Ұлт және қоғам

Ұлттық идеологияның қажеттілігі ұлт ұғымының адамзатқа қажеттілігінен туады. Ұлт – адамзаттың пайда болуынан бастап, тіршілік етіп келе жатқан бүгінге дейінгі тарихында өз құқығын қорғау мақсатында жасалған ең кемел қауымдастық. Әу бастан адамдар өздерін сел, жер сілкінісі сияқты табиғат апатынан, яки жабайы жыртқыштардан, сондай-ақ адам баласының жауыздық табиғатынан жеке басын қорғау үшін топтаса өмір сүру арқылы қорғану механизмін жасауға мәжбүр болды. Сондықтан, біріншіден, халық санының өсуі, екіншіден, адам баласының дүниеқорлық пейілі қалыпты жүйемен мал-мүлкін арттыруға бағытталғанына байланысты азаматтардың құқығын қор­ғай алатын соңғы қорғанды ұлт қауымдастығы деп таныды. Қазіргі заманда бұл қорған да халық санының артуымен қатар отарлау саясатының күрделе­нуіне қатысты ұлттық қауымдастықтың деңгейінен ұлттардың одақтасуына дейін жетті. Демек, адам баласының әрбір қауымдастығы тарихи даму барысында оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қорған іспеттес. Сондықтан адам қай қорғанға арқа сүйеп өмір сүргісі келетіні оның дүниетанымына және саяси санасына байланысты болады. Ал аялдаған әрбір қорғаны оның тіршілігінің өрісі, ойының өрісі, дүниетанымының өрісі екендігі де анық. Сондықтан қай қорған болмасын оның сана мен еркіндігінің де көрсеткіші болмақ.

Ұлт адамдардың қорғану қоғамы болғандықтан отарлау күштері үшін бұл қорғанға қарсы ұдайы шабуыл жасап жатқанын көреміз. Әрі қорған бола алатын ең мықты қорған ұлт бірлестігі екенін соңғы екі ғасыр­да африкалықтардың саяси тәжі­ри­бесі көрсетті. Өйткені Африка тұрғын­дары өздерін әлемдік отарлау күштерінің аяусыз шабуылдарынан қорғанып қа­луға ұлттық идея негізінде көтеріліс жасап, ұлттық мемлекеттерін құрды.
Ұлт қауымдастығының ұлттық құндылықтарының ортақ тұстары көп болған сайын ұлт бірлігінің нығая түсуіне мықты негіздер арта түседі. Бұған мысал ретінде «үндістер ақ нәсілділердің жойқын шабуылдарына неге төтеп бере алмады?» – деген сұраққа жауап іздесек, үндістер түрлі себептерге байланысты рулық, тайпалық қауымдастықтан «ұлттық» бірлестікке қол жеткізе алмады.
Адамзаттың тойымсыздығына бай­ланысты қазіргі кезде ұлттық бірлестіктердің мықты қорғанға айналғанын сезген отарлау күштері ұлттан мықты қауымдастықтарға ойысып жатқанын Батыс елдерінің экономикалық одағы, сондай-ақ Батыс пен Шығыс Еуропаның одақтасуы сөзімізге айғақ. Демек, жаһандану үдерісі екі бағытта дами береді. Бірі адам баласының рухани кемелденуіне орай, адам адамды сыйлайтын деңгейге көтеріліп, саналы түрде адамзат қоғамының жаһандану сатысына жақындай түседі. Сондай-ақ әр ұлттың ұлттық құндылықтары өзге ұлттардың да құрметіне ие бола алады. Бұл – рухани бағыттағы жаһандану. Екіншісі – дүнияуи құндылықтар негізінде жаһандану үдерісі. Онда технологиясы дамыған елдердің өнімін тұтынатын тұтынушы қоғамын қалыптастыру көзделеді. Ондай қоғамда тұтынушы­ның ой-санасы тек қана тіршіліктің қамымен шектеледі. Соның салдарынан адамзат өзінің рухани дүниесінен ажырап қалады. Адам баласының тойымсыздық салдарынан отарлау сая­сатының негізінде жаһандану үдерісі бақталастық, қақтығыстық, зұлымдық пен аяусыздыққа толы бағытта дамиды.
Рухани құндылықтардан ада қал­ған азаматтар азаматтық міндетін атқарудың орнына шенқорлық пен пұл­қорлыққа бой алдырады. Азаматтық тұғырынан төмендеген олар байлық пен биліктің құлына айналады. Бұқара алдында айбынын асырып талтаң басып шалқаяды. Ондай мүсәпір, рухы мүгедек жандардан елге қорған болар қандай патриот шығады? Сондай-ақ олардан адам баласына қамқор болар қандай азамат күтуге болады. Бұндай қоғамда Шығысқа тән ағайындық, достық, мәрттік, ерлік сынды ізгі қасиеттер жойылып, екіжүзді, айлакерлер салтанат құрады. Екінші жағынан, заңға емес, қалталылар мен бастықтарға жалтақтау күшейеді.
Ең өкініштісі, адамзат қоғамында құлдық психология адами трагедияға айналып тұр. Бұл үрдіс түптің түбінде адам баласын ұлттық құндылықтардан ажыратады. Сөйтіп, ұлттық, мемлекет­тік мүддеге ұмтылыс жасамай, дүнияуи алдамшы құндылықтарға берілген қоғам кейпіне енеді. Нәтижесінде адамгершілікке тән қасиеттерден ажырап, жеке басының қамымен өмір сүре бастаған олар қоғамды жаңа тығырыққа тірейді. Осы жағдайға байланысты кейінгі жылдары әлем зиялылары арасында рухани құндылықтар жөнінде пайымдаулар молынан жарияланып жүр.
Ұлттық мемлекеттерде «ұлт» сол мемлекеттің әрбір азаматының құ­қығын қорғауға мықты «мәйек» бола алатынын ескере отырып, адамзат өмірінің тәжірибесіне сай жасаған бұл қорғанды дәл қазіргі топалаң дәуірде қолдан күйрету әбестік болмақ. Өйткені «ұлт» ядросы әрбір елде оның азаматтарына тіреу. Ал бұл тіреуді құлату сол елдің әрбір азаматының қорғанын құлатқанымен бірдей. Әрбір елдердегі диаспора өздерін үлкен топтардың мәдени, саяси, экономикалық шабуылынан қорғану үшін бірігеді. Олардың да бірігу деңгейі әрқалай. Сондықтан адам баласының қоғамдық бірлестіктерінің сапасына байланысты қорғану күші арта түседі. Осы принциптерге сәйкес әрбір адам өзінің азаматтық құқын қорғауға хақы бар десек, Қазақстан халқы Ассамблеясы идеясы адам баласының тарихында және әлем қауымдастықтың арасында адами тұрғыдан ең асқақ идея екенін айта аламыз. Бірақ та бұл арада қазақтың ұлттық құқығын, қазақ халқы өзінің басшылық міндетін атқаруды күшейту жағын жан-жақты ойластыру керек. Демек, елдік мүддемізге тиімділік жағы ескерілуі тиіс.
Қазақтар өздерін ең мықты қорған «ұлттық» қауымдастықтан мақрұм етпеуге тиіс. Өйткені мемлекеттік және ұлттық қауіпсіздік ең алдымен ұлттық қауымдастық арқылы жүзеге асады. Ұлттық қауымдастық қорғанумен қатар өрлеуге де негіз бола алады. Оған мысал­ға Түркия елінің ұлттық ұстанымын айта аламыз. Олар мемлекетінің ішінде де, сыртында да ұлттық құндылықта­рын дәріптеп, ұлтының ауыз бірлігін қамтамасыз етуге тырысады. Бұл ба­ғытта әжептәуір жетістіктерге қол жет­кізді. Мәселен, Түрік азаматтарының диас­порасы тұрған елдерінде табыстарын Түркияның банктеріне аударады. Ұлттық асханаларын ашып өз тағамдарын пайдалана отырып, ұлттық биологиялық-психологиялық қалыбын сақтай отыра, өз азаматтарын шет жерде де жұмыспен қамтамасыз етеді. Мешіттерінде бас қосып рухани нәр алады. Ұлт бірлігіне қажетті түрлі ұлттық құндылықтарын арттыруға еңбектене­ді. Ұлт бірлігінің керектігін кеңінен насихаттайды. Сол арқылы түріктердің әрбір азаматы: қарапайымы да, зиялысы да, бай мен кедейі де ұлт қауымдастығын өздерінің жеке басының да қорғаны екенін жан-тәнімен сезеді.
Қорыта айтқанда, қазақстандық ірі инвесторлардың, қазақтың ұлттық ірі инвестиция компанияларының келешекте ең бекем қорғаны Қазақтың ұлттық қауымдастығы екенін ұғы­нуы керек. Сол үшін де азаматтық құқығымызды қорғауда, ұлттық ком­паниялардың мүддесін қорғауға да ұлттық идеология керек. Ұлттық қоғам арқылы әлемдік қоғамға араласа аламыз. Ал адам баласының қауымдастық бірлестігінің ауқымы қаншалықты кең болса оның саналық, рухани, материалдық өрісі де кеңейе береді. Сондай-ақ қауымдастықтың бірлігі ортақ мүддемен ортақ құндылықтар арқылы келеді. Ұлттық қауымдастықтың берік іргесі ұлттар арнасындағы ортақ мүддеге құрылған одақтастыққа да негіз бола алады. Оған Еуропаның экономикалық одағы дәлел.
Қазақ жастары ұлттық құн­дылықтар негізінде ұлттық тәрбие алмаған жағдайда ұлттық санасы селкеу тартып, өзге қауымдастықтарды тірек етіп, өз­гелердің мүддесіне қызмет ете бас­тайды. Бұның өзі қауымдастықтар арасындағы тепе-теңдікті бұзады. Бізді үлкен кедергілерге алып барып соқтыртады. Демек, жеке басымыздың құқығын қорғауға ұлттық қауымдас­тық керек. Жаппай халықты ұлттық қауымдастыққа жетелейтін күштер саяси билік, қалталы азаматтар және зиялы қауым екенін де естен шығармайық. Сондықтан бұл мақсатқа жету үшін ұлттық идеология ауадай қажет. Ұлттық идеология ұлттық сананың оянуына, дамуына, сондай-ақ жаппай халық арасында тұрақты түрде қалыптасуына негіз болады. Оның нәтижесінде қарапайым халықтың да, зиялы қауымның да саяси санасы ұлттық мүддені және мемлекеттік мүддені ұға алатындай деңгейге өсіп, жетіледі. Қазақ халқының саяси оянуы, яғни өз пайдасын түсінуі Қазақстан­ның көптеген ұлт өкілдеріне де игі әсерін тигізеді. Олар өздеріне саналы, сенімді де іргелі тірек бар екенін іштей сезе бастайды. Сөйтіп, қазақты сыйлайтын, өздері жақсы тіршілікті қанағат тұтатын топтар пайда болып, қазақ халқымен жақынырақ қайнасып, бірігу жолына түседі. Ал іштері арам пиғылды топтар қазақпен ынтымақтасудан қашқақтап, іргесін аулақ ұстайды немесе екіжүзділік танытып арам ойын ішке бүгеді. Қазіргі кезде ұлттық идеологияның әлсіздігі­нен көптеген түркі тектес халықтар­мен қатар басқа да диаспора өкілдері де балаларын орыстілді мектептерге беріп жатыр. Сондықтан қазаққа, өзге ұлт өкілдеріне де мемлекеттің баянды болу жолындағы саясатына да ұлттық идеология керекті ұйытқы екенін көзі ашық өзге де ұлт өкілдері толық сезініп отыр. Мәселе мемлекеттік деңгейдегі басшылардың саяси санасының өрісіне келіп тіреліп тұр. Шенеуніктердің саяси, экономикалық, қоғамдық, мәдени тұрғыдағы дұрыс шешімдері, еліміз­ді дау-дамайға соқтырмай-ақ үлкен жетістіктерге жетелеп, мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алар еді.
Қазақстанда ұлттық идея керектігіне орай үндістер тарихын тарихи сабақ ретінде қарауға болады.
Үндістер ақ нәсілділердің отарлау саясатының аяусыз құрбандары болғанын 1492 жылы Солтүстік Америкада үндістердің саны бір миллион адам болса, 1890 жылы небәрі үш жүз мыңға төмендеп кеткенінен байқауға болады. Бұл трагедияның орын алуына ақ нәсілділердің жауыздығы себеп болды. Америкалық ғалым Ди Браун «Американың қызыл терілері» немесе «Жүрегімді жерлеші» атты еңбегінде ақ нәсілділер 1861-1890 жылдар аралығында, яғни бар-жоғы отыз жыл шамасында үндістерді тірідей өлікке айналдырғанын жазды.
Табиғатқа ғашық, қара­пайым өмірге бейім үн­дістер табиғатпен, жан-жануарлармен бірге салтанат құрып өмір сүретін. Оған дәлел, біріншіден – Христофор Колумбтың алғашқы сапарында үндістер Отанында бұғылардың саны жетпіс бес миллион шамасында болған болса, 1890 жылы жер асты мен жер үстінің байлығына құмартқан пайдакүнем еуропалықтардың қырып-жоюының кесірінен бұлардың саны бірнеше жүзден аспаған, екіншіден – үндістердің қызыл бұлт, жуан жылан, арық аю, қара бұғы, қара қазан сияқты есімдеріне қарап табиғат олар­дың өмір шындығымен етене жақын болғандықтарын айта аламыз.
Ди Браун үндіс халқының трагедиясын былай қорытындылайды: үндістердің атақты басшылары кейінгі отыз жылда тарих арнасында аңызға айналғандары тағдырдың ісі еді. Яғни 1861 жылдан бастап 1890 жылға дейін созылған «Геноцид» саясаты үндістердің ақпейіл мінезі мен асқан жауынгер­лік рухын қорғаштаған қаһарман перзенттерінің есімдерін оларды қанға бояған ақ нәсілді «Америкалық қа­һармандармен!» қатар тарих жадында қалуды нәсіп етті. Әрине, бұл тарихтың парадокс көрінісі еді.
Бұл трагедия 1890 жылғы желтоқсан айында жаппай қырудың соңғы қанды қырғынымен аяқталды. «Воундед ни Грек» қамалында болған қырғын үндіс халқының жойылу тарихының соңғы нүктесі еді. Міне, сол қамалда панасыз қалған жас пен қарияны өлім орағымен орған ақ нәсілділер «Геноцид» саясатының жеңісіне де жеткен күн еді. Өйткені 1890 жылдың сол күнінен бастап қазірге дейін үндістер «Қаһармансыздық кезеңін» бастан өткізіп жатыр. Халықтың соңғы қаһарманы өлген соң «Қаһармансыздық кезеңі» басталады. Ал бұл үндіс хал­қының тірі деген аты бар өлік болған соң өлім кезеңінің басталғаны деген сөз. Ұлт үшін, халық үшін саяси сахнада, экономикалық салада, рухани айдынында жан салып елінің мүддесі үшін күресетін соңғы «Қаһарманы» өлген соң, ол ұлттың ұлт ретінде өмір сүруі мүмкін еместігін үндістер тарихынан көреміз. Еліне қорған болған «Қаһармандар» көп болса, елдің баянды өмір сүруіне соншалықты үміт арта түседі. Керісінше «Қаһармандар» азая түскен сайын бір елдің ел болып қалуы екіталай екенін үндістердің тарихи тәжірибесінен байқаймыз.
Демек, халықтың «Қаһарман­сыз­дық» кезеңінің басталуы ұлттық тұр­ғыдан тірілер өлі кебінін киіп, ұлттық болмысының жерлеу сәтін күтіп тұрған кезең болып есептеледі. Ди Браун­ның еңбегіне қарап, үндістердің халық ретінде жойылып кетуіне ақ нәсілділердің құнарлы жерлерін иелену мақ­сатында жүргізген «Геноцид» саясатына үндістердің де аңқаулық, діни ұстанымдарының әлсіздігімен қоса толық ұлттық деңгейге көтеріле алмай қалғандығы да себеп болғанын көре аламыз.
1492 жылғы Христофор Колумб­тың сапары Америка құрлығына бір халықтың жойылуына себеп болып, өркениетті еуропалықтардың қаншалықты жауыз екендігінен де хабар берді. «Мен ол кезде ұлттық болмысымыздың аянышты тағдыры соңғы сызығына жеткендігін ұға алмаппын. Енді кәрілік шыңының биігінен, өткен күндерге көз салғанымда ирек-ирек шатқалдардың табанында жаппай өлтірілген әйелдер мен балалардың тұла бойы тізіліп жатқан мәйіттерінің ап-айқын көріністерін көремін. Мен бұл сахналарды тура сол жастық шағымда көргендей көз алдыма елестете аламын. Байқасам, сол өліктердің қанды моншасында қардың астында бір ұлттың толықтай арман-мұраты көмілген… Шіркін, ұлт арманы қаншалықты сұлу қиял еді… Ұлттың бірлігі күйреген, түгелдей дерлік күл болып ұшып кеткен, енді үндістерді біріктіретін мәйек жоқ. Ұлттың киелі ағашы қурап қалған» дейді «Воундед ни Грек» лагерінде 1890 жылы тұтқында болған үндістердің соңғы ақсақалы Қара бұғы.
Ди Браунның «Американың қызыл терілері» атты еңбегін француз тіліне аударған Ию Бреженің жазбаларында полковник Иванстың: «Мен Колорадо тұрғындарына сізге қарсылық көрсеткен әрбір үндісті өлтіруге рұқ­сат беремін» дегені немесе полковник Чи-Вингтоның: «жол бойында кездес­кен әрбір үндісті өлтірсін» деп берген бұйрығы дүниеқор еуропалықтардың жауыздығына куә бола алатын айғақ­тар болып табылады.
Үндістердің тарихи жолының қорытындысына қарағанда, үндістер рулық, тайпалық деңгейден ұлттық деңгейге көтеріле алмады. Әрине, бұл мәселенің де өзіндік себептері бар. Ол – бөлек әңгіме. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ халқы әу бас­тан батырлары мен билерінің ерен еңбегінің арқасында өзінің табиғи да­рыны, тарихи-саяси, қоғамдық ахуалына байланысты ұлттық сананы ха­лықтық шеңберінде қазақтың бойына сіңіре білді. Сондықтан да тарихи жолында ешбір отарлау саясатының зобалаңы қазақтың ұлттық санасын жоя алмады. Тек қана Кеңес Одағының зұлымдық, жауыздық саясатының ке­сірінен терең тарихи тамырынан сусындап өскен ағашы қатты зақымданды. Бірақ ұлттық тамыры біржолата солып кеткен жоқ.
Қазақ халқының ұлттық негізінің өміршеңдігі – дау тудырмайтын мәселе. Қазақ хандығының құрылуы және бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі – осының бірден-бір дәлелі.
Тарихтан мәлім, қазақ – бауырмал халық. Соның арқасында Герольд Бельгер, Асылы Османова, Надежда Лушникова сынды мейірімді, санасы биік, мөлдір жандарды өз перзенттеріне айналдырды. Олар да өз биігінде қазақтың ұлттық идеясы мен мәдениетіне, әдебиетіне елеулі қызмет жасап келе жатыр. Осындай биік-биік белестерімізді дұрыс жолға қоя білсек, әлемде рухани өрістің ең биік шыңында тұра аламыз. Көптеген ел­дерде өзге ұлт өкілдерін ассимиляция­ға ұшыра­тып, ұлттық қауымдастықта­­рына қосып отырады. Ал қазақ халқы өз бауырмалдығымен өзге ұлт өкіл­дерін нағыз адами қасиетінің арқасында өз жанының бір бөлігіне айналдырып, елді қорғауға, елге қамқор болуға, оның өркендеуіне құлшына, шынайы ықыласпен үлес қосуға ынталандырады. Мұндай жетістіктер адам құқығын қорғау принциптері негізінде қазақ халқының рухани жетістігінің жемісі ретінде ұлттық идеяға елеулі қызмет етіп келе жатыр. Себебі санасы биік әрбір ұлт өкілі қазақ халқының қарапайымдылығына, мейіріне тәнті болып, оны риясыз құрметтейді. Бұл үрдіс Мая сынды жаны сұлу қыздарымызбен, Игорь Сахар сынды көкірегі ояу абзал жанды ұлдарымызбен өз жалғасын та­уып келе жатыр. Демек, Қазақстан – адам баласының рухани жұлдызы жанған елге айналу мүмкіндігіне ие өлке. Қазақ – нәзік жүрегімен жайнаған жұлдыздардың нұрлы шапағатына адамзатты бөлей алатын құдіреті бар халық. Оған Маялар мен Игорьлар адамдық киені құрмет тұтқан қазақтың адами мөлдір бұлағынан сусындаған Бельгер, Надежда, Асылы аға-апайларымен жалғасып келе жатқан ұрпағы ретінде куә болады. Олар өздерінің адами биігінде, саналы өрісінде, қазақы құндылықты өз еркімен қабылдап, қазақ жанының серігі, ажырамас бір бөлшегі бола береді. Біз аталған жандарды қазақтың ой-өрісінің, дүниетанымының және рухани, адами қасиетінің жемісі деп білеміз.
Алайда соңғы кезде біз сол тұнықты лайлауға тырысып келе жатырмыз. Мәселен, «Екі жұлдыз» дода хабарында қазақша білмейтін орыстілді қазақ пен орыстілділердің шашбауын көтеріп жүрген шала-пұла орысшасы бар қазақ­тілді әншілер арасында ешқандай тең­дік пен үйлесім жоқ. Сонымен қатар қазақ көрерменнің бойына дүбәралықты сіңіруге телевизиялық кейбір «көркем» туындылар ұлттық рухтың улануына қызмет етіп келеді. Бұл, біріншіден, қарапайым қазақтарды ана тіліне немқұрайды болып қалыптасуына әсер етеді. Екіншіден, кейбіреулер дүбәралықты табиғи құбылыс деп қабылдай отыра бойына сіңіре береді. Үшіншіден, жанама түрде орыс тілінің үстемдігін мойындай береді. Өйткені онда байқағаныңыздай, орыстілділер қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес. Менсінбейтіні де ашық көрініп тұр. Керісінше, қазақтілді әншілер әдеттегі жалбақтау мінезімен орыстілдінің алдында төменшіктей береді. «Екі жұлдыз» тәрізді жобаларға қарап, бізге ұлттық мінез жетпей тұрғанын аңғарамыз.
­­­­­­­­­Жалпы алғанда, ұлттық даму жолындағы кедер­гілер әлемнің барлық мем­лекеттерінде өзіне тән сипатпен көрініс тауып жатады. Осы тұр­ғыдан алғанда біздің елдегі қайшылықтар мен кемшіліктер, мем­лекеттің өрістеуіне кедергі болар жайттардың ең негізгілерін атап айтар болсақ: біріншіден, орыстілді қазақтардың қазақ тілінде шығатын қазақ басылымдардың материалдарымен таныса алмайтындықтан өзінің туған халқының жан дүниесін тиісінше сезіне алмайды. Сол се­беп­ті өз ұлтының рухани әлемінен оқшауланып, бөтен бір елде өмір сүріп жүргендей ұлт құндылықтарына, қазақ қайраткерлеріне, ұлттық қауымдастық мәселелерге ешқандай мейір-шапағат танытпай, қызметке қол жеткізу және табыс табу сияқты армандар төңірегіне тәуіп етіп өмір кешуде. Екіншіден, пара беруші мен парақорлар – заңды ойын құралы. Олар адамдарды ойыншық деп санайды. Пара беруші ықпалды бастықпен байланыс орнықтырып, керекті шенеуніктерді өз қызметіне жұмсайды. Пара алған шенеунік пара берушінің құлына айналады. Олар­дың танымынша, адамдар өздерінің азаматтық құқығын қорғай алмайтын рухани мүгедектер болып есептеледі. Әрине, заң жұмыс істемеген жағдайда бұл дәстүр жалғаса береді. Үшіншіден, қазақ тілінде оқу бітіріп жатқан оқу­шылар мен білімгерлерге өнеркәсіп саласында, сауда-саттық, ірі бизнес пен билік орындарында жұмыс табылмайды. Бұл қайшылық қазақ балаларының еңсесін төмендетіп, мерейін түсіре­ді. Сондықтан жастарды отаншыл, мемлекетшіл рухта тәрбие беру ісі жалған ұран сияқты болады. Өйткені мемлекеттің баянды болу жолында жан салып қызмет жасайтын шенеуніктер мемлекеттің келешек тағдырына нем­құрайды қарайды. Шенеуніктердің бір бөлігі парақор болмаса да бастыққа жалтақтап, ұлттық мүддеге көз жұмады.
Ал қазіргі кезде әр қазақ ұлт мүддесін ең бірінші орынға қойып, әрбір ісін, сөзін ұлт болмысының тіл, діл, дін тіректерін нығая түсуіне атсалысып үлес қосуға тиіс. Ұлттың бір тіл, дін, ділдігі халқының біртұтас ұлттық психологиясын қалыптастыруға негіз болады. Сол арқылы әрбір азаматтың мемлекетін сүюге әрі мемлекеттің баянды болу жолында күресуге жол ашады.
Жамандықтан сақтандыратын – иман. Ал иман – бір Аллаға сену. Алла­ға сенген жан Алланың жарат­қан пендесін сүйеді. Ал отарлаушы күште ұлт та, иман да жоқ. Олардың сенімі билік пен байлықта шектеледі. Сондықтан барлық ізгілікті адамдар қара күштерге қарсы бір ұлт атауының төңірегіне топтасуға мәжбүр болады. Мәселен, Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығын оның азаматтарының игілігіне отаршыл күштерден қазақ ұлттық қорған шеңберінде сақтап қалуға, мемлекеттік мүддесін қорғап қалуға мәжбүр. Әйтпесе отарлаушы күштер түрлі бағыттағы секталар мен түрлі ағымдардың ықпалымен ел ынтымағын бұзып, алауыздықты күшейте берсе, ұлт келешегіне қауіп төндіреді. Бұндай жағдайда бір ұлттың жетекші ұлт болу міндеті аса ауыр жүкке айналады. Мемлекеттің жетекші ұлты ретінде оның міндетін атқару үшін ең біріншісі – жетекші ұлт бір-бірін ерекше сүюге, сыйлауға тиіс. Бір‑бірінің абыройын асқақтатуы тиіс. Өзін сыйлаған, әлбетте, өзгені де өзіндей сүйе біледі. Оған қоғамда жақсы мен жаманды ажырата білетін өлшем қажет. Жақсылық пен жамандықтың аражігі айқындалар болса, қоғамдық қарым-қатынаста өлшем байлық пен билік болудан қалады. Адами және ұлттық құндылықтарын сыйлайтын дамыған елдерде ірі байлар (картел, трасттар) өздерінің тыныш жұмыс істеу барысын қамтамасыз ету үшін өз халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын ойланып барынша жағдайын жасауға ірі-ірі жобаларды іске асырады. Байлары елдің мәдени, әлеуметтік салаларына материалдық қолдау көрсетеді. Ал адами әрі ұлттық киені сыйламайтын артта қалған немесе даму жолындағы елдердің билеушілері мен буржуазиясы өз халқының әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалына жүйелі түрде көңіл бөлмейді. Заң бола тұра заңға сәйкес жұмыс істеуге тырыспайды. Тіпті өз халқының ұлттық болмысын менсінбеуге дейін барады. Сол себептен дамыған елдерде үкіметке қарсы әлеуметтік жағдайға байланысты наразы екендіктерін бейбіт шерумен көрсетеді. Ал биліктен безген елдерде халықтың наразылық қарсылықтары билікті құлатып тын­ғанша тыным таппайды. Өйткені олар­дың жан дүниесі әділетсіздіктен әбден қарайып, кек басып кеткендігін бей­нелейді. Құрдымға кеткен кеңестік билік соған айғақ. Сол кеңестік жүйенің Қазақстанды ұлтсыз елге айналды­ру мақсатында жүргізген саясатының кесірінен қазақтың ұлттық санасы табиғи өсуінен қалыс қалды. Содан барып елдегі саяси биліктегілердің патриоттық өрісі тарылды. Не мүлдем жойылды. Сондықтан келешек жас маман саясаткерлерді толықтай ұлт­тық құндылықтарына қанықтырмай оларға билік тізгінін ұстатуға болмайды. Жастар ең әуелі қазақтың тілін, дінін сыйлауға тиіс. Қазақ жас­тары Қазақстан азаматтары үшін өр­кендеу мәйегі екендігін әбден сезіп әрі оған сеніп, соған орай мемлекеттің мүд­десін қорғау мақсатында саясаттың күрделі кеңістігіне қадам басулары ләзім. Қысқасы, дүние байлығына көз алартқан адамдар ұдайы сұм істерін жалғастыра береді. Отарлау саясатына қарулы майдан мен мылтықсыз майданда төтеп бере алу үшін техникалық һәм мәдени даму қарқынын нақты ұлттық, мемлекеттік бағытта жүргізу керек.
Ал тарихи-саяси тәжіри­бе­лерге сүйене отырып, билік пен халық арасына шынайы татулық орната алатын негіздер – ұлт­тық тіл, дін, діл. Сондай-ақ азаматтар­дың әлеуметтік жағдайының өркендеуі, қоғамда әділетті қарым-қатынастың орнығуы һәм шенеуніктердің іскерлік, парасат пен әділдігі болып табылады. Сонымен қатар халық пен ауқаттылар арасындағы достық пен татулықты буржуазияның ұлтын сүю, мейірбандық, жомарттық пен адамгершілік тәрізді қасиеттерін қамтамасыз ете алады.
Бүгінгі қазақ игілік пен кемістіктің ортасында кіріптар халде өмір сүруде. «Сенен әрекет, Алладан берекет» деген сөз бар. Сондай-ақ дініміз Исламда «әр істің нәтижесі адамның ниетіне байланысты» екенін айтады. Соған орай еңбек етуді және таза ниетті болуды ұмытпасақ, Алла жар болып, игілігі­міз­ге игі негіздер қалайтынына сене­йік. Бұл ойымызға Кеңес Одағының күйреуі, одан әрі аталарымыз арман­даған армандарға беттеп, еліміз­дің тәуелсіздігіне қол жеткізгеніміз айғақ. Ниет дұрыс болып, адал еңбек етсек, Алла Тағала қалауымызға жеткізеді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, таза пейіліміздің, адал санамыздың игілігін бүгінгі ұрпақ қордаланған кедергілердің кесірінен көре алмаса, сөз жоқ, ертеңгі ұрпағымыз көре алады. Өйткені игіліктің дәні кесепаттар басып тастаған төбешіктердің астынан бой көтеріп, бұршақ атуына уақыт керек. Сол уақытқа бүгінгі біздер сабырмен үздіксіз саналы да жүйелі түрде қызмет жасай беруіміз қажет. Ұлы тұлғалар мен жаны жайсаң жандарға Алла қуат берсін, ынтымақтары артсын деп тілейміз.

Ислам ЖЕМЕНЕЙ,
шығыстанушы-ғалым

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.