ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА шақырады…

Кешегі шілденің шіліңгір күндерінің бірінде Шардара ауданына жұмыс сапарымен бара қалдық. Күн жанып тұр. Ауамен бірге жалын жұтқандай боласыз. Мұндайда адам сая болатын жер іздейді. Шағалалы Шардараға барып тұрып, теңіз суына аяғыңды батырмай кету мүмкін бе?

Аспанында шағаласы шулап, суында балығы тулап жататын Шардара айдыны көркем келбетінде екен. Жағажайда тынығушылар құмырсқадай қаптап жүр. «Алтын жағалау» аталатын демалыс орнында келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Топ-топ болып жүрген демалушылардың өз қызықтары өздерінде. Бірі қайыққа, екіншісі катамаранға мініп, теңіз бетінде түрлі өрнек сала құйғытып жүр. Шардара айдыны шуақты шағын тапқан. «Шешінген судан тайынбас». Келе жылы да шипалы суға күмп бердік.
Шын мәнінде, Шардара ауданында жағажай туризмін дамытудың мол мүмкіндігі бар. Дегенмен, айдын аумағы орман қоры жерінде болып келгені де жасырын емес. Жуырда Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Сол бойын­ша 255 гектар жер орман қорынан алынып, аудандық коммуналдық меншікке берілді. Бұдан былай аудан әкімдігі осы жерді өз ыңғайына қарай пайдалана алмақ. Әрине, бірінші кезекте туризм саласы сұранып тұр. Енді не тұрыс бар? Аудан әкімдігі уақыт оздырмай әлгі 255 гектар жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық инфра-құрылымдар құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге кірісіп те кетті. Жалпы, ауқымды жұмыстардың легі келесі жылы қызу басталмақ. Алдын ала есептеулер, зерделеу, зерттеу нәтижесінде аймаққа 60 нысан салу керек деген тұжырымға табан тіреп отыр. Оның 30-ы қонақүй болмақ. Сөз жоқ, шетелдік туристер әуелі тынығатын жерді, сосын жатын жеріне, ыдыс-аяғыңа қарайды. Инфрақұрылымдар қолайына келсе, келесі жылы да жолқапшығын арқалап келіп тұрады.
Жағажай туризмін жандандыру мақсатында 6,7 миллиард теңге инвес­тиция тартылмақ. Оның ішінде мемлекет тарапынан инженерлік-коммуникациялық инфра-құрылымдар құрылысына 1,7 миллиард теңге қаралған. Бүгінде алыс-жақын мемлекеттерден келіп, Шардара айдыны жағалауларына шатыр тігіп, өз құрылыстарын бастап кеп жіберуге дайын отырған шетелдіктер көп. Егер жұмыс жанданатын болса, мұнда мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Жаз мезгілінде демалыс орындары 150 мың тынығушыға қызмет көрсете алады. Демек, Шардараның шаттығы қара күзге дейін үзілмейді.
Мазасыз маусым тынығу-шылар көңіліне қанат байлап, тым желпіндіріп жіберген тәрізді. Демалушылар һәм ем алушылар шағылдарға шығып, ыстық құмға бауыр төсеп, рахаттанып жатқандай. Бір топ жас доп қуып жүр. Солардың тағы бір тобы су ішінде доп­ты біріне-бірі лақтырып, қызыққа кенеліп жатыр. Мынадай базарлы да ажарлы жерден кеткің келмейді-ақ.

Дәл қазір жағажайда «Golden beach» және «Сыр нұры» демалыс аймағы демалушыларды құшақтарын айқара ашып қарсы алады. Бұларға Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, тіпті Ресейден турис­тер жиі келеді екен. Олардың саны жылдан-жылға молыға түсуде. Мәселен, былтыр осы жерлерге 50 мың турист келіп, тынығып кетіпті.
Аудан әкімі Болатбек Қыстауов жас болғанымен іскер азамат. Биязы мінезді ұяң жігіт. Ойыңдағыны айтқызбай біледі. Ол біздің сұрайтынымызды алдын ала біліп қойғандай, инвесторларға жердің келесі жылдан беріле бастайтынын айтып өтті. Сондай-ақ ол Шардарада кезінде кіші авиация жұмыс істегенін, қазір сол әуежай орыны сақталып тұрғанын баяндады. Әуежай аудандық коммуналдық меншікте. Болатбек Қыстауовтан «СКАТ» авиакомпаниясымен келіссөздер жүргізілгенін білдік. Егер Шардара қаласына келушілердің саны 150 мың адамға жетсе, әуежай іске қосылмақ. Ұшақтың әрі-бері текке ұшпайтыны белгілі жайт емес пе? Осы орайда, келесі жылдан бастап туристер саны артады деген үміт басым.
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жуырда туризм саласының өкілдерімен кездесіп, өңірімізде туристер қызығатын тарихи және мәдени нысандардың көптігін еске салды. Төңіректің тылсым табиғатының өзі неге тұрады? Дегенмен, туристерді әлі де толық тарта алмай жатырмыз. Неге? Өйткені келушілерге кең көлемде қызмет түрлерін ұсына алмай жүрміз. Қонақтарды әуежайдан күтіп алудан бастап, қонақүй, дәмхана, басқа да көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтпейінше, оларды қызықтыру қиындай түспек. Сондықтан шетелдік туризм саласының мамандарымен жан-жақты тәжірибе алмасуымыз керек. Бұл орайда облыс басшысы Шардара ауданында халықаралық туристік фестиваль өткізуді тапсырды. Бұл жерде әрі үйренесіз, әрі Шардараның демалыс аймақтарын қонақтарға насихаттауға мүмкіндік тумақ. Мұндайды қазақ «бір оқпен екі қоян алу» дейді.
«Ақылды қария – ағынды дария» деген рас сөз. Ақыл-кеңес тағы да ардагерлер тарапынан жасалды. Шалғайдағы Шардара ауданының ардагерлері «Туған жерге саяхат» жобасы аясында турист ретінде Астана қаласына саяхаттап барып, өздері тұратын өңірдің ерекшеліктерін, тарихын, көрнекі орындарын елордалықтарға насихаттап қайтты. Қоштасарда «Шардараға келіңіздер» деп қонаққа шақырды. Тегінде, қонақжайлылық бар қазаққа тән. Қариялар әрқашан осылай етеді.
Шардараның шежіресі әріден басталады. Осыдан бес-алты жылдай уақыт бұрын құрғақшылық салдарынан Шардара теңізі 500-600 метрдей кері шегініп кетті. Осы кезде теңіз астынан ІV-VІІІ ғасырларға жататын көне қала табылды. Бұл хабарды естіп Шардараға шарқ ұрып жеткендердің бірімін. Көне шаһар қаншама ғасырларды басынан өткерсе де, іргетасы сол қалпында. Саз балшықтан күйдіріліп жасалған кірпіштерінің бүтін күйінде сақталғаны қайран қалдырған. Сондай-ақ мұнда су құбыры да жақсы сақталыпты.
Осы қалаға археологиялық зерттеу 1948 жылы жүргізілген екен. Ашық аспан астындағы көне кенттен қаншама жәдігер қолды болғанын тап басып айту қиын.
1949 жылы ғалым А.Н.Бернштам қалаға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Бұл туралы «Свод памятников истории и культуры Казахстана» деген кітабында жан-жақты баяндалады. Жинақта Ақтөбе-1, Ақтөбе-2, Жаушықұм, Сейіттөбе, Шардара, Көксутөбе, Сүткент қалалары және Ұзын ата мазары атанған ескерткіштер туралы айтылады. Сыр өзені бойы­нан табылған археологиялық ескерткіштер қатарына Жамантоғай, Төребайтұмсық қорған мазарлары мен Жаушықұм, Ақтөбе мазарлары жатады. Тарихшы ғалымдардың деректері мен дәлелдері бойынша Шардара ауданы орналасқан аймақ бір кезеңдерде ежелгі түркі тайпаларының мекені болған. Бізге жеткен археологиялық және жазба деректерге сүйенсек, бұл өңір ескерткіштері біздің заманымыздың VІ-VІІІ ғасырларында Түрік қағанатына тиесілі болыпты. Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін бұл аймақ Түркеш тайпалық одағы құрамына өтіп, ІХ ғасырлардың бірінші жартысында Саманид тайпалары билік құрған. 999 жылы саманидтер үстемдігі әлсіреуіне байланысты түркі династиясының Қараханидтер әулиеті өз дәуірін жүргізіп, Ақтөбе қалашығының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан. ХІІІ ғасырдың басында моңғол шапқыншылығына байланысты Сыр өзені бойындағы басқа да қалашықтар сияқты Ақтөбе де өзінің тарихи дамуын тоқтатады.
Айта берсек, Шардара шежіресі алысқа кетеді. Мүлкіл Ата зираты маңындағы Жаушықұм төбеден біздің дәуіріміздің VІІІ ғасырында өмір сүрген қолөнершілердің ескі қаласының орны табылды. Шардара жерінде «Зым керуен», «Үтір төбе», «Ақсуат», «Айғаным сай», «Қарабдал», «Қанды тоғай», «Көк тал», «Әжемсеңгір», «Қарғалы», «Арбақалды» деген жер аттары бар. Осы аталған елді мекендердің көбісі 1961 жылы Шардара су қоймасы салынғанда су астында қалған. Ал сол Шардара су қоймасын салу тарихы да келушілерді қызықтырмай қояды дейсіз бе?
Тарихи деректер іздеген жан туристік сапарында мол мағлұматтарға кезігері анық. Құймақұлақ ауыл ақсақалдары оларға әлі талай сыр шертеді. Бұл – аймақта тарихи-танымдық туризмді қоса қабат жүргізуге жол ашық деген сөз.
Дария жағалауында жер еміп отырған шаруалардың тіршілігінің өзі келушілерді сүйсінтеді. Аудан бойынша 243 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Соның 64 мың гектары суармалы. Мемлекеттің суармалы жер көлемін 600 мың гектарға көбейту туралы тапсырмасына аудан егіншілері мен мақташылары, диқандары елеулі үлес қосып келеді. Тек Жаушықұм ауылдық округіндегі 12192 гектар жерді суғаруға мүмкіндіктің табылуы бұл саладағы жұмыстың жандана түскенін көрсетеді. Қазір Сырдария өзенінен су тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы жоба іске асқанда биыл ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 30 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бір ғана Жаушықұм ауылының төңірегінен 500 мың тоннадан астам өнім өндіріледі.
Аудан шаруалары биылғы жарты жылдың өзінде 3000 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріпті. Бақша өнімдері, көкөніс дайындауда да ілгерілеушілік бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ет өндіру ісі алға басып тұр. 3 мың тоннадан астам ет, 7500 тонна сүт, 996,5 мың дана жұмыртқа өндіріліпті. Бұл дегеніңіз, ертеңгі күні туристерді азық-түлікпен, көкөніспен, бақша өнімдерімен қамтуға да толық мүмкіндіктің барын айғақтайды.
Қазіргі таңда ауданда газдандыру ісі қарқынды жүргізіліп келеді. Ауданды газдандыру үшін ГРС №17 Ұзыната және ГРС №18 Шардара газ тарату стансасы құрылысына облыстық бюджеттен 258,8 миллион теңге бөлініп, игерілген. Ал биылғы құрылыс жұмыстарына 771,6 миллион теңге қарастырылған. Қараша айында Шардара қаласы және Қоссейіт, Жаушықұм, Бағыскөл, Жаушықұм-1, Қалғансыр, Құйған, Шардара, Ақберді, Бозой, Қуанқұдық, Пішентөбе ауыл тұрғындары (44120 адам) көгілдір отын тұтынатын болады. Бұдан бөлек Қызылқұм, Сүткент, Ақалтын, Егізқұм, Достық ауылдарын газдандыру мақсатында ішкі газ жүйелері құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға облыстық бюджеттен 24,3 миллион теңге бөлінгенін де айта кетуге тиіспіз. 2021 жылдарға таяу 16 елді мекен толық газдандырылады деп жоспарланған. Демек, көгілдір отынның рахатын 79036 тұрғын көрмек.
Енді теңіз жағалауында отырған ауданда балық шаруашылығы дамитыны бесенеден белгілі. Шардарада қазір 3 балық зауыты жұмыс істеп тұр.
Тағы бір үлкен жаңалық: Шардара аудандық ауруханасында республикада теңдесі жоқ триаж жүйесі бойынша ем қабылдайтын бөлімше ашылды. Жаңа жүйеге лайықталып салынған ғимарат толықтай заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Жөндеу-жаңару жұмыстарына 15 миллион теңге жұмсалды. Мұнда келіп түскен науқасқа алғашқы минутта-ақ медициналық көмек көрсетіледі. Жалпы құны 390 миллион теңгені құрайтын 13 модульдік медициналық тірек пайдалануға берілген. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген тәмсілге сүйенсек, мұның өзі туристердің алаңсыз тынығуына септігін тигізері күмәнсіз.
Түйіндей айтқанда, шағалалы Шардараның шартарапқа шұғыла шашар шуақты күндері тым жақын қалды. Сол шуақты күндерде жолыққанша деп тілейік.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.