Каспий – достық негізі

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысына қатысты.
Жиында цифрлық трансформация, жаңа технологияларды қолдану және экономиканың одан әрі даму перспективалары жөніндегі мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы басқосуда сөйлеген сөзінде Шетелдік инвесторлар кеңесінің Қазақстандағы бизнес ахуалды жақсартуға және ұлттық экономиканы қолдауға бағытталған жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвес­торлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысушылардың баяндамаларын тыңдаған соң, жаһандық сын-қатерлер жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Қазақстанның атқарып жатқан шаралары жөнінде айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін атқарылатын жұмыстың бірнеше бағытын атап көрсетті.
***
Елбасы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановты қабылдады.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және­ ­Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық барысы жөнінде есеп берілді.
Қазақстан Президенті саммитті өткізуге тыңғылықты дайындалу қажеттігін айтты.
– Ақтауда бес елдің делегациялары қа­тысатын Каспий маңы мемлекеттері басшы­ла­рының саммитін өткізу жоспарлануда. Осы кездесуге қатысты барлық ұйымдастыру мәселелерін пысықтау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Ералы Тоғжанов өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және инвестиция тарту салаларындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын баяндады.
– Негізгі экономикалық көрсеткіш­тердің өсімі байқалып отыр. Сіздің қойған міндет­те­ріңіздің бәрі іске асырылуда. 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі өндірістің көлемі 100,1 пайызға жетті, – деді Маңғыстау облысының әкімі.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.
***
Назарбаев Университеті биыл төртінші мәрте түлектерін шығарып салып, диплом тапсыру рәсімін салтанатты жағдайда атап өтті. Елордада өткен шараға ҚР Тұңғыш Президенті қатысып, Назарбаев Университетінің және еліміздің барлық оқу орындарының түлектеріне ақ жол тілеп, еліміздің дамуына үлес қосатындығына сенім білдірді.
Еліміз бойынша биыл 140 мыңнан астам студент жоғары оқу орнын бітірсе, Назарбаев Университетін 811 жас тәмамдады. Оның 25-і аталған университеттің медицина мектебінің алғашқы түлектері. Өз кезегінде олар медицина докторларының, ғылыми зерттеушілер мен академиялық клиницистердің бірінші санатын толықтырары сөзсіз.
Елбасы білім ордасының жетістіктерін айтып, еліміздің ғылыми-зерттеу, инновациялық және кадрлық әлеуетінің өсу орталығына айнал­ғанын жеткізді. Корпоративті демеу­шілер ғылыми зерттеулерге 40-тан астам грант бөлгенін, университет инновациялық кластерді табысты қалыптастырудың негізі екенін, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру аясында 21 жоба қолдауға ие болғанын атап өтті.
***
Астанада ҚР Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Саяси кеңестің отырысында «Президент­тің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысы қаралып, бұған дейін жүктелген міндеттердің орындалу барысы талқыланды. Атап айтқанда, Елбасы партиялық кадрлармен жұмысты күшейту, жергілікті өкілдік етуші органдарды қалыптастыруда партияның рөлін арттыру, жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыруға белсенді қатысу, партиялық технологияларды жетілдіру, аналитикалық әлеуетті күшейту және партиялық білім беру сапасын арттыруды көздейтін жобаларды жүзеге асыру мәселелерін тапсырған болатын.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев баяндама жасап, Елбасының партияны жүйелі жаңғырту жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Нұр Отан» партиясының әлеуеті арқылы «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары жер-жерде насихатталып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту басты назарда екенін жеткізді.
Кеңейтілген отырыс барысында Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партия­сының Астана қалалық филиалының төрағасы Ә.Исекешев, Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов, «YBYRAІ жас программис­тер лигасы» қоғамдық қорының жетекшісі Ә.Шөжеева, партияның Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Теренченко, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Ш.Жаманбалаева, «Жас Отан» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы У.Болатбек, Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Б.Жұмағұлов және т.б. сөз сөйлеп, еліміздің дамуы барысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға есеп берді.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.