БЕС ЕЛГЕ ҚҰТ БОЛҒАН КАСПИЙ

Жуырда Каспий теңізімен шектесетін бес мемлекеттің басшылары Ақтауда бас қосып, өте маңызды құжаттарға қол қойды. Бесінші  Каспий саммиті бес мемлекеттің ғана емес, дүниежүзі елдерінің назарын аударғаны анық. Саммитке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Өзара келіссөздердің нәтижесінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылды. Қазіргі таңда ол тарихи құжат ретінде бағаланып  отыр. 

Әріптестер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесін жиырма жылдан астам уақыт талқылап келгені белгілі. Сондықтан да бес мемлекет басшылары бұл маңызды Саммитке тыңғылықты дайындықпен келген. «Каспий бестігі» мемлекеттерінің басшылары бас қосқан жиын еліміз үшін атқарылған игі істің бірі.
Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысында бірінші болып сөз алған Н.Назарбаев президенттерді Каспий теңізі жағалауында қарсы алғанына қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ Каспий саммиті мен мемлекет басшыларының кездесуі Каспий теңізінің халықаралық күнімен сәйкес келгенін атап өтті.
– Бүгінде Каспий маңы елдерінің әлеуеті зор және қарқынды дамып келе жатыр. Біздің елдеріміздегі тұрғындардың жалпы саны – 240 миллион. Осының бәрі Каспийге қатысты мәселелер кешенін бірлесіп шешу қажеттігін туғызды. Бұған дейін өткен Каспий саммиттерінің рөлі ерекше. Олар осы келіссөз үдерісіне қажетті саяси серпіліс әкелді және қайшы ұстанымдар бойынша келісімге қол жеткізілді. Каспий өңірі тарихының бірегей әрі мәдениеті алуан түрлі, мұнда адам ресурстары мол және бай табиғи қор шоғырланған. Сондай-ақ теңіздің географиялық тұрғыдан тиімді орналасуының арқасында зор геосаяси маңызға ие болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаевтің айтуынша, Конвенция Каспий теңізінің суын, түбін, қазба байлықтарын, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігін қоса алғанда, Каспийге қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттерін реттей-тін негізгі жан-жақты құжат болып саналады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Каспий маңы елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды болдырмау, әскери қызметтер мәселелеріне айрықша назар аударды. Бұл ретте Елбасы «Каспий теңізінің саяси тұрғыдан тұрақсыз аймаққа жақындығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Каспий маңы мемлекет-терінің өзара тиімді әрі нақты іс-қимылдарды пысықтауын талап ететінін атап өтті. Осыған орай әскери қызмет саласындағы сенім шаралары үшін бесжақты келісім жасауды ұсынатынын, инвестициялық ықпалдастықты одан әрі дамытып, энергетикалық және геологиялық барлау саласындағы жобаларды жүзеге асыру үшін Конвенция мен қол қойылатын құжаттардың мүмкіндіктерін толық көлемде пайдалану қажеттігіне баса мән берді.

Н.Назарбаев сөз соңында әріптес­теріне, барлық елдің басшыларына, сон­дай-ақ Конвенцияны әзірлеген арнайы жұмыс тобына өте маңызды жұмыс атқарғаны үшін ризашылығын білдірді. «Сіздер болмасаңыздар бүгінгі жетістікке жетпес едік. Ақтау сам­митінің қорытындылары арқылы Каспий теңізіндегі жан-жақты іс-қимылдарымызды ілгерілетуге үлес қосылатын болады» деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізі бойынша ын­­ты­мақтастықты одан әрі дамыту жөнінде бірқатар қосымша шаралар­ды, соның ішінде, әскери қызмет сала­сындағы келісілген сенім шаралары жөнінде бесжақты арнайы келісімнің қорытындысы, Каспий жағасындағы елдердің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын, әсіресе инвестициялық ынтымақ­тастық және энергетикалық саладағы жобаларды жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді жандандыру, саясат тарифін жетілдіру және тасы­малдау жағдайын жақсарту, сондай-ақ биологиялық ресурстарды заңсыз кәсіпке айналдырғандарға қарсы күрес жөнінде құжат қабылдауды ұсынды.
Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды. Бұл құжат бес мемлекеттің мүддесі толық ескеріліп, ортақ мәмілеге қол жеткізген Конвенцияға қол қою көптен күткен тарихи сәт, тарихи шешім болатын. Конвенция «Каспий теңізінің конституциясы» болып саналады. Мұнда теңіз жағасындағы мемлекеттердің құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ өңірдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен өркендеуіне кепіл болуға қатысты барлық кешенді мәселелерді реттеу қарастырылған.
Бесінші Каспий саммитінің қоры­тын­дысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция;
2. Каспий теңізінде терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
3. Каспий теңізінде ұйымдасқан қыл­мысқа қарсы күрес жүргізу сала­сындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
4. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сауда-экономи­калық ынтымақтастық туралы келісім;
5. Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласын­дағы ынтымақтастық туралы келісім;
6. Каспий теңізінде жанжалдың алдын алу туралы келісім;
7. Шекара ведомстволарының ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама.
Ортақ айдынның әскери қауіп­сіздігі, қазынасының қорғалуы – оның жаға-лауындағы мемлекеттердің барлығына қажетті, барлығы үшін маңызды мәселе. Жеке мүддені сақтап, ортақ мүддеге мақсат-мұраттарын тоғыстыра алған тараптар өзара мәмілеге келді.


Пленарлық отырыстың қорытын-дысы бойынша Әзербайжан Республи­ка­сының Президенті Ильхам Әлиев Кас­пий теңізіне қатысты жасалып жатқан жұмыстар жайында баяндап, теңіздің мәртебесін анықтаудың кезегі жеткен мәселе екендігін атап өтті. Ал Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Президенті Владимир Путин және Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов маңызды мәселелер мен негізгі шешімдерге қол жеткізгендері үшін ризашылықтарын білдірді. Жиын аясында Каспий маңы мемлекеттерінің алтыншы саммитін Түрік­менстанда өткізу ұсынылды. Бұл ұсы­нысты Түрік­менстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың өзі көтерді.
ҚР Президенті Н.Назарбаев журналистерге арналған брифингте Кон­вен­­цияның Каспий жағасындағы ел­дердің ынтымақтастығы үшін барлық бағыттар бойынша тиімді заңды база қалыптастыратынын және әрбір тарап­тың қызметі үшін негізге алынатын ұста­нымдарды анықтайтынын айтты. «Атап айтқанда, Каспий теңізін бейбітшілік, тату көршілік және достық аймағына айналдыру, оны бейбіт мақсатта пайдалану, егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу, Каспий теңізінде тараптарға қатысы жоқ қарулы күштерді болдырмау мәселелері қамтылған. Біз аумақтық су көлемін 15 теңіз миль етіп бекіттік. Осыған орай оның сыртқы шекарасы мемлекеттік мәртебеге ие болады. Аумақтық суға он мильдік балық аулау аймағы жалғасады. Әрбір мемлекет балық аулау кәсібінде ерекше құқыққа ие болады» деді Мемлекет басшысы.
Халықаралық маңызды шара аясында Нұрсұлтан Назарбаев әріптестерімен бірге Ақтау қаласының теңіз жағалауы арқылы өтетін жаңа нысанды – «Жартас жолын» аралап көрді. Бұл көрікті жерде петроглифтер бейнелеген, сондай-ақ мұнда жаяу жүргіншілерге арналған орындар, теңіз көрінісін тамашалауға арналған алаңдар мен табиғи үңгір орналасқан. Мемлекеттер басшылары бірлесіп, қолдан өсірілген 500 ақсерке балығын теңізге жіберді.
Осы орайда БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерреш Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі жайлы Кон­венцияның қабылдануын құптады. Бас хатшы тарихи құжаттың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуда орны ерек екенін атап өтті. Ол маңызды қадам жасаған бес мемлекеттің басшыларын шын жүректен құттықтап, табыс тіледі. Гутеррештің пікірінше, Конвенция арқылы сонау Кеңес заманынан қордаланып келе жатқан түйткілдер шешімін тауып, арадағы кей күдіктер сейіледі.
Каспий теңізінің жағалауында орна­ласқан бес мемлекеттің Президент­тері теңіздің бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халықаралық ынты­мақтастық теңізі болып табылатындығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ барлық Кас­пий маңы мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың одан әрі нығаятынына және дамитынына сенім білдірді. Бесінші Каспий саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстан Республикасына ризашылық білдірді. Келесі Каспий саммиті келі­сілген мерзімде Түрікменстанда өтпек.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.