Әлеуеті зор ғылыми орталық

Халқының жартысына жуығы ауылдық жерде тұратын Қазақстан үшін аграрлық экономиканың, білім мен ғылымның алар орны ерекше. Мамандардың пайымдауынша, біз ауыл шаруашылығы салаларын бәсекелік қабілеті жоғары деңгейге көтере алсақ, ең дамыған елдердің қатарынан көріну мүмкіндігіне ие боламыз. Қазақстанның аграрлық экономикасын, білімі мен ғылымын заманауи талапқа сай түлетудің өзекжарды міндеттері Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа биылғы Жолдауында жан-жақты тиянақталды. Бес әлеуметтік бастамасында қарастырылған білім алушы жастарды қолдау саясаты да бұл үдеріске серпін берері сөзсіз.

Президенттік стратегия мен жобаларды жүзеге асырудың алдыңғы шебінде Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситеті келе жатыр. Оның жетіс­тіктері баршаға аян. Мыңдаған тү­лектер бітіріп шығып, агроөнеркәсіп саласының өсіп-өркендеуіне мол үлес қосты. Биылғы Жолдаудағы: «…аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс» деген жолдар оқу орны басшылығы мен ұжымын тың ізденістерге жетеледі. «Келісіп пішкен тон келте болмас». Ұстаздармен, студент жастармен ақылдаса келе, болашақ мамандардың санасын жаңғыртудың, яғни бә­секелік қабілетін, прагматизмін арттыратын, білімнің салтанаты мен сананың ашықтығын қамтамасыз ететін ең пәрменді іс-шара Тұңғыш Президентіміздің қайраткерлігін, мемлекеттік қызметін, Қазақстан жолын жүйелі насихаттау әрі зерделеу деп ұйғарылды.
Сонымен, қызу жұмыс басталып кетті. Университетте түрлі қоғамдық бірлестіктер мен клубтар бұрыннан жұмыс істеп тұратын. Мәселен, 2004 жылы Қазақстан ЖОО-да тұнғыш рет «Достық» студенттік ассамблеясы құрылған еді. Ассамблея құрылған күннен бастап, республиканың қоғамдық-мәдени өміріне, рухани тыныс-тіршілігіне белсене араласып келеді. 2006 жылы ассамблея мүшелері Астана қаласында өткен республикалық жастар форумына қатысты. 2008 жылы университеттің көшбасшы студенттерінің бірі, ассамблея мүшесі Айсят ­Балаева Қазақстандағы гендерлік ­саясат мәселелері бойынша Елбасы Н.Назарбаевпен болған кездесуге Қазақ ұлттық аграрлық университеті студенттері атынан қатысу құрметіне ие болды. Ол осы кездесуде универси­теттің тәрбие саласындағы тәжірибесі туралы айтып берді.
2010 жылдың мамыр айында «Достық» студенттік ассамблеясы уни­верси­теттің 80 жылдығына орай «Наурыз бен Масленица» ертегі- спек­таклін сахналады. Бұл шараның басты идеясы – әртүрлі ұлттың салт-дәстүрі мен дініне қарамастан өзара тату болуының маңызын және этнос­а­ралық достастықты насихаттау. Аталған шараға Қазақстан халқы ­Ассамблеясы жанындағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері қатысып, студенттеріміздің өнеріне ризашы­лықтарын білдірді.
2012 жылдың 27 сәуірінде Ас­танада өткен Қазақстан халқы Ас­самблеясының ХІХ сессиясына біздің «Достық» студенттік ассам­блеясының белсенді мүшелері, университет студенттері: Талуенко ­Зарина, Каримова Зулихан, Гефт Оксана қатысты. Осы сессия жұмысы барысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен «Қазақстан ­ха­лық­тары Ассамблеясының Қоры» қоғамдық қоры арасында ынтымақ­тастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Б. Римова атындағы «Әдеп» клубы, О.Сүлейменов музейі жастар руханиятына жағымды реңк беріп, жан дүниелерін байытуда.
Міне, осылардың бәрінің жұмысын орталықтандыру мен Елбасы және Қазақстан жолын санаға сіңіруге қызмет ететін құрылымдық бөлімше құру қажеттігі күн сайын көзге түсіп тұрды. Ізденіс зая кетпеді. Университет ректоры Т.Есполовтың жан-жақты қолдауы арқасында «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығы» дүниеге келді. Оның салтанатты ашылуына ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Г.Исимбаева, Г.Ықсанова, З.Аманжолова қатысты.
Орталық төрт бөлімнен тұрады. «Менің Президентім» залында «Бас­тау», «Құрышпен шыңдалған», «Саясат саңлағы», «Сын сағаты», «Астана – тәуелсіздік мақтанышы», «Бірлік пен келісім», «Руханият», «Қазақстан және әлем», «Ұлы күн» стенділері қойылған. 100-ге жуық құжаттар, жәдігерлер, фотоматериалдар, кітаптар, газет мақалалары Шамалғандағы қоржын үйде тұрып, Қаскелеңдегі шағын ғана мектептен түлеп ұшқан қарапайым қазақ баласының әлем таныған тұлғаға айналғанын қысқа да нұсқа түрде баяндайды. Биылғы жыл басында АҚШ-қа жасаған сапарына кең шолу жасалған.
«Менің университетім» залындағы 50-ге жуық жәдігерлер ҚазҰАУ тарихынан хабар береді. Мұнда келгендер оқу орны базасындағы Агротехнологиялық Хаб құрамына кіретін Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік, Су, Тұрақты егін шаруашылығы, Агроөнеркәсіптік кешенге сандық технологияларды енгізумен айналысатын Ситуациялық орталықтарымен, Инновация­лық жылыжай, Коллекциялық бақ, Мемлекеттік индустриалды-ин­но­ва­циялық даму бағдарламасы шең­берінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханала­рымен танысады.
Бұдан кейінгі бөлмелерде орна­ласқан Елбасы кітапханасында 1000-ға жуық кітаптар, журналдар, олардың электрондық нұсқасы шоғырланған.
Университетте 20-дан астам ұлт өкілдері білім алуда. Осының әр­қай­сысының тұрмысы, салт-дәстүрі, мәдениеті студенттердің «Дос­тық» ассамблеясына арналған залда ұлықталған.
Орталық ашылғаннан бері өткен екі айдан астам уақыт ішінде оны университет студенттерінен басқа оқушылар, зиялы қауым өкілдері, алматылық қонақтар тамашалады. Құрметті қонақтардың ішінде Үкімет басшысының орынбасары Ө.Шөкеев, Алматы әкімі Б.Байбек, Елбасы кітапханасы директорының орынбасарлары Ә.Рахымжанов пен К.Ақтаева болғанын мақтан етеміз.
«20 мың шақырымдық сапар бі­рінші қадамнан басталады» дейді қытай нақылы. Орталық алғашқы қадамдарын жасауда. Ол Елбасы бас­тамаларын, университет болашағын ұлықтауға, рухани жаңғыруға олжа салуда.

Ханкелді Әбжанов,
ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, ҰҒА академигі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.