Алаш идеясын заңды жалғастырушымын

Жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Тұрсын Жұртбаймен бұл әңгімені жүргізгелі біраз уақыт өтті. Әңгімеміз өте ұзаққа созылды, 5 сағаттай әңгімелестік. Алаш идеясын зерттеуге, осы тақырыппен ауыруға не себеп болғанын айту үшін жазушы тереңнен толғады. Әңгіменің ыстығы басылмай тұрып, түсіріп тастауға болатын еді. «Оқырманға қалай берсем, қандай форматта ұсынсам?» деп толғанып жүріп біраз уақытты өткізіп алдым. Бүгін әңгіменің жарыққа шығатын уақыты жеткен секілді.

Әзімхан төренің образы «Алашты» тануымның бастауы болды

– Алаш – қазақты біріктіретін идея бола алды ма?
– Алаш тақырыбы – бір күндік, бір ғасырлық тақырып емес. Алаш идеясында қазақ халқының сонау есте жоқ ескі заманынан бастап, алдағы елестете алмайтын болашаққа дейінгі мұрат-мақсаты көзделген. Егерде көшпенділер ұрпағының соңғы және жалғыз тұқымы қалатын болса, сол адамды сақтайтын да және бойтұмарына айналатыны да Алаш идеясы болуы керек. Өйткені Алаш идеясында ықылымнан бастап, көшпелі өмірден, жаугершіліктен, түрлі соғыстар мен Алқакөл сұламадан өткен Қазақ атты қауымның тағдыры бар. Белге біткеннен, көрге кіргенге дейінгі аралықтағы әр қазақтың көкейінде әуелі Алла, одан кейін осы Алаш идеясы иман болып ұюы тиіс. Мұнда Алаш Алаш болғалы алдына қойған арман мүддесі де және осынау кеңістікті тұтастандырып сақтап қалатын, барлық атрибуттар: қорғаныс, күнкөріс, экономика, көлік; сонымен қатар рухани мұраны дамытатын: тіл, діл, дін, мораль, ахлақ, психология – барлығы қамтылған.

Әлихан Бөкейханның бұл идеяға соншалықты кірпияздықпен кіріскендігі сондай ол 1908-1911 жылдары қазақтың қай даласында, қай қыратында су қалай ағады, ол қыраттың әр шаршысында қандай шөп өседі, топырақтың қандай, онда мал қанша уақыт өмір сүре алады, бір қойға жылына қанша шөп керек, оның жазғытұрым көктеу, жайлау, күзеу, қыстау кездерінде ауысатын көлемі қанша және жан басына бір жылда қанша қаражат керек, қанша мал керек, бір отбасында орта есеппен бес адам деп есептесек, бір үйге шамамен қанша жер керек, қай қазақ қайда қоныстанған, ол жердің шөбінің шүйгіні, қарағаны, ықтасыны, яғни қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігіне қажеттінің бәрін зерттеп-зерделеп, қазақта басы артық жердің жоқ екендігіне көз жеткізеді. Қазақ жері 6,5 миллион қазақтың өмір сүруіне толықтай жетеді. Өйткені бұл жартылай көшпелі, жартылай отырықшы өмір сүретін халық. Сондықтан да келімсектердің келуіне тыйым салу керек деген тұжырым жасайды. Жердің асты-үстіндегі байлықтың бәрі Алашқа қызмет етсін. Жер, жер және жер! Алашты асырайтын күнкөрісі, ырыздығы – жер, сол жер Алаштың дамуы­на, мәдениетін, тілін, ғылымын, ой-өрісін дамытуға мүмкіндік беретін кеңістік. Басқа жерде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан Алаштың жері ең әуелі Алашқа қызмет етуі керек. Қазақтың психологиясында – жер бүкіл қазаққа ортақ, қазақтың меншігі, ол ортақ идея – бір-ақ ұранға, «Алаш» ұранына бірігеді деген идея ұсынған. Алаш идеясы – қасиетті идея.
– «Алаш идеясы» Кеңес одағы кезінде жабық тақырыптардың бірі болды. Қазақ жалпы Алаш идеясымен қалай танысты?
– Алаш идеясы, біріншіден, менің мектептегі ұстазым арқылы санама енді. 5-сыныпта әдебиеттен шығарма жаздым. Әдебиет пәнінің мұғалімі шығармамды көкке көтеріп мақтап, сен болашақта жазушы боласың, әдебиетке бейімің бар деген еді. Содан бастап, мен басқа кәсіпті қуамын деп ойлаған жоқпын. Мен Семейдің Абай ауданының қазағымын. Оның ішінде «Қоңыр әулие» деген қасиетті ауыл бар. Тоғжанның келін боп түскен ауылы. Ол жерде Абайды, Әуезовті, Шәкерім қажыны білмесең сен адам қатарына қосылмайсың. Мен «Абай жолы» романымен 5-сыныпта таныстым, 6-сыныпта қайталап оқыдым. Осы романдағы бүкіл персонаж, оқиға барлығы көкейіме қонды, бірақ ондағы Әзімхан образы мен үшін жұмбақ образға айналды. 7-сыныпта осы образ жайлы шығарма жазуды ұйғардым. Төртінші кітаптың соңғы тарауында Тәкежан, Шұбарлармен бірге Әзімхан төре отырады. Ол ел жайын сөз етіп, қазақтың санын термелеп, қайда қанша қазақ бар екенінен отырған көпшілікті хабардар етеді. «Астрахань губерниясында – 216 000 қазақ бар. Орал облысында – 412 000 қазақ. Торғай облысында – 338 000. Ақмола облысында – 341 000. Мынау өздерің отырған бес ояз Семей облысында – 547 000. Жетісуда – 600 000. Анау Сыр бойында, Түркістан, Ташкент жағында – 730 000 қазақ бар! Бұл шоғыр, тұтас, құйқалы қалың отырған жерлері! – деп, үй ішінде қымызға қызып алған ақсақал, қарасақалды, би-болыстарды, аңқылдақ, мақтаншақ ұркөппе байларды «қазақ не деген көп еді», «қайдан білген», «шіркін, білсең осылай біл!» дегізеді» делінетін жолдарды оқығанда ол төреге тек Тәкежан, Әзімбай, Шұбарлар ғана емес, мен де дән риза болып, елді ойлайтын бір адам осында жүр екен ғой деп қуанып қалған ем. Алайда Абай сол Әзімхан төрені «төрешік» деп кекетіп сөйлейді. «Абай неге Әзімхан төреге риза болмайды? Оның қателесуі мүмкін емес. ­Демек, Абайдың аузына бұл сөзді салып отырған М.Әуезов. Яғни бұл жерде қателесіп отырған жазушы. Меніңше, «Абай жолы» романындағы Әзімхан образы жағымды образ» деген шығарма жаздым. Әдебиеттен сабақ беретін Жәңгір Исайынова мұғалім (ол кезде «апай», «ағай» демеуші едік) «Құдакелдин, шығармаңды талдамай-ақ қояйық. Өз ойыңды жазғансың. Әрине, бес!» деді. Менің сорыма орай, бірінші тоқсанның соңына қарай, Жәңгір мұғалім декретке кетіп қалды да, оның орнына келген мұғалімнің түсінігі Жәңгір апайдың деңгейіне жетпеді. Ол менің бұл шығармамның ту-талақайын шығарып, «Әуезов қателесті дейтіндей, сен кім едің?» деп дүрсе қоя берді. Сол апай маған кітаптағы Әзімханның прототипін табуды тапсырды. Оның кім екенін Абай ауданындағы үлкендердің көбі білмейді. Төкен Ғабдуллин деген Жәңгір мұғалімнің жолдасы, математик ағай бар еді. Сол кісі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқуға кеңес берді. «Тар жол, тайғақ кешу» менің көзімді ашты. Әзімхан деп жүргенім Әлихан Бөкейхан екен. Әлиханның айтқаны сөзбе-сөз жүр. Анада көркем сөз, мынада факт. «Тар жол, тайғақ кешу» тұнып тұрған фактология. Сол жылдары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтердің ақталып жатқан кезі. Енді менің «Тар жол, тайғақ кешу» туралы шығарма жазуға аңсарым ауды. Сөйтіп, «Абай жолындағы» Әзімхан Әлихан Бөкейхан екен, оны «Тар жол, тайғақ кешудегі» мына фактілер арқылы дәлелдеуге болады» деп тағы шығарма жаздым. Осы шығармамда Мағжан Жұмабаев деген ұлы ақынның бар екендігін, оның өлімді «Ақ кебінге» теңегенін жазып едім, тағы пәлеге қалдым. Бүкіл мектеп өре түрегеліп, маған қарсы болды. «Алаш» дегенді қайдан шығардың?» деп шүйлікті. Сөйтіп, маған Мағжан Жұмабаев деген кім, соны тап деген тапсырма берілді. 7-сыныптың оқушысы Мағжан Жұмабаевтың кім екенін қайдан білсін? Сүлкінім түсіп кетіп бара жатыр едім, тағы да Төкен мұғалім Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» оқуға жол сілтеді. «Өмір мектебінің» 1956 жылғы нұсқасын тауып оқыдым. Жазушы Мағжанды буржуазияшыл, бикешшіл ақын деп суреттеген. Сол буржуазияшыл ақын Сәбит Мұқановтың көзін ашып, Омбыда оқуына себепкер болады. Ол Мағжанды байшыл, буржуазияшыл деп сынай отырып, «буржуазия­шыл ақындардың ішінде одан өткен ақын болған жоқ» деген түйін жасайды.
Мұның бәрін неге айтып отырмын? Автордың ­айтайын дегені идея. Әзімхан төре образындағы идея, Мағжан жайындағы Сәбит Мұқановтың идеясы, «Тар жол, тайғақ кешудегі» идея. Шығармадағы бір-ақ сөз идеяға қызмет етеді. Мұны менің Жәңгір мұғалімім үйреткен еді. Мен осы «Өмір мектебіндегі» Мағжан Жұмабаевтың образын талдай келе, буржуазияшыл, байшыл дегені болмаса, жазушы оны ақын ретінде, ұлы тұлға ретінде ­сипаттап отыр деп тағы шығарма ­жаздым. Бұл шығармадан кейін «менің ісім» кеңейтілген мектеп жиналысында қаралып, «жас алашшыл» деген айдар тағылып, мектептен шығарып жіберді. Кейін мектеп директоры араласып ауданға жеткізбей, мектепке қайта қабылдатты. Содан бастап, Алаш идеясы, Алаш тақырыбы менің көкейіме кірді. Мектеп бітіргеннен кейін, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне келдім. Емтиханда маған «Тар жол, тайғақ кешу» мен «Еңлік-Кебек» дастаны келді. Осы екі шығарманы талдаймын деп екі рет мектептен шығарылып, қайта қабылданғанмын. Алматыда шығармашылық еркіндік бар дегенді естігем. Желдей есіп, екі шығарманы да бүге-шігесіне дейін талдай бастадым. Емтихан қабылдап отырған Мырзатай ­Жолдасбеков пен Қосжан ­Жолымбетов деген кісілер еді. «Тар жол, тайғақ кешуге» келгенде, «Алаш» идеясы жайында сөз қозғай бастап едім, әлгі Жолымбетовтің түрі бұзылып кетті. Бірден тоқтатты да, мені емтиханнан сүріндіріп жіберді. Мырзатай Жолдасбеков аздап қарсы болып еді, көнбеді. Сөйтіп, бір жылдан кейін қайта келетін болып кеттім. Келесі жылы Рымғали Нұрғалиев шығармадан тағы үш қойыпты. Ауызша емтиханға енгім келмеп еді, дәл сол адамның өзі билет алуға мәжбүрледі. Тағы да «Еңлік-Кебек» пен «Тар жол, тайғақ кешу» келмесі бар ма? Былтырғыдан аузым күйіп қалған, бұл жолы мен «Алаш» идеясын аузыма алмадым. Алайда Рымғали ағам қытқуырлап қоймайды. «Еңлік-Кебекті» Мағауиядан басқа кім жазды? «Тар жол, тайғақ кешудің» негізгі өзегі, идеясы не? Мен айтудан тартыншақтап едім, сенің болашақта ақын болатын ойың бар еді ғой, мына түріңмен қой бағуға ғана жарайсың ғой» деп намысымды жанып барады. Ақыры алатын екім ғой дедім де, ондағы «Алаш» идеясына қайта сүңгідім. Рекеңнің де күткені осы екен. Сөйтіп, «бестік» алып шықтым.
Келесі жылы күзде Рымғали Нұрғалиев мені үйіне алып барып, Мағжан Жұмабаев туралы ­Сайфи Құдаштың Д.Қонаевқа жазған 35 беттік хатын оқытты. Сосын, Сапарғали Бегалиннің үйінен Жүсіпбек Аймауытұлының «Жұлын жүйке жүйесін» әкеп берді. Одан кейін Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын», Жүсіпбек Елебековтің үйінен Мағжанның өлеңдерін әкеп берді. Бұл бізді кітапханадағы «Сирек жазбалар» қорына жетеледі. Сонда Мағжан өлеңдеріне бойладық. Мектепте шет тілін оқымаған біраз студент араб тіліне жазылған едік. Соның арқасында төте жазуды үйрендік. Төте жазудағы еңбектерді оқуға әуестендік. Бұл бізге «Айқап» журналымен танысуға мүмкіндік берді. Курстық жұмыс жазарда ұстазымыз Қайыржан Бекхожинге «Айқап» журналындағы публицистиканы» жазуға бола ма?» дедім. «Жаз!» деді. 15-20 беттік еңбек жаздым. Онда да жер мәселесіне арнайы тоқталғанмын. Профессорға менің жазған курстық жұмысым ұнаған секілді, старос­тамыз Ғалия Ыбыраева жаздың күні іздеп жүр. «Неге?» десем, «сен студенттік олимпиадаға қатысып, бас бәйгені алған екенсің, соның қаламақысын алуың керек!» дейді. Сол жолы алған 15 сом, бүкіл курстың тамақтануына және бұған дейін алған қарыздарын өтеуге жеткен еді.

Ұстаз аманатына адал болдым

Күзде Қайыржан Бекхожин шақырды, бардым. «Сен маған шәкірт болғың келмей ме?» деп сұрады. «Боламын» дедім нық сеніммен. «Ендеше, осы әңгімеден бастап, ары қарай ешкімге жақ ашушы болма, бұл жайында келісіп алайық» деп кесіп айтты. Келістім.
«Менің ұстаздарым бар еді, ұстаздарыма ерекше қарыздар едім. Олар қазақ халқының ұстаздары еді. Күндердің күнінде олардың да күні туар. Мен осыдан бұрын екі шәкірт дайындадым. Біреуі ішіп кетті, екіншісі ауылға кетіп қалды. Ендігі сенерім сен. Бұдан кейін шәкірт дайындамаймын. Менің сол ұстаздарым туралы зерттеуді қолға аласың ба? Оларға қазақ халқы қарыздар, мен де қарыздармын. Ұрпақтың алдындағы сол қарызымды өтейін деп едім. Менің Әлекең, Ахаң және Жақаң деген ұстаздарым болды. Жүсіпбек, Мағжан деген асыл ақындар бар еді. Солар туралы деректерді көрсетемін. Сен оқып шығасың, ешкімге тіс жармайсың. Тек өзіме ғана сұрағанда айтасың» деді. Ол мені әуелі ­Тауман Амандосовтың кабинетіне алып келді де: «Бүгіннен бастап, бұл менің шәкіртім, ешқайсыңның шаруаң болмасын» деді. Сөйтіп, Темірбек Қожакеевтің, Өмірбек Жолдасбековтің кабинеттеріне кезек-кезек кірдік. Өмірбек Жолдасбековтің ректор кезі. «Мынау өткендегі сізбен келіскен бала» деді ректорға. Сонда бұған дейін менің шаруамның басшылықпен әлдеқашан келісілгенін бірақ білдім. Жолдасбеков бірден келісіп, хатшы қызға Ұлттық кітапхананың арнайы бөліміне хат жаздыртып, қол қойды да, басқа жұмысың болса, маған келіп тұр деді. Демек, бұлар бұған дейін Алашты талқылаған, сол кезде келіскен ғой. Содан кейін Ұлттық кітапханаға келдім. Егделеу тартқан апай жолықты. Мені Сирек қолжазбалар қорына апарып, материалдарды әкеп тұрды. Сәуір айында мен оқитын материалдар бітті. Жазуға болмайды. Тек еске сақтап алу керек. Ал профессор Бекхожин менен емтихан алам деген. Кітапханадан шыққаннан кейін «Жамбыл» ескерткішінің жанында «Қарлығаш» деген кафе бар еді. Сонда 2,5 жарым сағаттай отырдық. «Болды, мен парызымнан құтылдым. Күндердің күні болғанда жолығамыз» деді. Содан диплом жұмысын жазатын уақыт келді. Мен өз бетімше «Қазақ» газетінің публицистикасы» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, машинкаға беріп те қойдым. Сосын профессор Қайыржан Бекхожинге келіп, диплом жұмысын аяқтағанымды айтып едім, «Жетекшің кім?» деп сұрады. Бұған мен қатты ашуланып кеттім де, тарих ғылымының докторы, қазақтың тұңғыш профессоры, «Журналистика тарихы» кафедрасының меңгерушісі Қайыржан Бекхожин» дедім ызаға булығып. «Тақырыбың не еді?» деді. «Қазақ» газетінің публицис­тикасы». Сол кездегі профессордың түрін көрсең ғой. Ол маған таяғын алып тұра ұмтылды. Мен тұра қаштым. Ол жетіп үлгергенше, мен есікті жауып үлгердім. Таяқ есікке келіп сарт етті. Ар жағынан кіжінген дауысын да естідім: «Подлец»… «сатқын» дегені ғой. Сонда ғана мен оған берген уәдемді бұзғанымды түсіндім. Сөйтіп тақырыбымды ауыстырып, «Сырбай Мәуленов – ­публицист!» деген тақырыпта диплом жұмысын жазуға мәжбүр болдым. Мұзафар Әлімбаевтың рецензиясымен дипломды қорғап шықтым.
– Сіз «Алашты» ақтауға қатыстыңыз…
– Мен осы әңгімені күндердің күнінде Олжас Сүлейменовке айтқанмын. 1987 жылы 30 қаңтарда мені шақырып алып: «Сенің ұстазыңның аманатын орындайтын кезің келді. Енді репрессияға ұшыраған Алаш ардақтыларын ақтайтын күн жетті. Жоғарғы сотқа бар!» деді. Бардым. Айтмұхамбетов отыр екен. «Олжас жіберді» дедім. «Ә, сеніп жібергені сен екенсің ғой» деді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде өзіммен бірге оқыған Қазыхан Кенжебаевқа бір аптадай кеңесші болып жұмыс істедім. Одан кейін КГБ-ның архивіне жол ашылды. «Праволық комиссияның төрағасы Тұрсын барады» десті, содан маған рұқсат берді. Сол шыққаннан 91-жылдың мамыр айының 20-сына дейін КГБ-ның архивінде емін-еркін отырдым. Ол жердегі жігіттер де «біз барда көшіріп ал» деп еркіндік берді. Менің бақытыма орай, сол кезде КГБ-ның архивінің бастығы жиі ауыстырылып отырды. «Ұзақ отырды» деп анау айта алмайды. Сөйтіп, Алаш ардақтыларын ақтау үшін КГБ архивін толығымен ақтарғандардың бірі болдым. «Мақсатыңа жеттің» деді Олжекең. Сөйтіп, 1988 жылдың 24 сәуір күні Алаш ардақтылары сотта толық ақталды. Содан хат жазып, Колбинға жібердік. Өзбекәлі Жәнібеков бас болып, Сейіт Қасқабасов кеңесшісі болып, комиссия құрып, Алаш ардақтыларын саяси ақтауға кірісті. Бұл комиссия құрамында Жабайхан Әбділдин секілді академик-ғалымдар біраз уақыт тер төкті. Сөйтіп, Алаш ардақтылары күзде толығымен саяси тұрғыдан ақталды.
Одан бір жыл бұрын ауылға барып жүріп, Шәкерімді ақтап алдық. Енді мақсатқа жеттік.
– Алаш ардақтыларын ақтау барысында қандай да бір қиындық туындаған жоқ па?
– Біз Мағжан Жұмабаевты ақтау үшін хат жазған едік. Ол хат КГБ-ның архивінде сақтаулы екен. Қопабай Әбдірахманов бастаған КГБ полковнигі Мағжан ақынның ақталуына қарсы емес екендігін айтты. Алайда Жазушылар одағының сол кездегі секретариатынан «Мәңгілік ақталмасын» деген хат жолданған екен. Оқып берді.
– Жазушы болу арманым ішімде кетті депсіз…
– Содан үш кітапты жазып болдым. Осымен мақсат орындалды деп түсініп, жазушылыққа ден қоймақ болған едім. Алайда тарихшылар архивті сөйлете алмады. Олардың әңгімелерінің аңысын аңдып отырсам: «Байтұрсынов Рысқұловты неге сатты, жек көрді? Қожановты неге сатты, жек көрді? Мағжанды неге жек көрді?» деген сарындағы мақалалар қаптап кетті. Оларды бір-біріне жау етіп көрсеткісі келді. Олар түрмедегі сұрақтардың астарын түсінбеді. Менің әкем түрменің дәмін татқан адам. Оның үстіне КГБ-ның архивінде 2,5 жыл отырдым. Ондағылар кейбір қитұрқылықтарды түсіндірді, өзім де архив ақтарып отырып біраз нәрсеге көзім жетті. Содан жаңағы сарындағы әңгімелерге жауап беру керек болды.
Екінші, түрмедегі 2-3 мәселені көтеру ертерек болды. Үшінші, түрмеде әр нәрсе сұрағанда бір-біріне қарама-қарсы сұрақтар, қайшылықты жауаптар да болады. Ананың сұрағында неге басқаша жауап, мынаның сұрағында неге басқаша жауап, олар бір нәрсені ұстанды ғой. Бірнәрсеге неге екеуі екі түрлі жауап береді. Ал өмірде қалай болды? Олар неге сотталды? Осыларды анықтаудың өзіне 20-30 жыл қажет болды. Оның идея­сын құру, фактіні сөйлету, астарын ашу. Ал КСРО тарихшыларының біразының осал жері фактіні кеңейте алмады. Қателесіп кетеміз деп фактінің өзін ғана сөйлетіп отырды. Бұл мектепке айналып кетті де, бүкіл тарихшылардың сөйлеу жүйесіне айналды. Мысалы, Бекмахановта фактіден туындатып, идея, пікір айту бар. Біздің тарихшылар фактіден идея жасай алмады. Қазірдің өзінде тарихшылар сол фактінің айналасынан шыға алмай қалды. Біз Марғұланды не үшін пір тұтамыз? Өйткені ол тарихи фактіні сөйлете білді. Олардың әр абзацынан ғылыми көзқарас шығады. Ал жазғаны кәдімгідей бір дерек, ал пікір идеясы өте бөлек. Мен мысалы «Дулығаны» жазған кезде, әсіресе скифтер тарихына үңілгенде, бірде-бір тарихшы Олжастың «Аз и Я» кітабындай көмектескен жоқ. Өйткені ол көркем шығарма, көркем идеясымен менің ­ойымды кеңейтті. Сондықтан да тарихи-көркем ойлаудың пайдасы мол. Соны жеткізгім келді. Ақыры үш кітап бітті. Содан кейін оған түйін жаздым. Тараудың аты – «Арылу». Осыдан кейін жолағым келген жоқ. «Дулығаға» қарай көшіп кеткенім сол. Бірақ еріксіз жаңағыдай сұрақтарға жауап іздеу керек болды, сосын жаздым. Тергеуден 2000 беттей материал алып шығыппын. Көбін диктофонға жазып алғанмын. «Сен неге күбірлеп отырсың» дейді. «Ой, мен бала кезден дауыстап оқымасам оқығаным миыма қонбайды» деп құтылам.

Шығарманың құндылығы – көркемдігінде емес, идеясында

– Сонымен, ұстаздарыма қарыздармын дейсіз…
– Алаш идеясын жарыққа шығару ойы маған қайдан келді? Көркем шығарманы жазып неге жүре бермедім? Сөйтсем, маған ой салған, мені осы жолға бағыттап жіберген Бекхожин, Рымғалилар екен. Мұхтар Мағауинмен білім жарыстырғым келді. 1991 жылы ғана Мағауинге жете алмайтындығымды мойындадым.
Әкем Ахмет Байтұрсыновқа хат апарып беріпті. 1918 жылы 24 сәуірде Мақаншыда Садық Аманжолов жараланып қалып, Отыншы Әлжанов тірідей өртелген соң, Байтұрсыновтың хатын бала деп әкеме береді, сол хатты Садық Аманжоловқа апарып берген. Содан қуған, қашқан, сол кезде 16 жастағы бала. Кейін біліп қойып, бәрібір түрмеге әкелген ғой. 32 жылы Алматының түрмесінен қашып шыққан. Әкемнің Амангелдіні неге жамандайтынын кейін түсіндім. Барлығын білген ғой, бірақ ешкімге тіс жармаған.
Екіншіден, идея және көркемдік шындықтың аражігін қалай ажыратуға болатындығын үйреткен Жәңгір ұстазым. Сол кісінің ықпалымен 5-сыныпта жүріп-ақ тарихи шындықты іздедім, Әзімхан образын талдадым. 1977 жылы Шәкерім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебегін» талдап, «Құнанбай образы – жағымды образ» деген мақала жазып, «Жұлдызға» жариялаттым.
Жәңгір мұғалімім 82 жасқа келгенде Семейге бардым. Апаймен арнайы жолығып, қойған жалғыз сұрағым, «мұның бәрін қалай бойыма сіңіре алдыңыз?» болды.

«Менің алғашқы ұстазым Қалиакпар Төлебаев. Ол – Әуезовтің, Аймауытовтың гимназиядағы группаласы. Әдебиетті оқып, шығарманы талдаған кезде, шығарманың әсерімен одан артық қылып сіңіріп жіберуің керек. Әйтпесе, сен ұстаз емессің. Оқушыға еркіндік беруің керек дейтін. Кейін Қайым Мұқаметхановтың дәрісін тыңдау бақыты бұйырды. Олар менің бойыма Алаш идеясын сіңірді. Мен оны өз оқушыларыма жеткізуге тырыстым, соның ішіндегі зерегі сен болдың ғой» деп жауап берді. Демек, мен Алаш идеясының заңды жалғасымын. Алаш идеясы маған тәрбиемен, біліммен келген. Ол идея менің өміріме айналып кетті. Прозаны да, өлеңді де қойдым. 1977 жылдан бастап, «Қилы замандағы» архивке кірдім. Менің міндетім, патшалық Ресейдің, советтік Ресейдің отаршылдық әрекетін әшкерелеу.Көркем шығармалар жаза бермегенім үшін өкінетін кездерім көп. Осы күнге дейін көркем шығарманы дәл қазірден бастап кеткім келеді. Мына өмірге не үшін келдім? Менің көркем идеям, көркем өмірім бар еді ғой. Әуезов сияқты көркем шығармаларымды көпке жеткізсем болар еді ғой. Енді ол арманым кетті ғой…
Өзімді жұбататыным, 1973 жылы Шәкерімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанын қойшының аузынан жазып алып, «Лениншіл жасқа» жарияладым. «Түнгі қиса» деген атпен шықты. 4-курста оқитынмын. Ол кездегі көркем әдебиеттегі жасырын образ деген осы. Бүкіл жазушылар жағымсыз кейіпкерлер арқылы өзінің идеясын жеткізу – социалистік реализмдегі басты бағыт болды. Сәбит Мұқановтың да мақсаты – Мағжанның атын қалдыру. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» Алаш идеясын «жамандай» отырып… жазып қалдырып отыр. Біз Алаш туралы түк білмедік дейді. Ананы оқып отырып, қалай білмейді. Өздері білгісі келмеген. Соншама әдебиеттің астарын түсінгісі келмейтін адамдар. Бүгінгі әдебиетте көркем әдебиеттің негізгі идеясын табу керек. Идея бір-ақ ауыз сөз үшін жазылады. Мысалы, Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» деген тың көтеру туралы романы бір-ақ ауыз сөз үшін жазылған. Сонда тыңды көтеріп жатып, ескі қыстауына көшпеген бір көне мінезшіл, саудагерлеу шал болады. Елдің бәрі көшіп кеткенде жаңағы шал көшпейді. Оған келген кержақ: «Ей, сен баяғыда мен көшіп келгенде, жер менікі деп мына жерді бермей қойып едің ғой. Біз жеттік, алдық. Мына орыс та біздің орыс. Ертең ана атаңның зиратын таптайды». Содан кейін екеуі төбелеседі. «Жапандағы жалғыз үй» деп жазып отырған романдағы ой, жалғыз-ақ идея. Қанапия Телжановтың «Атамекен» деген шығармасында «Анау алысқа қарап тұр, көзінде сондай бір сұс бар. Астындағы биесі жермен-жексен боп жыртылған жерге шошынып қарап тұр. Құлын ойнақтап жүр. Алыстан бұлдырап пойыз кетіп бара жатыр. Оралханның айтқанындай: «Қазақтың заманын темір тұзақ боп қоршап бара жатыр. Анау заман қуып келеді». Осындай астарлы, классикалық шығарма.
Осы идеяларды жанай өтіп, бірақ иісін сездірген Әлкей Марғұланға, Ғабеңнің, Ғабиден Мұстафиннің түк білмегенсіп айтып отыратын, бірақ ар жағында астары мол әңгімелеріне, Қайымның ашық әңгімелеріне, Рымғалидың тығып беретін кітаптарына, Бекхожиннің жұмсақ мақтамен жеткізгеніне мен қарыздармын. Мен өзімнің жүрегімді, идеямды, жалпы ақыл-ойымды жұбату үшін, қолымнан келгенше ұстаздарымның аманатын орындадым.
1987 жылы мамырда Колбиннің басшылығында Қазақстан Орталық Комитетінің пленумі өтуі керек болды. Сол жерде жеті жазушы «қазақ ұлтшылдарының» қатарында қосылды. Баяндама ­дайындалды. Ұлтшылдықпен айыпталғандардың ең басында ­Есенберлин тұрды. «Есенберлин шығармаларындағы ұлтшылдық» деген мақалалар сериясы «Қазақ әдебиеті» газетінің қос нөмірінде жарық көрді. Әрі қарай Бексұлтан Нұржекеев, Сәтімжан Санбаев сынды ағалар, соңында жас алашордашыл ретінде Тұрсын Жұртбаевтың да аты аталды. Сонда Әуезовтің сол баяғы «Еңлік-Кебек» хикаятын «Жұлдызға» жариялағаным алдымнан шыққан. Бірақ ұлтшыл болмай қалдық. Олжастардың арқасында сол пленум өтпей, аман қалдық.
– 2017 жылы «Алаш» жылы, «Әлихан жылы» болып өтті. Оның тойлануы көңіліңізден шықты ма?
– Жалпы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жылдық тойымен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жылдық той, Алашорда мемлекетінің 100 жылдығы ең қуаныштысы, ең жұбаныштысы – қазақ халқының жүрегінде ұлы сезімдер мен қозғалыстарды оятты. Осы 100 жылдыққа деген аңсары мен көзқарастарының ерекшелігінің арқасында бүгінгі қазақ қоғамы осы қоғамдағы барлық құбылыстарға жауап іздеді. Бүгінгі мемлекеттің тұйыққа тіреліп отырған идеологиялық саясатында үлкен рухани тоқырауды ырықтады. Қазіргі қазақ халқының рухани оянуы бұл 1989-1991 жылғы аралықтағы үлкен қозғалысты еске салып отыр. Өйткені қоғам қазақ руханияты өзінің алдына бір мақсатқа бағытталған сұрақты қоя білді. Осы сұрақты қоғамның әрбір қарапайым мүшелеріне жеткізген. Олардың санасына неге деген сұрақты оятқаны үшін де және сол сезімді оятуға мүмкіндік берген, шынайы рух қосқан баспасөз бен ақпарат құралдарына мен ризамын. Олар өз деңгейінде, түрлі бағытта осы идеяларды өткізді. Алаш қозғалысының 100 жылдық мерекесіне өзге елдер де ерекше үлес қосты. Мәселен, Түркия. Бөкейхановтың 150 жылдық мерекесі Әлиханның 5 наурыз туған күні Анкарада Ғази университеті, ЮНЕСКО, Түрксой және Қожа Ахмет Ясауи университетінің Түркиядағы бөлімшелері бірлескен үлкен конференция өткізді. Сол арқылы халықаралық деңгейде Алаш көсемінің ұлттық тұлғасын ашты. Сол бағытта Түркияның ішкі назарын аударған Татарстан, Қырғызстан, Башқұрт, Ресей, Ноғай, Өзбек халықтарының осы мәселе жөнінде зерттеу жасауына мұрындық болды. Алаш идеясына өз елімізде мемлекеттік оқу ордалары мен жеке мекемелерде өткен конференцияларда мамандарымыз лайықты бағасын берді. Өкініштісі, елдік деңгейде өткізе алмадық… Әрине, одан Алаш идеясының кеңістігі тарылмайды. Ол әр қазақтың жүрегінде өсіп, өркендейді деп сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Есенгүл Кәпқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.