Тіл көкжиегін айқындаған әліпби

Бастапқы кезде латын әліпбиінің ресми жұмыс тобы ұсынған 25 таңбасы көкейге қонымды сияқты еді. Бірақ неге 26 таңба емес деген ой да мазалаған. Сонымен қатар ң, ғ, ч, ж, ә, ө, ү әріптерін (фонемаларын) ng, gh, ch, zh, ae, oe, ue диграфтар арқылы беру ұтымды тәрізді көрінген. Егер осы жеті таңбаны үстіне ноқат тәрізді белгі қою жолымен диакритикалық әдіспен беретін болсақ, үлкен қиындыққа душар боламыз ғой дескенбіз. Ертеде кириллицаға көшкеннен кейінгі кезеңде қазіргі қолданылып жүрген «ұ» әрпінің белдеудегі сызығы бұрын «у» таңбасының үстінде дәйекше түрінде тұратын болды. Орталықтағы беделді бір газеттің тақырыптағы Ұлы Сталин деген сөзіндегі У-дың төбесіндегі сызықшасы баспаханада басу кезінде түсіп қалып, Улы Сталин болып халыққа тарап кетіп, арты газет редакциясы «көсемді қаралады, оған тіл тигізді» деген саяси астар берілуге, үлкен дүрбелеңге ұласып, басылым басшысы, кезекші журналистер қатаң жазаға тартылған.

Өз басымда латын әліпбиіне көшкенде аталған жеті әріпті диакритикалық әдіспен таңба­ласақ сондай кемшілікке тағы да ұрынбаймыз ба деген қауіп қылаң бергені рас. Сондықтан да диграфты қолдану жөніндегі ұсы­нысқа қосылғаным бар. Оған бара-бара бәріміздің де көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып кететін болар деп ойлағанмын. Қор­қатын түгі де жоқ қой деп топ­­шылағанмын. Алайда бұқара­лық ақпарат құралдары арқылы, ал­қалы жиындарда көпшіліктің, зия­лы қауымның, ғалымдар мен тіл мамандарының қатысуларымен бүкілхалықтық талқылау барысында диграфтарды қолданудың қиыншылықтары жан-жақты көз жеткізе айтылды. Салиқалы пі­кірлер ортаға салынды.
Сонымен қатар а, г, н, о, ұ сияқты әріптердің сыңарлары ә, ғ, ң, ө, ұ әріптерін белгілеуде дәйек­шені (апострофты) олардың оң жағына қою да оң нәтиже бермеді. Себебі сөздер орынсыз созбаланып жазылатын еді, әрі тасымал кезінде қолайсыз. Мәселен, жеті әріптен тұратын сөз екі-үш дәйекше қосылып жазылатын болса, оншақты әріптің орнын алып, сөйлемдердің сиқын да бұзатын еді. Бұл, әсіресе қалың жұртшылық үшін оңай болмайтыны белгілі болды. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген санаға үлкен ой салатын нақыл сөз бар. Жан-жақты кеңесіп, ойласудың нәтижесінде, халықтың ой-пікір­лерімен санасқан Қазақстан ­Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен бекітілген Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиіне Елбасы өзінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен қосымша енгізді. Онда енді дәйекшелер (апос­трофтар) әріптің оң жақ жанына емес, үстіне қойылатын болып нақтыланды. Сөйтіп, сөздерді дәйекшелер арқылы орынсыз созбалап жазуға нүкте қойылды. Сондай-ақ Жарлыққа енгізілген қосымшада ш, ч әріптері sh, ch диграфтарымен белгіленді. Ме­ніңше, бұл диграфтармен беру әлі де ойластыра түсуді қажет ететін жайт тәрізді. Себебі біз ойласа келе сол диграфтардан ірге үзген жоқ па едік? Әрі ағылшын графикасында жиі қолданылып, аяқ бассаң алдыңнан шығатын с әрпі өз орнын тауып тұрмаған секілді. ЦентрКредит деген сөз латынша банк маңдайшаларында CenterCredit деп күні бүгінге дейін айқара жазулы тұр. Сонда біз оны қазіргі бекітілген латын қарпіне аударсақ кириллицаша ц-ның орнына латынша с әрпін салып CenterKredit деп жазуымыз керек емес пе? Жалпы кириллицаша с, ш, щ, ч, ц әріптерін латын әліпбиіне ауыстыруда шатқаяқтау барлығы байқалады. Сонымен қатар кириллицадағы і, и, й әріптерін алмастырған Ii,II әріптерінің бас әріптері бірдей. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ, ұқсас. Бұл жазуда да, оқуда да қиындық ­ту­ғызады. Көпе-көрнеу шатастырады. Әрі қазіргі қолданыстағы пернетақтада екінші I-нің кіші әрпі де жоқ. Алға қарай көпшіліктің талап-тілектеріне орай қазақ тіліне негізделген латын әріптеріне өзгерістер енгізілетін күн болса мұны бір ізге салу шарасын да ойластыру қажет сияқты.
Ұлтымыздың әмбебап ға­лымы Халел Досмұхамедов өт­кен ғасырдың жиырмасыншы жыл­­­дарының аяғында қазақ­стан­­­­дықтар қоғамдағы саяси-әлеу­­­меттік өзгерістер салдарынан КСРО-ның құрамындағы түркі халықтарымен бірге латын әліпбиіне көшу туралы шешім қабылдағанда бастапқыда оны қолдай қоймағанмен, іс бастау алғанда саяси қуғын-сүргін құры­ғына түсіп, жер аударылғанға дейінгі бір жылдай уақыт ішінде мем­­лекет қайраткері ретінде қазақ тіліне үйлестіріп латын әліп­биін жасауға бел буып, белсене кіріскен. Шүкір, қазір басқан ізіңді аңдитын кеңестік ұрда-жық, ке­рітартпа саясаттың қарасы батты. Елдік маңызы, мағынасы аса жоғары бұл бүкілхалықтық шаруа бүгін де сол кездегідей қарқынды жүріп жатқандығы, төстеп қызмет етіп, осы істің өз мәнінде сындарлы өріс алуына ұйытқы болып жүргендердің көптігі қуан­тады. Дегенмен, ол кездегі латын әліпбиі мен бүгінгі еліміз қазақ тілін біртіндеп көшіргелі отырған латын әліпбиінің арасында біршама айырмашылықтар бар. Солай бола тұрса да халықтың бұл әліпбиге де тез жаттығып, мойын­сұнып кететіне күмәніміз жоқ. Оған сан түрлі алғышарттар жасалынып жатыр. Газет-жур­нал­дардың, телеарналардың, теле­ха­барлар­дың атаулары, басы­лым­дардың шығатын күндері, қай мезгілден бері жарық көріп келе жат­қаны, басқа да та­­ныс­тырылымдары, айдарлары, арнау­лы беттерінің аттары тұрақты түрде латын қаріптерімен беріліп, баршаның көздерін үйретуге, ой, түйсіктеріне қозғау салуға берік қадамдар жасалу үстінде. Ана тіліміздің үлкен жанашыры республикалық Ұлт газеті «Ана тілі» өз беттерінде латын қарпіне көшуге қатысты материалдарды көптеп берумен бірге Абайдың қара сөздерін латын қарпімен нөмір сайын беріп тұруды дәстүрге енгізуі қуантарлық іс деп ойлаймын. Сондай-ақ әр санынан ­Елбасы Жарлығымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің жазылуы мен дыбысталуын қоса берген кестені, оның жанынан кириллица және латын нұсқалары қатар ұсынылған бір мақаланы оқып отыру оқырманның танымын арттыруға, жаңа әліпбиді үйренуге зор септігін тигізетін тиімді әдіс. Қалалар мен ауылдық жерлерде де кәсіпкерлік орындар мен дү­кендердің де маңдай­ша жазуларына, қасбеттеріне, жарнамаларға латын қаріптерін қолдану үрдістері басталды. Демек, мұның бәрі – қазақ тілін кириллицадан латын графикасына көшірудің бүкілхалықтық қолдауға ие болғандығының ай­қын көрінісі.

Алда қатпар-қатпар жұмыстар күтіп тұр. Солардың ең бас­тысы – халықты латын қарпін жазуға жаттықтыру. Қазір жұртшылық бұл әліпбидің жазба түрінің қандай екенімен әлі таныс емес. Ақ қа­ғазға қолмен қалам, қарындаш ар­қылы жазудың құпияларын біле бермейді екенбіз. Оның өзіндік тәсілдері болуға тиіс. Жазу үстінде әріп пен әріптің арасын қосып, байланыстырудың жолдары баршылық. Сондай-ақ таспадағы әріптердің бірқатары жазу ке­зінде өзгеріп, қағазға басқаша түседі. 

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас жағында ауыл мектебінен шетел тілін көрмей, оқымай келген менің жоғары оқу орнындағы студенттік шағымда ағылшын тілі пәнін оқуыма тура келді. Сонда оның бірқатар сөздері­нің жазылуы бір басқа да, оқылуы бір басқа екенінің себебін сұрағанымызда пән оқы­тушысы:
– Ағылшын тілі сөздерінің өздерің байқағандай жазылуы мен оқылуы әр басқа болатын тұс­тары жетерлік. Оны жүре-бара түсіндіреміз, өздеріңіз де түсі­несіздер, – деген еді. Сол айт­қа­нын­­­дай, латын әліпбиін де келе-келе қамшы салдырмай тез түсініп ке­тетініміз кәміл.
Мектептің жоғары сыныбында оқып жүріп, жазғы үш ай демалыс­та жайлаудағы малды ауылдан оқитын кітап таппай дағдарғаным бар. Сонда қолыма латын әліп­биіндегі кітап түсті. Оныөрісте қой бағып жүріп, өз бетіммен зер­­делеп, оқуға көштім. Ұзақ күн бойы ежіктеуімнің арқасында өзіме бейтаныс әріптерді шамалап шығарып, үйреніп, бара-бара оқуға төселеп кеттім. Демек, ынта болса алынбайтын қамал жоқ. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы. Күні ертең-ақ латын әліпбиін де жазып, оқудың шыңына шығамыз.
Неміс фашистерімен соғыста майдан даласында ерлікпен қаза тапқан атыраулық Кеңес Ода­ғының Батыры Мұса Баймұқанов­тың отбасына жазған хаттары облыс­тық мемлекеттік архивте сақтаулы. Өз қолымен латын әрпімен жазған. Сауаттылығы жоғары, жазуы өте әдемі. Тек біз қолдана бастаған латын қаріп­терінен аздаған өзгешелігі бар. Осы­ған қарағанда, замандастарымыз да және болашақ ұрпақ та батыр Мұса Баймұқанов тәрізді төгіл­тіп тұрып жазып кетері сөзсіз дегім келеді.
Осынау мысалдарды неге келтіріп отырмын? Бұлар ізденіс, талпыныс, қолдау, қамшылау болса, латын қарпін де тез үйреніп алатынымызға айқын дәлел. Сөйтсе де, қазіргі қолға алғанымыз – бастапқы шаралар ғана. Алда қатпар-қатпар жұмыстар күтіп тұр. Солардың ең бастысы – халықты латын қарпін жазуға жаттықтыру. Қазір жұртшылық бұл әліпбидің жазба түрінің қандай екенімен әлі таныс емес. Ақ қа­ғазға қолмен қалам, қарындаш ар­қылы жазудың құпияларын біле бермейді екенбіз. Оның өзіндік тәсілдері болуға тиіс. Жазу үстінде әріп пен әріптің арасын қосып, байланыстырудың жолдары баршылық. Сондай-ақ таспадағы әріптердің бірқатары жазу ке­зінде өзгеріп, қағазға басқаша түседі. Сондықтан қазақ тіліне не­гізделген латын қарпін барша қауымға үйретуді осы бастан қолға алған жөн. Ол үшін балалармен қатар ересектерге арналған үйірмелер ашып, мектептердің жанынан орындар жасақтап, оқыту жолдарын қарастырған абзал. Бұл бүкілхалықтық шарадан шалғай елді мекендердегі тұрғындар да шет қалмағандары орынды болады. Бұрынғы кириллица әрпіне әбден еті үйреніп кеткен ересектердің ықылас-ниеттерін, көңіл ауандарын латын әрпіне аударуда бір­шама қиындықтар туатыны ақиқат. Әйтсе де, шындап қолға алынса, үгіт-насхат жұмыстарын ық­палды жүргізуге ден қойылса, бәрі әлі-ақ жөнге түседі.
Бүгінгі әлеуметтің рухани әлемдеріне серік болған сүйікті ақын-жазушыларының шы­­­ғармаларынан қол үзіп қаламыз ба деген алаңдаушылықтары да жоқ емес. Ол кітаптарды қайт­кенде оқуға мүмкіндік алатындықтарын саналарына жеткізе ұғындыру – парызымыз. Қазірде ғаламтордан қажетті кітаптарды тауып алып оқуға болады деген ұғым қа­лыптасты. Алайда жұрттың бәрінде бір­дей, әсіресе жайлау төрлерінде, егін алқаптарында, мұнай өндіру алаңдарында еңбек ететіндердің үйлерінде, жұмыс орындарында ондай мүмкіндік бола бермейді емес пе? Әрі байырғы кітаптардың бәрі бірдей әлеуметтік желіге еніп болған жоқ.
Қазақ тіліне негізделген латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Оған баршамыз бірдей, әсіресе, зиялы қауым өкілдері белсене атсалыссақ, алынбайтын қамал жоқ.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының
үздігі, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы

АТЫРАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Mihail Kazak

    Men Tólegen Jańabaıulynyń pikirlerimen bútindeı kelisemin. Zıaly qaýymnyń jańa álipbıdiń júzege asyrylýyna belsene atsalysýynda úlesi óte zor. Óıtkeni qarapaıym qazaq ár ýaqytta saýaty bar adamdarǵa úlken syı bergen, olardan úlgi alǵan. Sondyqtan jańa jazýdy nasıhattaýda — olardyń róli óte mańyzdy. Men óz basym aınalamdaǵy halyqtyń bárine latyn álibıiniń ústemdigin, qazaq tiliniń damyp jetildirýine jol ashatynyn túsindirip turamyn. Jurttyń kóbi áli jańa jazýdyń paıdasyn aıyra almaı júr. Sondyqtan nasıhattaý jumysynyń keńeıtýin jón kórem. Al myna keıbir áripterdiń kemshilikterine kóz salǵanda olar anaý kóp emes. Menińshe «i» men «ı» qaripteriniń bas tańbalaryn engizý kerek, máselen: I-ı; Í-i, Cc-ny alfavıtke Цц úshin qaıtarý kerek, endi «sh» jáne «ch» dıgraftaryn ózgertpeýge de bolady, óıtkeni olar ne oqýǵa, ne jazýǵa qıynshyldyq bermeıdi. Áripterdiń durys qoldanýy emle erejeleri bekitilgesin anyqtalmaqshy. Men Elbasyna myńdaǵan alǵysymdy aıtam, osy latyn qaripteri arqasynda qazaq tilin jaqsy biletin boldym, negedeseńiz men Reseı turǵynymyn, qazaq tilin mektepte úırenbegenmin, otbasymyzda tek oryssha aralasamyz, qazir bizdiń úı-úshimiz az da bolsa qazaqsha sóıleıtin boldy, al ózim shet el tilderi mamany bolyp 45 jyl jastardy aǵylshyn jáne nemis tilderin úırettim, sondyqtan latyn jazýy maǵan tańsyq emes. Birtalaı kitaptardy konverterler arqyly latynǵa sáıkestirdim, solardyń ishinde uly Abaıdyń Qara sózderi men Muhtar Áýezovtyń «Abaı joly» epopeıasy da bar. Latyn — qazaq tiliniń kókjıegi!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.