Ғасырлар қойнауындағы қазақ тарихы

Қаңлы мемлекеті Орта Азиядағы Ферғана жазықтығымен Талас, Сырдария өзені бойымен Орталық Қазақстан аумағын қамтыды (1-суретті қараңыз). Бұл мемлекетті Қытайлар «Канцзюй (кангюй) елі» деп атады. «Авеста» кітабында Қазақстан даласындағы «Кангха бекінісі» ирандықтардан қорғану үшін салынғанын айтады. Үндістандықтар «Канка» халқы сақтармен бірге ариялықтардың Солтүстігінде тұратынын жазған. Сонымен «кангюй» этнонимі б.д.д. 6 ғасырдан бұрын кездеседі. Әлемдегі жазу графикасы б.д.д. 6 ғасырда Қытайда шыққан болса, одан бұрынғы Қаңлының тарихы жазу графикасы болмағандықтан тасқа басылмаған деуге болады. Соған қарағанда Қаңлы халқының тарихы 3000 жылдан кем емес деп болжам жасау керек.

Қаңлы мемлекетінің басшысы «би» және «ябгу» деп аталды. Сонымен бірге патшаның орынбасары және үш кеңесшісі болды. Қаңлылар бес билеушіге бағынды, олар: Сусе, Фуму, Юени, Гии, Юетянь. Ал оларға патша билік етті. Астанасы Сырдария өзенінің орта тұсына салынған Битянь қаласы еді.
Қытай жиһангері Чжан Цянь б.д.д. ІІ ғасырдан бұрын Қаң­лы мемлекеті хақында Қаңлы халқы мал шаруашылығымен айна­лыс­қанымен үлкен қала­ларда да тұрған деп жазса, Л.А.Боров­кованың айтуын­ша, Қаңлы халқы еуропа­лық­тарға ұқсаған. Олар мал шаруа­шылығымен қатар егін шаруашылығымен де шұғыл­данған.
Қытай жиһангері Чжан Цянь­ның саяхаты тәмамдалғаннан кейін (б.д.д. II ғасыр) Қаңлы мемлекетінің аумағын көрсеткен сызбасын Қытай Хан патшалығына берген екен (1-сурет).
Б.д.д. III ғасырдың басында Қаңлылардың саны 120 000 түтін, 600 000 адам, 120 000 садақ атушы әскері болған деп жазады (“Повествовании о западном крае”, “Истории старшего дома Хань” қараңыз). Ал Чжан Цяньның жазуы бойынша б.д.д. II ғасырдың басында Қаңлы мемлекетінің әскері 90 000 адамды құраған. Яғни соғысқа жарамды еркектер халықтың 20%-ын құраса, онда Қаңлы халқының саны 400 000 адамға жетеді деп есеп берген. Бұл сан сол кездегі жағдаймен салыстырғанда аз емес. Қаңлылардың саны сол Кир дәуірі заманындағы парсылар­дың санымен бірдей болған. Ал гректерден екі есе көп болған екен. Егер соғыс болмағанда бұл күндері Қаңлы (Қазақ) халқының саны қытайлардан да көп болған болар еді.
Оңтүстік Қазақстан облысын­дағы Күлтөбеден б.д.д. II ғасырдан бұрынғы, Сақ одағы ыдырағаннан кейінгі, Қаңлы мемлекетінің дәуірлеп тұрған тұсындағы Қаңлы графика жазуы табылғаны белгілі. Төмендегі 2-суретті қараңыз.
Шымкенттегі «Мирас» универ­ситетінің профессоры, археолог Николай Подушкин қаңлылардың графика жазуы негізінде Қытай, Иран жазба көздеріне сүйене отырып, қазақтың тарихын б.д.д. V ғасырға ұзартуға болады деп жазады. Р.З.Бурнашева: «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс өзенінің бойындағы Қараспан қа­ласының маңынан табылған мына теңгелер (3-суретті қараңыз) Кангюй мемлекетінің б.д.д. V ғасырдың орта кезіндегі Иранның шығыс провинцияларымен ара­дағы байланыстарын сипаттайды» дейді.
Қаңлылар VI ғасырда әлемде бірінші болып төрт дөңгелекті арба жасап, оны тұрмыста, соғыста пайдаланған. Бұл қазіргі өркениетпен салыстырғанда бу машинасын ойлап табумен теңес­тіруге болады. Сонымен қатар қазіргі тұрмыстағы қолданыстағы былғары киімдер де сол Қаңлы мемлекетінің тұсында пайдаланылған. Қаңлы жауынгерлерін былғары киіміне қарап таныған. Оны әрі тұрмыста, әрі соғыста сауыт ішінен киген. Ол ат үстіндегі жауынгерге де өте қолайлы болды. Сондықтан Қаңлы жауынгерлерін «былғары киімді жауынгерлер» деп атаған.
Осы орайда Отырар қаласы­ның өзінде ілгерінді-кейінді дүниеге келіп, әлемдік ғылым мен мәдениеттің белесіне көтерілген ғұлама ғалымдар мен ақын-жазушылардың тізіміне назар аударсақ: Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Ғаббас Сайд әл-Жауһари (750-860), Ысқақ әл-Фараби (1002 ж.), Сымайыл әл-Жауһари (1010 ж.), Ахмет әл-Фараби (1174 ж.), Ахмет Ясауи (1094 — 1166), Әбілқасым әл-Фараби (1130 — 1210), Әлбіүгнеки (XII-XIII), Смаил әл-Отырари (1488 ж.). Отырардан шыққан Қаңлы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) әлемдегі екінші ұстаз, ғұлама ғалым екенін қайталаудың қажеті жоқ.
Қаңлы шайхылары мен монах­та­рының қытай будда діни істеріне орасан зор үлес қосып, Қытай көркем жазуының негізін салып, ережесін жазып, мәдени-ағарту мен ғылым-техниканы дамытуда, тарихын жазуда үлкен үлесі бар екені айдан анық. Мұны Қытай ғалымдарының өздері де мойындап отыр. Лоянның там суреттеріне Қаңлы елінің қыруар шайхы-монахтарының ойылып түсірілуі бұған толық айғақ. Сондықтан ғалым Су Бейхай: «Таң дәуірінде (VI-VII ғасырлар) қазақтың Қаңлы шайхылары мен монахтарының қытай будда діни істеріне орасан зор үлес қосқандығын тари­хи фактілер арқылы дәлелдеп отыр» («Қазақ мәдениет тарихы» (қытайша), 181-бетте). Сол кездегі Кусан шаһары (Шыңжанда) будда мәдениетінің ірі орталығы екен, онда он мыңнан артық монах жұмыс істеген, алтыннан құйыл­ған 30 метрлік биік мүсіндер, алып мұнаралы ғибадатханалар, бір жолда 3 мың адам тәуап ететін бутхана орындары болған. Біздің дәуірдің IX-X ғасырына дейін бұл қалада ғұндар, қаңлылар, ұлы йуздер мекендеген. Одан кейін Кусан шаһарына (Шыңжанға) Енисейден (Енесайдан) ұйғырлар келіп орналасқан.
Бұл жерде айта кету керек, 777 жылы қазіргі Қазақстан жерінде Қаңлылар бұл өңірде Ислам дінін бірінші қабылдаған. Бұған дейін Қаңлылар зороастризм және буд­да дінін ұстанған еді. Қаңлылар қандай дінді қабылдаса да, сол діннің дамуына өз үлесін қосып келеді. Қазақтарды Ислам дініне тартуда, мойындатуда сіңірген ең­бегі негізгі Ислам дінін таратушы қожалардан кем емес. Сол сегізінші ғасырдан бері Меккеге қажылыққа барудан Қаңлыдан асқан Орта Азия мен Қазақстан аумағында бірде-бір халық жоқ. Төмендегі 4-суретте Қаңлылардың мұсылман дінін негізгі таратушы екендігін дәлелдейтін тасбихтар. Онда Қаңлы деген жазу бар. Қазақтар кирилл әрпіне көшкеннен соң, араб әрпінен кирилл әрпіне аударған. Бұл тасбихты өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін пайдаланған. Кеңестік саясат Ислам дініне қарсы болғандықтан, оны жасырып қоюға тура келген.
Қаңлылар 13-14-ғасырларда Орал тауының оңтүстік батысына қо­ныс аударады. Сонда тұратын башқұрттардың усерган, бурзян, юрмат және басқаларымен некеге тұрып, араласып кетеді. Башқұртстанның Бирский ауда­нында көпшілігі қаңлылар тұрады. Қаңлы ауруханасы, Қаңлы «поликлиникасы», Қаң­лы дәріханасы, Қаңлы емдеу орны, Қаңлы банкісі, госпиталь, медициналық компания, меди­циналық орталық, тіс емханасы бар. Башқұрттар 11 атадан тұрады. Оныншы атасы – Қаңлылар. Баш­құртстандағы қаңлылар төмен­дегідей болып жіктеледі. Орыс тілінде бергенді жөн көрдім.

X ПЛЕМЯ КАНГЛЫ
«1. Род актау-канглы, акты-канлы
Родовые подразделения: бу­ран­гул, бахтияр, яркей, мулэкэш, мэлэкэс, султан, хамит.
2. Род идэль-канглы
Родовые подразделения: баш­курт тюбэге, гумеровлар, иске-гумер башкурты, ишмай, ка­рача-елга башкурты, кулбай, кур­ман, мишар, типтяр башкорты, эрсэкэй.
3. Род кыр-канглы, сындаш-канглы
Родовые подразделения: баш­мак, киже, кудей, кузян, кувакан, кукар, сирмеш, сагызак, хайыскан.
4. Род юрэктау-канглы, юрак­ты-канглы
Родовые подразделения: иш­текэй, карим».
Қаңлылар өзінің этникалық атауын ноғай, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, башқұрттардың ішін­де сақтап қалған (По материалам книги Востров В.В., Муканов М.С. «Родоплеменной состав и расселение казахов (конец XIX- начало XX в.в.)», Издательство «Наука» Казахской ССР, Алма-Ата, 1968, 256-с.) еңбекті қараңыз.
Л.Н.Гумилевтің айтуы бо­йынша, сол қаңлы этнонимі қазіргі қазақ­тардың ішінде (қаңлы), өзбектердің ішінде (конгли), қырғыздардың ішін­­де (канды), якуттар (саха) деп аталады.
Қазіргі кезде Солтүстік Кавказда 250 000 Қаңлы тұрады. Орталығы Қаңлы селосы (Ставрополь өлкесі, Минераловод ауданы, Қаңлы с.). Пятигорскіге жақын маңда Қаңлы ауылы бар. Онда Қаңлы-Ноғайлар тұрады.
Ұлы жүздің Шапырашты, Ысты, Сіргелі және Ошақты – бұл төртеуі Қаңлыдан шыққан. (Албан, Қоңырат, Адай шежіресі 52, 36 және 50-беттер. Авторы О.Х. Халидул­лин, «ТОО,ТРАНСИНТЕР» 2006, )
Найман мемлекеті бетеге найман, көшеуіт найман, ақсауыт найман, төре найман, дүрмен найман, барлас найман, найман керей, найман қаңлы деген сегіз рулы елден құралған. «Найман» этнонимі – моңғолдардың «сегіз» деген санды «нәмін» деп атауынан қалыптасқан деген сөз.
Қазақ мемлекетінің пайда болу тарихын осы Қаңлы мемлекетінің шығу тарихының ғылыми дәлелденген негізінде ала отырып, 2600 жылдан артық деп тұжырымдауға болады.
Жапон ғалымы Сираторидің «Ежелгі қаңлылар дегеніміз – қазіргі қазақтардың ата-бабасы» деген. Бұл ежелгі Қаңлы мемлекеті (б.з.д. ІV) бүгінгі қазақ мемлекеттігіне, бүгінгі қазақ халқына сабақтасып жатқан бірінші тарихи-рухани бастау деген сөз. Ал біз жоғарыдағы ғылыми зерттеулер нәтижесіндегі деректерге сүйене отырып, Қаңлы дегеніміз – «бүкіл түркі халықтарының ата-бабасы» демекпіз.

Бекболат Тасболатұлы, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының
корреспондент- мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айдар Асанов

    Құрметті Бекболат Тасболатұлы! Еңбегіңізге нұр жаусын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.