Заңмен қорғалуы керек

15 маусымда «Ана тілі» газетінде белгілі қазақ ғалымдары, тіл жанашырлары А.Айталы мен Ә.Бәкірдің «Мемлекеттік тіл заңмен қорғалуы керек» атты мақаласы барша қазақстандықтарға үлкен ой салатын дүние. Мақалада егемендік алғаннан бергі кезеңдегі мемлекеттік тіл төңірегіндегі жағдайлар егжей-тегжейлі баяндалған. Мен де Егемендік дәуірдің алғашқы секундтарынан бастап күні бүгінге дейінгі өзгерістері мен жетістіктерін көзбен көріп, сонымен бірге өмір сүріп келе жатқан ұрпағының, яғни қазіргі аға буынының өкілімін. Екі Әбекеңнің көтеріп отырған мәселелері мен үшін тосын жай емес.
Үш ғасырдай өзге елдің шеңгеліне түсіп, бұғауына құрсалған ұлтты сол сығымдап тасталған бұғаудан босатып, өз болмысына қайта енгізу бір күннің шаруасы емес. Елбасымыз Тәуелсіздіктің алғашқы қадамынан бастап-ақ түсіндірумен және іске асырумен келеді. Азаттықтың алғашқы жылдары Президент: «Келген тәуелсіздікті бізден ешкім тартып ала алмайды, енді соны баянды ету үшін алды-артымызды асықпай ойланып, іргетасымызды берік етіп қалап, іргемізді мықтап қымтауды бастан тиянақтап алайық» деп сабырға шақырғанын әлі ұмытқан жоқпын. Бізге даму үшін қысқа мерзімді жоспарлар емес, ұзақ мерзімді бағдарламалар қажет. Сол бағыт қазір өзінің жемістерін бере бастады. Қазақ елі, қазақ халқы Құдайға шүкір, қазір замана көшінен қалмақ түгіл, оның алдыңғы тізбегіне қарай жақындап келеді. Мемлекет болу үшін жері, елі, тілі болуы негізгі шарт, осы үшеуінің бірі болмаса ол мемлекет болып танылмайды. Мақала авторлары көтеріп отырған мәселенің өзектілігінің өзі – енді күн тәртібіне қойылар мәселенің нақты көрсетілуінде сияқты. Тіл – ұлттық ерекшеліктердің ең негізгі категориясы, басқалардан даралайтын негізгі белгісі. Тіл жойылған күні ұлт жойылатынын да айтқан біз емес, бізге дейінгі кемеңгерлер. Сол тілді өз орнына, өз тұғырына қондыру мәселесі егемендік алғаннан бері айтылып келе жатыр. Былай қарағанда алаңдайтын да ештеңе жоқ сияқты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігі туралы Ата Заңда тайға таңба басқандай көрсетілген, «Тіл және тілдер туралы» Заң қабылданған. Ендігі мәселе «ұлтаралық тіл» туралы бапқа келіп тіреліп отыр. Осы мәртебеге кезінде бүкіл дүниенің алтыдан бір бөлігінде ортақ тілге айналып, үстем болған орыс тілінің әлі иелік етіп, басқа тілдердің, әсіресе мемлекеттік тілдің қанат жаюына тосқауыл болмағанмен кедергі келтіріп отырғанына қазір бүкіл қоғамның көзі жеткені баршаға аян жағдай. Алғашқы Ата Заңдар қабылданған кезеңдер мен қазіргі кездің айырмасы жер мен көктей. Сол заманда мүмкін еместей көрінген нәрселердің көбі қазір жүзеге асты. Ел егемендікті толық сезінді. Кезінде тіл саясаты тізеге салып шешуге келмейтін жағдайда дауысқа салынғанда сол кездегі Парламент – Жоғарғы Кеңестің депутаттарының үштен екісі орыс тілінің осы күнгі мәртебесі үшін дауыс берді. Қалған үштен бірін сол кездегі депутаттар болған Әбіш, Шерхан, Қуаныш, Салық, Фариза, Аманкелді сынды қазақтың біртуарлары бастаған топ құрады және олардың көзі тірілері әлі күнге көзқарастарын өзгертпей, сол бағыттағы күрестерін жалғастырса, бақилық болғандары жолдарын жалғастыруды арттағыларға аманаттап кетті. Сол кезде көптеген қандастарымыз өз тілдеріне қарсы дауыс берді, референдумда да солар жағы жеңіп, атақты 7-баптың екінші тармағы Конституциямызға еніп кетті. Абырой болғанда сол баптың бірінші тармағы да сол күйінде қалды. Содан бергі уақыт Ата Заңды өзгерте алмаса да, ана тіліміздің беделін орнына келтіруге жұмыс жасағанын мойындамасқа және болмайды. Сан ғасырдан бері сана деген аппақ матадан жасалған ұлттық перденің бетін бірінен соң бірін желімдеп жапсырып тастаған әртүрлі санап жеткізгісіз қитұрқы жапсырмалардан аршып, біртіндеп тазартып алу оңай шаруа емес екен. Асығыс, тез тартсаң ақ матаңды жыртып аласың, асықпай ажыратсаң, уақыттан ұтыласың, бірақ түбінде санаңды бүп-бүтін күйінде тазартып аласың. Әуелден-ақ сан түрлі этностан құралған мемлекеттің ішінде солардың арасындағы өзара татулық пен бірлік болғанда ғана береке болып, түпкі мақсаттарға жету жолы қысқаратынын болжаған терең саясат иесі тіл саясатында да парасаттылық танытты. Қазақ ұлтының перзенті болғанмен Қазақстан халықтарының ортақ Президенті әр Қазақстан азаматы ұлттық тегіне қарамай еліміздің тең құқықты азаматы болғандықтан, шовинистік қадамға бармай, барлық халықтың тізгінін тең ұстады. Уақыты келгенде бәрі де орнына келетінін түсіндіріп, қазақ тілінің мәртебесінің көтерілуі қазақтардың өздеріне байланыс­ты болатынын, «Ең алдымен қазақтар өзара өз тілінде ғана сөйлесуден» бастау керек екенін ашық та, батыл ескерткен және әлі де айтумен келеді. «Жетелеген төбеттің қоян алмайтыны» сияқты жасанды, күшпен басымдық алған тілдің мәртебесі де тұғырлы болмайтыны белгілі. Өз тұғырын заңды негіздермен нығайтып, соған дау-дамайсыз көтерілгенде ғана ол орын баянды болмақ.
Қиын экономикалық жағдайлар кезінің өзінде-ақ жүзеге асқан БҰҰ-ға мүше болу, Абайдың 150 жылдығын Дүниежүзілік деңгейде атап өту, Жаңа Астана тұрғызып, оны Еуразияның кіндігіне және дүниежүзілік бейбіт келісімдер алаңына айналдыру, ЕҚЫҰ-ға төрағалық, ету, қазіргі Дүниежүзілік «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау , қазақ алфавитін кириллицадан латынға ауыстыру, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды қалпына келтірудің қолға алынуының барлығын қазақ ұлтын әлемге танытудың баспалдақтары деп түсінемін. Солардың нәтижесінде ұлттық тіліміз де әлемдік тілдер қатарынан орнын алып, дүниежүзілік биік мінберлерден естіле бастады. Демек, біздегі тіл саясаты күштеу (революциялық) жолымен емес, табиғи даму (эволюциялық) жолмен жүзеге асырылып жатыр деген тұжырым дәлелдеусіз қабылданатындай. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» демей ме, сол алтынымызды қолмен ұстайтын мезгіл алыс емес сияқты. Тіпті сонау тіл тағдыры таразыға түскен мезгілдегі арасалмақ өзгеріп, таразының қазақ тілі жағы басы қазірдің өзінде басып кеткенін аңғаруға болатындай дәрежеге де жеткендейміз. Мықты экономикалық тұғыры мен саяси негізі бар тілдің өз орнына көтерілетін кезі енді келген сияқты. Сондықтан біздің облыстық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің авторлардың бас­тамасына толықтай қосылатынымызды мәлімдедік. Ұлты біреу, бірақ сан түрлі этностардан тұратын елдің мемлекеттік тілі негізгі ұлттың тілі болуы керек те, басқа этностардың өз дәстүрлері мен тілдерін өзге тілдер мен дәстүрлердің қысымынсыз дамытып, сақтап, қолдануына жағдай жасалуы керек екенін қолдадық және ол жағдайлардың қазіргі таңда бар екенін де айттық. Жалпы біздің облыста ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесі орныққан деп те айтуға болады. Аймақ басшысынан бастап ауылдық округ әкімдеріне дейін ана тілін жетік меңгерген азаматтар, түрлі деңгейдегі жиындар мен басқосулар өз тілімізде өтеді, іс қағаздарын жүргізу жүйесінде, мерзімді баспасөздеріміз бен радио-телехабарларымызда тіл саясаты нормалары сақталып отыр, жаңадан ашылған мектептеріміз тек қазақ тілінде оқытады, аралас мектептер азайған, этносаралық келіспеушіліктер деген ұғым естен шыққалы қашан, қай ұлтқа да өз тілінде сөйлеуіне, өз дәстүрлерін ұстануына жол ашық. Міне, осындай жағдайда халыққа этностар арасына сына қаққандай бір тілді үстем етіп белгілеу, басқаларының ана тіліне қысым көрсету бағытына ауып бара жатқандай. Құқықтары тең топтардың тілдері де тең дәрежеде болуы керек. Сондықтан бұрын ұлтаралық ортақ түсіністікке негіз болды деп есептелген баптың енді ұлтаралық келіспеушілікке себеп болуға айналып кетпей тұрғанында, Ата Заңның 1-бөлімінің 7-бабының 2-тармағын алып тастаса бәрі де орнына келіп, қазақ тілі өзінің мәртебесіне бәсекелессіз ие болатыны және толықтай заңмен қорғалатыны даусыз болар еді Иә, заңды нәрсенің бәрінің қорғаушысы тек заң ғана болуы керек.

Төлеп ҚОСЖАНОВ,
Қазақстан Республикасы
Білім беру ісінің үздігі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.