Жаңғырған білім ошағы

Оқушылардың сапалы білім алып, әлемдік білім кеңістігіне емін-еркін енуі – түптеп келгенде ұстаздар біліктілігіне, заманауи талаптарға  сай мектептің материалдық-техникалық базасына байланысты екендігін Елбасы атап көрсетті. 

Биылғы оқу жылында Талды­қор­­ған қаласындағы М.Ломоносов атындағы орта мектеп-лицейі мен №13 орта мектептің ғимаратында күр­делі жөндеу жұмысы қолға алынды.
Өзіміз куә болған нысан ол – М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейі. Күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған білім ошағы екі бөліктен тұрады. Тарихы тереңде жатқан мектептің екі қабатты бөлігі сонау 1964 жылы , ал кейіннен 4 қабатты ғимараты 1994 жылы қолданысқа берілген. Осы қолданысқа берілген кезден күрделі жөндеуден өтпеген білім ошағы қайта жаңғыртылуда.
«Нұр Шапағат Құрылыс» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі бас мердігер ретінде оқу ордасының күр­делі жөндеу жұмыстарын қолға алыпты.
Құрылыс басына арнайы барып, атқарылып жатқан істермен танысып қайтқан едік. Жөндеу жұмыстары қызу қарқынды. Жалпы барлық құрылыс жұмысына 474 миллионның үстінде қаражат қарастырылған.
Құрылыс учаскесінің бастығы Бақытбек Абдекеев күрделі жөндеу жұмысы оқу жылы аяқтал­мастан сәуірдің аяғына қарай басталғанын атап өтті. Оның айтуынша, күрделі жөндеу жұмысына мектептегі барлық терезе-есікті ауыстырып, жылу, жарық, су мен кәріз жүйелері түгелдей жаңартылып, аула ішін абаттандырып, кіреберіс жақты қоршау, спорт алаңын жабдықтау жұмыстары қолға алынған екен.
– Құрылыс алаңында 170 құ­рылысшы жұмыс жасауда. Құ­рылыс материалдарын отандық компаниялардан алудамыз.Бүгінгі күнге дейін пластик терезелерді талдықорғандық құрылыс мекеме­сі­нен тапсырыспен алдық. Бас­ты айтарым – бұл ғимарат ішіне жаз-қыс маусымдарына лайық­талған желдеткіш құрылғы орнатылуда. Оның тиімділігі – жазда салқындатыш, қыста – жылу береді. Иә, жаңа оқу жылына 25 тамызға дейін жұмысты еңсеруіміз керек деген құрылысшылар өздерінің жұмыстарын тиянақты жасауға тырысып бағуда, – деді Б.Абдекеев.
Бұл орайда Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Ахметованың пікірін білген едік.
– Мектепте 150-ге жуық педагог қызмет етеді. Жазғы демалыс кезінде оқушылар лагерлерде демалса, ұстаздар біліктілігін көтеру курстарынан өтуде. Сонымен қатар күрделі жөндеу кезінде химия, физика кабинеттерінде оқушылардың зертханалық жұмыстар жүргізуі үшін әр партаға су және электр жүйесі тартылмақ. Күрделі жөндеу жұмысымен қатар, мектептің материалдық-техникалық базасын жетілдіру мақсатында бюджеттен 21 млн.теңге қаражат бөлінді. Ғимараттың ішіне жабдықтар, оның ішінде парталар мен орындықтар, кабинеттерге жиһаздар алынуда.Заман талабына сай білім беру үшін экрандар мен проекторлар, көшірме құрылғыларына да сұраныс беріліп, жабдықталуда. Сондай-ақ оқушылардың сабақ арасында тынығуына жағдай қарастырылып, мектеп дәліздеріне жұмсақ жиһаздарға да сұраныс берілді. Ең бас­тысы, мектептегі спорт жабдықтары толық жаңартылады.Гимнастика, волейбол, баскетбол және үстел теннисіне қажетті жабдықтар да сатылып алынады, – деді Г.Ахметова.

Данагүл Мәкен
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.