Аяулы, асыл жандар

Қазақ елінің ұйықтаса түсінен, тұрса есінен кетпейтін Тәуелсіздіктің таңына жетуіне елін, жерін сүйген, адал еңбегімен, ұлттық болмысымен үлес қосқан қарапайым адамдар көп екені даусыз. Солардың бірі – менің әке-шешем.

Әкем Қасымбек – Шығыс Қазақстанның Балықшы селолық кеңесі, Қарағанды ауылында 1932 жылы дүниеге келген. Әкесі Қаби Жоламанов 1941 жылы Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан оралмаған. Кейін «Боздақтар» кітабында «1943 жылы ерлікпен Витебск өңірінде қайтыс болды» деген дерек енген.
1939-1940 жылдары әкем Қарағанды ауылының бастауыш мектебінде оқиды. Одан Жолнұсқау жеті жылдық мектебін бітіріп, педагогикалық училищеде оқуын жалғастырады. Ақсуаттың бастауыш мектебінде ұстаздық етті. 1952-1955 жылдары әскер қатарында болып, сержант шенімен оралады. Еңбек жолын ары қарай жалғастырады. Ел қоныстанып жатқан жаңа өлкеге мектеп салдырды. Кейінірек Ақсуат орта мектебіне ауысып, мектеп директорлығына дейін көтерілді. Еңбегі еленіп, бірнеше марапатқа ие болды. Сексенінші жылдары денсаулығына байланысты білім саласынан шаруашылыққа ауысты. Бұқтырма балық зауытының учаскесіне басшы болып тағайындалды. Іскер адам – қай салада болмасын іскер. Басқарып отырған зауыты жоспарды артығымен орындап, ел назарына ілінді. Мәскеудің кәсіпті жетілдіру курсында екі жыл оқып, өмірінің соңына дейін балық зауытында қызмет етті. Басты жұмысымен қатар қоғамдық қызметтерге де белсене араласып, парасат-пайымын да көрсете білді. Зауыттағы кәсіподақ ұйымын басқарып, елге елеулі болды. Өнерден де құр алақан емес еді.
Әкем кітапты көп оқитын, уақыт тауып, ой-толғанысын бала-шағасымен бөлісетін. Бала тәрбиесіне де қатты мән берді. Мектеппен, ұстаздарымызбен тығыз байланыста болды. Мектепке келіп, сабағымызға қатысатын. Әкеміздің ризашылығын алу – біз үшін үлкен мәртебе еді. Әр балаға жалғызындай қарайтын. Үш қыз, екі ұлын ерекше бағалады. Әрқайсымыздың тұлға болып қалыптасуымызға әкемнің әсері мол болды. Әкеміздің тағылымды әңгімелерін өз балаларымызға өсиет етіп айтудан жалықпаймыз.
Анам Қайыржамал Қамзақызы 1933 жылы шығыстың Көкжыра ауылында дүниеге келді. Сол ауылда орта мектепті бітіріп, 1951 жылы Өскеменнің педагогикалық университетінің математика факультетіне оқуға түседі. Оны аяқтап, Құйған орта мектебінде математика пәнінен сабақ береді. Жарты ғұмырын ұстаздыққа арнады. Жар, ана, келін, жалпы қазақ әйеліне тән барлық өнегелі жолды атқара жүріп, өзгенің де баласын тәрбиелеуге өмірін арнады. Алдынан сандаған оқушы өтті. Оқушылары арқылы ізгілік нұрын таратты. Бір өзі – бір институт. Қазақ әйеліне, қазақ анасына тән үлгілі ғұмыр кешті. Ағайынмен шәй деспеді. Отағасының абыройлы болуына барлық жағдай жасады. Көршімен тату, құда-жекжатпен сыйлас болды. Соңғы жылдары Алматыға қоныс аударып, бала-шағасының ортасында жайма-шуақ өмір сүрді. Қазаны оттан түспеді. Дастарқаны жиылмады. Айналасына шуақ шашып, отбасының ұйытқысы, адал жар, аяулы ана, ұлағатты ұстаз болып, мәңгілік мекеніне абыроймен аттанды.
1956 жылы отбасын құрған ата-анам бес бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Гүлдарадан үш бала, қызы Лаураның отбасынан екі немере өсіп келеді. Ұлдары Нұржан қол күресінің үш дүркін әлем чемпионы болса, қыздары Анар Астана опера және балет театрында жеке солисі. Роза – Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласында қырық жылға жуық қызмет етіп келеді. Жолдасы Серік – жеке кәсіпкер. Дәурен, Рауан атты ұлдары бар. Гүлнәр – жеке кәсіпкер. Айша атты қыз тәрбиелеп отыр. Өмірден ерте озған Серікқанның Артур деген ұлы әке жолын жалғады. Шаңырақтың кенжесі Досымхан – кәсіпкер. Бүгінде Серікбол, Бақытбек, Бауыржан, Бақытжан есімді төрт ұлдың әкесі.
Ата-анамыздан тараған бес баладан бүгінде 10 немере, 7 шөбере өрбіген. Барлығы да үлгілі отбасы.
Біздің ата-анамыз қарапайым болып жүріп қызметте де, отбасында да жетістікке жетуге болатынын дәлелдеді. Ұлттық рухы басым, жігері үстем болған жанның өмірі көпке үлгі. Ата-ананың алдындағы парыздан құтылу мүмкін емес. Біз жақсы боп жүрсек, ол ата-ана еңбегінің ақталғаны. Бізді бақытты еткен әке-шешеміздің шексіз мейірімі мен ізгі тәрбиесі. Сол үшін де оларға мәңгілік қарыздармыз.

Роза ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.