Дала кемесі

Шөл даланың аптаған ыстығына қатты қызған құммен кез келген жануарлар сапар шеге алмайды. Құмды боран көзге ұрып, құм ауызға толып кеткенде адамның тыныс алуы да қиынға соғады. Алайда табиғаттың осындай дүлей күшіне түйе төтеп бере алады.

Оның қалың сүйелді табанынан қызған құмның ыстығы, қақаған аяздың ызғары өтпейді десе де болады. Ал ұрып тұрған құм бораны да түйе үшін қорқынышты емес, оның кеңсірігі құм қиыршықтарын ішке қарай жібермей, жартылай жабылып қалады. Басқа жануарлар қалың құмда малтығып, тілерсектен құм кешсе, түйенің жалпақ табандары алып денені қар бетіндегі шаңғыша көтеріп кетеді. Түйеге 2-3 центнер жүк қомдап алып, ұзақ сапарға жол тартуға болады. Ол 40-50 шақырым жолды нәр татпастан-ақ жүріп өтеді. Құмды шөлге қолайлы көлік – тек түйе ғана. Сондықтан да халық түйені «дала кемесі» деп атап кетті.
Шөл даланың өсімдіктерге кедей болатындығы түсінікті, онда суды аз буландыратын тікенекті өсімдіктер ғана шығады. Мұндай өсімдіктерді сиыр, жылқы және т.б. жануарлар жей алмайды. Ал түйе тікенекті өсімдіктерді сүйіп жейді. Оның азығы – теріскен, жантақ, жеңгел, т.б. Өйткені түйенің таңдайы, ұрты, тілі өте жақсы жетілген бүртіктермен қапталған.
Шөл далада тіршілік ету энергияны дұрыс үнемдей білуге негізделген. Түйе қоректік затты өте ұқыпты жұмсайды. Мәселен, дем алып жатқан жылқыға қарағанда дем алып жатқан түйенің энергияны 40 % аз жұмсайтындығы белгілі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.