ҰЛТ ТІЛІНІҢ ҰЯСЫ – ОТБАСЫ
Ана тіліміздің алтын бесігі – қазақ отбасы. Егер қазақ отбасы ана тілін өз бесігінде әлдилеп өсірмесе, ұясынан көкектің балапанын ұшырған құс сияқты боламыз. Қазақтың үйінде өскенімен, аты – қазақ, заты – басқа болып, елімізде өзгетілді кеңістікті қалыптастыруға қызмет етіп, өзгенің тілінде сайрап жүрген қандастарымызды көргенде талай қазақтың шаңырағынан өзгенің баласы өсіп шығып жатқандай ауыр күй кешесің.
Отбасының тілі, тәрбие тілі қазақша болмайынша, біз де көкектің жұмыртқасын басып шығарған аңқау ұябасардай болып қала береміз. Бесігіміздің ішіне жақсылап үңілейікші, ағайын, біз осы ертең де көкектеп мазамызды алатын ұрпақ өсіріп жатқан жоқпыз ба?
Екінші жағынан, көкектің балапанына қызығасың. Тілдің жайын ойласаң осы «аты жоқ көкек» құсы құрлы бола алмай отырғанымыз жаныңа батады. Ол өзге ұяда өсіп, өзге ананың құшағынан шықса да, өзінің көкек-анасының тілін сатпай, өмір бойы өз тілінде «сөйлеп» көкектеп өтеді. Біз сияқты өз үйінде, өз елінде жүріп анасының тілін ұмытып қалмайтын көкектің тілдік жады неткен мықты, «көкек тілі» қандай өміршең еді! Бұл тұрғыдан қарағанда, ертеректе киелі деп саналғанымен, кейінгі кезеңдерде халық санасында ұя баспайтын, өз атын өзі шақыратын жағымсыз құс кейпіне ие болған осы құстан да үйренеріміз, сабақ алар тұсымыз бар екен-ау…
Асыл текті халқымызға қайдағы бір көкекті үлгі еткені несі дей көрмеңіздер! Ұрпақтарын қазақ тілінен өзге бірнеше тілді меңгеруге тәрбиелеп жүрген білімдар ата-ана мен ата-әже ертең ел тізгінін ұстайтын бүлдіршіндерін, «сыночек», «дочурка», «племянник», «племянницаларын» туғанынан «ұлым», «қызым», «немере-жиендерім» деп атап, «құлыным», «ботам», «күнім», «айым» деп еркелетіп өсірсе ғана, олар уызға жарып өсіп, ана тілінде сөйлейді, ұлтымыздың тілі өміршең болуына негіз қаланады.
Осы бір түйір ойды: «Әр қазақ отбасының ата-аналары қазақша сөйлеп, балаларына, ең алдымен, ана тілінде тәрбие берсе, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылуына әлеуметтік-лингвистикалық негіз берік қаланады» деп ғылымиландырып, ресмилендіріп, бір ғана сөйлеммен қысқа қайырып айтуға да болады. Сондай-ақ бұл – мың бір мысал мен ғұлама ғалымдар пікірінен дерек-дәлелдер, дәйексөздер келтіре отырып, ондаған мақалалар, ғылыми кітаптар жазып талдап-таратып беруге болатын өте өзекті тақырып. Қалай айтып, қанша жазсақ та ұлт тілінің өмір сүруі үшін әр азаматтың жауапты екенін оның санасына сіңіру – басты мақсат.
Лингвист ғалымдар тілдің болашағын сол тілде сөйлейтін балаларға қарап анықтайды. «Тілдің өмір сүруін оны меңгерген балалар қамтамасыз етеді» дейді Гарвард университетінің профессоры, аса танымал психолингвист-ғалым Стивен Пинкер.
Әр қазақ отбасы – ұлт тілінің кіші отаны. Ана тілінде сөйлейтін әр ұл мен қыз – қазақ тілі, қазақ ұлты деген тұтас ағзаны құрайтын бір тірі жасуша немесе оның бойына қан таратып, жан бітіріп тұрған алпыс екі тамырдың бірі. Бір қазақ баласының өзге тілде тілі шығып, өз тілінен ажырап қалуы – ұлт тілі үшін бір жасушасының жансызданып, бір тамырының кесілуімен барабар. Ендеше, ұлтыма қызмет етемін, оның жаны мен тәнін жараламай, сау қалпында сақтаймын дейтін әр қазақтың ұлт тілін жансыздандыруға да, қансыздандыруға да қақысы жоқ. Баласына ана тілінде тәрбие мен білім бермеген, тілін меңгертпеген қазақ отбасы өз елінің мемлекеттік тілінің, ұлт тілінің өркен жаюына емес, өрісінің тарылуына, өзге тілдің үстемдік құруына қызмет етеді.
Шерубай Құрманбайұлы,
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР ҰҒА-ның
корреспондент-мүшесі