Қызыл жағаның құны қанша?

Бүгінде полицияның қызметіне, жалпы Ішкі істер министрлігінің жұмысына наразылардың қатары көп. Әйгілі спортшы Денис Теннің тал түсте ұрлықшылардың қолынан қаза табуы, оның ізін ала болған бірқатар жантүршігерлік оқиғалар бұл мәселені ушықтыра түсті. Құқықтық статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, заң бұзушылық жыл сайын азайып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында 135 355 қылмыс тіркелсе, бұрын бұл көрсеткіш 149 436 болған екен. Яғни 9,4%-ға кеміген. Аса ауыр қылмыс 1069-дан 1051-ге азайған. Сандар осылай сөйлейді. Бірақ тереңірек үңілсек, жағдай басқаша: осы тіркелген қылмыстардың қазіргі таңда тек 34%-ы ғана ашылған. Оның ішінде ең көп таралғаны – ұрлық. Ол барлық тіркелген қылмыстың 65,2%-ын құрайды. Соның тек 28,3%-ында ғана ұрлықшы анықталған. Жалпы статистикаға көз жүгірте келе түйгеніміз: құқық қорғау саласының өкілдері осы ұрлық-қарлық пен жалған ақша жасау сынды экономикалық қылмыстарды зерттеуде әлсіздік танытып отыр. Бұлардың ашылу көрсеткіші өте төмен.
Ресми мәлімет тіркелген қылмыстың азайғанын айтып, позитив нәтиже көрсеткенімен, қоғамда неге негатив пікір өршіп келеді? Мың күнде сынбаған шөлмек неге бір күнде сынды? Полицияның қызметіне қандай баға беруге болады? Ішкі істер саласына реформа жасау керек пе? Осы сауалдарды еліміздің жоғары шенді генералдарына, қайраткерлеріне жолдадық.

Ким Серікбай,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылым докторы, профессор:

– Полиция қызме-тін атқарып жатыр, бірақ бұрынғы мили-ция жұмы-сын жақсы істейтін еді. Маяковскийдің «Моя милиция меня бережет» деген сөзі бар. Қазіргі азаматтар «Менің полициям мені сақтайды» деп айта алмайды. Денис Тенге қиянат жасаған жігіттер осындай қылмысты бұрын Астанада жасаған екен. Неге ол істі жауып тастады? Неге тергеу жүргізіп, оны отырғызып қоймады? Бәлкім, сонда Денис аман қалар ма еді? Осыдан кейін қалай полицияның жұмысына көңілің толады? Ана жігіттерге мезгілінде шара қолданып, әділдікпен мәселені шешпей босатып жіберген адамдар спортшының өліміне тікелей жауапты, кінәлі. Осы жағдайдан кейін көпшілік министрді орнынан алу керек деп айтып жатыр. Негізі заңды күшейту керек. Қазіргі заманда көп мәселе заңға байланысты болып отыр. Құранда да, Библияда да кісі өлтірген адамның өмір сүруге қақысы жоқ. Біз батысқа еліктейміз деп, осы мәселені босатып алдық. Демократияның ақсақалы АҚШ деп айтамыз. Сол АҚШ-тың 48 штатында кісі өлтірген адамды өлім жазасына кеседі. Егер заңда осындай мәселе болмаса, қазіргі сана-сезім бұзылып бара жатқан уақытта біздің жағдайымыз қиын болады. Себебі адам әртүрлі. Біреу жасаған ісінен сабақ алса, екіншісі тіпті өкінбейді де. 13 жастағы қыз баланы зорлап, айуандықпен өлтірген адамды түрмеге отырғызып қойыпты. Оған біздің төлеген салығымыздан тамақ береді. Бұл не деген масқара? Заңды қайта қарап, күшейту керек. Ондайларға өлім жазасын енгізу керек. Өткенде қоғамдық кеңестің жиналысын теледидардан көрдім. Жақсы-жақсы сөздер айтып жатыр, бірақ заңды өзгерту мәселесін көтермеді.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

– Полиция қызме-тіне көңілім толмайды. Өзім отставкадағы полковникпін. Бірде автобуста планшетімді ұрлатып алдым. Полицияға арызды қазақ тілінде жазып берсем, қабылдамады. «Біз бұл тілді түсінбейміз» деді. Екі-үш сағат тәжікелесіп тұрғанда, жоғалған заттың ізі суып кетті. Табылмады. «Police» – «мемлекет» деген сөз. Мемлекеттің адамдары мемлекеттік тілді білмейді. Мысалы, Ресейде орысша білмесең, кетпен шабуға да мүмкіндік ала алмайсың. Азаматтық бермейді. Ал бізде үлкен лауазымды қызметкерлер қазақша сөйлемейді, дер кезінде арызды қабылдамайды. Сол арада қылмыскер бой тасалап үлгереді. Менің ойымша, Ішкі істер министрлігінің жұмысы ашығырақ болуы керек. Егер бір заң бұзушылық болса, комиссия құрылып, іс жедел қарастырылуы тиіс. Прокуратураның жұмысы көбірек қадағалануы керек.

Рахман Алшанов,
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Полицияның қызметіне көңілім толмайды. Қылмыстың ашылу көрсеткіші төмен. Кейбір ұрлықтар – 1%, кейбіреуі 10-12% ғана ашылады. Бұл – өте төмен нәтиже. Сосын қызметкерлердің сапасы төмен. Тұрақты кадр жоқ. Келеді-кетеді, келеді-кетеді. Сол себепті ішкі істер саласына реформа керек. Қазір комиссия соған ұсыныстарды жинақтап, жұмыс істеп жатыр. Мысалы, жол полициясы мен аула полициясын бөлуді ұсынып отырмыз. Милицияның ішінде жүргізуші, күзетшілер сынды өздеріне қатысы шамалы қызметкерлер көп. Олардың бәрі офицер шенін алып, 45 жасында зейнетке шығады. Азаматтық міндет атқаратындар да аз емес. Содан полицияның негізгі жұмысына көңіл аз бөлінеді. Қаражат та, уақыт та шашылып жатыр. «102» телефон желісіне қосылу мүмкін емес. Өте ұзақ уақыт алады. Осының бәрін реттеу керек.

Рүстем Қайдаров, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы:

– Бұрын ұрлық-шылар мен ұсақ-түйек қылмысқа баратындардың барлығы милицияда тіркеуде тұратын, рецидивистер қамалатын. Қазір ондай жоқ. Ұсақ қылмысты он рет жасағандар да қамалмайды. Полиция ондай адамды төрт сағаттан артық ұстай алмайды. Мәселен, Денис Тенді өлтірген адам Астанада ғана емес, Алматыда екі рет қолға түссе де, бостандықта жүрді. Қазіргі заң бойынша солай. Ұрылар бостандықта жүре береді. Ұсталса, айыппұл төлейді. Оған полицияның да, басқаның да құзыры жүрмейді.
Ауылдағылар жұмыс іздеп қалаға келеді. Ал жұмыспен қамту орталығы тіркеу талап етеді. Сосын олар неше түрлі қылмысқа барады. Сол себепті келеңсіздіктерге бір министрлік қана жауапты деген дұрыс емес. Бар мәселе заңда. Заңдардың олқы тұстарын қанша жазып көрсетсек те, көңіл бөліп жатқан жан жоқ. Көңіл бөлмеудің түп-тамыры жемқорлықта жатыр. Мысалы, Ішкі істер басқармаларының басшысын әкім тағайындайды. Бұл не сұмдық? Ол түбінде жақсылыққа әкелмейді. Себебі қазір бәріне құда-жекжат, дос, туыс, т.б. ие болуда. Оларға жол ашық. Ал адал адамдарға жол жабық. Полицияның қауқарсыздығының бір ұшы осында.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері полиция мен Ұлттық Ұланда қызмет еткен бір мыңдай жауынгер қаза тапқан. Екі мыңға жуығы жарақат алып, мүгедек болған. Ішкі істер қызметкерлерінің реабилитация орталығы жоқ. Оларды жергілікті емханаларға тіркеді. Онда кезек көп. Сонда күні-түні жұмыста жүрген полиция қай уақытта медициналық көмек алуға барады? Осыны ешкім ойлап жатқан жоқ. Ал бастарына күн туғанда құқық қорғау қызметкерлері туралы түрлі пікір айтады. А.Суворовтың «Путь к сердцу солдата лежит через его желудок» деген сөзі бар. Сарбаздың барлық әлеуметтік жағдайы жасалса, ол Отаны мен халқына адал еңбек етеді. Қазіргі таңда полицияда мыңдаған орын бос тұр. Себебі олардың еңбекақысы 60 мың теңгеден басталып, капитан шеніне жеткенде 100 мың теңгеге көбейеді. Жоғары білімді кәсіби мамандардың полициядан кетуінің басты себебі осында. Полиция басшыларын әкімдер тағайындағанымен, оларға тұрғын үй беріп, жағдайын жасап жатқан жоқ. Дәл қазіргі таңда полицейлердің көбі үйсіз. Бала-шағасын бағу үшін амалсыз көлденең табысқа барады. Сондықтан полицейлердің еңбекақысын көтеру керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне әлеуметтік пакет жасалмай, бұл мәселе шешілмейді. Қазір полицияда да, тергеу саласында да кәсіби маман жоқ. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін министрдің тергеу жөніндегі орынбасары болдым. Сонда бір тергеушіде он іс болса, көп деп санайтынбыз. Қазір жүздеген іс бар. Тергеуші оның бәрін оқып үлгермейді. Осы себепті, жүйені өзгерту керек.
Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаевқа қабылданып жатқан заңдардың олқылығын жан-жақты көрсетіп, біздің пікірімізді тыңдауды сұрап хат жаздым. Парламентке де бардым. Ондағылар: «Бұл біздің емес, Мәслихаттың жұмысы, Мәжілістің жұмысы» деп, бір-біріне сілтейді. Депутаттар халықтың шынайы тұрмыс жағдайынан хабарсыз. Осыған қарнымыз ашады. Генералдар жиылып, өткір мәселелерді талқылауын қалаймыз.

Үш жыл бұрын ата-анамның пәтерін тонап кетті. Отбасының кәуапқа кетуін күткен. Екі есік, олардың біреуі – сапалы темір есік, құлыптар, күзетілетіні туралы хабарлама, подъездегі камера – ешбірі оларды тоқтатпаған, бәрінен өтіп кетіпті. Үйден тек ақша мен алтындарды алған – оңай алып кетуге болатын заттарды. Ненің қайда жатқанын шамалап білген. Биік сөрелерді орындықсыз-ақ ақтарған. Ноутбуктер, кәсіби фотоаппарат пен ұялы телефон көзге көрінетін жерде жатса да, алмапты.
Шамамен жарты сағаттан соң учаскелік полиция келді де сегізінші қабаттағы тұрғындардан бірінші қабаттан күдікті адамдарды байқаған-байқамағандарын сұрады.
Бір-бір жарым сағаттан кейін тергеушілер келді. Жұмыс көп, ал олар – барлық Бостандық ауданы үшін жалғыз. Бәрін асығыс қарады, сөрелерді көрді, саусақ іздерін алды. Ізіне түсуге жақын екендерін айтты: «екі немесе үш ұзын бойлы азиат, кәсіби, он шақты пәтерде болған. Бірақ бүгін-ертең оларды тауып қаламыз, шыдаңдар».
Бір-екі аптадан соң аудандық ішкі істер бөліміне шақырды. Тонаушыны тауыпты – толықтау келген аласа бойлы студент. Қалаға оқуға келген. Дәлел ретінде қалтасынан анамның құны көк тиынға татымайтын көшірме сырғасын тауыпты. Басқа бес пәтердің де дәлелдері шықты. Ал тонаушы деген баланың бет-аузы жара, кінәсін мойындап, өкінді.
Тергеу тәжірибесінде студент ештеңені есіне түсіре алмады: пәтердің қайда болғанын, нені қалай ашып, қайдан нені алғанын. Еш-те-ңе-ні. Кем дегенде тағы бір пәтердегі тәжірибеде де дәл солай есіне түсіре алмағаны айдан анық.
Сот өтті, жігітті кінәлі деп тауып, бірнеше жылға соттады. Ал бір айдан соң амнистиямен босатып жіберді.

Дмитрий РОХЛИН
«Требуем реформу МВД РК» тобынан

P.S. Иә, қоғам қатыгезденіп барады. Күн сайын БАҚ-та бір адамның қылмыскер қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат шығады. Кейде бір емес, бірнешеуінің бес күн жалғаннан өз ажалынан ерте аттанғанын естиміз. Денис Теннің қазасынан кейін көпшілік бұл жағдайға бей-жай қарай алмайтын күйге жетті. Facebook әлеуметтік желісінде «ҚР ІІМ реформа талап етеміз» деген топ пайда болды. Оған қазір 11 мыңнан астам адам мүше. Бұл сан күн санап көбейіп келеді. Құқық қорғау саласы мамандарының қызметіне наразы жандар #реформаҚРІІМ, #ҚРІІМәрекетсіздігі деген хэштегпен өз хикаяларын бөлісіп жатыр… Гүлшат Нұрпеисова деген белсенді ІІМ реформасын талап ететіндерді көліктің оң жақ айнасына қызыл күрең лента тағып жүруге шақырды… Ал тыңдар құлақ болса, қанеки?

Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.