Перуайым

Еркін ШҮКІМАН,
әнші, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері

«Перуайым». Осы бір ғажайып әннің төңірегінде түрлі әңгімебар… Бұл туралы сәл кейінірек. Ең әуелі әннің мәтіні хақында. Бұл ән бізге Әміреден бастап, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов сияқты даңқты әншілердің орындауында жетті. 

Ән сөзінің бірінші шумағы Ж.Елебековте:
«Дегенге перуайым, перуайым,
Түседі сізді ойласам сары уайым.
Өзімнің тұсымдағы шолпанымсың,
Басқаның мен неғылам күн мен айын» болса, осындағы 3-4 жол Ж.Кәрменовте:
«Өзімнің тұсымдағы шолпаным ең,
Жатпенен кеттің жырақ неғылайын» деп, ақынның сүйген жардан айырылған халі өткен шақ формасында айтылған.
Ал Жүсіпбек атамыз ән сөзінің екінші шумағын:
«Қарағым айналайын, орта бойлым,
Айырып сары майдан торта қойдым.
Өзіңді бұл арадан көрсемдағы,
Атыңды күлімкөз деп жорта қойдым» деп қара өлең сөзімен орындаған. Осындағы екі жолды Е.Мұқашев «Уәйіс ақын» атты зерттеу кітабында «Атыңды жанның бәрі білмесін деп, әдейі күлім көз деп жорта қойдым» деп өзгертіп берген.
Ж.Кәрменов «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы…» мақаласында бұл әннің осы шумағы жөнінде:
«Дегенге перуайым, перуайым,
Толқимын дидарыңды көрген сайын.
Өзіңе қосыла алмай армандамын,
Аман бол қайда жүрсең қалқатайым» деп, екінші шумақтың негізгі өз сөзін келтіреді және бұл сөз Ж.Кәрменов арқылы еніп, әннің екінші шумағы болып қалыптасты, қазіргі күнде осылай орындалып жүр. Жоғарыдағы өзгерістер жөнінде Қ.Мұхаметхановта да, Е.Мұқашевта да ештеңе айтылмаған.
Бұл ән 2009 жылы шыққан «Сарыарқа» әндері антологиясында Ж.Кәрменовтің нұсқасы бойынша нотаға түсіріліп, Уәйістің әні болып жарияланса, Қ.Байбосынов құрастырған «Сыр сандық» антологиясында:
«Дегенге перуайым, перуайым,
Түседі сізді ойласам сары уайым.
Өзімнің тұсымдағы шолпанымсың,
Басқаның мен неғылам күн мен айын.
Қарағым айналайын, орта бойлым,
Айырып сары майдан торта қойдым.
Өзіңді бұл арадан көрсемдағы,
Атыңды күлімкөз деп жорта қойдым.

Қарағым айналайын, қиылған қас,
Көрген жан дидарыңа болады мас.
Қарасам өн бойыңда бір мінің жоқ,
Жаралған нәсілің бөлек, ей, қолаң шаш» деген үш шумақпен Ақан сері әндерінің топтамасына енген, яғни Ақан серінің әні болып берілген.
М.Ержанов орындауында бірінші шумақ Ж.Елебековтікіндей болғанмен, екінші шумағы Біржан салдың «Сырғақты» әнінің екінші шумағымен айтылған.
Енді ән тарихына қатысты. М.Мағауин өзінің «Құмырсқа-қырғын» кітабындағы «Менің аталарым» деп аталатын қысқаша ата-баба шежіресіне қатысты деректемесінде: «…Өз баласы есепті болғандықтан мен атамды әке дейтін едім. Ал әжемді апа дедім, яғни тіл де, ұғым да бұзылған заман үшін нақтылап айтсақ, туған ана. Айтқандай-ақ, менің «Туу туралы куәлігіме» ана ретінде есімі жазылған әжем Орынбасар Қалиқызы… …Әжем мен білгенде жанары боталаған тостағандай қара көзді, қыр мұрын, ай қабақ, сымбатты, тіп-тік ұзын бойлы, аққұба кісі еді. Жас кезінде тірі жан сұқтанғандай сұлу болыпты. Ақын, сазгер, әнші Абай шәкірті Уәйістің «Перуайым» деген атақты әні осы менің әжеме арнап шығарылған екен» дей келіп, атасы Мағауияға он бес жасында тұрмысқа шыққандығын айтады.
Ал белгілі әнші, өнер зерттеуші Е.Төлеутай өзінің «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» еңбегінде: «Шығу тарихы даулы әндердің бірі – «Үш дос». «Үш досты» көбінесе «Перуайым» деп те атайды. Кезінде халық әні боп жүрген бұл әнді әнші Жәнібек Кәрменов семейлік әнші Уәйіс Шондыбаевтың әні деп кетті. Бірақ Уәйістің әні дегенге нақты дәлел-дерек жоқ, Жәнібек ағамыздың нақты қандай дерекке сүйеніп жазғаны белгісіз» дей келе, Б.Балабековтің естелігіне сүйене отырып, бұл әнді Жарылғапбердінің әні дейді. «…Сүйіндік – Қаржас руынан шыққан Жарылғапберді Қаржастың іргелі ауылы Құдайберген (Шөкең) ауылымен іргелес отырады. Сол Құдайберген Ермек, Келдібек, Найзабек деген үш атадан тарайды. Жүзге тарта түтін. Үш ата тату-тәтті, бірауызды болыпты. Мұны Жарылғапберді жақсы біледі. Шөкеңнің Райымбек деген орысша оқыған баласы Кереку, Омбыдан Лениннің төңкерісі жайында тіл ұғып, оны әкесіне құпиялап айтады. Бұл кезде Шорман ауылының жағымсыз жұмыстары елге түгел жайылған кезі. Баласынан хабар ұққан Құдайберген (Шөкең) ­Шорман ауылының болыстығына қарайтын елді бөліп алады. Баянауыл деген болыстықты қуғысы кеп, ел-жұртты жиып жүргелі жатады. Осы оқиғаны естіген Жарылғапберді «Үш дос» деген әнді шығарып, Құдайберген ауылына айтып келеді. Ж.Шанин, Сапарбек, Балабектер осылай айтып отыратын. 1920-21 жылдары Әміре Қоянды Жәрмеңкесінде «Балабек деген Сүйіндік әншісінен үйрендім» деп Семейге жайған болатын. Бұл ән «Үш дос», кейде «Үш тоты құс» болып орындалып жүрді.
«Жасымнан бірге өскен үш дос мырза,
Бірінің бірі болып сөзіне риза.
Отау боп жатыр деген хабарды алып,
Келдім ғой амандаса дос жұртыма.
Қош бол, дос, осы айтқаның бәрі де рас,
Мөлдіреп домалайды көзімнен жас.
Айрылып қалам ба деп бір құрбыдан,
Ойлауым бас кемшілік жерім саяз.
Бәрі емес, үшеуіңнің біреуің дос,
Болмасын өкініш көп, сөз арты бос.
Асығыс болып қалды демей, достым,
Хат жазып біздерден де хабарын тос». Міне, осы ән сөзі арқылы Жарылғапбердінің әні дегенге негіз болғандай. Себебі әннің шығу тарихы, деректері көкейге қонады» дейді де, «Үш достың» «Перуайым» аталуына тоқталады. «Байқағанымыз, Бісміллә өзінің естелігінде келтірген «Үш дос» әнінің сөздері мен Әміре айтқан нұсқасындағы сөздердің үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Онда неге Бісміллә естелігінде «Үш дос» деп қана аталып, әннің екінші «Перуайым» атауы әнші естелігіне түспей қалған? Біз өз жорамалымызды алға тартып көрейік. Бұл әнді Әміре Балабектен үйренгенімен, Әміре ән сөзін өзгертіп айтқан секілді. Өйткені Бісміллә жеткізген ән сөзі өте қарабайыр, бұл күйінде Семей түгілі Баянауылға да тарамас еді, ән тілеп тұрған сөздер емес, бүгінгінің сөзімен айтсақ, сөзін қайта жаздырған секілді. Бұл үрдіс XX ғасыр басындағы өнерпаздар арасында жиі кездеседі. Бұл әнге сол кездегі заман талабына сай сөз жазудың хас шебері Иса Байзақов жазған болуы мүмкін. Себебі Әміре мен Иса өз заманында қатты дос болған. Осы әннің Семейге тарағаны – 1920-25 жылдары Иса мен Әміре Семейде бірге жүрген. Өз заманының тыңдаушыларының қандай әнге көңіл шабатынын екеуі де жақсы білген» дейді, әрі Әміре орындауындағы сөзі деп қазіргі айтылып жүрген сөзін берген (Біз мақаланы сөзбе-сөз емес, негізгі ойын ғана алып, қысқартып бердік.Құраст. Е.Ш).
Әсілі, Әміре қазіргі сөзбен орындамаған. Расында, ән сөзі жазба сапасына байланысты ұғынықсыз. Ептеп тыңдап көргенімізде Е.Төлеутай келтірген сөзден де, бүгінгі айтылып жүрген сөзден де алшақ, басқа сөз. Әуен жолының соңғы бунағынан «жарқылдайтын» деген сөзді естігендей болдық. Е.Төлеутай жеткізген мәтінде әлеуметтік жағдай сөз болса, бүгінгі айтылып жүрген мәтінде ғашықтық хал сөз болады, яғни бізге белгілі екі мәтін мазмұн жағынан бір-бірінен алшақ екені көрініп тұр. Ал Әміре орындауындағы нұсқадан лирикалық леп байқалады.
Осы мақала басында Е.Төлеутай «Перуайым» сөзінің шығу төркініне тоқатала кеткен. «…«Перуайым» сөзінің түбірі орыстың «первыйым» сөзінен туып тұрғанын аңғару қиын емес. «Первый» сөзінен қазақы қалыпқа лайықталып «первыйым» сөзі туындап, айта келе әннің музыкалық қуаты талап еткен «перуайым» сөзі дүниеге келген. Мұны, тіпті, тіл заңдылығы қағидаларына сүйеніп те дәлелдеуге болады. Қазақ тілінде в әрпі жоқ болу себепті қазақтар в әрпінің орнына у әрпін айтатыны белгілі. Мысалы: завод – зауыт, товар – тауар, перевод – перуод» деген дәлел келтіреді. Дәлелде қисын бар. Қазақтың тіл табиғатында осындай ерекшелік бар, мұндай сөздерді қазақ тілінде көптеп кездестіруге болады.
Дәл осы ойды журналист Сайлаубек Жақыповтан да кездестіреміз: «Аты көрші Найман, Тобықты елдеріне мәлім болған Уәйіс озық өнерінің арқасында Жетісу, Қарқаралы, Кереку, Семей, Зайсан жерлерін аралайды. Қайда барса да халық ақын, әнші-сері келді деп Уәйісті аттан көтеріп алып, құрметтеп қарсы алады. Жан дүниесінің кәусарынан жаралып, жүрегінен жарып ұшқан ең алғашқы адал махаббатына арнаған «Перуайым» әні ел арасына тез тарап кетеді. «Перуайым» деп Уәйіс орыстың «первый» деген сөзіне балап жұмбақтағаны» деп тағы да «первыйым» – «алғашқым», яғни Уәйістің алғашқы махаббатына (первая любовь) арнаған әні дегенге саяды.
Жоғарыда біз келтірген М.Мағауин мен Е.Төлеутай кітаптарындағы пікірді жас ғалым Е.Мұқашев та өзінің «Уәйіс ақын» зерттеуіне дәйек қылған. Е.Төлеутайдың келтірген ән сөзіне қатысты шумақтарды біз де жоққа шығармағанымызбен, «ән сөзін өзгертіп айтқан сықылды», «сөзін қайта жаздырған секілді», «Иса Байзақов жазған болуы мүмкін» деген жорамалдарына қосыла алмадық және жоғарыдағы Б.Балабеков естелігінен келтірген «кейде «Үш тоты құс» болып та орындалып жүрді» деген сөзі ойымызға аздап күмән араластырды. Өйткені бұл аттас ән бұған дейін Ақан серіде бар екенін білеміз. Бірақ бұрын-соңды әншілердің орындауында бізге жетпеді, тек ел ішіндегі жеткізушілердің айтуында нотаға ғана түсті. А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабы мен Қ.Жүзбасов құрастырған «Маңмаңгер» кітабында ноталық үлгілері жарық көрген. Тіпті «Маңмаңгерде» әннің төрт нұсқасы берілген. Ал мұндағы ән сөзі шығыстық үлгіге жақын.
Ал енді «Перуайым» сөзінің мәніне байланысты бірер сөз. Е.Төлеутай да, С.Жақыпов та, «перуайым» сөзі орыстың «первый» сөзінен шыққан дегенді келтіреді, яғни «алғашқы махаббат – первая любовь» дегенді меңзеп тұр. Мұны «Абай шығармаларында орыстан енген алпыстан аса сөздер бар, Уәйіс те Абай төңірегінде жүріп, Абай тәрбиесін алған ақындардың бірі, сондықтан да бұл сөз Уәйіске жат емес» деп ақтап алуға да болатын шығар, бірақ Абайда орыс сөзінен басқа араб, парсы, шағатай, татар, түрік сөздері де көптеп кездеседі. Сондықтан бұл ой да «любовқа» қорған бола алмайды. Сондықтан бұған басқа жағынан қараған дұрыс қой деп ойладық.
Абай мен Уәйіс заманындағы қазақ санасында «алғашқы махаббат – первая любовь» ұғымы болған жоқ, санада ондай ұғым болмағасын сөз қолданыста да ондай тіркестің болуы мүмкін емес. Тіпті «махаббат» сөзі қазақ әдеби тілінде Абай поэзиясынан бастап кең қолданыла бастады. Онда да бүгінгі тар түсініктегі, сұлулыққа сұқтанатын төмен деңгейдегі «любовь» емес. Абай поэзиясындағы «махаббат» сөзінің аясы кең, ол – терең танымдағы рухани махаббат. Сондықтан бұлай ойлаудың өзі қисынсыз әрі өте ұят. Біздіңше, бұл сөздің этимологиясын басқа жақтан іздеген дұрыс сияқты.
«Перуайым» сөзінің мәніне біз ойламаған жерден кез болдық. Бірде Қытай елінен көшіп келген бір ағайындардың жиынында отырып, той иесі жиын соңында елге «перуайым пейілдеріңізге рақмет» деген сөз айтып қалды. Ел тарқаған тұста ақсақалды сөзге тартып, осы сөздің мәнісін сұрағанымда «перуайым пейілдеріңізге» деген сөз – ол «қамқор, тілектес көңіл-пейілдеріңізге» деген сөз ғой деп жауап берді. Арада аз ғана уақыт өткенде Құлжа қаласына барған сапарымызда бұл сөз тағы алдымыздан шықты. Мағынасын сұрағанымызда онда да түсіндіргені – жоғарыдағыдай болды.
Қазақ тілінің сөз қорында сырттан енген кірме сөздердің мол болуы себепті, Нұртас Оңдасыновтың «Қазақша-парсыша сөздігін» қарағанымызда, «перуайым» сөзіне жақын «паруай» сөзін кездестірдік. Онда жоғарыда айтылған «қамқор, тілектес» сөзіне түбірлес, мәндес, мағыналас қам, қамқорлық болып аударылған.
Екінші, біз парсытанушы, әдебиетші, тарихшы ғалым Ислам Жеменеймен осы мәселе жайында сөйлескенімізде, бұл сөздің өзінің «Парсыша-қазақша сөздігінде» «пәруай» емес, «Пәруа» болып берілгенін және үш мағынада қолданылатынын айтты. Пәруа – 1. Сабыр, шыдам; 2. Үрей, қорқыныш; 3. Қызығушылық, ынта. Енді осы сөздің төртінші, бесінші, алтыншы мағынасын бізге ғалым И.Жеменей Иранның аса көрнекті лингвист ғалымы Мухаммад Муиннің «Фарһәнг-е-Муин» аталатын көп томдық түсіндірме сөздігінен «Пәруа» – 4. Іңкәрлік; 5. Көңіл бөлу және қыз баланың есімі деп сілтеме берді. (Бүгінгі күнде Иран елінде екі мыңнан аса қыз-келіншектің есімі Пәруа болып аталады екен).
Осы сөздіктердегі мағынасы ашылған алты-жеті сөздің ішінде біздің зерттеу нысанамызға жақыны – қам, қамқорлық, іңкәрлік, көңіл бөлу сөзі мен қыз баланың есімі болды. Алдыңғы сөздер мағынасы жағынан жақын екені түсінікті, ал соңғы «қыз баланың есімі» дегеннен, «Пәруаның» «Уәйіс сүйген қыздың есімі емес пе екен?..» деген де жорамал ойымызға келді. Осы орайда тілдегі фонетикалық жүйенің жиі өзгеріске түсуіне байланысты «Пәруа» сөзі «Мәруаға» айналған сөз болуының ықтималдығы да бар. Осындағы Маруа сөзі бізге адам аты болып сіңген жоқ па екен деген де ой көкейімізде тұрды. Өйткені Маруа – қазақ қыз-келіншектерінің есімі екені белгілі.
Одан басқа мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылық өтеу кезіндегі Сафа-Маруаның арасына жүгіретін сағи рәсімі де біздің ойымызда болды. Бұл жөнінде Құран-Кәрімде: «Қағбаның жанында («Сафа, Мәруе» деген екі төбешік бар. Бағзы заманда Ысмайылдың (Ғ.С.) анасы Ажар ханым су іздеп екі арасында кезек жүгірген, Алланың бір белгілі қасиетті орны еді. Кейін жәһилиет дәуірінде екеуіне де бұт орнатылып, соларға шоқынылатын болғандықтан: Мұсылмандар «Сафа, Мәруеге» жүгірмесек те болар деп, ойлағандықтан осы аят түскен. Р.Ж.М.Т-Қ.) (156)», «Негізінде «Сафа, Мәруе» Алланың белгілерінен. Сонда кім хаж немесе ғұмра орындаса, ол екеуін де тауап етудің оқасы жоқ (157)».
Осы тұста есімтанушы Бердалы Оспан мырзаға хабарласқанымызда ол: «Мәруана – өте сирек есім. Аса мағыналы екі сөзден құралған. Мәруе – араб сөзі. Қағбаның жанында Ысмайылдың анасы су іздеген екі жердің бірі. Құран-Кәрімде осы екі жер Алланың белгісі, жақсылығы делінген. Ана – қазақ халқының жүрегіндегі ең ардақты адам. Демек: Мәруана – Алла белгісінің себебі, Анасы, дегенді білдіреді. Мәруана есімінің иесі – Жаратушының жақсылығын жан-тәнімен қабылдап, өзінің жақсы көріп жасаған ісімен жалғастыратын, өте сезімтал әрі жаны нәзік, сырт келбетімен ішкі жан дүниесі үйлесім тапқан сұлу адам» деген түсініктеме берді.
Ал «Арабша-қазақша сөздіктен» қара­ғанымызда «Маруа» сөзінің қазақша аудармасы 1. «шақпақ тас кесегі», «кварц тас»; 2. Мекке маңындағы тау дегенді білдіретін болып шықты.
Одан бөлек интернеттегі араб сөздігі бойынша мағыналарын мамандарымыздың көмегімен анықтағанымызда «маруа» сөзі – 1. «от шығаратын ақ тас» (әдеби тілде «кіршіксіз» мағынасында да қолданылады); 2. «жұпар иісті ағаш»; 3. «адам бойындағы көркем мінез жиынтығы» (осы арқылы адамды өзіне тарту); 4. «ақ маржан» сияқты түсінік беретінін білдік және араб поэзиясында «ынтызар», «ынтық болу», «жүректің тулауы» мағынасында да қолданылатынын анықтадық.
Осыған байланысты ғалым И.Жеменейден қайыра сұрағанымызда, ол кісі: «Араб мәдениеті Орта Азияға тікелей арабтардың өзінен келген жоқ, ол парсы әдебиеті мен мәдениеті арқылы жетті, сол себепті Сафа-Маруаның аты емес деп ойлаймын. Яғни парсыдан енген көптеген сөздер қазақ тіліне енгенде негізгі мағынасынан ауытқып, басқа мәнге ие болып кетті. Бұл қазақ жазба әдебиетінің кенжелеп дамуына да байланысты» деген ойын айтты.

Ал енді «Перуайым» сөзінің мәніне байланысты бірер сөз. Е.Төлеутай да, С.Жақыпов та «перуайым» сөзі орыстың «первый» сөзінен шыққан дегенді келтіреді, яғни «алғашқы махаббат – первая любовь» дегенді меңзеп тұр. Мұны «Абай шығармаларында орыстан енген алпыстан аса сөздер бар, Уәйіс те Абай төңірегінде жүріп, Абай тәрбиесін алған ақындардың бірі, сондықтан да бұл сөз Уәйіске жат емес» деп ақтап алуға да болатын шығар, бірақ Абайда орыс сөзінен басқа араб, парсы, шағатай, татар, түрік сөздері де көптеп кездеседі. 

«Пәруай», «перуайым» сөзі бүгінгі қазақ әдеби тілінде ішінара әр мағынада кездеседі, оның ішінде «Пәруай» сөзі қазіргі әдеби тілімізде «қам, қамқорлық, мән, мағына, аңғалдық, сана, ес, қапер, зерде, кіршіксіз, таза» деген мағынада да қолданылады.
Мысалы: «…Е, енді бәрі дұрыс деп қабыл алады. Пәруайсыз аңғал бір жан…» (М.Мағауин. Ілияс аға Есенберлин) – қамсыз;
«…Осыншама пәруайсыз болармын ба, әкем айтып еді, бұлақ басына жетіп, мол суды өз көзіңмен көргенше қайтар жолға сақта деп, күн соншама ыстық болды ма, алда ешқандай бөгесін жоғына имандай сендім бе, әлде айдалада адамның тәбеті артады, аштан шыққандай, артығырақ жеп, кенеусіз шөлдедім бе, басқаны былай қойғаңда, мана, ертемен тазалығым ұстап, қол шайып, бет жуғанымды қайтесіз – не керек, ақсақалдың ақылын ұмытыппын» (М.Мағауин. Сары қазақ) – қаперсіз;
«…Егер пәруайсыз, әрі менмен Вэй-шао-ван Ұлы Дала ахуалы…»(М. Мағауин. Шыңғыс хан. Бастау) – санасыз;
«…Бақыттың төбесіндегі сарғыш түсті бір шоқ шаштың түп-тарихы, әрқилы, мағынасыз, пәруайсыз әңгімесі, Тұрғанбайдың би кешінде танысқан қыздан адасып қалып, шыға беріс алакөлеңкеде еден сыпырып жүрген уборщица қолынан ұстай алғаны…» (М.Мағауин. Әбіш екеуміз) – мәнсіз;
«…Ауыл сырты ию-қию. Сиыр мөңірейді, қой-ешкі маңырайды; табын мен отар мидай араласып кеткен. Солардың қалың ортасынан біреу мас адамдай пәруайсыз бақылдайды. Жынды көк теке ғой бұл кілкіген қалың шаңға қақалып жүрген» (М.Қабанбай. Сурет салғым келмейді) – мағынасыз; болмаса «…Еш нәрседен пәруайсыз, ғапыл» дейдi.
Қаққаның әскерiнiң бiр бөлiгi…» (Бабалар сөзі. 15 том. Қисса Салсал) – қам-қарекетсіз;
«…Қалада жұмыс істейтін, оқыған, жанұя құрған баласын сағынған Ерғабыл шал (пәруайсыз ұлы бұл кезде әке-шешесін естен шығара бастаған) дүниеден өткенде ел-жұрты­­­ның қалай шығарып салатынын ойлады…» (Г.Т.Танабаева. Төлен Әбдіковтің прозалық шығармаларының жанрлық, тақырыптық және көркемдік ерекшеліктері. Автореферат) – ессіз, санасыз;
Ал «перуайым» сөзі «пәктік», «тазалықпен» қоса «ессіз, қамсыз пенделік» мәнінде де қолданылған:
«…Оның үстіне «мой золотоймен» кездес­кенде Изадора аса бір уылжып пісіп жарыларға шақ қап тұрған перуайым періште еместұғын…» (И.Сапарбаев. Талай сұлу тілегімді құп алған. Қазақ әдебиеті) – пәк, таза;
«Соны ойлап күлкі беріп қайғы алғанмын,
Енді жоқ тай кезгідей тайраңдар күн.
Обал жоқ өзіме де періштеден,
Перуайым пендеге айналғанмын…» пері­штеліктен пенделікке өту (Тәңірге тағзым-тілек. Самат Асқар. Сарыарқа. 17.06.2011);
«Осы көбелек неге жарықты айнала береді екен» деген сұрағымызға «Ол бір ханның қызына ғашық болған пәруан-көбелек қой. Сол ханның қызына сені алам деп барса, «Маған от алып келсең, саған жар болайын» деген екен. Содан бері бұл ханның қызына от апарам деп жарықты айналып жүрген көрінеді. Ел оны жынды көбелек атап кеткен» дейтін шешелеріміздің айтқан аңыз-әңгімелерінен жауап табатын едік. Бұл «пәруана» сөзінің де ар жағында бір мағынаның бары ақиқат. Парсыша-қазақша сөздіктегі аудармасы 1.көбелек, түн көбелегі; 2. Ауыспалы мағынасы Құрбан, садақа болып берілген.
Өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, сөздіктердегі аудармалар, қисса-дастан, аңыз-әңгіме, бүгінгі көркем әдебиеттен келтірген мысалдар бойынша қарастырғанымызда, «Перуайым», «пәруай» (пәруана – ессіз ғашықтық, мәруа, мәруана) сөзі– қамқор, тілекші, көркем мінез жиынтығы, ынтық, ынтызар, қалау, жүректің тулауы, кіршіксіз тазалық, іңкәр көңіл, қыз есімі (пәруа) сияқты бірнеше мағынаға ие болатынын байқап отырмыз.
Біз осы бір шағын ғана зерттеу мақаламыздың қорытындысында, Перуайым – іңкәр көңіл, ыстық жүрек, кіршіксіз сезімнен шыққан тілек-ән мағынасындағы ән деген ойға келдік. Сондықтан «перуайым» сөзінің шығу төркінін тілдік тұрғысынан да, мағынасы жағынан да орыс сөзінен іздегеніміз қисынға қиғаш.
Бұл қазақ әндерінің текстологиясы мен ән мәтіндерінің мағынасына қатысты алғашқы да, соңғы да мақала емес. Бұған дейін де жазылған, бұдан кейін де жазылады. Егер тіл ғалымдарының бұдан да терең зерттеулері жазылып жатса ұлттық ән өнерінің зерттелуіне қосылған мол үлес болар еді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Абылғазы

    Міне тағы бір нұсқа. менің марқұм апам ылғи «оған пәруай пәнсап» деген сөз тіркесін айтатын. бұл сөздің мағынасы оған бәрібір деген сөз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.