Дәстүрлі құндылықтар негізі

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Қоғам өміріне етене араласқан әр азамат ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтары мәселесінде де осы идеяларды басшылыққа алуы тиіс деп есептейтін болсақ, мәдениет – қоғамның стратегиялық саласы екені даусыз.

Ұлттық бірегейлікті сақтау, өзіндік қайталанбас ұлттық мәдениетті дамыту, жаһандану жағдайында жалпы ағымға ілесіп кетпеу мәдениетті сақтауға тікелей байланысты. Мәдениет – ұлттық бірегейліктің басты кепілі. Біз техногендік өркениеттің ағымына ілесіп, тұлғаның шексіз еркіндігін насихаттаймыз ба, әлде өз мәдениетімізді сақтап, белгілі бір деңгейде қоғамға бағынудың да қажеттілігін мойындаймыз ба? Бұл біздің таңдауымызға байланыс­ты. Қалай болғанда да біз өз дінімізден, мәдениетімізден бас тарта алмаймыз. Ал таңдау жаса­лынып та қойды. Бұл туралы біз мемлекеттің ресми құжаттарынан біле аламыз. Модернизация жағдайында үшінші жолды таңдау туралы ой Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарға қатысты Жолдауларында өз көрінісін тапты. Бұл, батыс пен шығыстың үздік үлгілерін басшылыққа алып, Қазақстанның оларға тәуелсіз, үшінші жолмен, яғни өз жолымен дамуы. Олай болса, жаһанданудың бір жақты әсерлеріне шектеу қойып, ұлттың өзегі болып табылатын отбасылық құн­ды­лық­тардың озық үлгілерін сақтауымыз қажет.
Қоғамды жаңғырту жағдайында тұлғаның еркіндігіне негізделген көз­қарас­­тардың таралуы, әлеуметтік инсти­тут­тардың мазмұны мен қызметінің өзгеру үрдісі байқалады. «Бұл өзгерістердің басты себебі қайда жатыр?» деген сұрақ әрбір азаматты толғандыратыны сөзсіз. Осы мәселелер төңірегінде ой бөліскенді жөн көрдік.
Қазіргі жағдайда даму деңгейі жо­ғары батыс мәдениетінің әсері ерекше сезіледі. Осының әсерімен дәстүрлі қазақ мәдениетінде тәрбиеленген адамдардың көзқарастары айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда.
Батыс өркениеті терең еңбек бөліні­сі­не, жоғары деңгейде дамыған нарық қаты­настарына негізделгендіктен, тұлға еркіндігінің орын алуы заңды нәрсе. Ал нарықтық қатынастардың қалып­тасуы адамдар арасындағы қарым-қаты­настардың да өзгеруіне әкелуде. Осы тұрғыда дәстүр мен жаңару арасын­дағы сабақтастық мәселесінің өзекті болып отырғандығын атап өтуге болады. Нарықтық ағыммен жүру ұжым­дық санаға негізделген ұлттық ділді толы­ғымен жойып жіберуге әкелуі ғажап емес. Бұл жағдай мәдениет пен өркениет қатынасына қатысты пікірталастарда тереңінен көрініс тауып келеді.
Ғылым мен технологияның дамы­ған ғасырында жаңарудың жете­гінде кетіп, дәстүрді ұмыту адамдар арасында мейірімділік пен жақындық­тың жоға­луына әкелуі сөзсіз. Дәстүрлер­ді сақтау адамдар еркіндігінің шексіз­ден­дірілуіне тоқтау салады. Сонымен қатар болашақ ұрпақтардың өз еліне, жеріне, Отанына, ата-анасына деген құрметін сақтауға, молайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі ажырасудың көбеюі­нің ең басты себептерінің бірі – қазақ мәдениетіндегі өмірге, адамға қа­тысты философиялық көзқа­рас­тар­дың біртіндеп өзгеріс­терге ұшырауы. Басқаша айтқанда, отбасының ұжым­дық құндылы­қтарынан тұлғаның жеке құндылығының жоғары тұратын жағдайының қалыптасуы. Мысал ретінде айтатын болсақ, мен үшін не маңызды деген сұрақпен қатар, менің отбасым, балаларым үшін не маңызды деген сұрақты жас ата-аналардың қоя білуі өте маңызды. Өйткені өз тәуелсіздігін, құқығын қорғау әрбір ата-ана үшін қандай маңызды болса, әке-шешесімен бірге өсу өмірге келген жас балалар үшін де сондай маңызды. Бұл жағдай жеке мүддені отбасының ортақ мүддесімен байланыстыра қарауды қалыптастырып, жыл сайын көбейіп келе жатқан толық емес отбасылардың санын азайтуға мүмкіндік берер еді.
Өзара серіктестік технологиясы кеңінен дамып келе жатқан қоғамда дәстүрлі қатынастарды қалай сақтап қалуға болады? Отбасы институтын сақтауға мүдделі қоғам, біздің ойымызша, мектеп, оқу орындары сияқты білім беру орталықтарында отбасы құндылықтарын мақсатты түрде оқытатын арнайы пәндерді көбейтуге жағдай жасауы қажет. Мұндай отбасы құндылығын қалыптастырудың түрлі аспектілерін қамтитын пәндерді оқытуға философтар, әлеуметтанушылар, әлеуметтік жұмыс­­керлер, психологтар, педагогтар тартылуы тиіс. Отбасын тану негіз­дерін мектептерде оқыту рухани ұлттық құнды­лықтарды өсіп келе жатқан жеткін­шек­тердің бойына сіңіріп өсуге жағдай жасайды. Бұл толық отбасын сақтаудың маңызды екендігін жастар санасына жеткізудің бірден-бір жолы болмақ.
Нарық жағдайында кәсіби деңгейді көтеру, терең сапалы білім алу көп уақытты ғана емес, сонымен қатар едәуір қаражатты жұмсауды талап етеді. Сондықтан да адамдар жеке басын жетілдіруге өздерінің күш-жігерлерін, өмірлерінің көп уақыттарын, жинаған қаражаттарын барынша жұмсайды. Осылайша, нарықтың талабына сай болу, тікелей отбасына қатысты жеке мәселелерді екінші реттік мәселеге айналдыруға алып келуде.
Отбасындағы қатынастардың бұзы­луына алып келетін экономикалық, әлеуметтік, психологиялық факторлар белгілі бір деңгейде жаһандық өзгеріс­тердің жеке аспектілерін бей­нелейді. Олардың біреулері жаһан­дық өзгерістердің тікелей салдары болса, екіншісі жеке себептерден туындайды.
Ажырасудың ең көп орын алатын уақыты – бірігіп өмір сүрудің алғашқы 5 жыл аралығы. Көп балалы отбасыларда, әдетте балалар 3-тен көп болған жағдайда ажырасу аз болып келеді. Ажырасуға тұрмыстық, тұлға аралық жан­жалдар әсер етеді. Тұрмыстық мәсе­лелер материалдық мәселелермен, үй шаруашылығын ерлі-зайыптылардың біреуінің дұрыс жүргізбеуімен байланыс­ты. Тұлға аралық мәселелер махаббат сезімінің жойылуы, бір-бірін түсінбеу, өмірге деген түрлі көзқарастың болуымен байланысты қалыптасады. Бұл жердегі негізгі мәселе бірін-бірі сыйламаумен байланысты.
Бұл орайда отбасының үш түрін бөліп қарастыруға болады:
Дәстүрлі отбасы (патриархалды). Мұндай отбасыларда бір уақытта аз дегенде үш ұрпақтың бірге тұруы орын алады. Отбасының лидері үлкен (егде) ер кісі. Мұндай отбасыларда әйелдер ер кісіге экономикалық тұрғыдан тәуелді. Отбасы мәселелерін шешуде ер кісінің билігі сөзсіз орын алады. Сонымен қатар отбасы өмірі қызметтік тұрғыдан бөлінеді, яғни ер кісі – асыраушы, әйел – үй шаруашылығын жүргізуші.
Дәстүрлі емес отбасы. Ер кісі көшбас­шылығы орын алады. Әйел­дер мен ер кісілердің атқаратын қызметтері сөзсіз бөлініп қойылады. Алайда әйел адам ер кісімен бірге қоғамдық жұмыстарға да ара­ласады. Әлеуметтанушылар мұндай отбасыларда әйелдердің екі жақты қыспаққа түсуін сипаттайды. Үй жұмысымен қатар, қоғамдық жұмыстарға араласу әйел­дердің бос уақытының болмауына, осының негізінде әйелдерді қанаудың орын алуына алып келеді. Сондықтан да, әйелдердің жұмыс уақытын қысқарту, отбасына көңіл бөлуіне қолайлы жағдайлар жасау қажеттілігі туындайды.
Эгалитарлық отбасы. Үй жұ­мыс­та­рының пропорционалды, тең бөлінуімен, негізгі мәселелерді бірігіп талқылап, ортақ шешімдер қабылдаумен, қарым-қатынас­тардың эмоционалдық тұрғыдан жағымды­лығымен сипатталады. Жоғары­да аталған үлгілердің қандай түрін таңдау­ды әрбір отбасы өзі шешеді. Алайда қазақ­тың ұлттық философиясының мәнін жас ұрпақтың санасына сіңіріп отыру – ұрпақ сабақтастығының мәні.
Қазақ әйелдері ер кісілерді отбасының басшысы ретінде сыйлаған. Бұл – ұлттық ділдің құндылығы. Ерлер қауымы әйелдер үшін отбасының қорғаны, тірегі ретінде беделге ие болған. Мұндай беделге ие болу – жалған намысты емес, көп ерік жігерді талап ететін жұмыс. Ал қазақ әйелдері сұлулық пен мейірімділіктің, отбасының тұрақтылығының кепілі болған. Уақыт өтсе де құндылықтар өзгеріссіз қалып отырады, алайда оларды қабылдау, оларға деген қарым-қатынас өзгеріп, қоғамдағы жағдайларға байланысты жаңа мазмұнмен толықтырылады.

Гүлнапис Әбдікерова,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс» кафедрасының
профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.