Жазғы лагерь «Туған жер» деп аталды

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жазғы лагері жұмысын бас­тады. Жазғы лагерьде 13-18 тамыз аралығында «Лесная сказка» таулы курорттық қонақүйі Алматы жастарының 150 өкілін қабылдайды. Оған қатысатын 150 үміткердің 80-ін оқу орындары ұсынады. Жоба аясында қатысушылар үшін бес тәулік бойы белсенді демалыс, пайдалы оқу бағдарламалары және көркем табиғат баурайында түрлі спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жобаның басты мақсаты – білімді әрі белсенді жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдау. Олардың мәдени және кәсіби қабілетін арттырып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына барынша жағдай жасау.
Сондай-ақ жазғы лагерьдің оқу және мәдени бағдарламасы аясында танымал саяси қайраткер Айдос Сарым, «ChocoFamily» холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов, әнші Ғалымжан Молданазар, артист, вайнерлер Серік Шәріп, Нұрлан Батыров, тележүргізуші Әділ Лияндар қатысуда.
«Алматы тұрғындарының тең жартысына жуығын 16-35 жас аралығындағы азаматтардың құрайтыны жасырын емес. Біз жалынды, дарынды, ақылды, білімді, қабілетті, креативті жастардың әлеуетін арттырып, жан-жақты дамуына барыншы жағдай жасауды көздеп отырмыз. Осы жоспарды жүзеге асыру үшін олардың басын қосатын ортақ алаң қажет болды. Бұл идеяны Алматы қаласының әкімдігі толықтай қолдады. Түрлі ұйымдар мен компаниялар да игі істен сырт қалған жоқ. Осылайша, Алатау бөктерінің ең көрікті жерлерінің бірінде орналасқан шипажайда «Туған жер» жастар лагері құрылды. Ол жерде жастар өзара ой бөлісіп, пікір алмасады. Түрлі идеялар туындап, соларды жүзеге асырудың жолдары қарастырылады. Бұл жобаның тиімді жақтары өте көп. Былтыр сол жерде жастар лагерінің алғашқы жиыны өтсе, биыл тағы да бас қосып отырмыз» деді Жастар қоғамдық қорының атқарушы директоры Біржан Қазтұрғанов.
Іс-шара Алматы қаласының белсенді, дарынды жастарының демалыс уақытын тиімді, көңілді өткізу үшін ұйымдастырылуда. «Туған жер» жобасын Алматы қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Social Development Center» қоғамдық қоры ұйымдастырған.
«Туған жерге» қатысушыларға шеберлік сабақтар, танымдық тренингтер, сонымен қатар футбол және волейболдан турнирлер, Көңілді тапқырлар клубының ойындары, интеллектуалды брэйн-рингтер және тағы басқа да спорттық, шығармашылық жарыстар ұйымдастырылуда.

Ақбота ҚУАТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.