«Елмұраның» тартуы

Ұлттық домбыра күні мен Астананың 20 жылдығына орай Алматыда «Үкілі домбыра» атты көрме ұйымдастырылды. Аталған шараның кермежібін жазушы Дүйсен Әмірхан, «Елмұра» компаниясының төрайымы Салтанат Өмірәлі, «Жанұя» балалар үйі директорының орынбасары Жазира Шәпиева қиды.

Шара барысында «Елмұра» ком­пания­сының шеберлері жасаған 30 домбыра Алматы облыстық №1 балалар үйі мен «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйға тартылды. Домбыраның қасиеті әп-сәтте балалардың жүзіне қуаныш ұялатып, жүректеріне нұр септі. Нәп-нәзік саусақтарымен домбыраның қос ішегінде еркін ойнап, күйден шашу шашты.
Балалардың мейірін қандырып, қамқорлықты сездірген шараның ұйымдастырушысы «Елмұра» ком­пания­сының төрайымы Салтанат Өмірәліні сөзге тарттық. «Халқы­мыздың ұлттық құндылығы, арман-тілегі, болмыс-бітімі, көңіл күйі барлығы осы домбырада жатыр. Домбыра арқылы біздің байлығымыз, қа­зынамыз ән-күй болып төгіліп, жан дүниемізді жібітеді. Елбасының Ұлттық домбыра күнін белгілегеніне қатты қуандық. Осы іс-шараны сол домбыра күнін қолдау мақсатында арнайы ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз – ұлттық мұрамызды дәріптеу, қам көңіл балалардың көңілін аулау. Ертең осы балалардың арасынан еліміздің атын әлемге танытатын шебер күйші шықпасына кім кепіл» дейді ұлт жанашыры, кәсіпкер С.Өмірәлі.
«Жанұя» балалар үйі директорының орынбасары Жазира Шәпиеваның айтуынша, балалар үйінде домбыра үйірмесі бар. Домбыраға қызығып, үйірмеге қатысушылар саны күн сайын артып келе жатқанын қуаныш­пен жеткізді. «Бізде бойында ауытқушы­лығы бар балалар ғой. Соған қарамастан бір жылдың ішінде үш күйді толық меңгеріп шықтық. Домбыраның қоғам­дағы алатын орнын сездіріп, ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру мақ­сатында жұмыс жүргізіп келеміз» деді Ж.Шәпиева.
Айналадағы топтың арасынан бірден көзге түскен сары балаға жақын­да­дық. Өзін Алматы облыстық №1 ба­лалар үйінің тәрбиеленушісімін деп таныстырған Артем Османов қазақтың ұлттық аспаптарын қадір тұтатынын, әсіресе сыйлыққа домбыра алғанын мақтанышпен жеткізді. «Өзіммен бірге тәрбиеленіп жатқан құрдасым күй тартып, күмбірлеткенде қатты қызығушы едім. Бүгін өзім де сыйлыққа домбыра алып, мәре-сәре болып жатырмын» деп, қолындағы домбыраны кеудесіне басып, көңілі бал-бұл жайнады.
Осылайша игі шараның басы-қасында болып, балалар үйінің тәр­биеленушілерінің қуанышына ортақ­тасып, көңіліміз марқайып қайтты. Домбыраның құлағында ойнамаса да, қазақтың қара домбырасының әуеніне елтіп, кеудесіне басқан баланың арман-тілегі орындалып, ойы ұшқыр боларына күмән жоқ.
Шара аясында отандық өнімдерді қолдап, нарыққа шығуына атсалысып жүрген «Елмұра» компаниясының ағаш, тері мен киіз өнімдерінен жасалған бұйымдары қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.