Астана атаулары

Қай елде, қай жерде болсын жер-су, елді-мекен, қала аттары белгілі бір себептермен қойылатыны белгілі. Әсіресе елі мен жерін қастерлейтін халық оның атауына ерекше мән береді. Осы орайда әр елдің астаналарының атаулары мағынасын бағамдап көрейік.

Бір жұрттар астанасына айбын бергенді ұнатады. Ирак елі Бағдадты – құдай берген, Пәкістан Исламабадты – ислам қаласы, сингапурліктер Сингапурын – арыстан айбынды қала, моңғолдар Ұлан-Баторын – қызыл батыр, мысырлықтар Каирды – жеңімпаз (әл-Қаһира, яғни жеңіс жұлдызы дегеннен шыққан) деп мақтан етеді.
Астаналарын бейбітшілік пен ынтымаққа үндеп атаған мемлекеттердің мысалына Бирманы (Рангун – араздықтың ақыры), Танзанияны (Дар-эс-Салам – бейбітшілік айлағы), Боливияны (Ла-пас – бейбітшілік) атаймыз.
Адам кәсібіне байланысты аталған астаналарға Данияның Копенгаген (сауда айлағы), Панаманың Панама (балықшылар қаласы), Австралияның Канберра (жиын орны) сай келеді. Үкілеп ат қойған астаналар өз алдында. Эфиоптар бас қаласын Аддис-Абеба – жаңа гүл, аргентиналықтар Буэнос-Айрес – самал жел, еврейлер Тель-Авив – көктем тау деп сүйсінеді.
Біраз мемлекеттердің астаналары жергілікті жердің сипатына қарай аталған. Өзбектердің Ташкент – тас қала, Швецияның Стокгольм – көпірлі қала, Ұлыбританияның (Англия) Лондон – көл жағасындағы қорған, Бельгияның Брюссель – батпақты қоныс, Люксембургтің Люксембург – шағын бекініс, Индонезияның Джакарта – берік қамал, Нидерландының (Голландия) Амстердам – өзендегі бөгет, Малайзияның Куала-Лумпур – ылай саға, Ирландияның Дублин – қара су, Норвегияның Осло – тамаша тоғай, Вьетнамның Ханой – өзен аралық деген мағынаны білдіреді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.