«Менің өмірім тосын оқиғаларға толы болды…»

Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов ағамен болған сәттерден

Қасым Қайсенов ағаның маған ұнайтын қасиеттері: шындықты жақтап әділ сөйлеуге, ақиқатты айтуға үнемі талпынып отыратыны. Көмек сұрағандарға қамқорлығы мен қолынан келген жақсылығын аямайтын – жанашырлығы. Күйгелектігі де бар. Кейде бір сөзді шала естіп, тез ашуланып, дауыс көтеріп бұлқынады. Бірақ ертеңінде кешегі өзінің ағат кеткен мінезін, артық айтқан сөзін мойындап, «мен кеше сені дұрыс ұқпай қалыппын, солай деппін» деп, кешірім сұрағандай ақжарқын мінезбен «өз кінәсін» мойындай, кешірім сұрағандай сенің көңіліңдегі ренішті сылып тастауға әрекет жасайтын кішіпейілділігі еді. Мен де көңіліме кірбіңді көп сақтамайтын адам болсам да, Ағаның осы айта бастаған сөздерінен-ақ жылып сала беремін. Ол кісінің балаша күліп, балаша өз кінәсін мойнына алғаны қызық. Маған Қасым ағаның жайдары кезі әкемді есіме түсіріп отырады. Қасым ағаға құрмет көрсетіп, көмек беріп, қолымнан келгенше қызмет жасағанда өз әкеме қызмет көрсеткендей, қолғабыс жасағандай сезінемін.

Мамыр, 2001 ж.
Көлік ішінде келе жатып әңгімемізге Дм. Снегин арқау болды. Сосын мен Снегиннен Бауыржан Момышұлы туралы сұхбат алуға барғанымды еске түсірдім. Дм.Федоровичтің қарсы алдында бір дембелше келген қызыл шырайлы, сұйық шашын май жағып тарағандай жылтыр, бауырсақ мұрынды орыс кісі отыр екен. Мен келіп сәлемдескен соң ол кетуге ыңғайланды. Сол кезде Митя ағай:
– Постой, сейчас я встану, – деп отырған креслосының екі жақтауынан қыса ұстап, «әуп» деп орнынан көтеріліп, әлгі «әскери журналиске» (өзін солай таныстырған) қолын ұсынды. Ол сонда:
– Дмитрий Федорович, мен Баукеңе соңғы рет барғанымда ол да отырған креслосынан осылай көтеріліп еді. Содан үш айдан соң қайтыс болды, – дегені. («Қап!» деп қалдым ішімнен. Қарт адамға осылай деуге бола ма?). Дмитрий Федорович әлгіге қабағын түйе жоғарыдан төмен шүйіле қарады да, зорлана жымиып: «На что намекаешь?» – деді. Анау өзінің әбес сөйлеп қойғанын енді аңғарғандай: «Да, ничего, ничего. До свидания», – деп тез-тез қоштасып тайып тұрды. Ал Дмитрий Федорович те содан кейін үш ай асқанда қайтыс болды дегенімде, Қасым аға:
– Әй, сен оның кім екенін білші. Ол бір күні маған да келіп жүрмесін, – деді.

* * *

7 мамыр, 2001 ж.
Қасым аға ертесімен телефон шалып, ауырып тұрғанын айтты:
– Хал нашар, көзім ауырып, түйіліп тұр.
– «Нарушение» болған жоқ па?
– Жоқ. Кеше жақсы еді, бүгін жаман.
Үйінен алып шығып, Мәдина Құ­ралованың емханасына апардым. Мәдина өзі қарап, көзіне ем жасады. Емхана қыздары «Мерекеңізбен!» деп гүл сыйлады. Аға гүлді маған берді «соғысқан сенсің ғой» деп. Кейін сыртқа шығып, машинаға отырарда:
– Гүлді Айманға апарып бер. Көзі жазылып кетсін. Ырым болсын, – деді. (Осы емханада менің қызым Айманға да сол тұста операция жасалған еді).
Жолда Қасым Аманжоловты еске алды. Өйткені сол күні Жазушылар одағында мерейтойлық комиссия жиналыс өткізіп жатыр деген.
– Мен Қасыммен Жұмағалидың үйінде таныстым. Кішкене бойлы, жұқа сары жігіт. Неряшливый киінген. Сақал-мұрты өскен. Домбыра тартып отыр екен. Жұмағали бізді таныстырды. Біраз әңгімеден соң мен оған ұнап қалғандай болдым. Ол өз әндерін өзі орындады. Дауысы жарықшақтау. Бірақ сөздері күшті. «Дариға-ай, сол қызы» қандай! Сұрапыл соғысты көз алдыңа алып келеді. Алапат қырғынға қарамастан сүйгенін іздеген жас жігіт бейнесі көз алдыңа елестейді. Бір уақытта «Туған жер» деген әнін айтты. «Сенде тудым, сенде өстім, сенде өлсем, Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» дегенде туған жерді аңсап, сағынып, көрем бе, көрмеймін бе деп келген менің көзімнен жас ытқып кетті. Көз жасымнан ұялып, ана екеуіне ұрлана қарап едім, Қасым мен Жұмағали да жылап отыр екен… Содан үшеуміз көздің жасына ерік бердік… Жұмағалидың кішкене ғана бөлмесінде осылайша үшеуміз көңілді бір босатқанбыз. Қасым арақ ішсе, тез мас болып қалатын. Сосын оны арқалап үйіне апарамын. Тентек адам болды. Әкеңнен түсіп боқтайды. Арқаласаң қабырғаңнан тепкілейді… Жасы үлкен болған соң шыдайсың… Жаның ашиды… Бірақ гениальный ақын еді, дарын еді… – деп Қасым аға алыста қалған күндерді, аяулы достарын еске алып, көзіне келген сағыныш жасын қол-орамалымен ақырын ғана сүртіп қойып, өзіне таныс Алматы көшелеріне қимастықпен қарап келе жатты…
* * *
– Мен Жұмағали болмаса әлдеқашан өліп қалатын едім, – деді Қасым аға.
– Қалайша?
– 1944 жылдың соңында біз үшін соғыс аяқталды деген соң, мені Ровно қаласындағы ет комбинатына бастық етіп қалдырмақшы болған. Ал мен ол жерде қалсам, Батыс Украинада аман қалған бандеровшылар оларды талқандаған қызыл партизан отрядының командирі екенімді білсе, аңдып жүріп бір күні атып кетер еді. Өлген деген сол емес пе? Ал соғыстан кейін талай қызыл партизан командирлері ұлтшылдардың қолынан солай оққа ұшқан.
* * *
Қазан, 2001 ж.
Қасым ағаның әр кезде айтқандары:
«Екеумізді Құдай қосты ғой, қайда барсақ та енді бірге жүруіміз керек».
***
«Соғысқа дейін мен де өлең жаздым. Аудандық, облыстық газеттерге шыққан. Латын әрпімен. Өлеңім өлең емес. Қазір оқысам, өзім ұяламын».
***
Бір режиссер туралы: «Өзі сенімсіз адам, өзгеге де сенбейді».
* * *
Өткен күндерін еске алғандағы бір әңгімесі:
…1939 жылы Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болып жұмыс істеп жүрген кезім. Облыстық газетке 3-4 өлеңім басылған. Бір күні бірге қызмет істейтін екі-үш жігіт қолдарында республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті бар.
− Қасым, міне, өлеңің шығыпты. Құтты болсын! Енді мұны жуу керек, – деп келіп тұр. Қарасам, бір мерекеге арналған бір керемет өлең. Астына «Қасым» деп қол қойыпты.
– Әй, бұл менің өлеңім емес, менен де басқа Қасым бар шығар, – десем, әлгі­лер сенер емес. «Жу да жудың» астына алды. Сосын:
− Егер мен мынадай тамаша өлең жазатын ақын болсам, мына сендер секілді «мырқымбайлармен» бірге жұмыс істеп жүрер ме едім, – дедім. Сонда барып жігіттердің тоқтағаны. Сөйтсем, сол Қасым кейін әйгілі болған Қасым Аманжолов екен.
* * *
31 қазан, 2001 ж.
Қасым аға бір сөзінде бас редактор Ж.Қорғасбекті «молодец, айтқан сөзінде тұрады», – деп, ал тағы бір бастық жігітті «табанында бүрі жоқ, айтқанынан та­йып кетеді», – деді. Ас үйде Асыл апаның қолынан ас ішіп отырмыз. Менен басқа Ғазез деген Қасым ағаның немере-нағашысы болып келетін шебер суретші жігіт бар. Қасым аға жай бізбен бірге отырды. Көңіл-күйі жақсы. Алдында Ға­зезге қатты ұрсып алған: «Момынсың. Өз өнеріңді бағаламайсың. Алға сүйресе, кейін кетесің. Тура әкең сияқтысың. Мұның әкесі де сондай момын, жаман. Жиырма жыл совхоз директоры болды. Алатын пенсиясы уборщицаның пенсиясымен бірдей. Масқара емес пе?! Мынау да сол сияқты кейін тартады да жүреді». Асыл апа:
− Шіркін, бір орталық па, комитет пе ашса, «Кім жақсы, кім жаман» дейтін. Елдің сыртынан баға беретін. Соған мына кісіні (Қасым ағаны иегімен нұсқап) бастық етсе… Қырар еді. Сосын біресе біреуді жақсылар қатарына қосып, біресе жамандар қатарына қосып, ит әурелерін шығарар еді, – деп күлді. Біз де үнсіз күлдік. Аға ол сөздерді естімей өзінің ойларын айтуда. Мен қарама-қарсы екі полюсте сөйлеп отырған Қасым аға мен Асыл апаның өздерінше айтқан пікірлерін, қарама-қайшы ойларын қы­зыға тыңдап отырдым.
* * *
2 желтоқсан, 2002 ж.
− Сен мені сүйреп жүрсің. Қол­тығымнан демеп жүрсің. Рахмет. Әлі 90-ға келгенде өзім-ақ жүгіріп кетемін ғой, – деп күлді Қасым аға.
* * *
16 ақпан, 2003 ж.
… Кешегі әңгімемізде Тканконың батыр атағын аярлықпен алғандығы туралы сөз болды. Тканконың кеудесіндегі «Алтын жұлдызды» нұсқап: «Мына жұлдыз менікі ғой, – деп Қасым аға жаймен күліп алды. − Моментті жібермейін деп алған ғой. Бізді өліп қалды деп».
− Дегенмен өміріне де, бүкіл тарих алдында да бетіне шіркеу, сүйегіне таңба түсердей іске барған екен. Бүйткен арамдық-қулыққа барғанша, жұлдызсыз қалғаны дұрыс болар еді.
– Иә, иә… – деді Аға.
Сосын, кейін Тканко Закарпатьеге Қасым ағаны алып кетемін дегенде, достары: «Ты что, дурак что ли? Он тебя в первом удобном случае убьет» деген ескертуіне қарамастан, тағдырдың маңдайына жазғанын көріп алайын деген ертегілердегі батырлардай: «Посмотрим, кто кого возьмет. Если убьет, от судьбы не убежишь. Если Бог дарит жизнь, живым вернусь», – деп, қас жауының қарамағында жау тылына аттанады…
Осы жерде терең психологиялық шие­леніс, көзсіз ерлік пен қайсарлық бар. Құдай алдында өзінің ақтығына сенімді­лік, беттілік бар. Алдынан оқ жаудыр­ған жауы аздай жанында, бәлкім, сәл кейін тұрған Тканкодай бақталасының опасыз оғы мен арамдық әрекетінен қорықпай алға жүру, майданға кіру − ердің ерінің-ақ қолынан келер… Мен осылай деп мөлшерлеп ойымды жеткіздім.
− Иә, иә. Қазір ойлап отырсам, ме­нің тағдырымда өте тайғақ, қысталаң, қиындығы керемет жайлар болған. Менің өмірімнің сол тұстары аңыздағыдай тосын оқиғаға толы болды. Қалай аман қалғаныма өзім де қайран қаламын… – деді жаймен.
* * *
Тағы да бір жерге баруға Қасым ағаны алып, үшінші қабаттан баспалдақпен түсіп келеміз.
− Бүгін үйге С.Д. деген жазушы келді. Өзі туралы жазылған мақалалар мен пікірлерді жинастырып шығарған үлкен бір кітабын сыйлап кетті.
− Кітабы қалың ба?
− Айтпа! Қалыңдығы тура менің қалыңдығымдай…
* * *
Қасым аға:
− Жылына бір рет бас қосатын Президенттің стипендиясын алатындар­дың жиынында үлкен дөңгелек столды жағалай отырмыз, Президенттің келуін күтіп. Әркім өзара шүйіркелесуде. Менің қасымда халық әртісі Шолпан Жандарбекова отырған. Ол маған еңкейіп:
− Қаске, биыл мен 80-ге толамын, – дейді.
− Саған жаным ашып отыр, – дедім.
− Неге? – деп ол шошып кетті.
− Ә., Р. деген ұлы өтірікшілермен құрдас болғаныңа, – дегенімде, Шолпан «ха-ха-ха» деп даусын шығара қатты кү­ліп, жиналған жұртты селк еткізді…

* * *
8 мамыр, 2003 ж.
Жеңіс мерекесі қарсаңында Қасым ағамен үш күн бойы әртүрлі кездесулерге бардық. Жазушылар одағына, Д.Қонаев атындағы тау-кен институтына, Алмалы ауданы әкімдігі мен қалалық әкімдіктегі ардагерлермен кездесулерінде болдық.
– Екеуміз армансыз қыдырып жүрміз, – деді Қасым аға үшінші күні маши­на ішінде. Қалалық әкімшіліктен берген сыйлықтарды көтерісіп, бізді автокөлікке дейін шығарып салған жас жігіттің аты Бауыржан екен.
– Баукең бақытты шығар. Оның атын қойған балаларды жинаса, бір дивизия болар еді, – деді Қасым аға.
Барлық кездесулерде Қасым ағаның шоқтығы биік көрінді. Сөз жүйесі, ішкі «діңгегінің» (әр мәселеге көзқарасы) беріктігі еріксіз өзіне назар аудартады. Басшылар да, қосшылар да, өзге ардагерлер де Қасым ағаның мысы басым тұрғандығын сезініп, ол кісіден өздерінің именіп қалғандығын аңғармай да қалғандай. Кездесулерде біраз Кеңес Одағының Батырлары да жүрді. Тіпті олардың аты көп насихатталмаса да бір ауыз сөздерімен өздерінің қандай тұлға екендігін танытуларына болар еді. Бірақ ондай ерекшеліктері байқалмады. Егер кеуделерінде «Алтын Жұлдызы» болмаса, көп ардагерлердің бірі ме дерсің.
Жазушылар одағындағы стол басында Қасым аға ардагерлерге қарата:
– Сендердің ішкендерің адал, ар-ұяттарың таза. Сендер – Ұлы Отан соғысының Батырларысыңдар! – деді.
Сол отырыста соғыс ардагері, жазушы Сергеев Александр Николаевич:
– Соғыста адамның шын болмысы, табиғаты, бүкіл ішкі жан дүниесі жарқырай көрінеді. Өйткені ашық майданда сен ешкімді алдай алмайсың. Өтірік мінез көрсете алмайсың. Ажалмен бетпе-бетте адамның шын қасиеттері көрініс береді. Ол батыр ма, қорқақ па? Достыққа берік пе, жоқ, сатқын, сужүрек пе, т.с.с. Мен қазақ ішінде бірге өссем, соғыста да бірге соғыстым. Мен қазақ халқының адалдығын, шыншылдығын көріп өссем, соғыста олардың нағыз батыр халық екеніне көзім жетті. Олармен қандай қырғын-қияметті бастан өткеруге болады деп ойлаймын. Олар дастарқан басында момын, ұяң секілді көрінгенімен, майдан алаңында мүлдем өзгеріп, айбаттанып, қаһарланып кетеді. Мен соны көрген адаммын, – деп қазақ ұлтына, бірге соғысқан қазақ жауынгерлеріне деген ықылас-құрметінің зор екендігін ақтарыла айтты. Ардагерлер Сергеевтің сөзіне ризалықтарын білдіре ұзақ дабырласып барып, соғыста шейіт болған батыр бауырларын еске алысты…
* * *
29 маусым, 2003 ж.
Қасым ағаның 85-ке толған тойын өткізу біраз жүгірісті, біраз жұртпен араласуды қажет етті.
Жазушылар одағында өткен салтанатты жиында құттықтап сөйлеген беделді үлкен адам ресторанда ағаға бір қара шапан жапты. Кейін Қасым аға:
− Ол маған жапқан шапанын қайта-қайта айтып мазамды алды.Бұрын бір рет шидем шапан жапқанмын дейді.Соған қарағанда бұл кісі сараң, дүниеқоңыз болуы керек. Адам бергенін емес, алғанын айтушы еді. Бұл кісі беруді білмей,тек алуды ғана білетін болса керек. Мен одан окончательно көңілім қалды, – деді.

Қасым ағаның
қағытпалары

Тамыз, 2000 ж.
Ертіс өзенінен пароммен өтсек, Большенарым ауданы киіз үй тігіп, дастарқан жасап қойған екен. Қасым аға бастаған үлкендер төрге шығып отырды да, маған «П» тәріздес қойылған столдың ішкі жағындағы қиылысқан жерінен орын тиді. Екі столдан дәм алуға мүмкіндік бар екен. Төрде отырған Қасым аға:
– Сенің жасыңда, мешкей кезімде мен де осылай столдардың түйіскен тұсында отырушы едім, – деді.
* * *
Өскемен жақтан Алматыға қайтып келеміз. Күн ыстық. Машинаның терезелері ашық. Рөлде – мен. Қасымда – Қасым аға. Бір кезде көзіме бір нәрсе түсіп, ашытқан соң бір қолыммен сүртіп, сыртынан уқалап келемін.
– Не болды? – деді.
– Көзіме шіркей ме, бірдеңе түсіп кетті.
– Андағыдай алақандай көзге шіркей ғана емес, торғай да түсіп кетеді, – деді жайбарақат қана.

* * *
Әдеби жылды қорытындылау жиынына бардық. Асқар Егеубаев 2001 жылдың поэзиясы туралы баяндама жасады.
– Бұл жігіт сөйлей де алады. Қанша сөйлейді екен?
– 15 минут.
Асекеңнің баяндамасы ұзаңқырап, 20-30 минутқа тақалды. Қасым аға шыдамсыздана сағатына қарады да:
– Асқардың сөз сөйлемегеніне көп болған болуы керек, – деді күлімсіреп.
* * *
Хирургия бөлімі, 15-палата.
– Сен барда жуынып-шайынып алайын. Осында ылғи кішкентай қыздар жүр. Олардың шамалары келмейді, – деп орнынан тұруға ыңғайланды. Мен сүйеп, кереуетінен түсірдім де, жуынатын бөлмеге жетеледім. Бара жатып жөтелді, түшкірді, қақырынды. Сосын:
– Аурудың саны көбейді. Менің жасымның жартысына жетіп қалар, – деді.
* * *
Қасым аға: – Өзіме де обал жоқ. Со-о-нау Карпат тауынан асып нем бар еді. Бұл аяқ ауырмағанда қайтсін. Баяғыда Әбдірашит Ахметов деген ақын болды. Дос едік.
– Сен дураксың! – деді бір күні.
– Неге?
– Бір рет жау тылына түсіп, содан аман-есен шыққан соң нең бар еді қайта-қайта түсіп?
* * *
Қасым аға телефон шалды:
– Еркін, үй суып кетті. Ертең дүкеннен үйді жылытатын батарея қарашы. Менде ақша бар ғой. Әйтпесе мен қиыммен қатып қалайын деп жатырмын… – деп трубканы қоя салды. Мен еріксіз күлдім.
* * *
Жазушылар одағының екінші қаба­тын­дағы айналма баспалдақпен төмен түсіп келеміз.
– Абайла, төмен қарай домалап кет­пейік. Егер осыдан құлап, ана төменде жатсақ, біреулер айтады ғой «мына қоңыр адамдар неғып жатыр?» деп.

* * *
9 мамыр қарсаңында Қасым ағаны құттықтап, бір жігіттер барады. Екі-үш күн бұрын белгілі ақын інісі Ұлықбек Есдәулет қонаққа шақырып, «батырсыз ғой» деп әдемі өрнектелген қыны бар сувенир қылыш сыйға тарт­қан екен. Ол қылыш Қасым ағаның столы­ның үстінде жатады. Келген жігіттер Ұлықбектің сыйлығы екенін білген соң, «Кім жасаған?» деп сұрайды.
– Өзі жасаған, – дейді ағамыз.
Олар сеніңкіремей, «Қалай өзі жасаған?» десе, Қасым аға:
– Әй, сендерде ақыл бар ма? Клас­сикалық өлеңдер жазған адам мынадай дүние жасай алмайды деп ойлайсыңдар ма?.. – деген екен қаһарман аға.

Еркін Нұразхан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.