Жас ғалымдарға қамқорлық керек

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына бірінші басымдық берілген. Сондай-ақ цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету маңызды кешенді міндет екені атап көрсетілген. Ол үшін адам капиталының сапасын жақсартып, білім беру жүйесінің рөлін арттыру қажеттігі айтылады. Сол себепті оқыту бағдарламасын сыни ойлау қабілеті мен өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттап,  IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек.

Мемлекет басшысының 2018 жыл­ғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында индустрияландырудың, «ақылды технологиялар» негізінде агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытудың, сондай-ақ көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттырып, қаржы секторын «қайта жаңғырту» сияқты келелі міндеттердің іске асуы адами капиталға тікелей байланысты екені айтылады. Өйткені Елбасының пайымынша, экономикадағы адамның рөлі мен мәні – барлық қоғамдық өндіріс процесінің түпкі мақсаты, өндіріс – айырбас – бөлу – тұтыну қозғалысының соңғы сатысы.
В.Петтидің жазуынша, мемлекеттің күш-қуаты оның халқының санымен, өнерлігімен және еңбек сүйгіштігімен анықталады. Елде ақылды және еңбек сүйгіш адамдар неғұрлым көп болса, ел соғұрлым бай болып саналады. Немесе А.Смитше айтсақ, «адамның өзі ел экономикасында ерекше рөл атқарады». А.Смиттің айтуынша, жұмысшының білгірлігін көтерген соң, ол жұмыс істейтін машиналар мен құрал-саймандарды жаңарту арқылы еңбек өнімділігін өсіре аламыз. Сол себепті де адамдардың білімі, шеберлігі мен іс-тәжірибесі қоғамның «негізгі капиталын» құрайды. Адамның дене және ой күші – нағыз байлық және қоғамның басты өндіргіш күші. Десек те, бүгінгі таңда ғылымға көңіл бөлінбей отыр. Ақпараттық дерек көздеріне сүйенсек, 2016 жылы ғылымды дамытуға 21,2 млрд теңге бөлінген, ол ЖІӨ-нің небәрі 0,076 пайызын құрайды (халықаралық орташа деңгейі – 1,7 пайыз). Ғылым-білімнің бүгінгі жай-күйіне ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің төмен жалақысы да теріс әсер етуде. Елбасының «Біз қазір «білім – ғылым – инновация» атты үштік үстемдік құрайтын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» деген сөзіне сай, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылықты қанына сіңіріп, олардың рухани баюына ерекше көңіл бөлу керек. Ал ел сенімін ақтайтын сапалы ұрпақ өсіріп, оларға жарқын бағыт-бағдар сілтеу – барлық ұстаздар қауымының басты парызы. Әсіресе жоғары мектеп ұстаздарының рөлі мен жауапкершілігі маңызды. Себебі студенттер жоғары оқу орнында есею мектебінен өтеді. Осы уақытта олардың интеллектуалдық потенциалын барынша дамыту керек. Жастар өз ісінің табысты болатынына кәміл сенгенде ғана жетістікке жетеді. Сол себепті жоғары оқу орындарында болашақ мамандардың толық адам болып қалыптасуына, білімі мен мәдениеті, рухани дүниесі мен ақыл-ой өрісі, ғылыми диалектикалық ойлауы, білім алуға құштарлығын дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Ең алдымен, оларға білім беретін ұстаздар педагог ретінде жан-жақты білімді және білікті болуы керек. Ертедегі грек философы Эпикурдың: «Өнегелі, әділ және парасатты өмір сүрмей, сүйкімді өмір сүре алмайсың» дегені ЖОО оқытушыларына тікелей арналғандай. Сол себепті де білім беру саласына бар ғұмырын арнап жүрген ұстаздардың жағдайын жасауымыз керек. Олардың әлеуметтік мәселелерін шешу, айлықтарын көтеру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, шәкірттері үздік нәтижелерге жетіп жүргендеріне үстеме ақы төлеу жөнінде «Ұстаздар мәртебесі» туралы арнайы Заң қабылданса құба-құп болар еді.
Білім берудің мақсаты – адам ұмты­лысына мән-мағына беру, табиғат пен қоғам құпиясын тануға бағыт сілтеу. Сол күнде ғана білім шынайы дүниетану құралына айналады. Олай болса ЖОО-да студенттерге тек теориялық білім берумен шектелмей, өнеркәсіптегі жаңа технологиялармен танысып білуі үшін өндіріс орындарында тәжірибеден өткізіп, сол уақытта жасаған жұмысы үшін кәсіпорыннан төлемақы берілетіндей жағдай жасау керек. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің арасында тығыз байланыс орнату қажет.
Елімізде ғылымның дамуы, ғалым­дарымыздың әлемге танылуы олардың біліктілігіне, ғылыми мекеме­лердің, ЖОО-ның заманауи құрал-жабдық­тарымен жабдықталуына байланысты. Ғылымда нәтижелі еңбек еткен ғалымдарға, әсіресе жас ғалымдарға жағдай жасалса, жастардың бойында ғылыммен айналысуға деген ұмтылыс пайда болар еді.

Нұридін БАЛҚИЯҰЛЫ,
М.Тынышпаев атындағы
Қазақ көлік жәнекоммуникациялар
академиясының профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.