Жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Қазақстан кириллицаға Ұлы Отан соғысының алдында ғана көшті. Бірақ оған бәрі үйреніп үлгермеді. Бұған майданнан жолданған үш бұрышты хаттар куә. Солардың кейбірі бұрынғыша латын әріптерімен жазылыпты. Әрине, ол кездегі әліпбимен қазіргіні салыстыруға еш келмейді. 

Тәуелсіздік алғанымызға ­ширек ғасыр уақыт өткенде Қазақ елі жаңа әліпбиді қолға алды. Әріптері көпшілікке таныстырылды. Жас та, кәрі де қолдап жатыр. Кейбірі меңгеріп те үлгерді. Рас, келешекте тағы талқыланып, кейбір өзгерістер орын алар, бірақ негізгі іргетасы қаланған тәрізді.
Әйтсе де, жаңалыққа сыни көзбен қарау лазым. Онсыз да қазақ тілінде кірме сөздер көп. Солардың бірқатары өмірімізге сіңісіп те кетті. Бүгінде блогер, блогбастер, медиация, флешмоб, хакер тәрізді сөздерді айтып қана қоймай, мерзімдік баспасөзде жазып та жүрміз. Демек, оларды журналистер де жат санамайтын секілді. Енді олардан қол үзу жеңіл болар ма екен?
Латынға көшу – оңай шаруа емес. Оны ертеректе тұтына бастаған кейбір мемлекеттердің өздері әлі күнге дейін толықтырулар енгізіп жатыр. Олардың тәжірибесі жаңа әліпбиді күштеп қолдануға ұмтылу, қолданысқа тез енгізуге тырысу орасан олқылықтарға соқтыратынын көрсетті. Сондықтан Елбасының мұны сатылап жүзеге асыру қажеттігін, бастапқыда кириллица да бірге жүретінін айтуы орынды. Әйтпесе, талай жылдар бойы соңғы үлгімен қалам сілтеп келген жандарға бірден жазуын ауыстыру қиынға соғады.
Дегенмен, жағымды жаңалықты жанымызға серік етуіміз керек. Оның үстіне, ертең бүкіл құжаттар жаңаша жазылмақ. Соның ішінде Ата Заңымыз, өзге де заңдылықтар латын тіліне көшіріледі. Демек, оны мемлекеттік тіл тұрғысынан тануымыз керек. Міне, бұл мәселенің маңызы осында.
Өзім ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан, осы бағыттағы сөздерді баршаға ұғынықты етіп бекіткенін қалаймын. Мысалы, «адал» немесе «арам» ұғымдары арабтың «халал» мен «харам» сөздерімен жазылып жүр. Енді соларды шет санаймыз ба? Өз басым сақталғанын қалар едім. Осы тәрізді көптеген сөздер бар. Латын әліпбиі елімізді өзге мемлекеттермен теңестіре түседі, дегенмен өзіндік өзгешелігіміз болуы шарт. Бір әріп бір дыбыс болуын да қостаймын. Қазір мамандар осы тұрғыда айтып жатыр. Көпшіліктің пікірі де солай.
Әсіреқызығушылық қанымызда бар. Бұған дейін де кейбір сөздерді қазақшалаймыз деп күлкіге қалғанбыз. Мұны Елбасымыз да орынды сынады. Мәселен, «балкон» сөзін «қылтима» деп аудару кімнің ойына келді екен? Сол сияқты термкомитет бекітіп жібергенімен, халық қабылдамаған аудармалар жеткілікті. Содан арыла алмай жатқанда латын әліпбиімен бірге жаңа сөздер енсе, қайсысын қолданарымызды білмей қалармыз. Ахмет Байтұрсынұлы сонау 1912 жылы кірме сөздердің бәрінен бас тартпай, олардың жұртшылыққа жағымдысын пайдалану қажеттігін айтқан-ды. Ұлы адамның ұлағаты қазір де күшін жойған жоқ.
Бәзбіреулер латынға көшу Ресейден ірге ажыратуға соқтыратындығын да айтады. Тіпті де олай емес. Латын қаріптері бүгінде әлемнің көптеген елдерінде пайдаланылады. Техникалық терминдердің дені сол тілде. Демек, осы әліпбиге көшу арқылы дүниежүзілік додаға еркін араласу, өркениет өріне ұмтылу мүмкіндігіне ие боламыз. Көпұлтты Ресейдің өзінде де латыншаның басымдығы жөнінде сөз етушілер бар. Ендеше, көршіміздің көші де бері бұрылуы мүмкін.
Әлемде төл тілін, өз әліпбиін жоғалтқан халықтар бар. Олар күнкөрістің қамымен басқаның тілі мен әрпін пайдаланып жүр. Мұндай күйкі тірліктен аулақ болайық. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерзімінде латыншаға ұмтылып, өткенімізді жаңғыртсақ, бізге ешкім кінә артпас, сірә. Мемлекет басшысының қазақтың төл әліпбиі болуы керектігін бастама етіп көтеруі өте орынды. Тек, жоғарыда айтқанымыздай, асығыстыққа салынбай, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Өйткені біз тек латын әліпбиіне көшкелі жатқан жоқпыз, мемлекеттік тілімізді жаңғыртуға бет алдық.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Оразбек

    Арабтың ХАЛАЛ мен ХАРАМ қазақтың АДАЛ мен АРАМ сөздерінің түсініктері жермен көктей. Автордың түсінігі бойынша аль Масджид аль Харам АРАМ болғаны ма ? Осындай «шолақ белсенді» сауатсыз кісілер саясатқа қосылып қоғамды бұзады. Өткен ғасырдың 30 шы жылдары әлі естен шықпаған шығар ?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.