Қазақстан географиясы – Тәуелсіздіктің символы емес пе?

О.АЙДАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, география
ғылымының кандидаты

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары, киелі жерлерінің географиясы жобасын жасау туралы атап көрсетілген. Сонымен қатар мәдени-географиялық белдеудің рөлі мен оған енетін орындар, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы туралы да айтылғаны белгілі. 

Бұл орайда негізгі және маңызды мәселелердің бірі де бірегейі – ел тану, жер тану мақсат-мұратымен ұштасып жатқандығы. Ал бұлардың барлығы баланың бойына кішкентай кезден сіңіріліп, сонау мектеп жасынан қалыптасады. Демек, жалпы білім беретін мектепте оқытылатын география пәнінің алар орны ерекше. Осы мақаланы жазуыма түрткі болған баспасөз беттерінде жарияланып жүрген Қазақстан географиясын оқытуға байланысты өзекжарды пікірлер деп айтар едім. Олардың бірқатары пән оқулығына да тікелей байланысты. Оқу сағаттарына қатысты да түйткілдер аз емес.
Жасыратын несі бар, біздің кезі­мізде мектеп оқулықтары түсінікті болатын. Жүйелі жазылатын. Ол кезде ешқандай оқулықтың жаңарып, ауыс­қанын көрген де, естіген де жоқпыз. Ал қазір ше? Баспа да, авторлар да көп.
Кешеге дейін мектеп оқулықтары мен оқулықтар бағдарламалары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында тәжірибелі әдіскерлердің жан-жақты талқылауы­нан өтіп, сосын баспаға ұсынылатын. Негізі қандай істі де, әлемде болып жатқан жаңалықтарды да бірден қабылдай салмай, алдымен оны жан-жақты зерттеп алуымыз керек. Ал қателіктердің зардабын бейкүнә оқушылар тартады.
Қазіргі жаһандану заманында жаңа­шыл­­дық көп, бірақ оның бар­лығын дұрыс деп қабылдай бермеуіміз керек. Мы­наны қа­раңыз­шы, оқу жылының басында бастал­ған реформа жыл соңына дейін сан құбылады. Оқушылар түгілі, мұғалімдердің өзі ол реформаны толық түсініп үлгермейді. Сосын баға деген – оқушының, одан қалды сыныптың, мектептің күнделікті айнасы. Ал бүгінде ше? Мектеп-лицейлерде 5-7 сыныптарда баға қоймайды екен. Сонда оқушы өзінің күнделікті білімнің бағасын, өз деңгейін біле алмайды деген сөз. Бұл оқушы үшін мектепке жай барып қайтумен бірдей, себебі бағаны тоқсанның соңында пайыздық көрсеткішпен береді.
Меніңше, оқушыға бағаны күн­делікті қойып отырған дұрыс, күнделікті алған баға оқушыны ойландырады, өзіне есеп беруіне де қажет.
«Оқушыларды дүбәра, қаптаған реформалармен «аурушаң» ететін болдық» деп дұрыс айтылып жүр. Оларға артылып отырған жүк­те­ме өте көп, ауыр. Мен осы жерде өзім тап болған жағдайға тоқтала кетсем. Қазіргі мектеп-лицейлердің 5-сыныбына арналған «Қазақ әдебиетін» қараңызшы. «Керқұла атты Кендебай» ертегісіне бар­лығы 7 сағат беріл­ген. Оқулықта ерте­гінің басы жоқ, оны аудио баспа арқылы тың­дау қажет екен. Ал ондай мүм­кін­дік барлық мектепте бар ма?

Бар болғанның өзінде дискісі жоқ. Сосын, үйге берілетін тапсырманың сиқын оқушы түгілі ата-ана – менің өзім түсінбей, қинала жауап беремін. Мысалы: Кендебай қандай адам? Оның образын сипатта: сыртқы бей­несі, іс-әрекеті, көңіл күйі, мінезі, сөзі, пікірі, т.с.с
Бұл ертегінің мәтіні, біріншіден, оқулықта толық берілмеген. Сонда батырдың мінезін, оның қасиетін оқушы қайдан біледі. Ертегіде ба­тырдың көңіл күйі туралы еш­қандай суреттеме жоқ. Ал оқушы оны ойдан шығара ма?
Сосын тапсырмалар өте көп: яғни тыңдалым тапсырмалары – 3, оқылым тапсырмалары – 6, айты­лым тапсырмалары – 9, жазылым тапсырмалары – 3, барлығы – 21 тапсырма. Сонда оқушы басқа пәнде­ріне қалай үлгереді (онда да сондай тапсырмалар болса).
Ендігі менің басты айтқалы отырған мәселем, биылғы жаңа үлгідегі бағдарламаға сәйкес (оны кім жасаған, мамандар талқылауынан өткен бе?) еліміздің физикалық және экономикалық географиясын оқытуды бағдарламадан алып тастамақ дейді. Сонда Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруы» қайда қалды? Елба­сының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы өмірлік маңызы бар дүние деп білемін. Себебі онда қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен еліміздің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары жайлы айтылады. Осы рухани жаңғырудың түпкі ойы мен идея­сы елін, жерін сүйетін ұлтжанды, патриот азаматтарды тәрбиелеу емес пе? Ал елін, жерін сүйетін ұлтжанды азаматтар шығу үшін ол, біріншіден, өз елінің географиялық жағдайын, ерекшелігін, тау тасын, өзен-көлін білуі керек. Жалпы айтқанда ,кешегі егемендік алғаннан кейінгі шекарамызды нық белгілеп алуымыздың өзі де осы географиялық білімді қажет етеді.
Айналайындар-ау, кімнен, қандай адаммен алғаш көрісіп, танысқанда алдымен қоятын сұрағың «қай жерденсің?» деген сөзден басталмай ма? Немесе белгісіз бір затты көрсек «қай елден шыққан екен, қай жердікі екен» деп жатамыз. Міне, осының барлығы адамдардың географиялық білімділігін қажет етеді.
Жақында бір әріптесімнің қызы Германия, Польша еліне барып қайтуына мүмкіндік туып, біліктілігін арттырып қайтты. Сонда оның келе салып айтқаны: «Ағай, мектеп қабырғасында географияға көп көңіл бөлмегенім алдымнан шығып, шет елде жүргенде көп ыңғайсыз жағдайға тап болдым» деді.
Сондықтан Қазақстан географиясын жеке пән ретінде мектепте ғана емес, колледж, жоғары оқу орындарында да «Қазақстан тарихы» сияқты «Қазақстан географиясы» деп оқыту қажет. Себебі кез келген өркениетті елдерде оқушылардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылық сезімін қалыптастыру үшін өз елінің географиясын оқыта­тындығы белгілі. Мысалы, Жапония­да бала мектепті бітіріп шыққанға дейін өз елінің табиғатын, елдегі өнеркәсіп орындарын, шаруашылық салаларын бірнеше рет аралап, саяхат жасайды екен. Міне, патриотизм қайдан шығады? Себебі география оқушыларға өз елі туралы көптеген мәлімет береді (басқа пәндерге қарағанда). Атап өтетін болсам, Қазақстанның физикалық географиясы оқушыларға еліміздің табиғат жағдайы мен оның табиғи ресурстарын, өзен-көлдерін, пай­далы қазбаларын оқытса, Қазақ­станның экономикалық география­сы еліміздің ірі өндіріс орындары мен өнеркәсіп орталық­тарын, соған қатысты ауыл шаруа­шылық салаларының орналасу ерек­ше­ліктерін, халқын, оның саны мен өсу динамикасын, ұлттық құрамы мен еңбек ресурстарын, т.б. көптеген мәліметтер береді. Ал бұл танымдық мәліметтер оқушының бойында ұлттық патриотизмді қалыптастыру үшін өте маңызды.
Егемен еліміздің мемлекет болып жариялануының ныша­нын әлемге көрсететін «Қазақ­стан­ның физикалық географиясы», «Қазақ­станның әлеуметтік-эконо­ми­калық географиясы» міндетті түрде жеке пән ретінде оқытылуы қажет. Онсыз ертеңгі болашақ ұрпақ елінің, жерінің қайда екенінен мүл­дем хабарсыз, мәңгүрт боп өсуі мүмкін. Ал ондай ұрпақтан қандай ұлт­жан­дылық, патриотизм күтеміз?
Сонымен қатар географиялық білім басқа да тарих, биология, геология, экономика сияқты пәндердің мәтіндік мазмұнын толықтырып отырады, яғни пәнаралық байланыс­та да маңызы өте зор.
Біз осы білім саласын үнемдеуге көшіп бара жатқан жоқпыз ба?
Егемен елімізді халықаралық белестерде биіктен туын тігіп, әлемге әйгілі ету үшін – әлем елдері сияқты геосаясатымызды, географиялық кеңістіктегі ұғымымызды кеңей­туі­міз өте қажет. Ал бүгін сол мүм­кіндігімізді ескермей отырмыз.
Әрбір адамға географиялық білім керек. Географиялық білімі бар адам жан-жақты білімді, ой-өрісі кең болады. Мысалы: география ғылымы кез келген адамға елдің табиғатын, жан-жануар­ларын, өзен-көлдерін, халқын, оның мәдениетін, салт-дәстүрін, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын, шаруашылығы мен өнер­кәсібін, сауда-саттығын, т.б барлығын оқытады. Ал дәл осылай ешқандай пән оқытпайды. Бұған қоса, біз ұлтжанды, елін сүйетін, патриот жандарды тәрбиелеуіміз қажет дейміз. Осы отансүйгіштікке елін-жерін, тау-тасын білмеген баланы қалай баулимыз.
Туған елдің әрбір шаршы метр жерінің қаншалықты қымбат, қасиеті мен бағасыздығына мына мысал дәлел бола алады. Жер, ел, сол жерде туған ерлер туралы айтылғанда көнекөз қариялардың мына әңгі­мелері еске еріксіз түседі: Қытай жыл­намашысы «Қытай тарихының атасы» атанған Сыма Цыньның мынадай мәліметтері бар: Моденің таққа отырған хабарын естіген Дун-худың билеушісі елші жіберіп, одан әкесінен қалған, күніне мың ли жерге шабатын тұлпарын беруін сұрайды. Моде кеңесшілерінің «мың ли жерге шабатын ат – бүкіл хуннудың мақтанышы, беруге болмайды» дегеніне қарамастан, «Көрші отырған елміз, бір ат үшін өлермен боп ренжісуге болмас» деп, әкесінің тұлпарын беріп жібереді. Мұны – «Моденің қо­рық­қаны» деп түсінген Дун-худың ханы тағы бірде елшісін жіберіп, Моденің әйелдерінің бірін алғысы келетінін білдіреді… Моде тағы да кеңесшілерінің «бермеу керек, онымен соғысу керек» дегендерін тыңдамай, «Көрші отырған елміз, бір әйел үшін олармен соғысқанымыз жарамас» деп, өзінің сүйікті әйелдерінің бірін (Янь-чжыны) елшілерге жасаулап ертіп жібереді. Дун-худың билеушісі одан сайын астамси түседі. «Шекаралық 1000 ли жер Хуннудың иелігі болғанымен, бүгінге дейін шекаралық қарауыл­дардан басқа ешкім пайдаланбаған бос жатқан жер ғой, соны маған берсін» деген өтінішпен Модеге тағы елші жібереді. Моде кеңес­шілерін шақырып, не істеу керектігін сұрайды. Олар бірауыздан: «Бұл шынында да бір бос жатқан, пайдасыз, шығымсыз жер, оны беруге де, бермеуге де болады» десті. Осы кезде Моде ашудан түтігіп кетті. «Жер деген – мемлекеттің негізі. Оны қалай беруге болады?» дейді де, «жерді берейік» дегендердің бәрінің бастарын алуға әмір береді. Іле-шала Моде өзі атқа қонды да, жасақты қолды бастап, Дун-ху әскерінің тас-талқанын шығарып, бұрынғы жерлерін қайтарып алады. Міне, керемет. Жеке басы үшін қажет болған қазанатын да, сүйікті әйелін де көрші елдің ханы сұрағанда, шы­дамдық жасап, ал атамекеннен бос жатқан, сортаң, шекаралық жерді сұрағанда, оған қаны қайнап, атқа міне шауып, жау ордасын талқандап, атамекен үшін бар өмірін сарп етіп, оны кейінгі ұрпақтарға аман-есен аманат еткен. Міне, «Патриот» деген жеті әріптің қасиеті. Географиялық білім – кез келген азаматтың ой-өрісінің айнасы.
Қорыта айтқанда, география пәніне дұрыстап мән беру, оқушының мектеп қабырғасында аталған пән бойынша толыққанды әрі жан-жақты білім алып шығуын қамтамасыз етуіміз керек. География туған жерді, туған елді қадірлеп-қастерлеуді үйрететін пән. Туған жердің әрбір тасын, сай-саласын, тау мен көлін, өзен-суларын біліп өскен өскелең ұрпақ күні ертең өз мемлекетінің шынайы патриотына айналады. Ал туған жері туралы ешқандай хабары жоқ бала қандай болмақ? Сондықтан осы мәселеде мықтап ойлануымыз керек. Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының бір бағыты да өз еліңнің қадірін сезіндіруге бағытталып отыр. Ал оның бірден-бір жолы пән арқылы, пәннің сапалы мазмұны арқылы оқушы зердесіне тоқыту.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.