Дос

Алғашқы қар жауған күн. Бұл дүние осы аппақ қардай кіршіксіз таза болсашы, шіркін?!
Талай теперішті бастан өткерген Тоғжан жаңадан басталған жылға үлкен үмітпен қарап, ендігі жерде тыныш өмір сүрсек екен деп тіледі. Ұлы мен екі қызының болашағын ойлайды. Жүрегі сыздайды. Жаратылысында пысықтығы басым, епсекті, епті, қай-қай нәрсені де шырқ үйіріп ала жөнелетін ол болашақ серігімен дәл осылай өмір сүрем деп әсте ойламапты да.

Тәрбиеге көнбеген Тұрармен кез­дескеніне кейде өкінетін де. Онымен танысқан кезде де алғашқы қар жауып тұрған еді. Тұрармен кездейсоқ танысып қалды. Анасына салқын тиіп қалғандықтан дәріханаға келген болатын. Мұның асығыс кіргенін байқап, алдында тұрған қараторы, ұзын бойлы, өзі құралпытас жас жігіт бұған ысырылып орын берді. Тоғжан анасына қажетті дәрілерді сатып алып аялдамаға келді. Дәріханадан әлгі жігіт те шықты. Қасына келіп:
– Біреу-міреу ауырып қалып па еді? Жақыныңыз ба? – деп тіл қатты.
– Иә, анам ауырып қалған-ды, – деді.
– Қай ықшамауданда тұратын едіңіз?
– Қала шетіндегі жекеменшік үйлердің бірінде.
– Ол жақ қараңғылау ғой. Шығарып салайын, рұқсат па?
Өзі де кеш түсіп кеткенге қорқың­қырап тұрған Тоғжан:
– Асығыс болмасаңыз… – деп тіл қатты.
– Жо-жоқ. Үйіңізге жеткізіп салайын. Мен де сол маңда тұрамын.
Таныстық осылай басталды. Алғашқы күртік қар бас­қан сайын сықыр-сықыр етеді. Ойы сан-саққа жүгіреді. Ұлы Орынбасар биыл екінші сыныпта оқиды. Қыздары балабақшада.
…Телефон шыр етті. Айық­тыр­ғыштан. «Жолдасыңызды жинап алыңыз» деді аржағынан гүрілдеген еркек даусы. «Ол қазір менімен бірге тұр­майды. Оны білмеймін, білгім де келмейді. Айыбына төлейтін ақшам да жоқ».
– Сізден басқа әке-шешесі, бауырла­рының телефоны бар ма?
Бұл трубканы тастап жіберді. Қайтып мазалаған жоқ. Әлгінде оны «Білмеймін, білгім де келмейді» деді. Ол болса балаларының әкесі. «Білгім де келмейді» дегені әбден шаршағандығы шығар. Тағы да телефон безілдеп қоя берді. «Әлгі айықтырғыштағылар ма екен?! Әй, соға берсін, көтермеймін» деп ойлап алды да, – Қой, мүмкін шаруасы бар басқа біреулер шығар. Нем кетіп жатыр, – деген ол телефонға қол созды.
– Алло, тыңдап тұрмын.
– Саламатсыз ба? Тұрардың үйі ме екен?
– Жоқ! Ә, иә, болған, – деді бұл сасқалақтап.
– Сіз Тоғжан емессіз бе?
– Иә, Тоғжанмын. Кім болды екен?
– Ә, Тоғжан қалайсыздар? Амансыздар ма? Танымай жатқан боларсыз. Есімім Ерік.Тұрардың әскерде бірге болған жолдасы едім.
– Ә, Ерік. Сіз, сіз, иә-иә. Тұрар ­ау­зы­нан тастамай айтатын-ды. Тойға ша­қырдым, келмеді деп те жүретін, мекен-жайы әлде-өзгеріп кетті ме екен деп.
– Иә, сол Ерік дегеніңіз мен болам. Айыбым бар. Мойындаймын. Диплом алған себептен тойға келе алмадым. Енді әдейілеп іздеп келіп тұрмын. Әрі қосымша бітіретін шаруаларым да бар еді. Иә, сонымен амансыздар ғой. Тұрар қайда? Соны айтшы.
Күмілжіңкіреп қалған Тоғжан не айтарын білмей сасқалақтап, бір жылдан бері бірге тұрмайтынымызды айтсам ба екен, әлде әліптің артын бағып, тоқтай тұрайын, кейін де біле жатар деп:
– Тұрар қазір үйде жоқ еді… – деді.
– Алысқа шығып кеткен жоқ па, қалада ма? Мекен-жай қалай? Сол тойда жіберген тұрақтан өзгерген жоқсыңдар ма? Мен вокзалда тұр едім. Жаңылыспасам балаларыңыз, Құдайға шүкір, үшеу ғой. Көп базарлығым жоқ. Дегенмен, қазір тауып жетемін.
– Иә, мекен-жай бұрынғыша ғой. Әлгі… – дей бергенше:
– Ал жарайды ендеше. Әлден соң жетемін. Тұрар хабарласып жатса, тез жетсін де, – деп телефонды қоя салды.
«Енді қайттім? Не бетімді айтамын? Досының алып-ұшып жеткен сағынышы су сепкендей басылатын болды-ау. Біздің антұрғанды айтсаңшы, айықтырғышта жатқан. Қой мен оны жинап алып келейін» деген ойға бекінді. Балаларына әкесін алып қайтатынын, қазір үйге әкелерінің ең жақын досы келетінін ескертіп, шығып кетті. Айықтырғышқа келіп, айыбын төлеп, Тұрарды алып шықты.
– Балалар аман ба? Мен біткен адаммын ғой. Мені іздемейтін едің? Біз үйге келе жатырмыз ба? – деп сөйлеп келе жатыр.
– Осы ішкіштігіңді қойсаң ғой, анау ел қатарлы өмір сүрер едік. Біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей. Қазір үйге жүресің, үйде сені біреу күтіп отыр.
– Ол кім?
– Барғасын көресің.
Әңгіме осы арадан әріге бармады. Тоғжан еріксіз үстіне көз салып қояды. Азың­қырап кетіпті. Әке-шешесі де шарша­ған шығар. Бұрын өзімен бірге тұрғанда қанша ішіп келсе де, ертесіне таза киім­дерін кигізіп, мұнтаздай етіп қоятын. Өзіне-өзі қылып жүрген жан ғой. Үйге келді. Есікті ашып қалғанда қарсы алдында тұрған Ерікті көріп, құшақтай кетті.
– Бармысың, бауырым!
– Армысың, арысым!
Балалары анадай жерде тұр. Ең кіш­кентай үш жасар Бағила шыдай алмай:
– Папа, – деп құлдыраңдай жүгірді.
– Бағилашым!
Тоғжан еріксіз көзіне жас алды. Екі дос көпке дейін құшағын жазбады. Ерік барлық мән-жайға қанық болды.
– Ал осындай бір дертке шал­дықтым. Арақтың артына шам алып түсіп қуып келем. Мені бұл дерттен құтқар, досым. Тіпті әлім келер емес. Отбасының да шырқы бұзылды. Көбіне балаларымды, әсіресе Бағилашымды сағынып, күйініп те ішемін. Неге? Бәріне өзім ғой кінәлі. Осыған неге үйір болдым? Осыдан арылуға ерік-жігерім жетпейді. Ерік үнсіз ойланып отырып, бір кезде:
– Бәрін де түсініп отырмын. Тү­ріңе қарасам, баяғы Тұрар емессің. Бірақ өз-өзіңді тәрбиелеу қо­лыңда ғой. Мен саған үлкен бір ша­руамен келдім. Енді өзімнің жағ­дайымды хабардар етейін. Қазір сол Жаңақалада бір құрылыс компания­сын басқарамын. Кәсіпкерлікті дамытып соның жолына түстік. Менің мақсатым осы қаладан да өзімнің компаниямның бір филиалын ашу. Оны саған тапсырғалы келдім. Арақты қоясың, оны ұмытасың. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, мен саған шамам келгенше осы кәсіпкерлікті дамыту жолдарын, игілікті іс тәсілдерін халық қажетіне асыру бағытын үйретемін. Үшіншіден, филиалдың басқарушысы өзің боласың. Ол қолыңнан келеді. Соған сенімдімін. Ал, ең бастысы, от­басыңмен қайтадан табысатын бол. Содан соң іске. Бабамыз айтады ғой «Көз – қорқақ, қол – батыр» деп. Іске кірісетін болсаң, қолды бер.
Сол серт, сол уәде Тұрарды құлап бара жатқан шыңыраудан суырып алғандай әсерде қалдырды. Оянды, сілкінді, жан-жағына қарады. Досының ықпалы, артқан сенімі оған қатты әсер етті. Ерік өз қа­ла­сына алып кетіп, елімен, жерімен, доста­ры­мен, жұмыс бағытымен таныстырды. Тұрар­дың өмірге көзқарасы өзгерді. Сана­дағы сілкініс оны, тіпті басқаша қып жіберді. Балаларымен, жан-жарымен қайта табысты.
Аппақ қар! Қолтығынан демеген Тұрар Тоғжанды бір кезде жерден көтеріп алды. Дүние шыр көбелек айналып бара жатты… Ал аяқ астында аппақ қар сықыр-сықыр етеді.

Дина ҚҰСПАНОВА
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.