Ұлттық код және санамыздың жаңғыруы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  біздің өмірімізге қажетті маңызды мәселелер айтылған.  Қазіргі таңда елімізде бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. «Рухани жаңғыру» – баршамызға серпін берген бағдарламалық мақала болғаны сөзсіз. Өйткені аталған мақалада өміршең сауалдар күн тәртібіне қойылып, оларды шешу жолдары да қарастырылған. 

Елбасы өз мақаласында ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі туралы жақсы айтты. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурс­тары болуы мүмкін екендігіне тоқтала келе, болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын жеткізді. Шын мәнінде, әр ғасырдың перзенті өзі өмір сүріп отырған уақытқа лайық болу керек. Олардың қатарында компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар ерекше рөл атқаратыны сөзсіз.
Өзім білім саласында еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде «Рухани жаңғыру» мақаласындағы әлемдегі танымал 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылатынын руханият саласындағы үлкен жаңалық деп бағалар едім. Өйткені бұл студенттер үшін сапалы білім алуға, әлемдік білім мен ғылымның қазыналарынан сусындауға мүмкіндік береді. Дүниежүзінде мойындалған оқулықтардың ана тілімізге аударылуы оқу-ағарту саласына міндетті түрде серпін береді. Бұл оқулықтарды тек қана жастар ғана емес, оқытушылар да пайдаланып, өздерінің таным-көкжиектерін арттыратыны сөзсіз. Біз көбінесе мұндай пайдалы кітаптарды орыс тілі арқылы ғана біліп келгеніміз жасырын емес. Енді оны қазақ тілінде оқуға мүмкіндік туып отыр. Бір жағынан ана тіліміздің өрісі кеңейеді. Себебі әлемге танымал кітаптар қазақ тіліне аударылса, тіліміздің әлеуеті де жоғарылай түседі. Иә, мұндай жақсы идея бұрын тек арман болып келсе, қазіргі таңда ол біздің елімізде жүзеге асырылуда. Өйткені табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сының назар аудартатын тағы бір тұсы – «Туған жер» ұғымы.
Туған жеріңнің тарихын білу, кіндік қаның тамған жерің, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншілігіңді арттыру біз үшін аса маңызды. Қазақ халқының ұлттық болмысы, дүниетанымы, салт-дәстүрі, өзге де рухани-мәдени құндылықтары туған жермен, туған елмен тікелей байланысты. Біз туған жерімізден рухани күш алып, өмірге туған жердің көзімен қарайтын елміз. Әрқайсымыздың жүрегімізде, жан дүниемізде туған жерімізге деген құрмет ерекше. Бұл солай болуы да тиіс. Өйткені ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлы дала еліндегі тәрбие мектебінің негізгі бағдары да – әрбір баланы өз елінің ұланы, келешегін ойлар азаматы, күні ертең мемлекетінің дамуына сүбелі үлес қосар қайраткер ретінде тәрбиелеу.
Павлодар облысында еліміздің өзге де өңірлері сияқты тарихи жерлер, сол ­жерлермен байланысты тарихи атаулар өте көп. Мұны айтып отырғаным, Елбасы өз мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өткені белгілі. Демек, осы уақытқа дейін туған жер ұғымына көбіне-көп өсіп-өнген жеріміз ретінде зер салып келсек, енді оны тарихи тұрғыдан тануға, әрбір сайы мен қырқасын, тауы мен өзенінің тарихын білуге қадам жасауымыз керек. Әсіресе жас­тар жағын баулып, тәрбиелегеніміз ­абзал. Туған жердің тарихын білу жастарға не береді? Әрбір өңірдің қалыптасу кезеңдерін қалай оқытуымыз керек? Бұл да білім беру саласындағы маңызды мәселенің бірі деп ойлаймын. ­Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік ­заманда қазақ даласындағы тарихи жерлер, атаулар дұрыстап зерттелмеді, ғалымдарымыз ­болса да, оған кең мүмкіндіктер берілмеді. Қазіргі таңда қасиетті Тәуелсіздігіміздің арқасында сол бір олқылықтардың ­орнын толтыруға жол ашылып отыр. ­Павлодар өңіріндегі тарихи атаулар кешегі өткен замандардың айнасы іспетті. Өйткені әрбір жер атауы жайдан-жай қойыла салмайтыны белгілі.
Мысалы, Ақназар, Бұғыжыра, Бұрықкөл, Дөңгіл­ағаш, Қазыбектің Қарасуы, Қарасарал­жын, Алабайтал, Алшағыр, Бабайтас, Әйкен, Бұланбайкөл, Белсары, Елемесқамыс, Үрлітүп және т.б. атаулардың әрқайсымыз тереңдеп зерттейтін болсақ, ұлтымыздың бойындағы ұлттық кодты ашатын дүниелер. Жер-су атау­лары – тарихи санамызды қалыптастыратын негізгі құндылықтардың бірі де бірегейі.
Бір сөзбен айтқанда, жастарға патриоттық тәрбие берудің бір жолы – оларға туған жердің қадір-қасиетін танытудан басталады. Өйткені Елбасы өз мақаласында орынды атап өткеніндей: «…ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Жалпы туған жер ұғымы – терең ұғым. Туған жерін, туған ауылын жақсы көретін адам ол елін де, мемлекетін де құрметтейді, соның жанашыры болады. Біз осындай құндылықтарды жастарға үйретіп келеміз.

Әмірғали БЕГІМТАЕВ,
С.Торайғыров атындағы Павлодар
мемлекеттік университеті
гуманитарлық-педагогикалық
факультеттің деканы,
саяси ғылым кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.