Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы: Ортақ мүдде тұрғысындағы жетістік

Жалпы Каспий мәселесі – маңызды мәселе. Себебі Каспийде әлемдегі ең зор мұнай мен газ қоры шоғырланған. Каспий су бассейні және оның ерек­шелігіне бүкіл әлем қызығып отыр. Кейбір эксперттердің деректері бойын­ша, қазір Каспийде 48 млрд тонна барланған мұнай қоры мен 8,76 трлн куб метр газ қорлары бар екен. Мұндай қор әлемде өте сирек. АҚШ-тың эксперттері Каспийде болашақта әлі барланбаған 20 млрд барер мұнай, 7 трлн куб метр газ бар екенін айтады. Яғни мұнда иен байлық бар. Сондықтан осы байлықты бес мемлекет дұрыстап пайдаланып, өздерінің халықтарының игілігіне жаратуды көздейді. Бесінші Каспий саммитінің ең басты ерекшелігі, осы 20 жыл бойы жүргізілген келіссөздердің Каспий су бассейніне байланысты қорытындысы жасалынып отыр. Эксперттер мен дипломаттар Каспийді қалай бөлу керек деген мәселені талқылады. Расымен, Каспий қалай бөлінеді деген заңды сұрақ туады. Бұл Каспий кезінде екі-ақ мемлекеттің, Иран мен Кеңес Одағының қарамағында болды. Бұрын Әзербайжан, Түрік­менстан, Қазақстан Кеңес Одағының құрамындағы мемлекеттер болды ғой. Олар бөлініп шыққаннан кейін Каспий беске бөлініп кетті. 1920 және 1940 жылы Иран мен Кеңес Одағы келісімге қол қойды. Осы келісімдер бойынша екі саяси аймақ пайдаланып келе жатқан. Ал 1991 жылдан бастап Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 5 мемлекет пайда болып, Каспийді дұрыс әрі әділетті бөлу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы мәселені шешу жолында ұзақ, 20 жылдан астам келіссөздер жүргізілді. Ерекше айтылып кететіні, келіссөздердің бар­лығы табанды түрде, бейбіт, түсіністік­пен қарау арқылы жүргізілді. Төрт рет саммит болды. 2002 жылы Ашхабадтағы Саммитте осы Каспийді қалай бөлеміз деген мәселені көтере бастады. Міне, осы күнге дейін осы мәселенің бәрі талқыланып, Ақтаудағы Саммитте, 12 тамыз күні Каспийдің құқықтық статусы туралы Конвенцияға қол қойылды. Бұл кон­венцияны Назарбаев «Каспийді пай­да­ланудың конституциясы» деп атады. Осылайша 20 жыл бойы жүргізіл­ген ауыр да қиын жұмысқа нүкте қойылды.
Конвенцияның негізгі маңыз­ды­лығы, бес мемлекет ешқандай дау-дамайсыз Каспийді пайдаланудың құ­қықтық нормаларын жасады. Бұл нормалар БҰҰ-ның ерекше су бассейндері туралы халықаралық нормаларға сәйкес жасалды. Яғни негізгі су бассейнін барлық мемлекеттер пайдаланады. Онда сауда кемелері жүреді, балық ауланады, жер ресурстары пайдаланылады. Тіпті Каспийдің түбі мен бетін пайдалану әр мемлекеттің шекарасына байланысты.
Егер Каспийдің құқықтық статусын анықтамаса, бұл жерді игерудің өзі қиын болатын еді. Мысалы, бір мемлекет «сен мұнай өндіріп отырған жер – менің жерім» дейді. Енді әркім өз жағалауын алды, ал теңіздің суы ортақ болады. Одан кейін теңіздің түбінде газ, мұнай құбырларын салу мәселесі шешілді. Онда ең бірінші экологиялық қауіпсіздікті сақтап, газ құбырларын салу керек. Міне, Қазақстан осыны қолдап отыр. Себебі біз мұнай құбырларын салуға өте мүдделі мемлекетпіз.
Каспийдің қауіпсіздігі бес мемле­кеттің тікелей қарамағына жатады. 2014 жылы Астрахандағы төртінші Саммитте мемлекеттер Каспийдің территориясына бес мемлекеттен басқа мемлекеттердің әскери күштерін енгізбейміз деген ұсыныс тастаған. Осы жолы сол ұсыныс заңмен бекітілді. Енді бес мемлекеттен басқа мемлекеттердің әскері мен әскери кемелері Каспийге кірмейді. Бұл Каспийді шын мәніндегі тұрақтылық аймағына айналдыруда маңызды болып отыр.
Бұл мәселеде Каспийдің барлық мәселесі шешілді деу қате. Әлі де шешілмей жатқан мәселелер шаш-етектен. Ең басты мәселе – Каспийдің экологиясы мен флорасын, биоресурстарын сақтау мәселесі. Бұл мәселені шешпей болмайды. Егер осы бекіре балықтарын сақтамаса, олар жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан қызыл балықты, бекіре балықты аулау мәсе­лесін шешу керек.
Екінші мәселе – туристік кластерді күшейту. Егерде туристік кластерді күшейтпесек, Каспий маңайындағы бес мемлекет көптеген қаржыдан қағылады.
Үшінші мәселе – терроризмге қарсы күрес. Өйткені бұл жер Таяу Шығысқа жақын. Сондықтан осы бес мемлекет терроризм қаупін бірігіп шешуі керек.
Төртінші мәселе – Каспийдің түбі арқылы трансконтиненталдық құбырлар жасау. Содан кейін Каспий ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу. Каспийдің биоресурстарын ортақ пайдалану мәсе­лесі, осылардың бәрі әлі шешілген жоқ.
Конвенцияның бес мемлекетке берер мүмкіндіктері өте зор. Біріншіден, инвестиция тартудың мүмкіндіктері күшейеді. Туризм күшейеді. Каспийдің табиғат байлықтарын пайдалану арқылы да өзіміздің жағдайымызды жақсарта аламыз.
Бесінші Саммиттің үлкен тарихи маңызы бар, дәуірлік Саммит екенін көрсетті. Ендігі мәселе – ұжымдық пайдалануды жақсарту мәселесі. Бұл үлкен пайда әкеледі.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.