Дәулескердің домбыралары

Дарынымен жұртты тамсандырып, көпке үлгі болған адамдардың өмірі мен өнері туралы ел ішінде аңыздар көп. Сондай аты аңызға айналып, Қазақстан мен Орта Азияға жыр-толғаулары, саз-мақамдары кеңінен жайылған жыраулардың бірі – Наурызбек Нұржаубайұлы Раманқұлов (1931-1994). Әйгілі жыраудың жыршылық шеберлігі, оның репертуары жайындағы небір қызықты әңгімелер ел ішінде әлі айтылып келеді. Әлбетте, халқының құрметіне бөленген айтулы адамдардың соңына қалдырған мұралары, бұл пәниде тұтынған дүниелері кейінгі ұрпақ үшін қашан да құнды. 

Жыршыны алға сүйреп, шабытына шабыт қосатын, біріншіден, тыңдаушысы болса, екіншіден, оның домбырасы. Нағыз өнерпаз өзінің қолындағы аспабын қадірлеп ұстайды. Жыраулар мен ақындардың өз домбыраларын қадірлеп, мақтап айтқан өлең-толғаулары – бұған дәлел. ­Наурызбек жырау да өзінің жасынан жолдасы болған домбырасына арнап шығарған «Домбырамен сырласу» ­деген толғауында:
«Қолыма алған домбыра,
Келатқан жастан жолдасым.
Көптен бергі сырласым.
Ғасырдан өтіп ғасырға,
Өскен елге куәсің.
Беліңді буып пернемен,
Қапталымда тұрасың.
Бауырыңда екі жол жатыр,
Шеті жоқ ұзақ тұңғиық,
Ағып жатқан арнасың.
Төбеңде екі құлақ бар,
Қарауылдап тұрғандай,
Адастырмай жолға саласың.
Алқымыңда шайтан тиегің,
Бұл да өзіңнің тірегің.
Ол болмаса орнында,
Білдірмейсің байлықтың
Ағып жатқан дерегін.
Соған беріп қойғандай,
Дүнияның белді бөлегін…» деп, домбыраның ішегі, тиегі, құлағы тәрізді бөлшектерін жеке-дара суреттей отырып, киелі домбыраның бар қадір-қасиеті туралы терең толғаған.
Нәукеңнің үш домбырасы бар. Үш домбырасы үш ұлының шаңырағында көздің қарашығындай сақтаулы тұр.
Әуелгі домбырасының Нәукеңнің қолына түсу тарихы қызық. ­Наурызбек – Бесқалаға танылған Төртқара Оразбай жыраудың туған жиені. ­Наурызбекке жыршылық өнер нағашылар жағынан келген деседі. Оның жырға енді ықыласы ауып жүрген кезі екен. Оразбайдың әйелі босанып, соған Наурызбектің анасы Айсұлу қалжа апарады. Оразбай жырау үйіне келген қарындасынан сол кездегі дәстүр бойынша қалауын сұрайды. Сонда Айсұлу анамыз тұрып: «Наурызбек жиенің ән-жырға әуестеніп жүр еді, домбыраңды сұрай келдім» дейді. Өмір бойы жолдасы болған домбырасын кімнің бергісі келсін, «Ол домбыра несібемді тауып жеуіме, Оразбай жырау деген атқа ие болуыма себепкер болған домбырам еді, көзім қиып қалай берейін?! Жараулы жүйрік атым бар, соны ал, болмаса, басқа қалауыңды айт, домбырамды бере алмаспын» деген көрінеді. Сонда Айсұлу қарындасы: «Іші боқты, сырты түкті мал дегенің кімде жоқ, жиеніңнің ықыласы кетіп, сұратып жібергені домбыра еді» деп, кетпек болады. Оразбай жырау сәл ойланып: «Мейлі, қалауың болсын, домбыраны бердім, көзімнің қарашығындай сақтасын» деп, бала Наурызбекке өзінің домбырасын беріп жібереді. Көпті көрген жасы үлкендердің айтуынан бізге жеткен әңгімелерге қарағанда, Оразбай жырау да бұл домбыраны бір жырау нағашысынан алып қалған екен. Сөйтіп, нағашылардың қолынан ­жиендерге өтіп әріден келе жатқан көне домбыра Наурызбек жыраудың қолына осылай түседі. Екі ғасырлық тарихы бар құнды жәдігер қазір жыраудың ортаншы баласы Абайдың шаңырағында сақтаулы.
Екіншісі – жырау боп атқа қонғалы ұстап келген, өмір бойы серік болған домбырасы. Ол домбыраның құрылысы басқа көп домбыралардан бөлек. Нәукең ол домбырасын Хожелі қаласында өмір сүрген, Бесқала өңіріндегі Қайролла Иманғалиев, ­Алдаберген Тасқынбайұлы, Өсербай Сәрсенбайұлы сияқты көптеген айтулы ақын-жырауларға домбыра жасаумен аты шыққан Сұлтан шеберге арнайы тапсырыспен жасатыпты. Домбыраның жасалуы да ерекше. Өзі ойма домбыра болғанымен, шанағы бірнеше бөлікке қырланғандықтан сырт көрінісі құрама домбыра тәрізді көрінеді. Бұл домбыра ұстасының шеберлігін аңғартады. Ал шанағынан сәл жоғарырақ жер мен сабының арасына бұрандалы темір орнатылған. Осы жерінен домбыра екіге бөлініп, алыс сапарларға шыққанда сөмкеге салып жүруге ыңғайлы болған.
Ал үшінші домбырасы ­жайын­да айтар болсақ, оны әйгілі әнші, Қазақстанның халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев ­Наурызбекке сыйға тартыпты. 1972 жылдың көктемінде Наурызбек жырау үлкен ұлы Қабылды сүндетке отырғызғанда арғы жағы Түркіменстан, Хиуа, Үргеніш, Қазақстаннан арнайы қонақтар шақырып, Бесқаланың халқын жинап, ұлан-асыр той жасайды. Наурызбектің шаңырағында болып жатқан қуанышқа сонау Алматыдан қазақтың бұлбұл әншісі Ғарекең мен айтулы домбырашысы Әзидолла Есқалиев келеді. Осы тойда Ғарекең Наурызбек жыраумен танысып, оның өнеріне ырза болады. Сол таныстық достыққа, сыйластыққа ұласыпты. Кейіннен Ғарекең Алматыдағы атақты музыка аспабын жасаушы шебер ­Эммануель Романенко (1903-1970) жасаған домбыралардың бірін Нәукеңе беріп жібереді. Ғарифолла мен Наурызбектей ән-жыр дүлдүлдерінің таныстық-достықтарының куәсіндей болған сол домбыра бүгінде жыраудың үлкен ұлы Қабылдың шаңырағында.
«…Шығасың бірдей көңілден,
Көңіл жоқ сенен түңілген.
Ән менен толғау, күй шіркін,
Бауырыңнан төгілген.
Шырқаған әнге қосылып,
Күмбірлесең қолымда,
Тас бауырлар еріген.
Жолдас болып келесің,
Алуан жүйрік шебермен.
Тиегің менен екі ішек,
Қос құлақпенен теңделген.
Талай сал мен серілер,
Ат үстінен ән салып,
Алдына сені өңгерген.
Атақты әнші, күйшілер,
Өзімен сені тең көрген.
Жолдасым деп домбырам,
Айтпаған екен бекерден» деп жырлаған Наурызбек жырау қай домбырасын болса да өте қастерлеп, ұқыптап ұстаған. Кезінде бұл домбыраларды Алматыдағы Халық музыкалық аспаптары мұражайының қызметкерлері сұрап келгенде жыраудың зайыбы Зиба әжеміз балаларына: «Әкелеріңнен қалған мұра ғой, өз шаңырақтарыңның төрінде тұрсын» депті.
Нәукеңнің жыраулығынан бөлек, сурет салатын, ағаштан домбыра ойып жасайтын өнері де болған. Ертеректе өз қолымен жасаған домбыраларының біреуін үлкен қызы Базардан туған ­Баймырза дейтін жиеніне тарту етіпті. Ол домбыра күні бүгінге дейін сақтаулы. Домбыраларының ішінде жырауға ең көп серік болғаны Сұлтан шеберге өзі жасатқан домбырасы екен. Бұл домбыра талай таңды атыра жырлаған жыраудың жырына қырық жылдан астам уақыт бойы қапталдаса үн қосып, алқалаған тыңдаушыларының мейірін қандырды.

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық
консерваториясының оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.