Дмитрийдің үлгісі

Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы осы өңірде дүниеге келіп, жергілікті халықтың ұл-қыздарымен тай-құлындай тебісіп, бірге өскен өзге ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілге деген талпынысын ұштап, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап келеді. Сондай талапты да талантты жастардың қатарында Федоров ауданының Димитров атындағы №1 орта мектебінде қазақ тілінен дәріс беретін Дмитрий Ромащенко есімді украин жігіті бар. 

Дмитрий – өзі жұмыс істеп жүрген орта мектептің 2011 жылғы түлегі. Өзінің шынайы қызығушылығының арқасында мемлекеттік тілді бір кісідей меңгерген. Айтуынша, қазақ тілін телеарналардың жүгіртпе жолдарын оқып, үйреніпті. Бірте-бірте оған қалай біржола ден қойып, ғұмырын арнағанын сезбей қалған. Әрине, кім баласының өз қатарынан қалғанын қалайды дейсіз. Ата-анасы да оның қазақ тілін үйренуге деген таудай талабына қолдау білдірмесе, қарсылық танытпады. Себебі олар қазақ елінің болашағы қазақ тілінде екенін жете түсінді. Сондықтан да ұлдарының әрбір сәтті қадамына шексіз қуанды.
Дмитрий орта мектепті ойдағыдай аяқтап, өзге достары секілді қолына аттестат алған соң өңірдегі белді оқу орындарының бірі – Қостанай мемлекеттік университетіне ағылшын тілі мамандығына оқуға түсті. Басында шет тілін заман талабына сай үйренемін деп жүрген бозбала алғашқы семестрден кейін қазақ тілі мамандығына ауысты. Сабақтан бос уақытының бәрін өз бетінше ізденуге арнады. Содан бері арада біраз уақыт сынаптай сырғып өте шықты. Дмитрий аудандық үш тұғырлы тілге арналған байқаудың екі дүркін жеңімпазы атанып, қазақ тілін еркін меңгергенін дәлелдеді. Республикалық «Талантты ұстаз – дарынды балаларға» деп аталатын республикалық байқау­да, «Педагогикалық үміт» сайысында жүлделі үшінші орын алды, аудан­дық «Қазақ тілінің үздік мұғалімі» байқауында да алдына жан салмады. Ауданда беделі көтерілген ұстаз уақыт өткен сайын алға ұмтылып, мәртебесі асқақтады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған Ресейлік бауырларға арналған семинарда қазақ тілін оқыту әдістемесі жөнінде өзінің жинақтаған бай тәжірибесімен бөлісті. «Тіл – татулық тірегі» респуб­ликалық жастар форумына Қостанай облысының атынан делегат болып қатысты. Міне, осылайша оның тіл жанашыры және ұстаз ретіндегі сәтті қадамдары одан әрі жалғаса түсті. Есімі бірте-бірте тек өзі қызмет атқаратын ауданда ғана емес, өңірде құрметпен аталатын дәрежеге жетті. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы қол жеткізген табысы мен қосқан қо­мақты үлесі үшін облыс әкімінің Құр­мет грамотасымен марапатталды.
Ана тілімізді жетік меңгеру үшін тынбай еңбектенетін бозбала Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев тәрізді қазақ зиялыларын үздіксіз оқып, тілін жаттықтырып, солардың туындыларын білу арқылы ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қаныға түсті. Бұл сөзімді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова да растады. Ол кісі Дмитрийді қазіргі заманның нағыз азаматы деп біледі.
Кейбір қазақ тілді жігіттеріміз бен қыздарымыздың өзі ана тіліне үрке қарап жүрген кезде өзге ұлттың өкілі болса да көпшілікке өнеге болып отырған азаматтың қазіргі қарекеттері – інілері мен қарындастарына өнеге. Себебі ол қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді, сауатты жазады. Сөздік қоры өте бай. Мемлекеттік тілдің шұрайлы да құлаққа жағымды екенін жүрген жерінде айтуды парыз санайды. Өзі қазір облыстық тілдерді дамыту басқармасының жанындағы «Тіл дарын» клубының белсенді мүшесі. Сондықтан облыстың барлық аудандары мен қалаларында мемлекеттік тілді жүзеге асыруға байланысты өзге ұлт өкілдері арасында әңгіме өрбітіп, мемлекетіміздің жарқын келешегі шын мәнінде қазақ тіліне тікелей байланысты екенін терең жеткізе біледі. Сол кездері Дмитрийді танымай қаласыз. Әшейінде салмақты да сабырлы көрінетін ол көпшіліктің алдына шыққанда ерекше шешендігімен, қазақ тілін айрықша меңгергендігімен дараланады.
Адал еңбек, шынайы ізденіс, алысты болжайтын асқақ арман кімді болсын абыройға кенелтеді. Дмитрийдің де осы уақытқа дейін қазақ тілін өркендетуге қосқан қомақты үлесі ескеріліп, Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» есімі енгізілді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысқан бұл салтанатты жиында оның мәртебесі өсіп, өзінің ұстаздық қызметіне тың шабытпен кіріскен-ді.
Облыстық тілдерді дамыту басқарма­сының ұсынысымен осындай биікке көтерілген азамат өзін әрқашан да қарапайым ұстайды. Осы мақаланы дайындау барысында онымен телефон арқылы сөйлестім. Өзі хақында айтуға өте сараң екенін байқадым. Кейбіреулердей баспасөз арқылы көрініп қалуға, өзін-өзі насихаттауға тырыспайтын жан.
Міне, өзге ұлттың перзенті болса да мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан жас ұстаздың ұстанымы мен жетістігі көпшілікке үлгі.

Оразалы ЖАҚСАНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.