Емле ережелерін ескергеніміз жөн

Қазақ жазуы қалыптасқаннан бастап-ақ орфографиялық норма, емле, оны біріздендіру тәрізді шаралар бәсеңдеген емес. Жазуы даму үстіндегі елде тіл саясатында орфография өзекті болары сөзсіз. Себебі жаңа сөздер лек-легімен келіп жатқан заманда олардың жазылуындағы ерекшеліктерді, яғни қосымшаларының дұрыс жалғануын анықтап отыру қажет. Сондай-ақ жаңа сөздерді жұртшылыққа танытатын орфографиялық сөздіктің де 3-5 жыл сайын жаңарып тұруы да заңды құбылыс.

Қазақ тілінің орфографиясы әрдайым А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында талқыланып, емле ережелері дайындалып келе жатқаны белгілі. Себебі институтта орфограф маман­дар­дың мектебі қалыптасты. Оған мына еңбектер дәлел бола алады: С.Аманжолов, І.Кеңесбаев редакторлығымен шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», М.Балақаевтың «Емле сөздігі», І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев редакторлығымен шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», Рәбиға Сыздықованың «Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш» еңбегі. Анықтағышта алғаш рет қазақ жазу-сызуына жұмсалып жүрген күллі графикалық таңбалардың (нүкте, қос нүкте, көп нүкте, нүктелі үтір, үтір, сызық, сызықша, тырнақша, жақша, бас әріп, кіші әріп, леп белгісі, сұрау белгісі, жол басы, т.б.) қолданылу тәртібі мен орындары, ережелері жинақталып берілді. 1988 жылы профессор Н.Уәлиев пен А.Алдашеваның «Қазақ орфографиясындағы қиындық­тар» атты еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек жазу тәжірибесінде кездесетін әртүрлі ауытқулар мен қайшылықтарды жинақтай отырып, олардың себебін ашуға, бір ізге салудың жолын ұсынған алғашқы еңбектердің бірі болды. Қазіргі таңда осы орфограф-мамандар мектебін жалғастырушы ғалым, профессор Құралай Күдеринованың «Қазақ жазуының тарихы мен теориясы» атты монографиясының арқасында қазақ тілінің орфографиясы тіл саласы ғана емес, пән ретінде де мәртебе алды. Бүгінгі күні бірқатар жоғары оқу орындарына «Қазақ тілінің орфографиясы» пәні міндетті пән ретінде енгізілді.
Қазақ тілінің әліпбиі мен емлесі тарихына терең үңілетін болсақ, ереженің өзгеруі екіжақты үрдіске негізделеді екен: тілдің ұлттық болмысын тұрақты сақтап қалу және қоғам талабына орай бейімделу. Қазіргі таңда латын негізді қазақ әліпбиі бойынша емле жасауда қазақтың табиғатына тән сөйлеу ерекшелігіне сүйене отырып, бірқатар сөздердің жазылуын «Ахмет Байтұрсынұлыша таңбалауды қайта енгізу керек» деген пікірлер айтылуда. Бұдан да басқа ескеретін жайттар көп. Бүгінгі күні қоғамда емле ережелеріне бағынбаудан туындайтын жағдайлар дұрыс жазудың бірізділік қалпын сақтай алмай отыр. Демек, емле ереже­леріне қатысты мәселелерді жиі талқылап, жұртшылыққа насихаттап отыруымыз керек. Осыған байланысты жаңа латын негізді әліпби бойынша емле ережелеріне қатысты ұсыныстарды төмендегідей беруді жөн көрдік:
Я әрпінің таңбалануы. Жаңа әліпбиде бұл әріп жоқ. Сондықтан кирилл жазуындағы я-ның орнына «йа» жазыла ма, «иа» жазыла ма, әлде тек «и» немесе «а» жазыла ма деген мәселенің басын ашып алу қажет. Мысалы, сөз басында кездесетін Ясауи, япыр-ау, яғни, ядро, яһуди, т.б. сөздер ıа дифтонг дыбысымен таңбаланады. Жаңа әліпбиде «и» мен «й» дыбысына бір ғана Іı таңбасы берілгендіктен және өзінен кейін «а» жалғасатын болғандықтан, оны дауыссыз «й» дыбысы деп ойша қабылдаймыз да соған орай тасымалға, буынға бөлеміз. Мысалы, Iasaýı – Ia -sa -ýı. Iaǵnı – Iaǵ — nı.
Сөз ортасында және сөз соңындағы «ия»-мен берілген сөздердегі я-ның жазылуы. Зияткер, қиямет, қиял, қиян, қияр, қияқ, алдияр, қияш, қиятас. И (ı) соңынан «я» (ıа) жалғанғанда екі «ı» қатар келейін деп тұр. Сондықтан бір «ı» (и) түсіріліп жазылуы тиіс. Мысалы, zıatker (зиаткер), qıamet (қиамет), aldıar (алдиар) деп жазылады. Демек, бұрынғы «я» орнында «а» көрінеді.
Сөз соңында кездесетін я-ға байланысты емле де нақ осындай болуы тиіс. Мысалы, мия – mıa (миа), автономия – avtonomıa (автономиа), биология – bıologıa (биологиа), химия – hımıa (химиа) Әсия – Ásıa (Әсиа).
Бильярд, коньяк, итальян, фортепьяно сияқты сөздерде «ь» белгісінің әсерінен я (йа) әрпіндегі «й» дауысты «и» қызметіне көшуі мүмкін. Мысалы, билиард – bılıard (би-ли-ард), италиан – ıtalıan (и-та-ли-ан), фортепиано – fortepıano (фор-те-пи-а-но).
Ю әрпінің таңбалануы. Жаңа әліпбиде бұл әріп жоқ. Дегенмен, осы әріппен таңбаланған сөздер өте көп. Ю – у-мен таңбаланғаны дұрыс.
Мысалы, парашют – parashýt (парашут), абсолют – absolýt (абсолут), плюс – plýs (плус), эксклюзив – eksklýziv (эксклузив), иллюзион – illýzion(иллузион). Сол сияқты брошюра – broshýra (брошура). Сол сияқты кию – киу, қию – қиу, ию – иу.
Бір буынды сөздерде «ю» орнына «йу» жазылғаны дұрыс. Мысалы, ою – ойу (о-йу), аю – айу (а-йу). Сондай-ақ «ь» белгісінен кейін келетін ю-дың орнына «йу» жазылғаны дұрыс. Мысалы: компьютер – компйутер (ком-пйу-тер).
Латын негізді әліпби бойынша орфографиялық сөздікке төмендегі жаңа сөздер енгізілгені дұрыс деп ойлаймыз.
СТ дыбыстар тіркесіне біткен сөздерге қосымшалар жалғанғанда түбірдегі соңғы дауыссыз түсіріліп жазылады. Энциклопедист – эн­циклопедис+тің, энциклопедис+і, ономаст – ономас+тың, ономас+ы, программист – программис+тің, программис+і, сепаратист – сепаратис+тің, сепаратис+і, эверест – эверес+тің, эверес+і.
ДЖ дыбыстар тіркесіне біткен, әр буынды сөздерге жіңішке қосымша жалғанады. Мысалы, картридж – картриджі, картриджге, колледж – колледжі, колледжге, коттедж – коттеджі, коттеджге.
РД дыбыстар тіркесіне біткен әр буынды сөздер қатары көбейді. Олар міндетті түрде толықтырылуы тиіс. Емлесі өзгермей сол қалпында қалғаны дұрыс. Мысалы, корд (кордқа, корды), сканворд, скейтборд, сноуборд, стюард.
Соңғы дауысты дыбысын түсіріп қалыптасқан газет, минут сөздерінің қатарына гардин (гардина), люверс (люверсы), жаккард (жаккарда) енгізілуі керек.
ЕР дыбыстар тіркесіне біткен әр буынды сөздерге жіңішке қосымша жалғанады. Мысалы, брокер, постер, байкер, миксер, шейкер, тинейджер, франчайзер, эдвайзер, бульдозер, гейзер, лазер.
НГ дыбыстар тіркесіне біткен әр буынды сөздер қатары толықты. Емлесі өзгермей сол қалпында қалғаны дұрыс. Мысалы мониторинг (мониторингісі, мониторингіге), пейджинг, ранг, рейтинг, роуминг, тренинг, серфинг, скрининг, сленг, смокинг, спарринг, стерлинг, фланг, франчайзинг, холдинг, хостинг, инжиниринг, кастинг, кикбоксинг, клиринг, консалтинг, лизинг, маркетинг, боулинг, брифинг, лифтинг, шейпинг, пилинг.
УС дыбыстар тіркесіне біткен әр буынды сөздерге жуан қосымша жалғанады. Мысалы, фикус (фикусқа, фикусы), фокус, цитрус, эогиппус, кампус, бонус, вирус, гипоталамус, модус, консенсус, корпус, минус, нотариус, радиус, ребус, силлабус.
ЕЖ дыбыстар тіркесіне біткен әр буынды сөздерге жіңішке қосымша жалғанады. Мысалы, кортеж (кортежге, кортежі), манеж.
ИЙ дыбыстар тіркесінен жасалған сөздер емлесі. Соңы ий-мен аяқталатын сөздер: таллий, фермий, цикорий, элювий, эпителий, алюминий, барий, ванадий, галлий, гелий, гербарий, гидроксоний, элювий. Жаңа әліпбиде «и» және «й» бір таңбамен (ı) берілгендіктен, қосақталған «и» мен «й» (ıı) орнына бір ғана «ı» жазылуы тиіс. Мысалы: tallı (tallıı емес), fermı, sıkorı, eliývı.
Қазақтың рухани құндылық­тарын, тілдің қазынасын танытатын көне ескіліктер жаңа әліпбимен дайындалатын сөздіктерде түгел қамтылуы тиіс. Ол үшін сөздіктерге енбей қалған этнографизмдерді жинақтап, олардың дұрыс жазылу жүйесін орфографиялық нормаға бейімдеп дайындау қажет.
Қазіргі таңда біріккен көне сөздер мен жаңа қолданыстағы сөздердің жазылуында орфография­лық ереженің жаңаруы байқалады. Ондай өзгерістерді профессор Қ.Күдеринованың «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» еңбегіне сүйену арқылы анықтауға болады. Мәселен, «той» сөзімен тіркесетін де, бірігетін де сөздер көбейді. Қазақтың этнографиялық мәні жоғары той сөзінің негізгі мағынасы – қазақ халқының мәдени өмірінде ерекше орын алатын адамның дүниеге келуі, үй болуы, түрлі қуанышты кезеңдерін атап өту дәстүріне сәйкес өткізілетін дүбірлі салтанатты жиын. Мысалы, сүндет той, үйлену тойы. Тойдың осындай бірнеше түрлері болғандықтан және ондағы той мағынасы салтанатты жиын мәнінде қолданылғандықтан аталмыш атаулар бөлек, тіркес күйінде жазылады. Ал енді қазіргі қолданыста тойдың екінші мағынасында қолданылатын, яғни айтулы дата, мерекелі, даталы күн мағынасында жұмсалатын сөздер қатары көбейді. Бұндай жағдайда тоймен тіркескен сөздер бірігіп жазылады. Мысалы, мерейтой, алтынтой, күмістой, қоныстой, т.б. Себебі бұл жерде тойға акцент берілмейді. Той негізгі мағынасында емес, бірінші сыңардың айтулы күн екенін білдіру мәнінде ғана жұмсалады. Себебі бұндағы тойлардың қызметі – ерекше күн екенін айқындау. Ал бесік тойдағы тойдың үйлену тойдағы тойдан қызметі де мәні де өзгеше. Бұл тойлардың әрқайсысының өзіне тән салты, дәстүрі, ырым-тыйымы бар. Санада сондай мазмұнда сақталады. Сол сияқты «ағаш» сөзімен де бірігіп, бөлек жазылатын сөздердің моделі осы айтылғандарға сәйкес келеді. Мәселен, көнеден келе жатқан иінағаш, мойынағаш (су таситын құрал), жерағаш (соқа), тісағаш (диқаншы құралы), атағаш (ат байлайтын мама ағаш), белағаштар (арба құралы) тұрмыстық қолданыстағы құралдардың атауы. Бастапқы мағынасынан айрылған, яғни кәдімді жайқалып өсіп тұратын өсімдік мәнінде емес, сол ағаштан жасалған құрал атауына айналған. Демек, бұл атаулардың бірінші сыңары қолданыс аясына қарай басымдыққа ие болып, екінші сыңарының мәнін көмескілендірген. Сондай-ақ әулиеағаш этнографизмі де осылардың қатарынан орын алады. Ал білік ағаш, жарма ағаш, ибей ағаш, өре ағаш, салтқы ағаш, сайғау ағаш, өсімтал ағаш, серу ағаш, сидам ағаш, шом ағаш, шынар ағаш сияқты тіркесті сөздердің бірінші сыңары ағаштың қасиетін, түрін, сипатын танытатын айқындауыштық қызмет атқарғандықтан бөлек жазылады.
Осылайша біріккен сөздердің ортақ бірігуші сыңарларының қатары көбейген сайын, бірге немесе бөлек жазылатын сөздердің моделін қайта қарастырып, жаңалап отыруға тура келеді. Себебі күннен-күнге тілімізге жаңа сөздер қосылып, көне сөздер жаңғыртылып жатыр. Ең бастысы, олардың жазылу моделін шатастырып алмау қажет.
Тілімізде салт-дәстүрлерге, кәде-жоралғыларға, ырым-тыйымдарға қатысты әлі де таныла қоймаған көне сөздер көп-ақ. Этнографизмдердің таңбалануын арнайы зерттеудің де ерекше мәні бар. Себебі көне атаулардың барлығы дерлік екі сөздің бірігуінен жасалған. Сондай-ақ сөз тудырушы жұрнақтар жалғануы (ар, ер: ізашар, атұстар, көйлектігер, т.б.) арқылы аталым сипатқа ие болады. Осы тұста да «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясына» сүйенуіміз қажет.
Бұқаралық ақпарат құралда­рында жиі қолданылатын, орфо­гра­фиялық сөздікте жоқ жаңа стереотиптік атаулар кең қолда­нысқа ие бола бастады. Мысалы, Бетсыдырғы – ат үсті қарау. Бүгінгі ұрпақтың бетсыдырғы білім мен өнерге атүсті жеңіл көзқарасына жаны қастығы хас шебердің бет-әлпетінен сезіледі. ( muslimamze.kz). Бозборан – алаңсыз. Қолдарындағы сәмбі талдың солқылдаған жас шыбығымен обал-сауапты ойламастан басы мен құлағын бозборан соққының астына алады (tattialma.kz). Нәзікжандылар – әйелдер. Елімізде нәзікжандылар басқаратын кәсіпорындардың қатары 28%-ға артты. Қарадомалақтар – қазақ балалары. Пеленің Отанынан оралған қарадомалақтар футболдың түрлі әдістерін жетік меңгеріп келді. («Жас қазақ» газеті, 20 мамыр 2015 ж.) Жаутаңкөздер – жетім. Жат елдегі жаутаңкөздер. Мысалы, америкалықтар 1999-2011 жылдар аралығында шетелдерден 233 мың 934 бала асырап алса, оның 6 мың 421-і – қазақстандық жаутаңкөздер! («Астана ақшамы» газеті, 14 наурыз 2015 ж.)
Аталмыш жаңа қолданыстағы сөздердің жазылуы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жаңа қолданыстағы атаулар мен емлесі қиын сөздерді жинау алдағы қауырт жұмыстардың бірі болып отыр. Емле ережелерін біріздендіру үшін қиын жазылатын төл сөздерді (ю, я, ш), кірме сөздерді (ё, ц, ч, ь), жарыс­палы (дублет) сөздерді, тіркесті сөздерді, біріккен сөздерді, қос сөздерді жинақтап, әрқайсысын жеке сөздік етіп шығару қажет.
Соңғы рет 2000 жылы профессор Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова авторлық бірлес­тігінде мектеп оқушыларына арналған «Емлесі қиын сөздер» еңбегі жарияланды. Осы еңбекте емле ережелері толықтай қамтылды. Дегенмен, арада 18 жыл өтті. Содан бері қазақтың жаңа төл атаулары қолданысқа енді, сөздік қор кірме сөздермен толықты. Олардың жазылуы да арнайы жаңа емле ережесін қажет етіп тұр. Сондықтан емле ережелерін жасауда тәжірибесі мол, ғылыми-теориялық білігі жоғары орфограф мамандар жасағаны дұрыс деп ойлаймын.

Айгүл ӘМІРБЕКОВА,
филология ғылымының кандидаты, Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық топтың мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Mihail Kazak

    Menińshe «Ana tili» gazetinde jańa emle erejeler úlgilerimen oqyrmandardy tanystyrýdy jón kórem, óıtkeni qazir áleýmettik jelilerde kóptegen adamdar qazaqsha latyn jazýyn qoldanatyn boldy. Myna maqala óte mańyzdy dep oılaımyn. Rahmet.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.