ЖҮРЕГІ ДАРХАН ЖҰМАБЕК

Ахаң мен Жақаңның еліндегі жақсы-жайсаңдардың алтын сынығы – Жұмабекпен Қайыңды дейтін қазақтың бір құтты жерінде дүниеге келсем де, бала кезімізде екеуміз бірге ойнап, бірге мектепке бара алмадық. Сәби шағымда әке-шешем Сарыторғай ауылының Сарыбас елді мекеніне көшіп кетті де, сол жақта есейіп-ержеттім. Кейін Байсақал, Маятас бөлімшелеріне қоныс аударып, 9-сыныпты Екідің, 10-сыныпты Амантоғай ауылдарында аяқтап, сол жақта алғашқы еңбек жолымды комсомол – жастар бригадасында бастадым. Оқушы кезімнен аудандық, облыстық газетке мақала, өлең жазып жүргендіктен, қолына қалам ұстаған жастардың көбін сырттай жақсы танитынмын, кейбірімен хат алысып, достасып та кеткенмін. Жұмабекпен де солай жас шағымнан сыйласып, сырластым.
Сол күндердің бірінде Сейіт аға Кенжеахметұлы мені Амантоғай ауылына іздеп келіп, бір топ өлеңдерімді алып кеткен еді. Көп ұзамай облыстық «Торғай таңы» газетінің төртінші бетінде «Жауқазын» айдарымен жырларым газет редакциясының алғы сөзімен жарық көрді. Көп ұзамай газет редакциясына жұмысқа қабылдандым.

Бірде облыстық газетте Жұмабектің жарқ етіп новелласы жарияланды. Бұл біз тәрізді жас талапкерлерге үлкен ой салды. Бәріміз таң-тамаша қалдық. Жігіттер мені «Досыңның новелласы шығыпты» деп құттықтап та жатыр. «Жаспын деп жүрексінбей Жұмабек новелла жазып отыр ғой, мен неге көркем әңгіме жазып көрмеймін?!» деп түні бойы қатты толқыдым да, ең әуелі, үйдегі апамның сандығынан табылған қырғыздардың «Алатау» журналындағы Шыңғыс Айтматовтың «Әкеден қалған тұяқ» деген әңгімесін қырғыз тілінен қазақшаға аударып, әңгіме жазуға «машықтанғым» келді. Ал керек болса…
Аудармам ұнаған болар, газет редакторы Мырзабай Кеңбейілов тездете оқып шықты да сол күнгі газет нөміріне салды да жіберді. Бұл маған үлкен қанат бітірді. Сот, прокуратурада қаралған қылмыстық істердің хаттамаларын, аяқталған істерін алып детектив тақырыбында әңгімелер де жазып, махаббат туралы да мөлтек сырларды газет бетінде жариялай бастадым. Кейін соны Жүкеңе айтып: «Мені жазушы қылған сенің новеллаң» дегенімде, досым жай жымиып күлді де: «Классик жазушылардың бәрі шебер қаламгер болып туа салмаған ғой. Тіпті кейбірінің әңгімелерін де көпке дейін газет-журналдар баспаған» деп, Джек Лондон, Оноре де Бальзак тәрізді жазушылардың өмірінен қызықты оқиғаларды айтып берді. Мен енді әлгі жазушылардың кітаптарын іздеп тауып, оқып шықтым. Сосын «Ол мұның бәрін қайдан біледі?» деп тағы да ойға қалдым. Жүкеңнің әңгімесінің әсері ме, сол күннен бастап көп уақытым қалың-қалың кітаптарды оқуға кететін болды.
Жұмабек университетке оқуға түсіп, студент болып жүргенде де хабарласып тұрдық. Университетте сырттай оқығанымда ол мені іздеп тауып, үйінде қонақ еткен. Қай оқытушыдан сынақ тапсыра алмай жүргенімді тәптіштеп тұрып сұрайтын. Өзімдей ауыл баласының университетте де жақсы оқып, үлгілі студент, қалалық Кеңестің депутаты болғанын білетіндіктен, көмек сұрауға намыстанып, оқытушылармен өзім тіл табысып, арып-ашып курстан-курсқа көшетінмін. Иә, менің мұндай өз күшіме ғана сеніп, тірлік жасауыма да игі ықпалын тигізген Жұмабек досым болды. Әйтеуір, сыйласып араласқан, «Халық кеңесі» газетінде бірге жұмыс істеген жылдары Жүкеңнің еңбекқорлығы мен туған-туыс, жерлестеріне, жалпы барлық замандастарына қамқорлығы, ешкімді жамандап өсектемейтіні, ең бастысы, еш басшыға жағымпазданбайтыны бізге, бірқатар әріптестеріне үлкен үлгі-өнеге мектебі болғаны рас. Шынымды айтсам, мен уақытпен санаспай күндіз-түні тапжылмай жұмыс істеуді Жұмабек пен Жанболат ағадан үйрендім. Журналистика – Жұмабектің барлық ғұмырының мәні де, маңызы да еді.
Жұмабекті жүз жасаған анам Шекер өте қатты жақсы көретін. «Ұлмекеннің баласы ғой. Шешесі Құдай берген жақсы адам болатын, он төрт бала тауып, асырап ержеткізді. Ауылда бірге тұрғанда бір үзім нанды бірге бөліп жеген аяулы абысыным еді ғой» деп үнемі есіне алып, айтып отыратын. Апам жүзге жетіп, мұнан екі жыл бұрын қайтыс болды. Жұмабек үйге келмей кетсе: «Сен Жұмабекті ренжітіп алған жоқсың ба, үйге келмегеніне көп болды ғой» деп сұрақтың астына алатын. Сонда: «Апа, Жұмабекті ренжітуге адам баласының дәті барар ма екен?» деп шешемнің алдында талай рет шыр-пыр болғаным да есімде.
Жүкеңнің осындай өте қарапайым­дылығын көрген кейбір басшылар маған талай рет: «Жұмабек неге соншама қарапайым? Астанадан, облыстан Бас редактор түгілі, жай тілші келсе де құрметтеп қарсы аламыз ғой» деп қоятын. Мен не дейін, «Жұмабек – Аяз би, Лұқпан хакім тәрізді халыққа қамқор, қарапайым басшылардың соңғы тұяғы» деп әзілдей жауап беретінмін. Осы әңгімеден соң бәріміз де біртүрлі күліп, мәз-мәйрам болатынбыз. Әрине, мұндай қарапайым болу – кісіліктен, отбасында алған тәлім-тәрбиеден екені ақиқат. Жұмабектің әкесі мен шешесі де өте қарапайым жандар болды. «Біздің баламыз ­Парламент газетінің Бас редакторы» деп кеңшар, аудан басшыларына ешқандай шаруа да айтпай өмірден өтті. Оған бір мысал:
…Бір күні кешкілік үйге телефон соғылды. Тұтқаны көтерсем, Жұмабектің қайыңдылық бір туысқаны екен. Жұмабектің ауылдағы шешесінің қатты ауырып ауруханаға түскенін, палатада орын жоқ деп дәліздегі кереуетке жатқызып қойғанын айтты. Мен оған: «Неге күндіз телефон соқпадыңыз?» деп қатты ренжідім де, түні бойы таныс дәрігерлеріме телефон соғып, ауруханада неше бос орынның барын, оны кімдерге сақтап отырғанын біліп алдым. Таңертең аурухананың бас дәрігеріне барып Ұлмекен апаның «Батыр ана» екенін айтып, жақсы бір орынға орналастыруын өтініп едім, ол: «Орын жоқ» деп сылтау айтты. Сонан соң шыдай алмай ауруханада неше орынның бос екенін білетінімді жайып салған едім, оған да міз бақпады. Сірә, соған ашуландым ба, дәлізде жатқан әйелдің ұлы үлкен бір газеттің бас редакторы, өзімнің оның меншікті тілшісі екенімді айтып, тағы да «Көмектесіңіз» дедім. Сол сол-ақ екен, бас дәрігер орнынан ұшып тұрды да, мені соңынан ілестіре палатаға тартты. Келе сала: «Бұл кісіні неге бос орынға жазқызбағансыңдар?» деп айғайға басып, әп-сәтте Ұлмекен апаны өз қолымен жайлы орынға орналастырды. Дәрігерлер де зыр жүгіріп, сырқат ананы күтімге алды. (Алайда мен мұны Жүкеңе айтқан жоқпын).
Дереу бас дәрігердің кабинетінен Алматыдағы Жүкеңе телефон соғып, анасының ауруханаға түсіп қалғанын, жағдайының ауыр екенін жасырмай хабарладым. Ертеңіне Жүкең ұшақпен Арқалыққа келіп, анасымен жолықты. Дәрігерлер ота жасауға қорқатынын, өйткені әлсіреген ағзаның оны көтере алмайтынын айтты. Жүкең маған облыстағы ең атақты хирург Асқар Байжұмановпен сөйлескісі ке­летінін білдірді. Мен Асекеңе телефон соғып, таңертең ерте үйіне барып кездесіп, әңгі­мелестік те, ауруханаға бардық. Ол сыр­қаттың барлық жағдайымен танысып, «Апаң ауруын асқындырып алған. Ота жаса десеңіз жасайын, алайда одан кейін көпке ұзамайды…» деп шындықты жасырмай бетке айтты. Анасының санаулы күндік өмірі қалғанын естігенде Жүкеңнің жанарынан қос тамшы жерге үзіліп түсті. Бірақ бойын тез жинап алды да: «Мақа, апамды ауылдағы үйге апарайық» деді. Мен автокөлік тауып, Ұлмекен апаның қасына шешемді отырғызып, Қайыңды ауылына дереу жүріп кеттік. Ол кезде шешемнің күш-қуаты бойынан қайтпаған шағы, бірнеше күн Ұлмекен ананы күтіп, бағып, қасынан шықпады. Кейін Жүкең менімен кездескен сайын соны есіне алып маған да, апама да талай рет рақметін де айтқан еді… Қайран дүние-ай…
Әкесі мен шешесін жерлеп, бастарын қарайтқаннан кейін Жұмабек ұлы атасы Жалмағамбеттің бейітін тауып, басын қарайтуға ниеттенді. Арқалыққа келген бір сапарында біз Сарыторғай ауылына барып, көненің көзі Көшекбай Оспанов ақсақалмен кездестік. Ағамыз сәл шаршаңқырап қалыпты. Жұмабек «Бізбен бірге автокөлікке отырып, Жалмағамбет атамның жерленген орнын көрсетсеңіз» деп өтініш айтуға бата алмады. Қарияны аяп маған: «Кейін тағы бір келіп кетерміз» деді. Мен ақырын ғана: «Көріп отырсың ғой әлі жүріп, тұра алады. Ертең сен келгенше бұл кісі тірі бола ма, болмай ма, оны бір Алла ғана біледі. Әдейі келген соң атамыздың жерленген жерін көріп қайтайық» дедім. Көшекең біздің әңгімемізді түсінді-ау деймін: «Машиналарың жайлы болса, Жалмағамбеттің басына барып қайтайық» деді. Мен Жүкеңнен бұрын: «Аға, астыңызға қалың көрпеше төсеп, жайлап жүріп отырып апарамыз. Автокөлігіміз өте жайлы, жақсы» деп айтып қалдым. Жүкең ағасынан қысылды ма, әлде ол кісінің ризашылығына қуанды ма, әлде көп үндей қоймайтын менің сөзшең болып кеткенімді қызық көрді ме, күліп жіберді де, жолға жиналды. Көшекбай ағаның көрсеткен маңайынан адам жерленгенін байқататын еш белгіні таба алмай ойға түсіп келе жатқанымызда, қалың топырақ астынан бір тастың шеті қылтиып тұрғанын байқадық. Бұл аймақта мұндай тастарды көрмегендіктен, жан-жағын қаза бастап едік, құлпытас болып шықты. Жалма-жан сумен жуып, сүрткенімізде қашап жазылған жазуы көрінді. Көшекбай аға жерге тізерлеп отыра қалып, ежелеп оқи бастады. Құлпытас Жалмағамбет атамызға қойылыпты, бәріміз де мәз-мәйрам болып қуанғанымызда Көшекбай аға «Фатиха», «Ықылас» сүрелерін мақамдап оқи жөнелді. Отыра қалып, қол жайдық. Жүкең: «Мақа, мына жерді ұмытпа. Кейін осында келіп, атамыздың басына бейіт тұрғызатын боламыз» деді. Содан бұл істі аяқтауға бауырымның қолы тимеді. Қайтыс боларының алдында Жүкең үйге келіп, одан зейнеткерлік демалысқа шығуға дайындалып жүргенін естігенімде іштей: «Енді атасына там салуға уақыты болатын шығар» деп те ойлағанмын. Сөйтсем, бұл істі аяқтау ұлы Дастанға бұйырыпты…
Жұмабек ерекше бауырмал еді. Ауылдағы іні-қарындастарын тегіс жанына алып, аяқтарынан нық басып кетуіне көп көмек­тесті. Әттең, үш інісі, екі қарындасы ерте қайтыс болып, қатты қиналып қалды. Ең ғажабы, әке-шешесі, іні, қарындастары – бар­лығы жеті адамды жерлеп, асын, қырқын, жылын берсе де, өзінің қаншалықты қинал­ғанын ешкімге білдірген жоқ. Сонда біз Жұмабек қайғыдан ауырып қалмаса екен деп тіледік.
Туған-туысқа құрмет көрсету – Жұмабек­тің бір ізгі қасиеті еді. Алматыдан Арқалыққа келген сайын нағашысы Смағұл ағаның сұратқан «дефицит» дәрілерін іздейтін. Тоқса­ныншы жылдары асқазанға шипалы шырғанақ майы тәрізді дәрілердің қат кезі, дәріханаларда сатылмайды. Менің жездем Нұрлыбек облыстық дәрі-дәрмек басқармасының қойма меңгерушісі. Жүкең келердің алдында шырғанақ майының екі-үш құтысын алып қоямын. Соған ол қатты қуанады. Мені өзімен бірге ертіп нағашысының үйіне алып барады. Қорасы қойға толы ауыл қазағының қонақ келсе, мал союға тұра жүгіретін әдеті ғой. Жүкең: «Асығыспыз, шай ішеміз де кетеміз» деп, оларды тоқтатады да, үйден ұзасымен маған «Торғай өзеніне барайық» дейді. Суға түсіп, өзен жағасындағы құмға қыздырынып жатқанымызда Жүкеңнің айтатыны: «Осылай туған жердің суына шомылып, құмына аунағаннан артық курорт бар ма. Жазда бір демалыс алып, ауылға келіп, қымыз ішіп, Мақа, осылай бір демалайықшы, ә?». Әрине, бұл оның ойы ғана. Бәрібір жұмыстан шыға алмайды. Соны білгендіктен, жымиямын да қоямын.
Республикалық «Халық кеңесі» газетінде менің Торғай облысындағы басшылардың былығы туралы «Алпауыттар» атты ма­қалам шыққанында жергілікті биліктен қатты қысым көрдім. Облыстық, аудандық газет­тердегі кейбір редакторсымақтар маған қарсы ұйымдастырылған мақалаларды жариялап, облыс басшылары «Халық кеңесі» газетіне: «Мақсұтбек Сүлеймен енді Сіздердің газеттеріңіздің Торғай облысындағы меншікті тілшісі болып қала алмайды» деп те ресми түрде хат жазғанында Жұмабек мені заң жүзінде қорғап, ешқандай айыбым жоғын дәлелдеп, үлкен азаматтық танытты. Сол кезде маған қорған болған семейлік ҚР Парламентінің депутаты Александр Княгинин мен торғайлық Дүйсенбай Тұяқбаевқа және Жұмабек Кенжалинге мәңгілік ризамын.

Жиналыста, басшылардың алдында Жүкеңнің өзін қалай ұстайтынын, нендей әңгіме айтатынын жақсы білетіндіктен, ол Қайыңды ­ауылына келіп, бірге өсіп, бірге оқыған құрбы-құрдас, достарының ортасына түскенінде мен оны танымай қалатынмын. Жігіттер Жүкеңнің келгенін сылтауратып, арнайы дастарқан жайып, мәз-майрам болып, ашық-жарқын әңгіме айтылатын-ды. Жүкеңнің «Әуре болмаңдар, шай ішіп қана шығамыз» деген сөзін де ешкім тыңдамай, қазанда ет асылып, үйге кластастар толатын. Мұндай у-шудан шаршап қалатын болды-ау деп алғашқыда уайымдайтынмын. Керісінше, Жүкеңнің өзін емін-еркін сезініп, желпініп қалғанын көргеннен кейін үндемейтін болдым. ­Жолай Жүкең: «Көрдің бе, ауылдың балаларының қандай екенін. Ешқандай қулық-сұмдықты біл­мейді. Асы да, ниеті де адал» деп дос­тарын мақтайтын. Және де ауылға келген сайын өзі оқыған мектепке кіріп-шығатын әдеті бар. Мұғалімдер оны жібермей, үзіліске дейін ұстап, бірге суретке түседі. Айта берсем, әңгіме көп. Алла Тағала қуат берсе, кейін соның бәрін жазып та шығармын-ау…
Торғай облысының әкімі болған Жақан Қосабаев қызметінен босатылып, жұмыстан кеткелі жатқанда іс-сапармен Жұмабек Ар­қалыққа келді. Мән-жайды менен естіп білісімен, барлық жұмысын жиып қойып: «Жүр, Жәкеңе кіріп шығайық. Әкім кезінде керек қылып, әкімдіктен түскенде керек қылмағанымыз ұят болады» деді. Жақан ағамыз екеуміздің сәлем беруге келгенімізге қатты қуанды, орнынан түскенін естісімен көп адамның өзінен сырт айналғанын да жасырмай айтып, мұңың шақты. Қоштасарда: «Мына меншікті тілшіңізге рақмет, мен басшы болғанда ешкімнің азғырған сөзіне еріп, ықпалына түскен жоқ. Қайта жақсы істерімізді асырып, облыс жаңалықтарын үзбей жариялап жатты» деді. Сыртқа шыққан соң Жүкең: «Мақа, басшылар келеді, кетеді. Елің қалады. «Торғай жаман», «Торғай жаман» деп жаза берсең – өзіңді жамандағаның. Бағытың дұрыс, жарайсың!» деді. Ежелгі әдетім бойынша, жымиып күлдім де қойдым. Сондағы Жүкеңнің айтқан достық ақыл-кеңесінің әсері ме, туған жерім – Торғайдың жақсылығы мен жарқын істерін көп көріп, ол туралы көп жазатын болдым.
Кезінде Торғайдың облыстық, аудан­дық газеттері Кейкі батыр туралы мақала жариялауға жүрексінгенде, 1990 жылы Қазақ теледидарының «Қазақстан» бағдарламасынан екі күн бойы арнайы хабар бердім. 1991 жылғы 25 шілдеде республикалық «Халық кеңесі» газетінде «Кейкі халық жауы ма?» деген мақала жарияладым. Содан бері 28 жыл бойы Кейкі батыр туралы газет-журнал беттерінде зерттеулерімді үзбей жариялап келемін. Ақиқатын айтсам, менің Кейкі батыр ғұмырын шығармашылық жұмысымның ең басты тақырыбы етіп алуыма Жұмабектің де ықпалы болды.
Республикалық газетте «Кейкі халық жауы ма?» деген алғашқы зерттеуім жарияланысымен, Алматыдан Жүкең телефон соқты: «Мақа, сенің Кейкі туралы мақалаңды Қоғабай Сәрсекеев дейтін жазушы ағаң оқып, саған қатты риза ­болып жатыр. Сен енді осы Кейкі батырды ­басты тақырыбың етіп ұстап, зерттеуіңді тастама. Сәл уақыт өткеннен кейін оған қайта оралып, мақала жаз. Кезінде «банды», «қарақшы» деп айып тағылған Кейкі батырға деген халықтың оңды көзқарасын қалыптастыру қажет» деді. Досымның сөзі маған қозғау салды, мінеки ­содан бері Кейкі батыр туралы жазудан жалыққан емеспін.
Әкеден жастай айрылғанымда асқар таудай панам болған асыл анам, 2016 жылы, одан кейін 2017 жылы ағайым қайтыс болып қабырғам қайысып жүргенінде жан дегенде жалғыз досым Жұмабек те көз жұмды. Жаманат хабарды кешкілік естідім. Ауладан сыртқа шығып келе жатқанымда ұялы телефоным шар ете қалды. Тыңдасам, Жұмабек өмірден өтіп кетіпті… Екі көзім қарауытып, жүрегім қатты сыздап, қара жерге қисайып отырып қалдым. Жұмабектің қазасы еріксіз егілтті… Есеңгіредім.
Сағындық… Сарғайдық… Сол бір ауыр күндердің артта қалғанына да жыл толыпты…

Мақсұтбек Сүлеймен,
ҚР Мәдениет саласының және
Ақпарат саласының үздігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Аноним

    ЖУМАБЕК агайдын жатқан жері жарық болсын! МАКСУТБЕКТЫН агай туралы еске алып жазған макаласын түгел окыдым. Мақалада аға ның өте КАРАПАЙЫМ,кышыпейыл,БАУЫРМАЛ, ЕЛЫН жерын сүйген азамат екены ТУРАЛЫ жазылған өте асерлы ары қызғылықты, тартымды жазылған. Рахмет айтам. Мен Калжан.

  2. Дастан

    «Ана тілі» газетінің редакциясы мен Мақсұтбек ағаға əкем туралы естелікті жақсы бергені үшін рахмет! Естелік əсерлі жазылған екен. Əкемнің жылдық асында жиналған жұрт «Ана тіліне» шыққан осы дүниенің жақсы жазылғанын айтты. Расымен де өте əсерлі шыққан.

  3. Гүлбаршын

    Студент кезімде өндірістік тəжірибеден өткенімде Жұмабек аға жетекшім болып еді. Сарыауыз балапан кезім, жазған мақаламды жөндем, қырнап əдемі дүние етіп шығарған. Тіпті бір -екі мақаланы мен қорытты деп ағалық қамқорлығын жасағаны əлі күнге есімде. Сыртынан тілеулес болып жүретінмін… Ұрпағы өсіп-өне берсін дейміз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.