Намыс найзағайы

Кім-кім де Алла бұйыртқан ғұмырында талай адамдармен кездеседі, танысады, сырласады. Әрине, ойы терең, ниеті түзу жандарға тап болудың өзі – бақыт. Өзге тұрғыластарым тәрізді көкірегі ояу, құшағы кең аға-апалармен сыйластықта болғаныма шүкіршілік етемін. Осындайда ата-бабадан жеткен тәмсіл ойға оралады. Шоқанның үлкен әкесі Уәлихан Байдалы биді қадір тұтқан екен. Бір отырыста әйгілі шешенге қужақтардың бірі сауал қойыпты.
– Уа, Байдеке, сізді сөзтапқыш дейді ғой, айтыңызшы, ағасы бар қандай болады, інісі бар қандай болады, баласы бар қандай болады? – десе керек.
Сонда би мүдірместен былай депті:
– Ағасы бардың жақсы болса жағасы болады, жаман болса інісіне жабар жаласы болады; інісі бардың жақсы болса тынысы болады, жаман болса ағасына берер жұмысы болады; баласы бардың жақсы болса панасы болады, жаман болса басына түскен бәлесі болады.
Тауып айтылған аталы сөзге отырғандар үнсіз басын шұлғи беріпті.
Арамызда жүргенде биыл 90 жасқа толар Кемейдулла Төлеубай елдің жақсы ағаларының бірі еді.

Өткен ғасырдың сүреңсіз көрініс­терге толы отызыншы жылдарының қарсаңында дүниеге келген Кемекең бозбала шағын еске алғанда: «1943 жылдың наурыз айы. Мектептегі оқуымды тастап, колхозда әртүрлі жұмыстар істеп жүрмін. Жасым 15-ке енді ғана толды. Туған ағаларым, немере, шөбере туыстар түгел соғысқа алынған. Ауылда жастардың үлкені Қойшыбай Есенқұлов шақырып алып: «Кемейдулла, мені екі күннің бірінде военкомат шақырып, маза бермейді, түбі әскерге алып тынар. Сен мектепте жақсы оқыдың ғой, қасыма кел, табельщик деген жұмысқа алайық, үйрене бер» деп шақырды» деген еді.
Өзінен небәрі үш жас үлкен аға сөзі расқа шығып, ол әскерге алынады да, Кемекең колхоздың есепшілігіне бекітіледі. Содан 1948 жылы оқуға кеткенше құжат жасақтауды, есеп жүргізуді біршама меңгеріп алады. Жастайынан ауылдағы қарттардың қасында жүріп, қазақы салт-дәстүрлерді санаға сіңіре білген құймақұлақ, бос уақытында ежелгі аңыз-дастандарды дауыс­тап оқып беретін зерек бозбаладан үлкендердің күтер үміті көп болса керек.
Арада төрт жыл өткен соң Алматы қаласында мемлекеттік Заң инс­титутын бітірген соң Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі әскери трибуналында Сот мәжіліс­терінің хатшысы қызметіне орналасу туралы бұйрық алады. Қызметке кіріскенше бір ай демалыс алып, елге оралады. Сонда ауылдың сыйлы үлкендерінің бірі Сейітжан Махамбетұлы Орта Азия елдері мен Қазақстан мұсылмандарының Бас мүфтиі ишан Бабаханның арнайы шақыруымен Ташкентке барып келген Жанаман ахунға сәлемдесуге ертіп барады. Бұл партияның дінге қатты қарап тұрған шағы еді. Екінші жағынан аға назасынан қорқып, екіұдай пікірде тұрған Кемекең тәуекел етеді. Аңғарымпаз жігітке ахунның әңгімені тігісін жатқыза айтқандағы діни сауаттылығы, саясаттан да хабардарлығы, салауатты ұстанымы, киімді жарасымды киюі, өн бойының тазалығы қатты әсер етіпті. Кемекең осындай бекзат тұлғаларды өзіне үлгі тұтып, сұлу сөзден мүдірмей, кіршіксіз таза қалпында жалғанның көшіне ілесті.
Кейіпкеріміз жоғары білім алған соң тағайындалған қызметін әскери трибунал таратылғанша екі жылдай атқарып, елге оралады. Шалқар, Но­­­воресей аудандарында прокуратура аппаратында халық тергеушісі болып жұмыс істейді. Соңғы қызметінде жүргенде Дөң кен-тау байыту комбинатында орын алған кісі өліміне байланысты істі тергеуді шебер ұйымдастырып жүргізгені үшін КСРО Бас прокуроры Руденко оған Алғыс жариялайды.
К.Төлеубай көп ұзамай бұрынғы Новоресей (қазіргі Хромтау) аудандық партия комитетінің аппаратына насихат және үгіт бөлімінің меңгерушілігіне шақырылады. Осылайша азаматтың Ақтөбе облысының партия-кеңес органдарындағы ұзақ жылдарға созылған абыройлы еңбек жолы басталды. Үзіліссіз жеті жыл бойы Новоресей аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, кейін Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің аппаратында бастапқыда нұсқаушы, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Өлке таратылған соң Кемекең Ойыл аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне жіберіледі. Одан соң Ырғыз, Қарабұтақ аудандарында бірінші басшы, облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы, Батыс Қазақстан темір жол басқармасында ауыл шаруашылығы секторының аға инженер-экономисі болды. Ағамыз 1990 жылғы 1 қазаннан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының басшылығында қызмет атқарды.
Қалың жұртшылық К.Төлеубайды қандай лауазымда жүрсе де ұйымдас­тырушылық және іскерлік қабілеті, табандылығы, адамдармен тіл табысу шеберлігі арқылы таныды. Зерттеу жүргізіп қарасақ, Кемекеңе қиындығы жетерлік, өзіне тән тірлігі мен қор­даланған мәселері бар аудандарға басшылық жасау жүктеліпті. Ойыл, Ырғыз, Қарабұтақ аудандары темір жолдан шалғай орналасқан, негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады. Ол жұмыс істеген кезеңде Новоресей ауданының орталығы темір жолдан жырақтағы Новоресей (қазіргі атауы Ақжар) ауылы болатын. Тұрғылықты халықтың негізгі дені – қазақтан өзге ұлт өкілдері. Әлемге әйгілі Дөң тау-кен комбинаты орналасқан аумақта арнаулы комендатура жұмыс істеді. Алып кәсіпорын шахталары мен участоктерде жұмыс істеушілер арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар баршылық еді. Осындай қиын жағдайларда сыр бермей тәртіпті қамтамасыз ету, адамдарды ортақ мақ­сатқа жұмылдыру К.Төлеубаев сияқты принципшіл, бір сөзді кадрлардың қолынан ғана келер еді.
Уақыт заңдылығы сол – айтылған өңірлерде Кемейдулламен иықтасып бірге жұмыс істеген қатар құрбылардың басым бөлігі бақилық болды. Арамызда жүрген санаулылар азамат жайында тебірене айтар еді. СОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, көрнекті партия және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ұсынысымен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен ел Үкіметі Ырғыз ауданының әлеуметтік-экономикалық даму­ын жақсарту үшін арнайы қаулы қа­былдады. Біздің кейіпкеріміз аса бағалы құжатта белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолында өзіне және өзгелерге қатаң талап қойды. Ең бас­тысы, қазақтың киелі өңірі – Ырғыз аймағының нақты көріністерін боямасыз көрсетіп, биліктің қамқор көзқарасын қалыптастыру қажет болды. Қаулы қабылданған соң республиканың және Кеңес Одағының астаналарынан Ырғызға талай лауазымды шенеуніктер қызметтік іссапармен келіп жатты. Шалғай өңірге ат ізін салып көрмеген олардың түсінігіне тұрғылықты халықтың сол шақтағы жадағай тірлігі мүлде жат еді. Тіпті республикалық министрліктер мен комитет басшыларына арнайы кіріп, көп жағдайды ауызба-ауыз ұғындыру қажет болды. Соңында сұрауы бар осындай шақтарда аупарткомның бірінші хатшысы К.Төлеубаев терең дүниетанымымен, түйіткілді мәселені жеріне жеткізе баяндау шеберлігімен жеңіске жетіп жүрді. Сөйтіп, Ырғыз ауданында жаңадан мекемелер ашылды, өндірістік және әлеуметтік нысандар салынды.
Азаматтың алымдылығына тағы бір мысалды Батыс Қазақстан темір жолы басқармасында қызмет етіп жүрген шағынан келтірейік. Темір жолдың Ақтөбе облысына қарасты аумағында қосалқы шаруашылық ашу қажеттігі туындайды. Бұл СОКП Орталық Комитетінің министрліктерге өздеріндегі жұмысшы-қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қосалқы шаруашылықтар, кеңшарлар ұйымдастыру қажеттігін міндеттеген қаулысын орындауға байланысты туған қажеттілік еді. Басқарма басшы­лығының ұйғарымымен Кемекең өзі жасаған техникалық-экономикалық негіздемелерді алып, Мәскеу қаласына жол тартады. Кеңес Одағы Қатынас жолдары министрлігінде экономика және қаржы бас басқармасының бас экономисі құжатпен танысқан соң: «Шөл далада мұндай шаруашылық ашу – көрер көзге миллиондаған шығынға бату» деп жолатпапты. Кемекең кері шегінбестен аталған бас басқарманың бастығы Вайгельге кіріп, әлгі өзеуреген экономист туралы өз пікірін іркілмей айтады. Қисынды деректерін ортаға салып, Шалқар ауданының шөлейт өңірінде таза пайдамен жұмыс істеп тұрған, Социалистік Еңбек Ері Нағым Қобыландин басшылық ететін «Тоғыз» кеңшарын үлгі ете сөйлейді. Әңгіме асқынып, министрдің экономикалық жұмыстар жөніндегі бірінші орынбасары Гинькоға жетеді. Ол дәлелді уәжге тоқтап, министр Конаревтің келісімін алады, сөйтіп, «Шалқар ауданында темір жолдың «Жомарт» кеңшары ұйымдастырылсын» деген бұйрыққа қол қойылады.

К.Төлеубайдың кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде қалдырған шаруасы – әрқайсысының қалыңдығы кере қарыс «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» және «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» атты екі кітапты құрастырып, бастырып шығаруы. Тарихқа мәңгілік енген ұлы тұлғалар ғұмырына қатысты мәліметтерді былайғы жұрт осы жәдігерлерден тауып, зердесін байытары сөзсіз.

К.Төлеубайдың зейнет демалысына шыққаннан кейінгі ширек ғасыр еңбегі халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымымен байланысты. Бастапқы бес жылда ұйымның жауап­ты хатшысы, ал 1995 жылғы қазан айының 1-інен 2011 жылдың 6 тамызына дейін ұйым төрағасы болды. Соңғы төрт жылдан астам уақыты қоғам Президентінің кеңесшісі қызметіне арналды.
Еліміздің еркіндік алуы іс басын­дағы көптеген азаматтардың жаңаша тынысына жол ашты. Кешегі кеңестік идеология сардарларының бірі К.Төлеубай бойға біткен сергектігімен уақыт ағысына қарай бейімделу қажеттігін ұғынды. Мемлекеттік тілге заңды түрде мәртебе берілген тұста өзінің қажыр-қайратын көрсете білді. Ел егемендігінің бастапқы кезеңінде «Қазақ тілі» қоғамының облыстық, аудандық ұйымдарына кешегі партия-кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған ағаларымыз жетекшілік етті. Олар жүктелген сенімді ақтауға күш-жігерін жұмсады. Сол кезеңде облыстың бірінші басшылығындағы азаматтар Кемекең мен оның әріптестеріне барынша қолдау жасады.
Жауапты хатшы, кейін төраға болған кейіпкеріміз бұл жолы да сауаттылығынан, принципшілдігінен, табандылығынан танған жоқ. Ол Астанада білім беру мәселесіне арналған Парламент сағатында шағын ауылдардағы қазақ мектептеріне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Мұнымен шектелмей Алматыға арнайы сапар шегіп, Білім академиясының президенті Өмірзақ Озғанбаевқа жолығып, мемлекеттік базистік оқу жоспарындағы олқы тұстарды тайсалмай айтқан. Ағамыздың сол тұстағы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім министрі Шәмша Беркімбаева, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова, басқа да бірқатар лауазымды тұлғаларға кіріп, мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге байланыс­ты мәлімдеген ұсыныс-пікірлері сүйсінерлік. Өкініштісі, осындай бағалы әңгімелер қайсыбір ретте тыңдаушының немесе сол лауазым иесі тапсырған адамның ана тіліне деген салғырт көзқарасы, үстірт пайымдауы салдарынан толық ескерілмей жатады. Кемекеңнің шұғыл қимылдауымен телеарналарда тіл туралы Заң талаптары орындалмай, кейбіреулерінде хабарлар орыс тілінде берілетініне наразылық ретінде Парламент Мәжілісінің Төрағасы атына арнайы хат жазылғаны есімізде. Ағамыз – өзіне өзі қатты талап қойған, тынымсыз қозғалыста болған және онысын тірлігінде жарнамалауға құмартпаған жан.
Мемлекеттік тіл қозғалысының алдыңғы шебінде жүрген Әбдуәли Қайдари, Түркістан облысының ардақты ақсақалдарының бірі Құдайберген Дүйсенов, Өмірзақ Айтбайұлы, Амангелді Айталы және басқа тұлғалар Кемейдулла Төлеубайды қадір тұтты, пікірімен санасты.
Соңғы жылдарда Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даң­ғылы­ның көркіне айрықша рең беріп тұрған екі ұлы тұлғаның ескерткішін жақсы білеміз. Бірі – Жоңғар басқыншыларына қарсы Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу Айтұлы, екіншісі – оның кенже ұлы, «Қазақтың Нострадамусы» атанған ұлы ойшыл, данышпан жырау Мөңке Тілеуұлы. Алла берген алғырлығымен Кемекең көнекөз шалдардан естіген әңгімелерді, аңыз-әпсаналарды егде шағында қайта сараптап, үлкен шаруаны қолға алды. Алматы, Шымкент, Астана қалаларына сапарлар; ғалымдармен, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесулер; мәртебелі мекемелерге жолданатын хаттарға қол жинау – мұның бәрінде де әуелгі ниет бірден қабыл­данды десек шындыққа қиянат бо­лар, түсініспеушіліктер туындап, кедергілерге тап болғаны рас. К.Төлеубаев сонда да мұқалмады, шамырқанбай сынар шар болаттың тұрқын танытты. «Тілеу батыр» қорының алғашқы кеңейтілген отырысында баба тұлғасын орнатуға қаржы мәселесі сөз болғанда бірден екі миллион теңгені өзі беретінін айтқан да – осы Кемекең. Мұның алдында Ақтөбе қаласында «Нұр ғасыр» мешітінің құрылысы үшін ашылған қорға бір миллион теңге қосқаны және бар.
Ақтөбе облысы әкімінің орын­тағына Бердібек Сапарбаев отыр­ғанына жиырма күн өткен соң Тілеу Айтұлы ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Сан тараудан қазақтың игі жақсылары жиналған мағыналы шара қалың бұқараның есінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз. Мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Мырзатай Жолдасбековтің Кемекеңді қасына алып тұрып, тебірене толғанған сөзі жадымызда.
К.Төлеубайдың кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде қалдырған шаруасы – әрқайсысының қалыңдығы кере қарыс «Шекті Мөңке би Тілеуұлы» және «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» атты екі кітапты құрастырып, бастырып шығаруы. Тарихқа мәңгілік енген ұлы тұлғалар ғұмырына қатысты мәліметтерді былайғы жұрт осы жәдігерлерден тауып, зердесін байытары сөзсіз.
Азаматты тірлігінде көп мазалаған жай – Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен қаза тапқан ағасы Үбәйдулла­ның мәйіті жерленген аймақ­ты анық­тап, өз қолымен топырақ салу еді. Ұзақ жылдардағы ізденістен кейін Қазақ­стан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен елшілік кеңесшісі Серікқали Байменшенің азаматтық қолдауы нәтижесінде баласы Мұратты ертіп, Орел облысындағы Круглое селосына сапар шегіп, аға рухына тағзым етті.
Ұғынған адамға өмір тақтайдай тегіс жол емес, оның бұралаңдары да жетерлік, сонысымен де мағыналы болса керек. Кемекең де пенде тұр­ғы­сында талай жайларға кезікті, көлденең әңгіме естіген шақтары да болды, сөйтсе де еңсесін түсірместен ел-жұртының және ұрпағының ал­дындағы парызын абыроймен орындады. Еңбегі лайықты бағаланып, мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталды, «Ақтөбе облысының еңбек сіңірген қайраткері» атағын, «Ана тілі» айрықша белгісін иеленді. Ғұмырлық қосағы Ажар жеңге­міздің қазасынан он жылдай уақыт өткен соң мәңгілік мекеніне орнықты.
Шүкір, Төлеубаевтар көші әдемі ырға­ғы­нан жаңылмай келешекке бет алып барады.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.