қимылдаған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарған еңбегі жатыр. Жұртшылықтың есінде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Астана қаласы әкімінің шешімімен 300-ден астам көше бірден қазақы атауға ие болған. Оны көзіміз көрді. «Ойбай, анау өйтеді, мынау бүйтеді, байқайық» дейтін үйреншікті жалтақтықты ысырып қойып, осылай жасады. Жарайсың демей, не дерсің?!
Астана өзгелерге үлгі көрсетті. Өкінішке қарай, еліміздің бірқатар қалаларының көшелерінде әлі күнге дейін кеңестік кезеңнен қалған «қызыл» атаулар сол күйі сіресіп тұр. Астана бұдан ада қала!
2011 жылы Астана қалалық әкім­дігінің Тілдерді дамыту басқар­масы «Астана көшелері» деген кітап та шығарды. Бүгінде осы басқарманың тізгінін ұстап отырған Тілеуғали Қышқашбаевтың айтуынша, Елбасының өзі ономастикалық мәселелерге ерекше назар аударып келеді. Ол кісінің «Бұл ретте жалтақтаудың еш қажеті жоқ. Жердің байырғы тарихи атауына үйлеспейтін, халқымыздың абыройы мен беделіне көлеңке түсіретін, отарлық кезеңнен қалған атаулардан арылу керек» деген сөздерін құрамына қоғам өкілдері, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, қалалық мәслихаттың депутаттары кіретін қалалық ономастикалық комиссия үнемі басшылыққа алып отырды.
Негізінен Астанадағы жаңа көше­лерге берілген атауларды физи­калық-географиялық тұрғыда, мәдениет, әдебиет және өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлері құрметіне, тарихи тұлғаларға, батырларға, Алаш қайраткерлеріне берілген атаулар деп бөлуге болады. Ешнәрсе де ұмыт қалмаған.
Мысалы, Есілдің сол жағалауында, жаңа қалада Сарайшық, Сығанақ, Сауран, Түркістан, Орынбор, Ақмешіт, Алматы аталатын көшелер бар. Бірінен өтіп екіншісіне бет алған сайын қазақтың ежелгі тарихы, еліміздің еңсесін тіктеген астана болған қалалар тарихы еске түседі. Халықтың өлшеусіз құрметіне ие болып, өлең жыр, дастандарға арқау болған Керей-Жәнібек хандар, Абылай хан, қас батырлар Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр даңғылдары, Қарасай батыр, Тархан Жәнібек, Қобыланды, Баян, Жанқожа батырлар, Кенесары атындағы көше рухыңа рух қосады.
Қазақ даласының әр пұшпағының байырғы атаулары да осында. Қаратау, Еділ, Қаратал, Балқантау, Зеренді, Марқакөл, Аспара, Жаңаөзен, Абыралы, Меркі, Үстірт, Аякөз, Бурабай, Жайлаукөл сияқты толып жатқан көше атаулары жаныңа шуақ құяды. Қозыбасы, Аңырақай, Арқайым, Қазығұрт, Бұланты, Абат-Байтақ, Саққорған сияқты тарихи жер атаулары қазақтың кешегі өткен жолын тереңірек сезіндіреді.
Бір назар аударарлығы елордада Алаш қай­раткерлеріне лайықты құрмет көрсетіліп, бірқатар көшелерге солардың есімдері берілді. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Телжан Шонанұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Ғұмар Қараш сияқты тұлғалар бар.
Әдебиет және өнер қайраткерлері – Шоқан Уәлиханов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет ­Майлин, Ілияс Есенберлин, Ілияс Жансүгірұлы, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, ­Ахмет Жұбанов, Ілияс Омаров, мемлекет және қоғам қайраткерлері Сейітқали Меңдешев, Жұмабек Тәшенов, Жұмабай Шаяхметов, Өзбекәлі Жәнібек және басқа да айтулы тұлғалар есімдері көшелерді айшықтап тұр.
Таяуда ғана Астана қалалық әкімдігі тағы бір игілікті істі қолға алды. Астананың 20 жылдығына орай қала көшелерін көріктендіру мақсатында саябақтар мен гүлзарлар үшін 120 гектардай жер бөлінеді екен. Бұрынғы ескі үйлердің орны көгалдандырылып, балалар алаңдары, спорттық алаңдар жасалады. Жалпы биыл және келесі жылы 18 нысан бойынша 85 балалар атракционы, 115 спорттық тренажер, 18 футбол алаңы, 17 шақырым веложолақ, 30 су бұрқағы кешені салынады. Бұл елорда көшелеріне бұрынғыдан да көрікті заманауи сипат беретін жағдай.
Бір сөзбен елорда көшелері хал­қымыздың санасы мен жүрегіндегі сан ғасырлық арман-мақсатының, мұрат-мүддесінің белгісіндей рухты атауларды тоғыстырып, қазақ дейтін халықтың өсіп-өркендеу жолындағы тарихын баяндайтын тірі ағза сияқты жаңарып, жасарып, болашаққа дамылсыз бағдар алып келеді. Тек, түрлі мекемелер мен ұйымдардың маңдайша жазулары неғұрлым толығырақ қазақшаланса, Тіл туралы Заң талаптары бұлжытпай орындалса құба құп болар еді. Бұл енді бөлек әңгіме.

Ғазиз ҚҰРМАШҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.