Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсыру және Алғысын жариялау рәсіміне қатысты.
Қаламгер қауымының кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты шарада Мемлекеттік хатшы сөз сөйлеп, марапат иелерін және журналистерді мерекемен құттықтады.

«Отандық журналистер, баспагерлер, телевидение мен радио қызметкерлері ақпарат жеткізумен қатар, мемлекет пен қоғамды байланыстыратын алтын көпір қызметін де атқарады. Шығармашылық саласындағы дәл осы адамдар елімізде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар жөнінде бәрінен бұрын біліп, жұртшылыққа жеткізіп отырады» деді Г.Әбдіқалықова.
Жиын барысында Мемлекеттік хатшы қазақстандық бұқаралық ақпарат құрал­дарының қызметін ынталандыру мақсатымен Елбасының арнайы сыйлығы жарияланғанын атап өтіп, қалыптасқан дәстүр бойынша үздік журналистер мен шығармашылық ұжымдарын марапаттады.
Мемлекет басшысының Өкімімен Президент сыйлығы «іnformburo.kz» интернет-порталының бас редакторы М.Дорофеевке және «Астана» телеарнасының бас директоры Л.Танысбайға берілді. Президент гранттарын «Хабар» телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшісі А.Әділова, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Мейіржан Әлібекұлы иеленді. Қазақстан Президентінің Алғысы «Алматы» телеарнасының, «Астана ақшамы» газетінің, «Балдырған» журналының, «Өзбекстан ұлттық телерадио-компаниясының» шығармашылық ұжым­дарына табысталды.
***
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымын мерекемен құттықтап, ақпарат айдынындағы мамандардың шеберлік, жауапкершілік, адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалайтынын, оларға құрметпен қарайтынын тілге тиек етті.
– Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі тұрақты түрде өсіп келеді. Тіпті әлеуметтік желілер пайда болса да, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі бәсеңдемейді. Керісінше, олар озық технологияларды жұмыс құралына айналдырып отыр. Біздің елдегі журналистика ауқымды реформалардың ұдайы алдыңғы сапында. Баспа және электрондық басылымдар мил­лиондаған адамдардың көңіл түкпірі­нен берік орын алды. «Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады» демекші, отандық бұқаралық ақпарат құралдары кәсіби түрде шебер, шынайы және жедел жұмыс жүргізуде, – деді Қ.Тоқаев.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының еліміз үшін маңызы зор екенін, дәстүрлі құндылықтарымызды ұлықтай отырып, қоғамның жаңаруына септігін тигізетінін, мұны іске асыруда БАҚ-тың рөлін атап өтіп, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары әлемдегі ең жоғары стандарттарды бағдарға алуы тиіс деген тұжырым жасады.
– Президент азаматтардың материалдық деңгейін көтеруге де баса назар аударып келеді. Бес әлеуметтік бастама Үндеуі экономикалық тұрғыда жан-жақты есептелген әрі мұқият тексерілген қадамдар­ды жүзеге асыруға бағытталған бірегей құжат. Бірлескен күш-жігердің арқасында мил­лиондаған қазақстандықтың, әсіресе жастардың өмір сапасы мен тұрмысын жақсартуда басты мақсатқа қол жеткіземіз деп ойлаймын. Парламенттің заң шығару қызметіне қолдау көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жаңа заңдардың қабыл­дануы туралы ақпарат жеткізумен қатар қоғам мен биліктің арасындағы диалогтың маңызды құралы болып табылады, – деді Қ. Тоқаев.
Жиын соңында Сенат Төрағасы еліміздің ақпарат саласында белсенді қызмет етіп жүрген бірқатар баспасөз өкілдерін Сенаттың Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.
***
Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин бұқара­лық ақпарат құралдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, журналистердің жауапкершілігін тілге тиек етті.
– Еліміздің даму жолындағы барлық жаңалықтар, өзгерістер осы баспасөз арқылы бүкіл елге, бүкіл әлемге тарайды. Сонымен бірге қоғамдық ойды жеткізетін де, билік пен халықтың арасындағы байланысты жүзеге асыратын да бұқаралық ақпарат құралдары. Сондықтан Елбасымыз Н.Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап, еліміздегі барлық ақпарат құралдарына ерекше назар аударып келеді. Олардың заманға сай дамуы үшін барлық жағдай да жасалуда. Соның нәтижесінде, еліміздің ақпарат құралдары бүгінде мыңдаған кәсіби мамандар жұмыс істейтін, үздік техникасы бар, озық технологияларды меңгерген еліміздегі ең маңызды саланың бірі болды. Баршаңыз осы салада табысты еңбек етіп, өздеріңізге жүктелген жауапкершілікті зор абыроймен атқарып келесіздер, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы қаламгерлердің құрметіне биыл екінші рет «Парламент сөзі» сыйлығы тапсырылып отырғанын атап өтіп, жеңімпаздарды марапаттады.
«Парламент сөзі» сыйлығының «Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясы бойынша «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Ж.Базаров жеңімпаз деп танылды.
«Парламенттік журналистиканы да­мытуға қосқан үлесі үшін» – Ғ.Шалахметов пен Т.Костина, «Үздік телевизиялық сюжет үшін» – «Хабар» телеарнасының тілшісі Г.Мар­қабаева мен «31 арнаның» тілшісі И.Рыбин, «Үздік баспа жарияланымы үшін» – «Время» газетінің тілшісі Л.Тастанова, «Үздік интернет және радио материалы үшін» – «ҚазАқпарат» ХАА сарапшысы М.Мақұлбеков пен «Nur.kz» ақпараттық порталы, «Арнайы репортаж» – «КТК» те­леарнасының тілшісі Ж.Оразханова мен «Atameken Business Channel» телеарнасынан И.Севостьянова, «Үздік бейне сурет мате­риалы үшін» – «Еуразия» бірінші арнасы­ның операторы Р.Абельдинов пен «Bestnews. kz» АА фототілшісі Ж.Сердалина үздіктер қатарынан көрінді.
«Парламент сөзі» сыйлығы байқауына биыл журналистерден 100-ден астам өтініш түсіп, іріктеуден өткен. Топ жарып, бәйгеден озғандарға арнайы тапсырыспен жасалған Парламент бейнесіндегі мүсін мен диплом табысталды.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.