«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой…»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі беріліп, оңтүстік қазақстан облысы енді түркістан облысы болып аталады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының
әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойды.
Мемлекет басшысы Жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар Астана мен Алматы қалаларының қатарына қосылғанын айтты.
– «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан құрыл­ған Түркістан облысында жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтып, қабыл­данған шешімнің тарихи мәніне тоқталды.
– Шымкент біздің елдің ғана емес, бүкіл Орта­лық Азия өңірінің инвестиция­лар, технологиялар және интеллектуалды ресурстар тартатын жаңа орталығына ай­налады. Бұл үшін барлық жағдай мен қа­жетті әлеует бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Шымкенттің респуб­­ликалық мәртебе алуы оның одан әрі ілгерілеуіне септігін тигізетініне және қаланың алдынан жаңа перспективалар ашылатынына сенім білдірді.
– Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғын­дарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қол қою рәсімінің соңында ­Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне, Үкіметке және облыс әкімдігіне Жар­лықты сапалы әрі шұғыл іске асыру, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдар мен мекемелердің үздіксіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.