Қанатын кеңге жайған Астана

Кез келген мемлекеттің мемлекеттілігін танытатын ол оның астанасы екені сөзсіз. Әлемнің дамыған елдері ең алдымен өздерінің астаналарымен танымал. Себебі сол елдегі барлық жақсылықтар, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер, бағындырған белестер – бәрі-бәрі астаналары арқылы жүзеге асқанын байқаймыз. Кей-кейде астана ұғымы мемлекеттің атымен біте қайнасып кетіп жатады. Бұл да тегін емес. Себебі астана болып таңдалған қаланың өн бойынша барша халыққа рух, күш-жігер беретін қуат тарайды. Астанасы арқылы халық өзінің бағдарын анықтайды, мақсат айқындап, мұратын бекемдейді. Елдің стратегиялық шешімдері де астанасында қабылданады. Біз де өзіміздің Астанамызбен мақтанамыз. Астана мемлекетімізді жаңғыртып, дамудың даңғыл жолына бастады. Елбасы Астана туралы: «Ғасыр аяғында, ғасырлар тоғысында біздің тәуелсіздігіміздің айқын нышаны – Қазақстанның жаңа астанасы Астана болды. Тұңғыш рет  біздің мемлекетіміздің тарихында жалпыұлттық мүддемізді ескере отырып, біз өз астанамыз туралы шешімді дербес қабылдадық» деп атап өтті. Шын мәнінде солай. Елбасының ерен еңбегінің, көрегендігінің арқасында жаңа келбетті астанамыз дүниеге есігін айқара ашты. Бір сөзбен айтқанда, оның мән-маңызы күн санап, жыл санап арта түсуде. 

Астана жиырма жылдың ішінде барлық салада таңғажайып көрсеткіштерге қол жеткізді. Бір кездері қарапайым болған қала қазіргі таңда әлем көз тіккен шаһарға айналған.
2018 жылдың мамыр айындағы көрсет­кіштерге сүйенсек, Елорда тұрғындарының саны – 1 036 064 адам. Еліміздің астанасы Ақмолаға көшірілген жылы мұнда 287 200 тұрғын ғана болған. Ол миллион халқы бар қалаға 2016 жылдың 4 шілдесінде айналды.
Бас қалаға қоныс аударушылардың қатары көп. Бұған ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті келтірген деректер дәлел бола алады. Мысалы, өткен жылы Астанаға 135 618 адам қоныс аударып келсе, 102 107 адам басқа қаладан тұрақ іздеуге кеткен. Алдыңғы жылы да көшіп келгендердің саны көшіп кеткендерден 76 314 адамға көп.

Астанада тұратын қазақтардың үлес салмағы 78,2%-і құрайды. 2009 жылы бұл көрсеткіш 69,38% болған еді. Демек, жыл санап еліміздің бас қаласындағы қазақтар саны артып келе жатыр.
Астанада тұратын халықтың орташа жасы – 29,6. Бұл бас қаланың жастардың қаласы екенін тағы бір мәрте айғақтаса керек. Аталған деректі демограф-ғалым Әзімбай Ғали да растайды. «Бүгінгі таңда оңтүстіктегі Алматымен салыстырғанда солтүстіктегі Астанада қазақтар көп тұрады. Бұл – таңғалатын нәрсе. Астана қазақтардың үлесі жағынан ең озық қалалардың бірі Шымкентпен таласады. Екіншіден, бұл миллион тұрғыны бар қала болғандықтан, біз бір нәрсені ойлануымыз керек. Астана құрғақ, шөлейт зонада тұрғандықтан, халқы 1,5 миллионнан аспауы қажет. Бұл дегеніміз – болашақта тағы бір астананы ойластыратын кез келеді деген сөз. Үшіншіден, миллиондық қалалар тек өзін ғана қамтамасыз етіп қоймайды, бүкіл республиканы асырайды. Олардан түсетін табыс мұнай мен газдан түсетін пайдадан да көп. Бұл постиндустриялдық қалалар бюджетке ақшаны көп түсіреді. Ондағы еңбек өнімділігі де жоғары. Астананың сондай қалалардың қатарына қосылғаны дұрыс. Елорданың халқы негізінен миграциялық өсімнен көбейіп жатыр Алғаш осы қаланы астанаға айналдырған кезде Петропавл, Павлодар, Қостанайдың тұрғындары жинала ма деп едім, оңтүстіктен көшіп келіп жатқандардың қатары көп. Себебі ол өңірлерде еңбек қолы артық. Ал батыс аймақтан Астанаға келіп жатқандардың қатары аз. Сондықтан миграциялық бағыттарды ынталандыру керек. Мысалы, Атырауда жұмыссыздық деңгейі жоғары. Сондағы жастарды арқа төсіне бағыттау керек. Астана – жастардың қаласы. Орта есеппен алғанда ондағы жастардың үлесі көбірек» дейді Ә. Ғали.
Шынында да, Елбасы ұсынған экономи­калық даму моделінің арқасында қала мемлекеттік бюджетке жиырма жыл ішінде 6,3 трлн теңге кіріс түсірген. Осы уақыт ара­лығында алынған трансферт көлемі 2,3 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ, аста­на­ның өркендеуіне мемлекет тарапынан бө­лін­ген қаражаттың көлемі де екі есе өскен.
Жиырма жыл ішінде қаланың шағын және орта бизнеске құрылған өзіндік экономикалық құрылымы қалыптасты. Олардың өнімі 4,3 трлн теңгеге бағаланды. Өңірлік жалпы өнім құрылымындағы шағын және орта бизнес үлесі 57,4%-ті құрады. 2005 жылы 177 млрд теңге болған. Қазір одан төрт есе өсті және бұл – барлық аймақ бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Барлық жылдар ішінде Астана әлеу­меттік-экономикалық даму көрсет­кі­шінің қалыпты жағдайға түскенін көрсетті. Өңірлік жалпы өнімі 5,1 триллион теңгеге жетті. Бұл 1997 жылы 25,7 млрд теңге болатын. Яғни 5,5 есе көп деген сөз.
Өңдеу өнеркәсіптерінің өсу жылдам­дығы бойынша да былтырғы жылы Астана еліміздің аймақтарының ішінде көш бастады. Ал жалпы өндіріс тұрғысынан Атырау облысынан кейін екінші орында тұр. Бір жылда инфляция көлемі 3%-ке азайды.
Айта кету керек, Астананың даму не­гізінде Президенттің стратегиялық болжамдары мен «Бес институционалды реформа», «Индустриаландыру», «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру», «Бес әлеу­меттік бастама» сынды бағдарламалар жатыр. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін Астананың 2020 жылға дейінгі даму жоспары жасалуда. Ол БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі ұстанымдары мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына негізделген. Бағдарламаның екі негізі мақсаты бар. Біріншісі – қаланың жаңа даму моделін, аймақтық хаб моделін қалыптастыру, Астананы смарт-қалаға, Еуразия кеңістігіндегі ірі орталықтардың біріне айналдыру. Екіншісі – қаланы дамыту және тұрғындардың табысын арттыру арқылы астаналықтардың жағдайын жақсарту.
Бірінші бағыт бойынша тұрғын үй, транспорт, қауіпсіздік, денсаулық, білім, экология, т.б. мәселелер қарастырылады. Өткен жылы Астанада 2,36 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл республикада салынып жатқан үйлердің 25%-ін құрайды. Тағы құрылыс жүргізілетін төрт аймақ анықталды. Сонымен бірге қаланың ескі бөлігін де жандандыру жұмыстары қолға алынған. Бұнда 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.
Атап өтейік, инфрақұрылым саласын­дағы едәуір жетістік «ЭКСПО-2017» көрмесінің арқасында жасалды. Өткен жылы жалпы алғанда 221 жоба іске асырылып, 505 шақырым жол мен коммуникация желісі салынды. 2018 жылы осындай 180 жоба іске асырылады деп күтілуде. Тағы 372 шақырым жол мен коммуникация желісі салынады.
Жалпы алғанда 2018 жылы жекпе-жек сарайы мен ботаникалық бақ салу, 12 сквер (312 мың ағаш отырғызу), Астана халықаралық қаржы орталығын құру, «Астана технополис», 2 млн шаршы шақырым тұрғын үй тұрғызу, смарт-білім мен смарт-денсаулық жобасын іске асыру жоспарланған. Ал 2018-19 жылға 4,5 млн шаршы шақырым тұрғын үй салу, 100 шақырым автожол салу, 2019 жылға «Абу-Даби Плаза» кешені, ЖЭЦ-3 құрылысын, Есіл өзенінің арнасын қалпына келтіру жұмыстарын, нөсер канализациясы желісін аяқтау жұмыстары жүргізіледі.

Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.