Сөз сырын саралаған саңлақ

XX ғасырдың соңғы он жылы бүкiл әлем тарихында маңызы аса зор тарихи, саяси әлеуметтiк оқиғаларға толы болды. Оның iрiсi – Ресей империясының күйреуi. Отарлық  шеңгелiнде шырылдай тiрлiк кешкен  көптеген елдер бостандыққа  шықты, тәуелсіз ел атанды.

Тiлi мен дiлiне, дiнi мен тiнiне, дүние танымы мен рухына еркiндiк алған қазақ елi өз қоғамдық санасындағы қымбатты кұндылықтар мен асыл қазыналарға, рухани әлемi мен мәдени тарихына өзге көзқараспен қарай бастады. Қиындығы мол, аса күрделi осы мәселелердi зерттеу мен пайымдау барысында биыл туғанына 90 жыл толып отырған академик Зәки Ахметов еңбектерiндегi iргелi ой-пiкiрлердiң орны айрықша бөлек. Бірақ, әдебиет әлемін орыс рухымен құрсаулап тастаған ресми идеологиямен ғалымның қарым-қатынасының өз тарихы болды.
Тәуелсіздік идеяларының бастауында XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетi тұрды… Оның өзiндiк салмақты себептерi де жоқ емес-тi. Соның ең бастысы, әрі iрiсi – қазақтың елдiгi мен азаттығы үшiн күресті саяси қозғалыс деңгейiне дейiн көтерген Алаш қайраткерлерінің еңбегі, дәлірек айтар болсақ – ерлігі. Аса талантты тұлғалардың, iрi суреткерлер мен қоғам қайраткерлерiнiң тағдыры трагедияға толы. Бірақ қаһармандыққа толы табанды күрестерiн өмірінің соңғы сағаттарына дейін тоқтатқан емес. Ал осы шындықты айту кешегі отаршылық кезінде де, бүгін де оңай болған жоқ. Қаіргі таңда көбіне бұрын айтылған деректерді қайталаумен келеміз. Бірақ дерексіз дедектеу шындыққа апартын жол емес.
Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолындағы идеялық күрестерінің қарулы қақтығысқа ұласу ақиқатын танып бiлу – рухани дамуымыздың тарихын тану деген сөз. Тарихты көркем бейнелеген, шебер жазылған туындылар да көбейіп келеді. Бұл – езілген, жаншылған санамызды сауықтыру, еңсемізді көтеру үшін қажетті кітаптар. Бірақ тарихи деректерді тым еркін қолданудан сақтану керек. Бүгінгі оқырман елу жыл бұрынғы оқырман емес.
Ресейдің ресми идеологиясы тәуелсіздік туралы көркем туындыларды арнайы архивтерде сақтап, қаншама құпия ұстаса да ел назарынан жасыра алмады. Ел санасындағы азаттық аңсаған халық рухының қуатты өскендерi қаулай өркен жаюын ешқашан тоқтатқан жоқ. Мiне, осы арыстардың өмiрi мен шығармашылығын танып бiлу қазақ әдебиетiнде ХХ ғасыр басындағы саяси күреске шыққан жеке таланттар мен iрi шығармаларды зерттеуден басталды.
З.Ахметов еңбектерiнде XX ғасыр басындағы қазақ қоғамдық санасын оятуға, қозғау салуға қатысқан, ағартушы демократтардың өмірбаяндық шығармашылығы жан-жақты айтылады. Белгiлi деңгейде тиянақты, жоғары дәрежеде бiлiм алған Ш.Құдайбердіұлы мен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы мен М.Жұмабайұлы, М.Сералин мен С.Торайғыровтар тәуелсіздік, бостандық идеялар жолында барлық ғұмырларын арнады. Олар қазақ халқын оқу мен бiлiмге, өнер мен мәдениетке ғана шақырып қойған жоқ, ұлттық мемлекет, саяси бостаңдық, азаттық туралы iрi ойларды қозғады.
Бұл шығармалар мен әрекеттер босқа кеткен жоқ. М.О.Әуезов Семей семинариясында оқып жүргенде қазақ әдебитінің тарихы халқымыздың ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулардың өлең-жырлары, терме-толғаулары, тіпті шешендік сөздерімен табиғи байланысы зор болғанын айтып жүрген. Кейін 1927 жылы жарық көретін «Әдебиет тарихында» осы ойлар негізгі арна ретінде көрініс табады. Осы оқулықтын шығуына байланысты пікірлерінде З.Ахметов былай жазады: «Осы жылдарда Мұхтар Әуезов Семейде, Орынборда әртүрлі қызметте істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақов Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысып, қоғамдық өмірдің, әдебиет пен мәдениеттің алға ойған зәру мәселелерін талқылауға қатысады. Абай дәстүрін жаңа дәстүрге ұластырып, өрістеткен алаш көсемдерінің, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің ел тағдыры, егемендігі рухани еркіндік үшін, ғылым-білімге, озық мәдениетке қол жеткізу үшін күресі жас Әуезовті рухтандырды» ( Қазақ әдебиетінің тарихы. 8-том. – Алматы, 2004. 134-б.)
Ғалымның қазақ әдебиетінің ғылыми негізді тарихын жасау қажеттігі туралы пікірлері батыс, орыс, шығыс әдебиеті тарихының осы бағыттағы еңбектерін көңіл қоя оқу мен мұқият зерттеуден туған еді. Орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері А.Пушкин мен М.Лермонтов шығармашылығының қалыптасуына фольклор мен ауыз әдебиеті қаншалықты ықпал етсе, дәл сондай ықпалдастықты қазақ ақын-жазушылары да бастан кешті деген ойларға тоқталады.
Махамбет поэзиясына негіз болған қазақ ауыз әдебиеті мен ноғайлы жырларының әсерін жоққа шығару қаншалықты қиын болса, Абай өлеңдері-нің негізгі арнасындағы халық ақындары шығармашылығының, әсіресе Дулат, Шортанбай, Мұрат жырларындағы зар-заман поэзиясының ықпалын аттап өту, ескермеу қате болып табылатынын айтады.
Ақын-жыраулардың алуан түрлi шығармалары мен өлең-жырларында осы идеялар батыл қозғалып, қазақ елiнiң дамуына кедергi бола бастаған қоғамдық қатынастар мен ескi салт-сана, әдет-ғұрып аяусыз сынға алынды. Олардың көптеген шығармалары мәдениет пен ағартудың, оқу мен бiлiмнiң замана талап, тiлегiне сай өзектi өткiр мәселелерiне арналды.
Академик зерттеулерiнде, әсiресе 1990-шы жылдардан кейiнгi осы жайлар жан-жақты қозғалады. Әрі қоғамдық санада көпшілікке жақсы таныс болған жайларды емес, маңызы зор болашақ іргелі зерттеулерге негіз болатын мәселелерді қамтиды. Ғалым қазақ әдебиетi мен мәдениетiнің iрi түйiндерiн шешуге, оның сан алуан сауалдарына жауап беруге ойландыратын ғылыми мақалалар жазды. Осы толғаныстарында XX ғасыр басындағы қазақ қаламгерлері шығармашылық қандай iзденiстерге барды, шебер жазылған қандай туындыларға қол жеткiздi соның заңдылықтарын көрсетуге айрықша көңiл бөлдi.
Елiмiзде саяси-әлеуметтiк, iрi өзгерiстер басталғанда XX ғасыр басындағы әдеби процеске жаңаша карау қажеттігін ғылыми негізді алғаш сөз еткен ғалымдардың бiрi З.Ахметов еді. Мұндағы айрықша көңiл аударуды қажет ететiн бiр мәселе – болашақ зерттеулердің әдеби процеске қатысты болуы. Оның әдебиет тарихына байланыста емес, дербес алынуы. Ғалым XX ғасыр басындағы әдеби процеске ендi өзгеше, жаңа концепциямен қарау қажеттiгiн айрықша ескертті.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Ниязбековтің З.Ахметовке Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген ғылым қайраткері куәлігін  тапсыру сәті. 1978 ж.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Ниязбековтің З.Ахметовке Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген ғылым қайраткері куәлігін тапсыру сәті. 1978 ж.

Ғалым көптеген зерттеушiлер аңғара бермейтiн біршама жайларға айрықша көңiл аударады. Көпшілік бұрын зертгеуге тыйым салынған шығармалар мен қаламгерлер шығармашылығы туралы жаза бастағанда З.Ахметов енді бұл зерттеулердiң нәтижелерiн салғастыра, салыстыра талдап, тексерiп, әдеби даму, iзденiс бағыттарын байқата алатын еңбектердің қажеттігін қозғады. Жалпы алғанда, нақты зерттеу нәтижелерiн жинақтап, қорытындыға бастайтын концепцияға, байымдауларға көңiл аударады.
Зерттеушi XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетi даму бағыттарын байқата алатын концепцияларды тексеру қажеттігін алға ұсынды. Зерттеу жұмыстарының бiрден дұрыс бағытқа шығуының кажеттiгiн ескертеді. Мұнда замана талабына сай оның басты бағыттардан адаспау тәрiздi ойлардың басым тұрғаны анық.
Әдеби дамуды үдеріс ретiнде ұғу, қабылдаудың қажеттiгi бiрден алға тартылады. Сонда ғана оған ықпал еткен тарихи әлеуметтiк оқиғалар аумағын айқындауға болады. Алайда, бұл бағытта әр ғалымның тек өзiне ғана тән ұста-нымдарының болатынын ескеру керек.
XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетi туралы ғалым ойларын бағамдаудағы осындай дара ұстанымдарды еске алу керек. Академик XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетi мәселелерiмен арнайы шұғылданған жан емес. Бірақ бұл ойларға кездейсоқ келген жоқ.
1951 жылы «Лермонтов және Абай» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясында ғалым толғауларының кейбір бағыттары аңғарылады. Осы диссертация негізінде орыс тілінде «Лермонтов және Абай» кітабы басылып шықты. Ғалымның қазақ әдебиеттанудағы аса күрделі әрі қиын «Қазақ өлеңінің құрылысын» терең, жан-жақты талдауларына негізделетін ғылыми теориялық ізденістерінің нәтижесінде 1965 жылы филология ғылымының докторы дәрежесін иеленді. Осы жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақтың өлең құрылысы» атты монографиясында З.Ахметов қазақ өлеңінің поэтикасында ұлттық әдебиет пен дәстүрдің басым бағытта болғанын дәлелдейді.
Міне, қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы үшін маңызы орасан осы зерттеулерден бастап, ғалымның әдебиет тарихындағы дәстүрлі әдебиет ықпалы және сабақтастық мәселелеріне ауық-ауық оралып отырғанын байқауға болады. Әсіресе Абай поэзия­сы туралы зерттеулері мен әдебиет тарихындағы дәстүр мәселелеріне ерекше мән береді.
Ғалым бұл бағытта не айтса да, қалай жазса да, өзiнiң басты зерттеулермен байланыстыра, көбiне соларға бастайтын жол ретінде айтып мұрағат материалдары мен деректерді, мәтіндік талдаулармен салғастырып, салыстырып отырады.
З.Ахметов еңбектерiмен танысып отырғанда ғалымның қашан да оралып соғып, бұрын айтқандарына жаңа ой, пiкiр қосып, мазмұнын толықтырып отыратын тақырыптарының бар екенiн байқауға болады. Оларды жинақтап, жүйелеп айтсақ, төмендегiдей топтарды аңғарамыз: қазақ әдебиетi тарихы туралы оқулықтар мен оқу құралдары, хрестоматиялар (орыс мектептерiне арналған); әдеби байланыстар – орыстық классикалық әдебиетiнiң Пушкин, Лермонтов, Крылов, тағы басқалар шығармашылығының қазақ әдебиетiне, Абайға ықпалы, қазақ және шығыс әдебиетi арасындағы байланыстар; әдеби мұра және әдеби дәстүр, С.Торайғыров және Ш.Бөкеев шығармашылығы.
З.Ахметов орыс мектептерiне арналған қазақ әдебиетiнiң оқулықтары мен оқу құралдарын және хрестоматия­лар жазу барысында әдебиет тарихы, әдеби дәстүр, дәстүрлi әдебиет пен оның кейiнгi әдебиетке ықпалы туралы да талай тың ойлар айтқан. Бұл ойларға келу үшiн ғалымға әдеби даму мен процестегi аса маңызды деректер туралы тереңдей зерттеулер жүргiзуге тура келдi. Осы еңбектерде әдеби мұра, орыс, шығыс және әлем әдебиетiмен байланыс туралы мәселелерге айрықша көңiл аударды. Түрлi деңгейдегi жиындарда сөйлеген сөздерінде, ғылыми мақала, еңбектерінде осы проблемаларға қатысты талай салмақты ойлар ұсынды.
Ғалымның зерттеулерi арасында XX ғасыр басындағы әдебиетке тура қатысты еңбектер де жоқ емес. Олардың кейбiр маңыздыларын атар болсақ: «XX ғасыр басындағы қазақ әдеби процесiнiң ерекшелiктерi туралы» (орыс тiлiнде). – ИзвестияАН КазССР. Серия филологическая 1990 №2; «С.Торайгыров» (орыс тiлiнде. Предисловие к избр. произ. С.Торайгырова.) – Алматы: Казгослитиздат, 1958 ; «Ш.Бөкеев» және «дәстүр жаңашыл-дығы». – Абайдың ақыңдық әлемi. – Алматы, 1995 т.б.
Осы еңбектерде ғалымның бас­ты объектiге методологиялық сипаты бар мақсатпен келетiнiн байқау қиын емес. Зерттеуге таңдалған материалдарды ең алдымен жаңа заман, жаңа идеялар рухына сай байымдайтынын аңғарамыз. Қоғамдық сана мен әдебиетiмiздiң тарихына тiкелей қатысы бар деректердi жіті тексереді. Кейде белгiлi ғалымдар талай еңбектер жазған шығармаларды да жаңа идеялар рухына сай тексередi. Мысалы, Ш.Бөкеев, С.Торайғыров шығармашылығы туралы зерттеулерінде осы мақсатты сипаттар айқын аңғарылады. Айқын деректерге де қайта оралу, ойлана талдау ғалымның толассыз толғаныстарының жемiсi. Қаламгер зерттеу әдiстемесiн де, тәсiлдерiн де жиналған жаңа материалдар рухына сай қайта қарап ұштап отырады.
М.Лермонтов пен А.Пушкин, М.Әуезов туралы З.Ахметовтiң зерттеулерiнен осы мақсаттағы тынымсыз iзденiстердi, көпшілік байқамаған үн, әуендерді аңғаруға болады. Демек, диалектикалық ойлау мен көркемдік таным негiздерiнде өзi де бұрын талай зерттеген, талдаған объектiлерге қайта оралу, жаңа қырларын байымдап қарау, толықтырып отыру ғалымның басты ұстанымдарының іргетасы тәрізді. Бұл бiр болса, екiншiден, зерттеуге алған объектiнi жаңадан қосылған әдеби-тарихи дерек, құжаттармен салғастырып, салыс­тырып байқайды. Объектiнiң табиғаты мен құрылысын, құрылымын, мақсатын, қызметiн тексереді. Сол нәтижелерге сүйене отыра оның әдеби процеске, тарихқа әкелген жаңалығын бағамдайды.
Көркем ойға ықпал еткен мәндi, басты мәселелерді қоғамдық санаға ықпал еткен әлеуметтiк тарихи оқиғалар аумағындағы айқындауға ұмтылады. Әдеби құбылыстар мен шығармаларды, түрлi ағымдар мен стильдердi, т.б. дәуiр мен нақты уақыттағы әлеуметтiк жаңарулармен, сiлкiнiстермен байланыста қарастырмайынша шындыққа жақындаудың қиын екенiн зерттеуші жиi ескертiп отырады және шығармашылық iзденiстерiнде соны басшылықка алады.
А.Пушкин мен М.Лермонтов туралы алғашқы зерттеулерiнен бастап-ақ З.Ахметов XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетi дамуының негізгі ерекшелiктерi туралы салмақты пiкiрлер айта бастаған. Әсiресе орыс және қазақ әдебиетi арасыңдағы байланыстар туралы.
XX ғасырдың басы – қазақ әдебиетiнiң дамуындағы жаңа кезең. Пушкин мен Абай шығармаларын талдау барысында З.Ахметов ғұлама суреткерлер iзденiстерiндегi әлеуметтiк ойлардың көркем мазмұнға өзгеру, ұласу жолдарына үңiледi. Өзге ұлт ортасында дүниеге келген сюжеттердiң адамзатқа ортақ көркемдiк мәнге ие болып, басқа ұлттық ортада идеялық үндестiкке жету сырларына көңiл аударады (Пушкин и Абай//Вестник Ленинградского университета. 1949 №6). Әсiресе А. Пушкин шығармаларын қазақшаға аударған Абайдың шығармашылық iзденiстерiн тек қана аударма мәселесiне қатысты емес, гуманистiк , философиялық iзденiстерге ұластыра талдайды.
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясы жарық көрді. «Абай энциклопедиясының ең белсенді авторы болып, көптеген мақаласын жазды. Бұл еңбектердегі басты идеялар Абай шығармаларындағы аударманың рөлі және дәстүрлі әдебиет пен ақын ізденістері арасындағы үндестік сырларының жарастығын ашу болатын. Абайдың әдеби мұрасын насихаттаудағы еңбегі үшін 1996 жылы Қазақстан республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Қазақ әдебиетiндегi iрi шығарма-шылық iзденiстердiң орыс әдебиетiндегi үдерістермен үндестік сипатын ашып көрсету ғалымның кейінгі еңбектеріндегі басты арна ретінде көрініс табады.
Талантты тұлғалар арасындағы мәдени-гуманистік iзденiстерде жақындық, үндестiк болмаса өзара әсердiң ықпалы да соншама қуатты болмас едi, – деген ғалым пайымдауларында байқағыштықпен қатар батылдық та бар.
XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басында А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов шығармалары қазақ тiлiне көптеп аударылды. Бұл тәржімалармен көрнектi ақын-жазушылар ғана емес, түрлi қызмет iстеген ағартушы-демократтық көзқарастағы қаламгерлер де айналыс­ты. Жаңа идеяларды жеткiзу барысында аудармалар өзегiндегi көркем мазмұнды сәттi пайдаланды. З.Ахметов қазақ әдебиетiндегi шығармашылық iзденiстерінде ағартушы-демократтар ескiнi сынау мен жаңаны үлгi-өнеге ретiнде ұсынуда, дәрiптеуде қолдана бас­тады деген пiкiр айтады.
Ғалымның, әсiресе Абай аудармаларына байланысты еңбектерiнде бұл пiкiрлер түрлi әдеби-тарихи деректер арқылы дәйектеледi (Переводы как форма творческой связи Абая с русской литературой // Жизнь и творчество Абая. – Алматы, 1954).
Елуiншi жылдардағы зерттеулерiнде З.Ахметов XX ғасыр басындағы әдеби процесс туралы жүйелi еңбектерге әлi бара қойған жоқ. Жоғарыда көрсетiлген пiкiрлер А.Пушкин, М.Лермонтов,И. Крылов шығармаларының қазақ тiлiне аударылуы туралы еңбектерiнде кезде-сетiн алғашқы байламдар ғана (Лермонтов шығармаларының Абайға әсерi // Әдебиет және искусство. 1951 № 8).
Осы кезеңдегi пайымдауларда зерттеушi негiзiнен қазақ, орыс әдебиеттерi арасындағы шығармашылық, үлгi-өнегелiк байланыстарға мән бере жазады. Оның XX ғасыр басындағы әдеби процесте ғана емес, қоғамдық санада, мәдени-шаруашылық қатынастарда да үлкен рөл атқарғанына айрықша тоқталады. Әсiресе қазақ әдебиетiнде кәсiби әдебиет жанрларының бұрын болмаған түрлерiнiң дамуына және көркем әдебиеттiң әлеуметтiк өмiрмен тығыз байланысының орнауына жағдай жасаған iрi себеп ретiнде көрсетiледi.
XX ғасыр басындағы көркем әде-биетке әсер еткен тағы бiр куатты күш –
Абай шығармашылығы. Оның шығармаларының қоғамдық санаға айрықша әсері туралы сол жылдарда көп айтыла бастады. Әрi осы кезең XIX ғасыр соңында кемелiне келген ақындық дәстүрдi iлгерi дамытқан кезең ретiнде аталады.

Бүкілодақтық түркологиялық конференция.  Алматы. 1976 ж. қыркүйек
Бүкілодақтық түркологиялық конференция.
Алматы. 1976 ж. қыркүйек

Пушкин мен Абай, Лермонтов пен Абай, Абай және орыс әдебиетiне арналған мақала, зерттеулерiнде жеке тұлғалар шеберлiгiне пәрменді ықпал еткен себептердiң бiрi ретiнде әдеби дәстүр және дәстүрлi әдебиет әсерiн қарастыру З.Ахметов зерттеулерінің басты арнасына айналды.
Алайда ғалымның алғашқы зерттеу-лерінде Абайдың шығармашылығына мықты ықпал жасаған себеп ретiнде орыс әдебиетi мен оның классиктерi Лермонтов пен Пушкин ғана аталады да, дәстүрлi және шығыс әдебиеті ықпалы сөз арасында елеусiздеу айтылады. Мұнда зерттеушi ойына тұсау салып отырған ресми идеология әсерi айқын сезiледi. Мәселен, Абай аудармаларының көркемдiгiн орыс әдебиетiмен шығармашылық байланыс ықпалы ретiнде баяндай отыра, Абайдың талантының үлесiн көрсету үстiнде дәстүрлi әдебиет айтылады. Сол тәрiздi қазақ халық поэзиясының қалыптасуы туралы еңбектерiнде де (XX ғасыр орта тұсындағы әдебиет) дәстүрлi әдебиет пен әдеби дәстүр ықпалы сөз арасында қозғалады. Мұнда ол зерттеушi назар салып айтып отырған мәндi түйiн, негiз тәрiздi көрiнбейдi. Оның есесiне халық поэзиясына мән берушi, дем берушi ретiнде ресми идеологияның пәрмендi әрекетi айтылады.
М.Әуезов пен оның «Абай жолы» эпопеясына қатысты iргелi зерттеулерiнде З.Ахметов әдеби дәстүр мен XX ғасыр басындағы әдебиет туралы ойларға оралады. М.Әуезовтің қазақ елiнiң тарихы туралы көзқарастары XX ғасыр басында қазақ қоғамдық санасын оятқан жаңа дәуiрдiң әлеуметтiк тәжiрибелерiне негiзделетiнi айтылады. Осы iрi түйiндерге ойлана қарау нәтижесiнде З.Ахметов кез келген елдiң ұлы ақын-жазушылары, өнер қайраткерлерi сол халықтың рухани әлемiне жақын болудан, оның мұң-мұқтажын жоқтаудан барып ұлы биiктерге көтерiледі деген ойларын ұсынады. Көркемдiк зор шығармалардың тағдыры мүлде өзге жайларға тәуелдiлiгi көрсетiледi.
З.Ахметов зерттеулерiнде көңiл аударатын тағы бiр мәселе – рухани азаттық пен шығармашылық еркiндiк. Оның талантты тұлғалар үшiн қаншалыкты маңызды болатыны жан-жақты дәйектеледі.
Абай туралы роман жазуда ақын ғұмыр кешкен дәуiрге тереңдеу барысында М.Әуезов өз заманының түйiндi мәселелерi туралы ойларына тиянақ тапса, З.Ахметов те заманы мен заманаға қатысты ойларына өзгеше қарауды ұлы ақын шығармаларының поэтикасы, әдебиет пен тарих туралы толғамдарындағы өзге мазмұн мен терең мағыналарға тереңдеуден, жан-жақты зерттеулерден табатындай.
1986 жылғы желтоқсанның жаңару лебi XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетi тарихына iрi өзгерiстер әкелдi, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынұлы, МДулатұлы, М.Жұмабайұлы, т.б. шығармашылығының қазақ әдебиетi тарихына қосылуының өзi әдеби процеске айтарлықтай жаңалықтар әкеледi, – деп жазады З.Ахметов осы кезде.
1989 жылдың желтоқсанында Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен өткен «XX ғасырдың бас кезiндегi қазақ әдебиетiнiң мәселелерi» атты ғылыми теориялық конференция­да З.Ахметов «ХХ ғасыр басындағы әдеби процесс және теориялық, методологиялык мәселелер» тақырыбында баяндама жасады. Ғалым қазақ әдебиетi алдындағы маңызды мiндеттердi, iстелетiн жұмыстарды көрсете келе ендігі зерттеулер үшін методологиялық маңызы зор байсалды пiкiрлер айтады.
1990 жылдарда академик З.Ахметов көп қозғаған бiр мәселе – көркем шығармашылыққа байланысты пайымдауларды ресми идеологиямен байланыстыра бермеу. Осы жылдардан берi әдебиетiмiзге қосыла бастаған талантты тұлғалар мен олардың шығармаларының әдебиет тарихына қосылуы XX ғасыр басындағы әдебиет тарихы туралы қалыптасқан пiкiрлердi түбегейлi өзгертедi. Ол пiкiрге ғалым әдебиет, өнер тарихындағы жалғастыққа байланысты келiп отыр. Ғасырлардан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәңгiлiк тарих қандай идеология болса да өз арнасын таппақшы.
Қазақ әдебиетiнiң тарихына шығармаларының мән-мағынасы зор суреткерлер мен өнер қайраткерлерi қосылған сайын оның тарихы шындыққа жақындай бермек. Әдебиетiмiздiң тарихындағы орны зор Ш.Құдайбердіұлы мен А.Байтұрсынұлындай арыстарды атүстілей атаумен шектелудің өзі қазақ әдебиетiнiң тарихи дамуындағы талай мәндi жетiстiк пен жемiстердiң заңдылығын айқындауда қиындық туғызады.
Осы олқылықты саяси сипатты сұлу сөздермен қаншама боясақ та, ағзасы кемелдiктен гөрi, кетiкке толы кембағалдау күйде мүгедек көрiнетiн. Сондықган да кәсiби әдебиетте болуға тиiс көптеген жанрлардың ұлттық түр үлгiсi мен сипат, сырын түсiндiру қиын болды. Осыдан барып оларды мүлде жоқ, болса да тақырыптық аясы тар, көркемдiгi кемшiн, шығармашылық iзденiсi аз, шеберлiгi төмен деген тәрiздi баянсыз байламдарға бардық.
Абай тәрiздi ойшыл суреткерi бар қазақ әдебиетiнiң XX ғасырдың орта тұсындағы кемелденуiн тек қана тiнi ешқашан үзiлмеген жалғастықпен ғана түсiндiруге болар едi.
Зәки Ахметовтiң XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетiн ХIХ ғасырдағы Абайы бар қазақ әдебиетiнiң занды жалғасы деп үнемi қайталап отыруы – осы желiлердi дөп басып, дәл тауып айтудан туған байсалды қорытындылар. Ғалым зерттеулерiндегi Абайдың пәлсапашыл ойшылдығын Шәкәрiм жалғастырды, адам жан дүниесi мен сезiм толқындарын суреттеудегi сыршылдығын Мағжан кемелдендiрдi, ұштады, замана әлеуметтiк мәселелерi мен қайшылықтарын көрсетудi, қозғауды Ахмет пен Мiржақып, Сұлтанмахмұт iлгерi апарды, дамытты деген пiкiрлерi болашақ ғалымдар үшiн әдiстемелiк мәнi өлшеусiз зор қымбат қазына екенi даусыз.

Зинол-Ғабден Бисенғали,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.