Бәрі де халық игілігі үшін

Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевпен сұхбат

– Дастан Тұрарбекұлы, Елбасы қазақстандықтардың баспаналы болуы үшін, әрі әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында бес бағытты ұсынды. Оның бірі де бірегейі – баспана мәселесі. Өткен жылы Қазақстанда 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, бұл тіпті рекордтық көрсеткіш екенін айтты. Ал Талдықорған қаласында жылына қанша үй пайдалануға беріледі. Сарылып кезекте тұрғандардың саны азайды ма, жоқ, керісінше көбеюде ме?
– Баспана мәселесі қай заманда болмасын өзекті болған. Кешегі кеңестік кезеңдерде де сарылып кезекке тұрғандардың саны басым болды. Ел Тәуелсіздігін алған жылдардан бері, әрі қазақ халқының өсімі жылма-жыл ұлғайған сайын және қала маңына шоғырланған бұқара халықтың тұрғын үйге деген сұранысы артпаса кеміген жоқ. Бұл өтініштердің бәрі Заң аясында жүзеге асырылады. Енді сіздің сауалыңызға орай жауап берейін. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабына сәйкес тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтар мен аталған Заңның 67-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер санаты бойынша «Талдықорған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ-де 16, 285 азамат кезекке тіркелген.
Бір ғана Талдықорған қаласының өзінде, 2008-2018 жылдар аралығында 44 тұрғын үй қолданысқа берілді, оның ішінде: 19 коммуналдық тұрғын үй, 10 жалдамалы тұрғын үй, «Нұрлы Жол» «Өңірлік дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы несиелі 6 тұрғын үй, «Нұрлы Жол» «Өңірлік дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы несиелі 4 тұрғын үй, «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй жинақ банкі» арқылы 5 тұрғын үй берілді.
– Ипотекалық жүйемен, қолжетімді баспанаға көпшілік ие болуы үшін қандай шаралар жүзеге асуда? Жасыратыны жоқ, өзге өңірлерге қарағанда Талдықорған қаласында, жалпы Жетісу аумағында еңбекақы төмен. 7-20-25 бағдарламасына сәйкес банктермен жұмыс жүйесі бір ізге түсті ме?
– Сауалыңыз орынды. Талдықорған облыс орталығы болғанмен, бізде алып өндіріс орындары жоқ. Бірен-саран «Қайнар», «Бетон» секілді ірілі-ұсақты кәсіпорындар ғана бар. Қала тұрғындарының көбі базар маңында әрі жеке кәсіптерімен шұғылданды. Өзге өңірлерге қарағанда айлық жалақыларының төмен екені де жасырын емес. Ал енді кәсіп ашып, оны дөңгелетіп отырғандар қанша табыс табады, онда біздің шаруамыз жоқ. Мемлекетке тиісті салығын төлеп, жұмыс көзін ұлғайтса құба-құп. Елдің әлеуметтік жағдайына орай, әрі бес бағыт бойынша баспанаға үміт артып отырғандарға келер болсақ, қазіргі күні 7-20-25 бағдарламасына сәйкес банктермен жұмыс жүргізілуде. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 16 285 адам тұрса, олардың ішінен төлем қабілеті жоғары тұрғындарды «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-на жіберіп, өз қаржыларына баспаналы болуын қамтамасыз етудеміз. Бұл қадам аталған 7-20-25 бағдарламасына дейін де жүзеге асып жатқан болатын. Ал аталған бағдарлама шыққалы бері бұл жұмысты жүйелі жүргізіп келеміз.
– Талдықорған қаласында жатақхана салу мәселесі қолға алынғанын білеміз. Бұл қанша орынды болмақ? Жалпы мемлекеттік оқу орындары мен жекеменшік оқу орындарындағы жатақхана мәселесі қалай шешілуде?
– Өзіңіз білесіз, облыс орталығында бір ғана мемлекеттік жоғары оқу орыны бар. Ол – Жетісу мемлекеттік университеті. Бұл ғимарат 1972-85 жылдары салынған. Мұнда 520 орындық екі жатақхана бар. Ол жатақхананың бірі – 1982 жылы 172 орын боп салынса, тағы бірі – 1985 жылы 352 орынға арналған. Мұнда барлығы 524 орын бар. Бүгінгі таңда 380 студент тұрады. Қалған бос орындар бар. Оларда неге студенттер тұрмайды десеңіз, оның да себебі бар. Жақын аудандардан келіп оқитын студенттер жатақханамен қамтылмайды. Жатақханада, бірінші кезекте жетім түлектер тегін орналастырылса, екіншіден, алыс аудандардан келген студенттер қамтылады. Әр студент жылына 31 420 теңге ақша төлейді. Енді, заман талабына сай, жаңа үлгідегі жатақхана салынады. Елбасының жастарды қолдау, оларға жан-жақты білім беру аясында, жатақханамен қамтамасыз етуге бағытталған бес бастамасына орай Талдықорған қалалық әкімдігі Жетісу мемлекеттік университетіне 500 орындық жатақхана салуға 3 жер телімін ұсынды. Егер оқу орнының басшылары бөлінген жер телімін таңдаса, қалалық әкімдік мемлекеттік акт шығарып, жатақхана салуға рұқсат береді. Егер аталған жоба жүзеге асатын болса, онда ауылдан келетін кем дегенде 500 студент баспаналы болып, алаңсыз білім алуға мүмкіндік туады.
– Жылма-жыл шағын кәсіпкерлердің қатары көбейіп келеді. Бұған дейін де оларға қолдау көрсетіліп келді. Кәсібін кеңейтемін, болмаса жаңадан ашамын деген кәсіп бастаушыларға қолдау қай деңгейде? Жалпы қалада кәсіпкерлердің саны қаншаға артты?
– «Кәсіп түбі – нәсіп» екенін көзі қарақты жанның бәрі біледі. Баяғыдай «ал балық, аузыма сал балықтың» заманы өткен. Тіршілік қарекетіне көшкендердің барлығы шағын болса да кәсіп ашқысы келеді. Кәсібін ұлғайтып, өзін де, өзгеге де, жұмыс көзін беріп отырғандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Нарықтың заңына орай, бір тиынды екі-үш тиын жасап, тиынан теңге құрап отырғандар ұтпаса ұтылған жоқ. Біз де халықпен әр жүздескен сайын «Шағын кәсіппен айналысыңдар, қолдаймыз-қорғаймыз, мемлекет бөлген қаржыдан алыңыздар» деп үнемі айтып келеміз. Жалпы, қала бойынша жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер саны 9936-ны құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 0,7 пайызға жоғары (2017 жылы – 9861). Жылма-жыл өсім бар. Олардың сұранысын қанағаттандырып отырмыз. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын халық арасында кеңінен тарату бойынша қала әкімдігі «Даму» АҚ-мен бірлесіп жұмыстар атқаруда. Қаржылай емес көмек көрсету бойынша қаламызда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Оларға бар мүмкіндіктер жасалуда. Мәселен, «Бір терезе» принципі бойынша салықтар есептеуге, декларация тапсыруға, мемлекеттік қолдау бойынша экономика, қаржы мәселелері, маркетинг және электрондық порталдармен жұмыстар туралы консультация алуға барлық жағдай жасалған.
– Қала ішіне көгілдір газ тарту жүйесі үздіксіз жүргізіліп жатыр. Жалпы қала іші қашан газбен толықтай қамтылатын болады?
– Талдықорғанға газ құбыры тартылғанға дейін, қала тұрғындары қатты отынды пайдалынып келеді. Алла бұйырса, енді жеке сектордағы тұрғындар, күл шығарып, от жағудан біржола құтылады. Әрі қаланы қыс бойы будақтаған көк түтіннен құтқарып, экологиялық мәселе бір жүйеге түсетін болады. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Жалпы жобаға сәйкес, Талдықорған қаласының ішкі газ құбырының желісі 4 кезекті және 22 іске қосу кешенін құрайды.
Бірінші кезеңнің құрылысы 6 іске қосу кешенінің және 169,34 шақырымдық, құрылыс жұмыстың барлығы аяқталды. Мұнда, 15435 абонент бар, оның ішінде (көп қабатты тұрғын үйлер 9958, жеке сектор 5477, шамамен халық саны 41,7 мың адам). Газ құбырлары тартылған абоненттердің саны 710 болса, газға қосылған абоненттердің саны 465, келісімшарт жасалғаны 745-ке жетті. Ал енді 2-кезектің құрылысы 271,54 шақырымды құрайды. Орындалғаны – 262,75 шақырым. Екінші кезең бойынша абоненттердің саны 24042. 3-кезектің құрылысы 230,78 шақырымды қамтиды. Орындалғаны – 131,5. Үшінші кезең бойынша абоненттердің саны 8430 (көп қабатты тұрғын үйлер 2535, жеке сектор 5895). 4-кезектің құрылысы 246,74 шақырым. Мұндағы абоненттердің саны – 7542. Қазіргі уақытта қаланың елді мекендеріне Ынтымақ, Еңбек, 3-бөлімшеге газ құбырын жүргізу бойынша жоба-сметалық құжаттама өңдеу жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлу туралы өтінім берілетін болады. Жалпы Талдықорған қаласының табиғи газ құбырлары желісінің құрылысын аяқтау 2020 жылға жоспарланған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Елбасының бес бағыт бойынша бастамасы халықтан қызу қолдау табуда. Бұл бағытта жергілікті билік те міндеттелген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыруда күш жұмылдырып жатырмыз. Атқарылып жатқан шаруалардың барлығы да халықтың игілігі үшін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Айтақын Бұлғақов
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.